Махмұт ТОЙКЕНОВ: Ырғақ жылдам, ой ұшқыр. Ал сазда салмақ жоқ…
Өмірде де, өнерде де адамның қадір-қасиетін жоғалтпай, өзін сақтауы – екінің бірінің басына бұйыра бермейтін қасиет екені даусыз. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Махмұт Тойкенов – сондай қасиетті бойына сіңірген сырбаз жанның бірі. Сол кісімен болған сұхбатты назарларыңызға ұсындық.
Мен теледидарды «тоздырып» жүрген әнші емеспін
– Көптен бері сахнадан көрінбей кеттіңіз. Неше қилы шаруалар шырмауынан шыға алмай қалдыңыз ба, әлде бұл шығармашылық тоқырау ма?
– Шығармашылықта тоқырау әсте болмауы тиіс. Белгілі бір себептермен сыртқа шығармасаң да іштей толықсып, пісіп жататын дүниелер болады. Абайдың сөзімен айтар болсақ, «іштегі шер не көзден жас боп ағады, не тілден сөз боп шығады» дегендей, кез келген ішкі толқу арнасынан асқан кезде ерте ме, кеш пе ернеуінен ақтарылып кететіні белгілі. Немесе тұншыққан күйі сол арнадан аспай қалуы да мүмкін. Көрінбей жүргенімнің себебі – ел алдына шығу үшін өзіңнің айтарың болу керек. Ол – әншілік өнеріңмен ғана емес, жан дүниеңнің толғанысымен, көңілдің күйіне байланысты нәрсе. Елуден асқан соң айтқан әніңде, сөйлеген сөзіңде де салмақ болмаса, жасыңа лайықсыз болады. Қазіргі кезде салиқалы сөз бен салмақты әнді тыңдайтын тыңдаушылардың да қатары азайып қалғанға ұқсайды. Және де орынды-орынсыз жастармен таласып, сахнада жүргеннің өзі ерсілеу көрінеді. Мен өзі бұрыннан теледидарды «тоздырып» жүрген әнші емеспін. Әрі оны мақсат қылып қоймағанмын. Одан гөрі ізбасар шәкірттер тәрбиелеп, өнерге баулу маңыздырақ деп ойлаймын. Ол да нәтижесіз емес, біраз шәкірттерім талай конкурстарда өнерлерін көрсетіп үлгерді. Қанша дегенмен өнерлі жастардың көзін аша білсең, соған жол көрсете білсең, ол да бір үлкен дүние деп ойлаймын.
– Әр бапкер жүйрікті өзінше баптайды. Шәкірт тәрбиелеуде өзіндік авторлық вокалдық жаттығуларыңыз бар ма?
– Енді шындығында әр шәкірт өзінше бір жүйрік. Біреуінің дауыс қуаты күшті болуы мүмкін, екіншісінің дауыс диапазоны кең болуы мүмкін, келесі біреуінің дауыс ырғағы әдемі болуы мүмкін, енді біреуінің қиял өрісі, таным-түсінігі не жоғары, не төмен болуы мүмкін. Тағы сол сияқты көптеген ерекшеліктеріне орай дөп басып, шешім кілтін таба білу, әрине ұстазға үлкен біліктілік пен тәжірибелікті қажет етеді. Ал енді сіз сұрағандай, өзіндік авторлық вокалдық жаттығулар дегенде, әрине вокалдық-техникалық тәжірибесін арттыру бағытында әр әншіге жалпы өткізілетін жаттығулардан бөлек, дауыс ерекшелігіне қарай арнайы жаттығулар керек. Бұл енді нақты кәсіби мамандар болмаса, қарапайым оқырманға түсініксіздеу болуы мүмкін. Сосын қанға біткен қасиет болмаса, адам жайдан-жай әнші бола алмайды. Бойында ондай дарын болса да әншілік мектептен оқып-үйрену міндетті деп есептеймін. Өйткені табиғи дарынмен қоса, музыкалық сауаттылық қажет.
– Дауыс деген адамның жасына байланысты құбыла ма? Дауыс мүмкіндігін мүлде жоғалтып алу мүмкін бе?
– Дауыстың адам жасына байланысты құбылуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, дауыс өтпелі кезеңде, яғни мутация кезінде өзгеруі мүмкін. Екінші, жастың ұлғаюына орай қуаттың азаюына байланысты дауыстың сапасы кетуі – табиғи нәрсе. Бірақ кәсіби деңгейі жоғары кейбір әншілер вокалдық-техникалық әдіс пен тәжірибесі негізінде ұзақ уақытқа дейін таза дауыс мүмкіншілігін сақтауы ғажап емес. Тағы да бір мәселе – өзін-өзі баптай алмаған, дауыс гигиенасын сақтай алмаған адам, әрине уақытынан бұрын дыбыс сапасының көркемдігінен айырылып қалуы ықтимал.
– Қазақстанның вокал мектебінің ақсақалы – Бекен Жылысбаев. Ол кісіден өзіңіз де тәлім алдыңыз. Ұстазыңыз жастардың талантын қалай шыңдаушы еді? Ән үйретуде ерекше тәсілі болды ма?
– Иә, Бекен ағамыз – Қазақстандағы вокал мектебінің ақсақалы ғана емес, негізін қалаушылардың бірі десек, артық айтқандық емес. Соғыс жылдарында Алматыға Мәскеуден эвакуацияланған орыс өнерінің аса көрнекті қайраткерлерінің бірі, әйгілі әнші Александр Матвеевич Кургановтан тәлім алған Бекен ағамыз елу жылға жуық Құрманғазы атындағы консерваторияның вокал кафедрасының меңгерушісі болды. Сол жарты ғасырға жуық аралықта бүгінгі Қазақстанның түкпір-түкпірінде ол кісінің шәкірттерінің шәкірттері әнші немесе ұстаздық қызметте. Өз басым Бекен ағаның қос бірдей шәкіртінен тәлім алдым. Алғашқы ұстазым – Семей өңірінен шыққан белгілі әнші, сазгер, сатирик Аймұхамбет Бейсенбеков болса, екінші ұстазым – белгілі опера әншісі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шахимардан Абилов.
Ұстаз жөніндегі менің түсінігім – шәкіртті тек әнші ретінде ғана емес, жан дүниесі рухани бай, адами болмысы жоғары тұлға ретінде қалыптастыра білу керек. Осы тұрғыдан келгенде Бекен ағаның өз бойына біткен әншілігімен қоса ерекше қасиеті – азаматтығынан, турашылдығынан және исі аңқып тұрған нағыз қазақилығынан көрінетін. Осының өзі бір мектеп. Ал енді шәкіртке үлгі-өнеге көрсету деген бір басқа, сол жақсы үлгіні шәкірттің ұстаздан көріп, танып, қабылдай білуі басқа мәселе.
Мен білетін, Бекен ағаның ән үйретудегі ерекше тәсілі – шәкірттерін ерекше төзімділікке баули отырып, бір деммен дауыс диапазоны мен амплитудалық ауытқуларды ең жоғары шегіне дейін жеткізуді талап етуі дер едім. Және де Бекен аға қазақ операларын немесе қазақ композиторларының әндерін орындағанда, әннің әуенімен қоса, сөздерінің мағынасын толықтай түсіне отырып, қаймағын бұзбай, ұғынықты етіп жеткізе орындалуын қатаң қадағалайтын. Жаттығу тәсілдерінің барлығын бір сөзбен айтып, жеткізу қиын болар. Бұл – бір қыры ғана.
Ұлтқа қызмет ету тәрбиеден басталады
– Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырайлар әншілікті оқыған жоқ. Осы академиялық әншілік өнер мен дала мектебінің аражігі қандай?
– Шіркін, сол тума таланттарымыз табиғи дарынымен қоса, музыкалық сауаттылықты игерген болса, небір классикалық және музыкалық симфониялық қайталанбас туындыларды жазып қалдыруы мүмкін еді ғой. Моцарт, Шуберт, Шуман, Верди, Чайковский сынды композиторлар сияқты олар да қазақ музыкасын әлемдік деңгейге жеткізер ме еді. Ол кісілердің шығармалары осы күнге дейін де толық зерттеліп болған жоқ. Бүгінгі таңда орындалып жүрген опералар мен симфониялардың негізінде сол бабаларымыздың әуендері жатыр. Ал енді өзіңіз айтқандай, академиялық әншілік пен дала мектебінің айырмашылығын бейнелі түрде айтқанда, жазба ақындар мен суырыпсалма ақындар сияқты көзге елестетуге болады. Жазба ақындар өлеңдерін неше түрлі түзету мен сүзгіден өткізіп, тоқсан ауыз сөзден тобықтай түйінін шығарғандай етіп сұрыптап жазатын болса, суырыпсалма ақындар барлық ойларын кейде өткір, кейде жайдары, жалпақ тілмен жеткізеді.
Бұрынғыдай кең сахара табиғатта немесе киіз үйде отырып емес, мыңдаған адам жиналған сахнада ән орындау бүгінгі күн талабына сай ерекше мәдениеттілік пен кәсіби біліктілікті талап етеді. Егжей-тегжейлі сұрыптаудан өтіп, өте жоғары классикалық деңгейге жеткенде ғана төл мәдениетіміздің биіктігін көрсете аламыз.
– Сіздіңше ұлтқа қызмет ету неден басталады?
– Тәрбиеден. Отбасы, өскен ортасынан алған тәрбие арқылы жауапкершілік, қайырымдылық, имандылық, ар-ождан, намыс сияқты және тағы басқа қасиеттердің жиынтығы адам баласының болмысын қалыптастырады және Отанға, еліне деген сүйіспеншілік пен ұлтжандылықтың негізін қалайтыны анық. Осындай елін, жерін сүйіп өскен қандай азамат болса да, өз туған жерінің келешегіне немқұрайды қарай алмайды. Қазіргі біздің жастардың көздері ашық, бірнеше тілді меңгерген әртүрлі мамандық иесі болса да жоғарыда айтып өткенімдей, сол білімдері тәрбиеге негізделмесе, туған елге, ұлтына қызмет етуі екіталай болуы мүмкін.
Осы орайда, есіме кездейсоқ пойызда танысып қалған «Болашақ» бағдарламасы бойынша Малайзияда оқып жүрген өте сауатты, бірнеше тілді меңгерген жас жігітпен болған әңгімеміз түсіп отыр… Алдына қойған жоспарын сұрағанымда, ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша төленген қаржыны өтеу үшін кепілдікке қойған әке-шешесінің үйін үкіметке беріп, өзі сол оқып жатқан шетелде қалып қойғысы келетіндігін, ол жақта табыс көзінің жақсы екендігін әңгіме қылды. Әрине, ол қадамға талапты жігіттің материалдық тұрғыдан қиналып жүргендігі де себеп болған шығар. Мен оған «Сен елдің азаматы емессің бе, мемлекет саған қолдау көрсетпесе, сол елге бара алар ма едің? Елге қызмет етеді деп үміт артып отырған жігіттің қара басын ойлап кетуі азаматтығыңа сын емес пе? Артыңдағы еліңе, өсіп-өнген туған жер – алтын бесігің алдындағы борышың қалай болмақ?» дегенімде, жас жігіттің қатты қысылып, ыңғайсыз күйге түскенін байқадым. Қанша дегенмен көзі ашық жігіт қой, қойған сұрақтарым намысына тиіп, ой салған болу керек, «Түні бойы мазасызданып, таңды атыра алмадым. Сізден кешірім сұрағым келеді. Кешегі әңгімеміз жаныма қатты батса да, шындық болды. Мен райымнан қайттым. Дүниені ойлап, өзімді кешірместей қателікке бара жаздаппын. Сізге көп рақмет!» – деді. Мен де оған риза боп, құшақтасып қоштастық.
Бір жаманды бір жақсы сүйреп жүреді
– Сізді осы қоғамда не нәрсе алаңдатады?
– Ұрпақтың болашағы. Жаһандануға жұтылып, түп тамырымыздан айырылып, жапырағы түскен қу ағаштай жалаңаштанып, рухсыздыққа бой алдырып, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізден айырылып қаламыз ба деген ой мазасыз күйге енгізеді, алаңдатады.
Қазіргі көп адамдардың «ақша болса, бәрін де сатып алуға болады» деген жеңіл сөздерін мен қолдай бермеймін. Ешқандай ақшаға сатылып алынбайтын немесе қолға ұстап, көзге көрінбейтін нәрселер көп бұл өмірде. Ар-ожданы, иманы берік адам өз жүрегінің қалауына, санасына сыймайтын нәрсеге аяқ баспайды. Қазақта «өлімнен ұят күшті» деген сөз бекер айтылмаған. Дүние қанша алай-дүлей боп, небір пәтуасыз, жылтыртабан, жылпостар мен арсыздардың адам жаны күйетін, пендешілікпен жасап жүрген ақылға сыймайтын қылықтары белең алып кетті десек те, ақыл-парасатқа ие қасиетті адамдар көп қой. Бір ақсақал айтып еді: «Мына өмірде бір жаманды бір жақсы сүйреп жүреді» деп. Сол айтқандай, бәлкім, бұл өмірдің заңдылығы да шығар. Дүниенің өзі ақ пен қарадан тұратындығы секілді алма-кезек ауысып, талас-тартыспен өтетіндігін бұрынғылар «қу заман», «сұм заман», «дүние жалған» деген сөздермен сипаттаған ғой. Адамға өмір қымбат. Сол өмірдің мәнін де сәнін де келтіретін дүние-тіршіліктен абырой-парасатты жоғары қоятын текті адамдар ешқандай ақшаға сатылмайды деп ойлаймын.
– Қазір өзі өнерден кие қашқан заман ба? Мұндай тығырықтан қалай шығуға болады?
– Өнер ақша табудың көзі болмауы тиіс. Өнер халықты жақсылыққа жетелейтін, рухын оятар, санасын жаңғыртар ерекше киелі, құдіретке ие нәрсе. Нағыз өнер кіршіксіз тазалықты, періштедей пәктікті, терең сезім мен жігер, қуатты талап етеді. Сондықтан озбырлықпен, мақтаншақтықпен, алдау-арбаумен, даңқ құмарлықпен «қайтсем танымал болам» деп, екі иығын жұлып жеп жүрген жағымсыз жұлдызсымақтарды емес, әлгіде айтқандай, көрсең көзің толатындай, жаныңды жадыратар, сүйкімді, жағымды, мінезге бай, халықтың айнасы боларлық, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар өнер саңлақтарына қолдау көрсетіп, аялап, ардақтай білу – лкен идеологияның көзі деп білемін.
– Сіз эстрадамен де, домбырамен де ән айтасыз. Жұрт қайсысын ерекше жылы қабылдайды? Қайсысы халыққа өтімді?
– Өзім эстрадамен де, домбырамен де ән орындағанда тыңдармандардың жылы көздері мен ықылас-ілтипаттарын сезініп тұрамын және сезімім алдамайды деп ойлаймын. Бүгінде эстрадалық бағыттағы әндер тыңдаушыны елітіп, көңіл көтеруіне өзіндік әсер ететіндігі жасырын емес. Ал домбырамен айтқанда, тыңдарманның ықылас-бейілін аударатындай орта керек. Тыңдарманның осылайша қалыптасуы көп жылғы идеологияның немесе әлемдік музыканың әсерінен, ықпалынан болса керек.
– Бұрынғы тыңдарман мен қазіргі тыңдарман туралы не айтасыз?
– Бұл жерде мен «тыңдармандар кімді тыңдап жүр екен» деп сұрар едім. Әрине, күнделікті радио-теледидардан, әлеуметтік желілерден кімдерді дәріптейді, соларды тыңдайды деп ойлаймын. Соған байланысты талғам-түйсігі, ой-өрісі қалыптасады. Кейде тіпті мағынасыз ән немесе жарамсыз орындаушыны тыңдаған сайын, қайта-қайта ести берген соң адамдардың құлағы үйреніп, оны орындап кететіні де бар.
Бұрындары тыңдаушылардың бойынан көркем сөзге, жақсы әнге деген ынтызар пейіл мен байсалдылық байқалатын. Қазіргі кезде ешкім ештеңені ойлап, мән-мағынасына үңілгісі келмей ме, әлде уақыт тапшы ма, әйтеуір бір дөңгеленген дүние болып тұр. Уақыт та, ырғақ та жылдам, ой ұшқыр. Бірақ сазда (музыкада) салмақ жоқ…
Сұхбаттасқан Ырысбек ДӘБЕЙ