АҚСАҚАЛДАР ҚАЙДА КЕТКЕН?
11.03.2016
1874
0

maxresdefaultКөшпелі халық өркениетінде батагөй ақсақал, дана қариялардың орны бөлек болған. Жеке адам, әулет, ұлыс пен ұлт алдында қандай күрделі мәселе тұрса да көпті көрген, турашыл, не нәрсенің де байыбына барып әділ шешім шығаратын тайпа көсемдерінің тоқетер сөздеріне жүгініп отырған. Жаугершілік заманда рубасыларға айтпай, олармен кеңеспей ештеме де істелмеуші еді.

Ескіде сол дана қарттар күнделікті тіршіліктің, төрт түлік малмен байланысты шаруашылықтың барлық қыр-сырларын жетік білетін. Алқалы жиында дат айтып, хандар мен бектердің құтын қаштырып толғауы тоқсан даулы мәселеге ұрымтал шешім шығаратын. Далалық сот жүйесін түзген алқалы билер де кілең абыройлы ақсақалдардан, шариғат білімпаздарынан тұратын. Қарасақал, қабасақал жастардың төрге озуы, шаршы топта төрелік айтуы мүлдем сирек кездесетін жағдай еді. Түріктің көп  бөлімді шытырман оқиға­лы көркем фильмдерінде ықтиярлар, немесе ақ шаштылар деген аса ықпалды топ туралы әңгіме көп айтылады. Алғашқыда Осман империясы дәуірін ғана қамтыған тарихи құпия ел билеуші топ бейнесі кейінде бір мың жыл, ал сонан соң екі мың жылдық ескі тарихқа ғұмыр ұзартты. Бас киімін еш тас­та­маған, шашын әркез сүннет бойынша тақырлап алдыртып жүрген бабалардың шашы ақ-қарасын көп ешкім біле бермеген, алайда, төгілген күміс ақ сақалы бар ойлы қарияны кез келген жан бірден аңғарып, құрметке бөлеген, төрден ысырылып тиесілі орнын берген. Сақ, ғұн, көне түркі заманынан бері тартып он­даған мың жылдық қадым тарих көшінде ел тағдыры тізгінін қолдарына берік ұстаған Анақарыстар, Тоныкөктер мен Қорқыттар, Асан Қайғылар мен Бұқар жыраулар жалғыз болмаған, қағандар мен бектердің төңірегіне тығыз топтас­қан аса құпия билеуші топ ақсақалдары ондап, тіпті кейде жүздеп саналған. Әр­қайсысының тек өзіне лайық орны бар дана қариялар ешқашан жеке бастың қамын күйттемеген, Мәңгілік Ел болу­дың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған. Дербес Ел болған бүгінгі таңдағы ең үл­кен мәселенің бірі де сол, Елбасыға әділ кеңес беретін, жазатайым жаңылыс қадам басса дереу оны тоқтатып, датын айтып түзеттіретін, тура жолға сілтейтін данышпан ақсақалдардың құпия кеңесі институты жоқтығы. Елі жоқ Елбасы жетім. Кеңесін құп алып, шариғи сөзіне мақұл дейтін Ардақты Ақсақалы жоқ Ел жетім. Мәңгілік Ел боламын десең Ақсақа­лыңды түзе, қазақ!

Бейбіт САПАРАЛЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір