ҚАЙРАН ҚОСЖАН, ҚОСАҒА
Қысқа ғұмырында бірқатар қазақ басылымдарында жемісті қызмет атқарған қарымды қаламгер, белгілі ақын Қосжан Мүсіреповтің есімі, әсіресе, аға буын өкілдеріне кеңірек мәлім. Жазушылар одағына мүше боп, артында айтарлықтай мұра қалдырған ол кезінде ортасына сыйлы боп, ғибратты ғұмыр кешкен-ді. Төменде Қосжанмен қатар жүріп, қызметтес болған жылдарда көз көріп, көкейде тоқылған кейбір жайларды оқырмандармен бөлісуді жөн көреміз.
«РЕДАКТОРЫМЫЗ ТҮНІМЕН ТӨБЕЛЕСТІ»
1958 жылдың шілдесі. «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұрып, аспандап жүрген шақ. Редакция қазіргі Абылайхан даңғылы мен Жібек жолы көшелерінің бұрышында. «Лениншіл жас» пен Сәкен Жүнісов, Тұманбай Молдағалиев істейтін «Пионер» журналы жоғары қабатта, төменде «Қазақстан пионері» газеті мен «Балдырған» журналы. Күнделікті кіріп-шығатын есік біреу. (Мұнда Қазақстан комсомолының орталық комитетінен бастап, басқа да толып жатқан мекеме бар-тын). Қызметке орналасқан бойда сол кездегі танымал ақын Бүркіт Ысқақов мені «Қазақстан пионерінде» істейтін Қосжанмен таныстырды. Орта бойлы, шымыр денелі, қара торы өңді қағылез жігіт Қосжан бірден бауырына тартып, әмпей-жәмпей болыстық. Мінезі жібектей. Күлгенде екі бетінің ұшына қос шұңқыр ұялайды екен. Қосжан аталмыш газеттің әдебиет, оған қарама-қарсы отыратын Нұрқан Жанаев мектеп бөлімін басқарады. Қатар жүргенде де, отырғанда да екеуі қойдың қос қошақанынан аумайды.
Әзіл-қалжыңдары жарасты, табиғи.
Бір жолы Қосжан мені көргеннен сылқ-сылқ күліп:
– Бүгін Нұрқан екеуміз түнімен ұйықтаған жоқпыз, – десін.
– Неге?
– Редакторымыз түні бойы әйелімен төбелесіп шықты…
Қосжан алғаш танысқанда-ақ Нұрқан екеуі газет редакторы Сансызбай Сарғасқаевтың жеке үйінің бір бөлмесінде тұратындарын, ақы-пұл төлемейтіндерін айтып:
– Әр күні машинамен бірге келіп, бірге қайтамыз. Тамақ әзір, төсек-орын салулы, – деген-ді.
– Кейде бастықпен бірге екі-үш шөлмекті төңкеріп тастаймыз, – дейтіні де болатын.
Енді… редакторының сырын ашқандай болғанын сезіп:
– Ой, сен ойлама. Сансызбай Сарғасқаев жақсы адам. Жеңгеміз де тамаша. Таңертең барлығымыз күліп-ойнап шәй ішкенбіз, – деп өзінше жуып-шайғансып жатыр.
«ТҰМАНБАЙ – ТӨГІЛІП ТҰРҒАН ӨЛЕҢ»
Қосжан менен үш-төрт жас үлкен екен. Кісіге жанасқыш, көпшіл. Қарапайымдығы шексіз. Үлкен де, кіші де Қосжан демей, Қосаға дейді. «Лениншіл жас» орналасқан төртінші қабаттағы «Пионер» журналында істейтін Нәсіреддин Серәлиев, Тұманбай Молдағалиев, Қосжанмен түйдей құрдас Нұрқан да Қосаға дейтіндерін естіп жүреміз. Қосжан екі-үш адамның басы қосылған жерде өлең оқиды. Қазақ поэзиясы туралы әңгіме шертеді. Өзінің де, өзгелердің де өлеңін оқуға іңкәр. Қасым, Тайыр, Әбділдәнің көп өлеңдерін жатқа біледі.
Сол кездерде бірді-екі кітабы жарыққа шығып, оқырманға танылып қалған Қосжанның университеттің соңғы курсында оқи жүріп, қызметке орналасқан жайы бар-ды.
Сол шақтарда оқырман қауымға кеңінен белгілі Шәміл, Қабдыкәрім, Сағи, Тұманбай сынды ақындардың таңғы шықтай балауса өлеңдерімен қатар, адамгершілік қасиеттерін де жіпке тізгендей айтып жүретін Қосағаң бейнебір солардың насихатшысы секілді көрінетін. Әсіресе, Тұманбайды сыртынан да, көзінше де: «Тұманбай төгіліп тұрған өлең ғой», – деп әспеттейтін. Тұманбай жымың-жымың күлетін.
Қазір ойлағанда, нағыз ірілік сол екен. Бірақ ондайды сирек ұшыратып келеміз ғой. «Сен ғана мықтысың» демегеннен қаншама рет тауымыз шағылып, аузымыз күйді емес пе?..
«БҰЛ ЗЕЙНОЛЛА СЕРІКҚАЛИЕВ»
Езуінен күлкі кетпей, кім-кіммен де әдемі қалжыңдасып, өзін емен-жарқын ұстайтыны сырт көзге ғана-тын. Шын мәнінде ол көбіне торығып, көңілі жабырқап, жаны жаралы тәрізденіп жүретін. Екінің біріне айтылмай, іште шемен боп жататын сырларының шетін кейде: «Шешем ерте өлді. Әкем қаршадайымнан сүймеген қызға үйлендіріп, аяғыма кісен салды. Он жылдық біліммен Арыс аудандық газетінде пәлен жыл редактор боп, онан Шымкентегі екіжылдық мұғалімдік оқуды бітірдім», – деп суыртпақтап шығаратын. «Ол әйелмен дәм тұзымыз жараспай, амалсыз ажырастым. Оның үстіне, университетке түскен жылы бүкіл студентті Мақтаарал ауданына мақта теруге апарып, жарамсыз судың кесірінен бәріміз сары аурумен ауырдық. Міне, қарашы, бауырым ісіп кеткен», – деп, қарнының төменгі жағын нұсқайды.
Екі күннің бірінде университетте бірге оқитын жолдастары кезек-кезек келіп жатады. Кейбірін маған да таныстырады. Олар да Қосжанды «Қосаға» деседі. Редакция іргесінде асхана бар. Қосжан: «Бұлар студент. Ақшалары аз», – деп асханаға ертіп барады. «Жақсының шарапаты» дегендей, кейін бірі белгілі ақын, бірі көрнекті партия қайраткері болған Жүсіп Қыдыров, Мақсұт Әубәкіровпен сондай кездердің бірінде танысқан едік.
Бір жолы кабинетке кірсем, Қосағаңның алдында ұзын бойлы, ашаң жүзді көрікті жігіт пен айдай көркем, әсем бойжеткен отыр.
– Е, жақсы келдің, жүр, мына меймандармен бірге тамақтанайық, – деп төртеуміз асханаға бардық.
– Бұл жігіт Зейнолла Серікқалиев, мынау сүйген қызы Эльвира екеуі бір-бірін сүйеді. Жақында үйленеді, – деді Қосжан. – Таныс болыңдар, бір-біріңді біліп жүріңдер.
Сол Зейнолла да кейін белгілі сыншы-әдебиетші, қоғам қайраткері болды. Өмірден өткенше сәлем түзу, ниеттес, тілектес боп жүрдік. Көрген жерде Қосжанды еске алатынбыз. Сонда Зейнолла да сары аурумен ауырады екен.
ҚОСЖАН мен ТӨЛЕГЕН
Танымал балалар жазушысы Сансызбай Сарғасқаев бір қарағанда сұсты, қабағы ашылмайтын суық адам сияқты көрінетін. Сәлем берсең, қолын селқос ұсынады да өте шығады. Менмен, тәкаппар дейін десең, Қосжан мен Нұрқанды туған балаларындай мәпелеп, аялап жүреді.
Қосжанға соны айтсам:
– Е, ондайлар сирек қой, – дейтін жымиып. – Мен білсем, бұл жалғанда Сәкеңдей кішіпейіл адам жоқ.
Бір күні жұмыста отырсам, Сансызбай маған есіктен мойнын соза қарады да:
– Мұнда келші, – деді атымды атап.
Жүгіріп шықтым. Алдыма түсіп, жортып барады. Жоғарыдан төменгі қабатқа түсіп, кабинетіне кірдік. Орнына отырар-отырмастан:
– Әй, туысқаның қайда? – десін әй-шәй жоқ.
Түк түсінбеген мен оған таңдана қараймын.
– Қосжан қайда деп тұрмын ғой саған?! – деп зірк етті. – Үш күннен бері не үйде, не жұмыста жоқ. Дұрыс емес қой онысы. Нұрқан да білмейді. Саған не, Ташкенттен біреу келіп пе еді? Бәріңнің бірге жүргендеріңді көріпті ғой біреулер.
– Иә, Ташкенттен Төлеген Айбергенов деген досым келген. Өткен күні бәріміз бірге болғанбыз. Содан бері мен де көрген жоқпын оларды, – деймін түк білмегендей.
– Аман болса бопты, – деп одан сайын тықырши бастады Сәкең. – Егер осыдан ол табылмаса бар ғой, ә, онда сен бала…
«Апырай, бұлар шынында да қайда жүр екен» деймін енді мен де дегбірім қашып.
Абырой болғанда, «жоғалған» қос ақын дәл сол сәттерде есіктен қаздай тізіліп кіре берді де, Сәкеңе кезек-кезек қол ұсынып амандаса бастады.
Көздері қанталаған Сансызбай:
– Өй, жетесіз, – деп қалды Қосжанға ашулы көзбен қарап.
Мен Төлегенмен бірге шығып кеттім. Бұл Төлегеннің Алматыға тұңғыш рет келген кезі еді. Қосжан екеуі Талғар жақта жүріпті…
– Қал қалай, Қосаға? – деймін ертеңіне. – Бастығың ұрысты ма?
Бетіме жымия қараған Қосағаң:
– Қалай десем екен, жұмыстан кейін моншаға апарды, онан үйге барып демалдық жақсылап. Дархан адам ғой Сәкең. Редактор болса, сондай болсын, – деп желпінді.
ҚОСЖАННЫҢ ҚОРҚЫНЫШЫ
1964 жылы Сарыағаштан Алматыға көшіп келіп, «Мәдениет және тұрмыс» журналына қызметке орналасқанымда, Қосжан осында мәдениет бөлімінің меңгерушісі екен. Қатар жүріп, бірге қызмет ете бастадық. Мұның алдында «Қазақстан пионері» газетінен кейін Алматы облыстық «Коммунизм туы» газетінде мәдениет бөлімін басқарғанынан хабардар едім. «Онда шақырған редактордың орынбасары Кәкімжан Қазыбаев. Мұнда шақырған редактор Сапар Байжанов», – деп, екеуіне де ризалық білдіретін. Денсаулығы төмендепті. Мінез-құлқы да өзгерген бе, болмашы нәрсеге тыз етіп, шарт-пұрт ете қалатын бопты. Сөйте жүріп (алдындағыларын қосқанда) үш-төрт өлең кітабын шығарды. Аурулығына қарамай, ресторанда оларды жуамыз.
– Өлеңді жазуын жазамыз ғой. Бірақ түптің түбі олар кімге керек? Заман бұлдыр. Мейлі, бізге бір күн болса да өмір сүру керек, – деп жиі мұңаятын. – Қазақ тілінің қадірі қашып барады. Содан қорқамын.
Қайран ақынның 1965 жылы осылай деуі көргендік еді-ау…
МҰСА ДІНІШЕВТІҢ ЖЫЛАҒАНЫ
Қосжан кеңестік кезеңше айтқанда, өзіне жүктелген қай міндетті болмасын қашанда абыроймен атқарды. «Мәде-ниет және тұрмыс» журналында келелі мәселелер көтеріп, тың айдарлар ашты. «Жирен жаман әдеттен», «Оқушылар ой салады, сыр шертеді», т.б айдарларды ашқан сол еді. Олар көпке дейін журналдан түспей, бертінге дейін сақталды. 1965 жылғы 31 желтоқсан күні алдағы жаңа жыл (1966) құрметіне «Қазақстан» ресторанында (қазіргі «Жетісу» қонақүйі) дәм таттық. Ертеңінде ауруханаға түсіп, жаңа жылдың бірінші күнінен бастап жұмысқа келе алмаған Қосжан сол жатқаннан мол жатып, 1967 жылдың март айында, 36 жасында дүние салды. Ауруханаға бір түсіп, бір шығып жүргенде неше алуан тұшымды дүниелер жазды. «Қысқа новеллалар жазып жүрмін», – деді бір жолы. Олары сол кездегі қазақ басылымдарында жарияланып жатты. Қазір марқұм бір белгілі азаматтың шайпау әйелінің тіліне еріп, туған анасын қуып, үй қызметкер ұстайтыны қақында жазған «Астамшылық» атты новелласы мен біраз өлеңі өзі істеген («Мәдениет және тұрмыс») журналда, «Қош бол, атамекен» новелласы «Лениншіл жас» газетінде жарық көріп, серпіліс туғызған-ды.
1964 жылдың соңында бас редактор Сапар Байжанов Орталық Комитетке ауысып, орнына Мұса Дінішев келді. Қосжан Мұсакеңмен 1965 жылдың басынан аяғына дейін – бар болғаны бір жыл ғана бірге жұмыс істеді. Осы мезгіл ішінде басшының сеніміне кіріп, ілтипатына бөленді. Қосжан көз жұмғанда Мұсекеңнің Қосжанның үйінде де, қабір басында да көз жасын тия алмай, еңкілдеп жылағаны соған дәлел іспетті еді. (ОК-те екеуі де нұсқаушы боп істейтін Сапар Байжанов пен Кәкімжан Қазыбаев та жерлеуге қатысып, марқұмның қабіріне топырақ салған-ды).
Журналда басылған қазанаманың тақырыбын да қайран Мұсекең «Қош бол, Қосжан» деп өз қолымен жазған-ды.
Зәкір АСАБАЕВ.
ПІКІРЛЕР1