ТҮПНҰСҚА ЖӘНЕ ТӘРЖІМА
11.03.2016
1645
0

IMG_0211Қазақ аударматану ғылымының қалыптасып,  дамуына үлкен үлес қосқан ғалымдардың арасында білікті аударматанушы, шебер тәржімашы Н.Сағындықова еңбектерінің орны ерекше. Ға­лым­ның «Основы художественного перевода» (1996), «Специфика перевода казахской литерату­ры в жанровом аспекте» (2005), «Ходжа Ахмет Яс­­сави. Хикметы» (2004) атты зерттеулері мен көп­­теген ғылыми мақалаларында көркем аудар­ма­ның тарихы, теориясы мен практикасы мәсе­лелері, әдебиеттердің өзара байланысы мен өзара ықпалы, қазақ классикалық әдебиетінің орыс тіліне аударылу тарихы мен тәжірибесі, сондай-ақ, ежел­гі түркі, араб және парсы әдебиетінің қазақ ті­ліне әсері сияқты жағдайлар ғылыми тұрғыдан пайымдалады.

Ғалымның «Основы художественного перевода» атты оқу құралында қазақ эпосының орыс ті­ліндегі интерпретациясы, қазақ өлеңінің әуез­ділігі және оның аудармада қайта жасалуы, «ақ­таңдақтардағы» көркем аударма, жолма-жол аудар­мадағы комментарийдің ролі, аударма­тану­дың қолданбалы мәселелерін, образ бен стильдің аудармашылық трансформацияның ерекшелігі тәрізді аударматанудың көптеген мәселелері кеңі­нен қарастырылады.

Аударма теориясында сәйкестік мәселесінің ғы­лыми-практикалық мәні үлкен. Аударматанушы ғалымдар сәйкестіктерді үш топқа бөледі:
а) балама (эквивалент);
ә) ұқсастық (аналог);
б) ба­­­ламалы ауыстырулар.
Н.Сағындықова өз ең­бек­терінде түпнұсқа мен тәржіма сәйкестігі мә­се­лелеріне ерекше мән береді және көбінесе «функционалды сәйкестік» терминін қолданады. Н.Сағындықова түпнұсқа мен тәржіма сәйкестігін сақтауда мағыналық сәйкестіктің өте маңызды екенін атап көрсетеді.

Көркем аударма туындысын талдау-бағалау тұр­ғысынан алғанда ғалым зерттеулерінің мәні үлкен. Көптеген зерттеулерінде ғалым түпнұс­қа­ның қазақ тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне аударудағы көркемдікті сөз ете келіп, әсі­ресе, поэтикалық мәтіндердің тәржімалану ерек­шелігіне, қазақ  ақындары өлеңдерінің орыс тіліне аударылуына ерекше мән беріп, түпнұсқаның жолма-жол аудармасын жасайды. Осы тұрғыдан ал­ғанда, ғалым еңбектерінің практикалық мәні де үлкен, жолма-жол аударманың көркем тәржіма тәжірибесінде орны ерекше.

2013 жылдың 17 сәуірінде Абылай хан атын­дағы ҚазӘТжХҚУ-да ТМД және ШЫҰ елдері көркем әдебиет жас аудармашыларының ІV Халықаралық мектебінің пленарлық мәжілісінде қазақстандық аудармашылар атынан сөз алған Нағима Жәлел­қы­зыныңқазақ әдебиетінің орыс тіліне аударылуы жөнінде өзекті де өткір ойлары ресейлік ға­лым­дарды да қызықтырды.

Нағима Жәлелқызы туралы сөз болғанда, ол кісінің еңбектерін өз  басым «Шығыс пен Батыстың арасын жалғаған рухани көпір» деп қабылдаймын. Осындай қазақ ғалымы мақтауға да, мақтануға да лайық деп білеміз.

Ләйла ЖҰМАТАЙҚЫЗЫ,
филология ғылымының кандидаты,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір