МЕНІҢ ФАРИЗАМ
(естеліктен)
Ол жылдар қайда барсаң да шырқалған Шәмші Қалдаяқовтың әндері бүкіл қазақ даласын тербетіп тұрды. Жас дәурен кешкендер «Бақыт құшағында» сазымен сырын айтып, көңілді залдардан тарқайтын. Қайырмасындағы Тұманбай Молдағалиев жазған
«Кел, билейік, кетпе менің қасымнан,
Қызғалдағым таң нұрымен ашылған,
Сезім, шіркін, ақ жаңбырға ұқсайды,
Алматыда жаңа жауып басылған» деген жолдар сол кезгі Алматыға жарасатын. Жиі-жиі жаңбырға жуынған қарағай-қайың, гүлді бақ бұл жазда менің Фаризамның көңілін онша көтере қоймады. Күндіз ойға батып, түндерде тамақ ішпеді, жүдеп кетті. Мен түскі тамағын мезгілінде ішуіне себепші болуға тырысып бақтым. Күнара Шевченко көшесіндегі «Пельменный» кафесіне, күнара өз үйіме шақырып тұрдым. Көңілін көтеру үшін үлкен бір тарелкаға салып, ортаға қойып, «Бірге жейік» десем, ол бөлек салып алатын. Іштей мен көңіліне алмасын деп оны құрметтесем, ол көңіліне келмесін деп мені құрметтегені еді. Өйткені, бала кезінде өкпе ауруына шалдығып, мектепке өз қатарластарынан кеш барғанын айтқаны бар. Сол өкпе ауруын ол білдіргісі келмей, мен елемеген болып жүріп жаттық. Кейде менің үйімде «Өзімнің жақсы көретін қасығым қайда?» деп, бөлек қойған қасығымен тамақтанатын еді. Мен оған мән бермеуге тырыстым. Сол бала кезде өкпеде қалған дақ кейін өкпе рагына айналды ма, кім білсін?!
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА
Бұл кезде Фариза Анжела Девис жайлы дастан жазбақшы, соны бастаған еді. Қара нәсіл қыз тағдырына өзіміздің де ортақ қасіретіміз сияқты астар беріп жазғысы келіп жүргенін жасырған жоқ. Саяси нәрселер айтарда маған қызығатынын да жасырмайтын «Сен, әйтеуір, коммунист емессің ғой» деп.
Ал мен болсам, Махамбет бабамыз арқылы жаз деп кеңес бердім. «Ол сенің түсіңе енсін, ойыңды соның аузына сал. Өз атыңнан айта алмайтын нәрселер Махамбет айтса, батылдау шығады. Ал оның өжет шумақтарын жазу сенің стиліңе келеді» дейтінмін. Ол басын изеген. Түсінде «Махамбет рухымен сырласу» циклі дәл сол кезде жазылды және сәтті шықты. Мен «Өз ойымды Мұхит Мер-
әлінің аузымен айтып жүрмін» дейтінмін. Оған арнауымды жатқа оқып беремін:
Келер деп жадырап жаз, келер көктем,
Қыста да қайсар әнші өлеңдеткен.
Заманға әділетсіз не демексің,
Талантты топас биге тәуелді еткен.
Менің бұндай шумақтарым оған қатты ұнайтын. Осылай Фариза екеуміздің өлең жазу жайлы әңгімеміз де ол кезде ортақ болатын.
Кейде жан сырын ашып айта бастаған әңгімесінің соңын үзіп тастайтын еді.
– Сен не байқадың? Мен партшкол бөлмесінде тұрған кезде алғаш келген жылы сол жазушы жігіт жиі соғып тұрушы еді ғой, ол маған бірде «Үйленейік» деп ұсыныс жасаған, білесің бе? – деді. – Әйелі балаларын алып, кетіп қалған екен.
– Жоқ, білмеппін. Бірақ ол жайлы пікіріңді күнделігіңе жаздың ғой, сол күнделік бірде менің үйімде қалған, сонда жай көзім түскені бар, – дедім.
– Сенің де көрмейтінің жоқ, көзің көк қой, – деп күлді. – Қалам мен еркектің кірін жуу – бірікпейтін шаруа. Не ақын болу керек, не қатын болу керек қыздарға, – деп бұл әңгімені әрі қарай созбады.
Фаризаның ол шешімі кейін мақалға айналып жүре берді. Өйткені, ол сөз Әбіш Кекілбаевтың құлағына жеткен еді.
Ол жылдары «Қазақстан пионері» газетінде қалам ұстайтын біраз қыз қызмет етті. Ырза Қунақова, Сара Ләтиева, Күләш Ахметова, кейін Гүлсім Мұқышева қосылды. Ал Мағира Қожахметова басқа редакциядан жиі келіп, араласып тұрды. Ол кезде Фариза десе, ішкен асын жерге қойып табынатын. Талантына басын игені, кей мінезін қызық көргені, жазушы ретінде зерттеп, ақын ретінде сырласып жүргені – шындық.
Жұп жазбай бірге жүргендіктен, мен оның барлық сырына қаныға бастадым. Шындығына келсек, Фаризаның бойында бір сиқыр күш бар еді. Жақын болған адамдар оны жақсы көріп, алыстап кете алмай қалатын. Ол өзіне бір жұмбақпен тартып тұратын. Араласқандар жалғыз қалдыруға қимайтын, аяйтын, қайта сөйлесуді қызық көретін. Ол, бәлкім, таланттың күші шығар, әлде бір тылсым мінезі шығар, дөп басып айту қиын. Оған кейде жақын келіп, таныса қою да оңай емес. Өйткені, оның жан-дүниесі күрделі, оп-оңай тіл тапқызбайды. Бойындағы қайрат, көзіндегі сұс, таланттың қуаты әлсіз, жігерсіз жандарды жасқап тастайды. Ал Фариза болса, мен танығалы өзінің сол мінезінен ләззат алып, өзгелерді арбап ұстауға машықтана бастаған еді. Сол сиқыр күшке кейбіреулер бал көрген араша жақын келеді, сол күйді көп адамдар бастан кешкенін де мен өте жақсы білемін. Оған өз қарамағындағы біраз адамды тәуелді етіп ұстау қатты ұнайтын.
Фариза әдеби ортада аға да, іні де тапты. Сейдахмет Бердіқұловпен газет шығару ісі, редакторлық қызмет жайлы жиі сырласатын. Мұқағали Мақатаевпен алыстан сәлемдесетін. Бір-екі рет машинасымен үйіне жеткізіп тастағаны болмаса, тоқтап сөйлесіп, сырласа қойған жоқ. Мұқағали ақын арнау өлеңін кейін қатты ауырғанда жазғаны рас. Бұрынғы Комсомол мен Масаншы көшесінің қиылысындағы «Жедел жәрдем» ауруханасының 1-қатарына Мұқағали ақын жиі түсіп қалатын. Бірақ оған қаламдастары хал сұрауға жиі бармағаны – шындық. Ақын қатты жалғызсырап жатып, Фариза да жалғыздықты түсінетінін сезіп, «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» өлеңін сол тұста жазған. Әнін кейіннен Әбиірбек сәтті шығарды. Мұқағали жазған екі ақынның мұңы әлі де талай жүректі толғандырады.
Сол кезде қаламгерлер арасынан Фаризаның туған інісіндей болған Мереке Құлкенов еді. Жап-жас жазушы жігіт «апалап» ізінен еріп жүрді десе болады. Ұзақ жыл сыйласты да. Гурьевтен біреу келсе де, біреу хабар берсе де, бәрімен байланысқа Мереке арқылы шығатын. Тұрмыс-тірлікте де кейбір шаруасына Мерекені жұмсар еді. Бәрін соған сеніп тапсырған ол да апасының тапсырмасын екі етпей орындап отырды. Сол Мереке «Қазақстан пионері» газетіне кейін қызметке келген әңгіме жазатын журналист қыз Гүлсім Мұқышеваға үйленіп тынды. Ал Күләш Ахметова кезегі жетіп, пәтерін алған соң жұмыстан арыз беріп шығып кетті. «Пәтер алуды күтіп жүр екен ғой» деп Фариза қатты ренжіді, ал Күләш «Алыстан сыйласқан жөн» деп шешкен сияқты. Фариза апасының мінезінен секем алды десем, өтірік емес.
1973 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының басшысы орысша жазатын Әнуар Әлімжанов болатын. Сол күзде Азия-Африка жазушыларының конференциясы өтетін болып, қызу дайындық басталды. Одақ үйіне ремонт жүрді, Конференция залы жасақталды. Индус жазушысы Д.Пандус Фаризаға бекітілді. Ол орысша, біз ағылшынша білмесек те, ымдасып, өтірік күліп, алып жүрдік. Аудармашы да жетіспеді.
Сол жазда Мұқағали Мақатаевты Мәскеуге Әдебиет институтының жоғарғы курсына оқуға жіберді. Бұл шешім конференцияның тыныш өтуіне кепілдік екенін сезіп, жазушылар ортасы әңгімелейтін.
Мен «Жұлдыздың» поэзия бөліміне отыратын болдым. Күзде конференция өтті, жаңа жыл қарсаңында ақын Мұқағали Мақатаев демалысқа келді. «Жұлдызға» кіріп, өзінің орындығына отырды, қатты сағынғанын айтты, екі-үш өлеңін оқып берді. Енді кетуге жиналғанда:
– Әй, қызталақтар! Әй, бауырлар! Мен өліп қалсам ғой, сендерде естелік суретім де жоқ екен-ау. Ал мен студентпін, суретке түсетін қаржы берсеңдер, сендерге естелік тастар едім, – деді.
– Мына үстімдегі Мәскеу пальтосын да көріп отырасыңдар ғой, – деп күлді.
Келесі күні қолтаңба қойып, бәрімізге «Бауырыма естелік» деп жазып, бойымен түгел түскен суретті сыйлаған еді.
Сол жылы қыс бастала Фариза екеуміз тағы бірге іссапарға шықтық. Бұрын ол болмаған Орал облысына ұштық. Қыс көзі қыраулы болса да, Фариза Нарынды бір көруді армандады. Гурьев жағын білгенмен, Хан орда болған, Жәңгір хан жаңғыртқан орданы көруді аңсап жүреді екен. Сонымен, Оралдан түсіп, аудандарды араламақпыз. Әрі баспасөзге жазылу, әрі Әдебиетті насихаттау Бюросының тапсырмасымен қол ұстасып Оралға келдік. Бізге жергілікті ақын Жанғали Нәбиуллин қосылды. Тасқала ауданының жолында сенімді деп облыстан бекіткен әскери машина тайып, ауып қала жаздағанымыз бар. «Өліп кетсек, мына жер «Қыз қырылған сай» аталғанда Жанғалидың аты жоғалатын еді-ау» деп қалжыңдастық. Не керек, әйтеуір, көңілді сапар басталды. Қар қалың қыс еді. Қазталов ауданына аман-есен жеттік. Ол кезде қонақүй дегенді қыста ұстау қиын. Саманнан салынған жатақхана қыста отын жағатын пешке қайдан жылынсын?! Аудан басшылары Жанғали Нәбиуллин Нағымов деген ақын досының үйіне, біз идеология хатшысының үйіне қонады деп жоспарлаған екен. Неге екенін түсінбедім, Фариза бұл шешімді қабылдамады, «Біз қонақүйге қонамыз» деді. Кешкі қонақасыдан кейін қонақүйге келдік, бір әйел таңға пеш жақты. Біз суық жерде бүрісіп қонып шықтық. Ертесін ауданның Мәдениет үйінде кездесу өтті. Ол кезде оқырман өте көп болатын, келген адам әзер сыйды. Негізгі әңгімеміз аяқталғасын мен тағы экспромтпен көңілдерін көтеруге көштім. Бізге «Қош келдің» деп сөйлеген ақын Нығмет Нағымовқа тиісе кеттім:
Ауданда ақын бар деп ойлаған ем,
Ақынға сенімімді жоймаған ем.
Келер деп қос ақын қыз естігенде
Жақтырып қонақүйді қоймаған нең?
Қайтейін айта беріп басқаларын,
Көңілін сындырмайын жақсы ағаның.
Іргеңде «Қазталовка» қой совхозы,
Бір түйір еті жоқ қой асхананың.
Тосын айтысқа ақын ағамыз жауап құрастырып, абыржып қалды. Ол кезде айтыс өнеріміз бүгінгідей шырқап тұрған жоқ еді ғой. Сонымен, көңілді кездесу болды. Біз келесі күні ілгері жылжып кеттік.
Орда бағытындағы ірі совхоздың бірі «Искра» еді. Ұлы көсем Ленин шығарған газеттің аты хан жайлаған қазақ даласында да құрметпен аталған кезең ғой. Ол елді мекеннің ежелгі тұрғындары Төрелер мен Төлеңгіттер болатын. Құрманғазы оркестрінің даңқты дирижері Шамғон Қажығалиев сонда дүниеге келген, әнші Әлібек Дінішевтің де ата-бабасының мекені – осы аймақ. Таланттарымен мақтанатын елдің Искра орта мектебінде кездесу өткіздік. Совхоздағы үлкен орын соның спортзалы болса керек. Кездесуді совхоздың директоры Байқұтты Сапарғалиев ашты.
Сол жылы Қазақстан Орталық партия комитетінің қаулысы насихатталып жатқан. Келер жылғы Қазақстан бойынша бүкіл мектеп бітірушілер қой шаруашылығына баруы керек. Қазақстанда қой басын елу миллионға жеткіземіз деген ұран тұр. Бір жылғы бір түлек оқуға бармайды, тек малға! Кездесуде сол әңгіме басталып кетті. Совхоз партия комитетінің хатшысы Әмірхан Әбуғалиев бұл шешімді мақтанышпен жариялады. Искра мектебінің келесі жылғы түлектері түгелдей елде қой бағуға қалады деді. Сөз кезегі маған тиді. Фариза коммунист ол тақырыпқа бармады. Мен тұрып: «Сонда таланттар туған топырақта өнерлі бала болса да, қой бағуға кете бере ме?», – дедім. Бір белсенді орнынан атып тұрды. «Сіз, Бақтыгереева жолдас, партияның саясатына қарсы сөйлеп тұрсыз», – деді. Мен де қызып кеттім, «Мына іргемізде шекарасы тиіп тұрған Ресей мектеп бітірушілерін түгелдей шошқа бағуға жіберетін болып па?», – деп қарсы сұрақ қойдым. «Оқуға түспеген бала онсыз да мал бақпай, қазақ даласында қайда барушы еді?».
Сонымен, айтысып-тартысып жиынды аяқтап, парткомның үйіне шәйға келдік. Дастарқанға қысқы соғымның былқып піскен еті келген бетте терезе жақтан ақ қарды боратып, алай-дүлейін шығарып, ауыл шетіне вертолет (қазіргі тікұшақ) қонды. Бәрі аң-таң. «Ауру-сырқау жоқ сияқты еді, санавиация шақырған жоқпыз, бұл неғып жүргендер екен?» деп бәрі қобалжып кетті. Біз де етке енді кіріскенбіз, алаңдап қалдық. Сорпа ішіп үлгерместен, хабаршы жетті. Бір азамат кіріп сәлемдесіп, вертолет жайын түсіндірді. Облыстық партия комитетінің идеология хатшысы Тотанов жолдас (ол кезде партия қызметкерін «мырза» демейді) «Ақындар тез арада сол жерден Оралға қайтсын!» деген бұйрық беріпті. Әлгі кездесуде айтылған менің сөзім телефонограммамен барып жеткен екен. Сонымен, шала-шарпы сорпа ауыз тиіп, Оралға ұшуға мәжбүр болдық.
Сол кезгі жаны жайсаң, пейілі кең қарапайым киінген ауыл адамдарының салауат-сауаты ғажап болатын. Бәрі газет-журналды жаздырып алатын. «Жұлдыз» журналының өзі даланың әр үйіне жететін еді-ау. Ал кез келген пионер баласы бар үй міндетті түрде «Қазақстан пионеріне» жазылатын. Дала мейірімнің Ордасы сияқты еді-ау! Тынысың кеңіп, жаның жадырап, жүрегің тазарып, Алматыға анадан қайта туғандай болып оралатын едік ол кезде. Сол шақта «Кіндігімнің жас қаны тамған жерім – ауылым, Шабытымның асқары, самғау жерім – ауылым» деп шырқалатын ән әр қазақтың жүрегін шымырлататын.