«Алтын қамшы», «Хан қамшы», «Ару қамшы»
Қамшының қанша түрі бар?
Жылқыны қолға үйрету – тарихта дәуірлер көшін ілгерлетті. Қазақ даласының бұл жаңалығы тек жылқыға ғана емес, бүкіл адамзат өркениетіне қамшы басты. Ат үстінен түспейтін Сақ сарбаздарын көрген ежелгі гректер оларды атпен бірге жаратылған деп сеніп, «Кентавр» туралы сантүрлі аңыздар таратқан. Жержүзін ат тұяғымен таптаған көшпенділер қамшысы тек қана құрал емес, уақыт өте келе биліктің, рухтың, күштің символына айналды. Аттиланы «Тәңірдің қамшысы» деп атаған еуропалықтар мен «Шыңғыс хан әлемді қамшымен жаулаған» деген адамзат түсінігі осыны меңзейді. Моңғолиядағы Шыңғыс ханның алып ескерткішінің толық атауы: «Шыңғыс ханның алтын қамшысы» деп аталады. Аңыздарда Шыңғыс хан ел-жұртынан айырылып, әкесінің досы Тұғырыл ханнан көмек сұрап келе жатқанда қазіргі ескерткіш тұрған жерден алтын қамшы тауып алғаны, содан бастап бала Шыңғыстың ерлік рухы, көшбасшылық қасиеті, батырлық атағы аңыз болып таралып, ел тізгінін ұстай бастағаны айтылады. Атақты тарихшы Герадот: «Сақтар бас көтерген құлдарды садақ, найзамен емес, қамшымен жөнге салған», – деп жазады. Әлем тарихшыларын тәнті қылған «Алтын адамның» қабіріне қамшының қоса жерленуі де оның биліктің символы болғанын айқындай түседі.
Түркілер – жылқы мәдениетінің төл иесі, сақтар мен «Алтын адамның» Аттила мен Шыңғыс ханның нағыз мұрагерлері. Қамшының түркі болмысының айырылмас бір бөлігі болуы сондықтан. Сәбидің басына қамшы жастау, ержеткенде қолына қамшы ұстату, керегесіне қамшы ілу, сөз сөйлеуде қамшымен белгі беру, асып-тасқанды қамшымен басу, келіннің бетін қамшымен ашу… Көшпенділер өмірінің барлық саласы қамшымен байланысты. Тіпті қайғы мен қуанышты, жақсылық пен жамандықты да қамшының қалай тұрғанымен, қалай ұстауымен көрсетеді. Ноғай тарихшылары қамшыны «жеке куәлік» деп сипаттайды. Бай мен төренің, жалшы мен малшының, ер мен әйелдің, дана мен баланың ұстаған қамшысына қарап, олардың статусын білуге болады деп есептейді.
Түркі баласының шаңырағында қамшының тұруы – аттан түссе де, өр рухынан айырылмаған түркі болмысының анық айғағы. Ол – қанымызда бар ерліктің, өрліктің, тектіліктің символы. Бүгінгі ұрпақтың түпсанасын оятып, тарихи жадын жаңғыртамыз десек, қамшыдан артық құрал жоқ. Қамшының қасиетін білген, сезінген, ұстаған ұрпақтың қайраты бекем, намысы биік, арманы асқақ болары сөзсіз.
«Заттың рухтануы, рухтың заттануы» деген ұғым бар. Сол үрдіспен біз заманауи қамшыларды шығаруды қолға алдық. Түркі мемлекеттерін аралап, зерттеу жасағанымызда бір байқағанымыз – Ұлы даланың бүгінгі ұрпақтары қамшы құрылымынан, терең пәлсапасынан көз жазып бара жатқаны. Қамшыны тек мал айдайтын, «әйел сабайтын» құрал деп қабылдайтын деңгейге түсіппіз. Асылы қамшы – әр қазақтың, әр түркінің төрінде тұруға тиіс қасиетті баба мұрасы. Егер осыншама ұлан-байтақ даланы мекендеп, Тәуелсіз ел атанып отырсақ, ол – ең алдымен, жылқының, жылқыны қолға үйреткен қамшының арқасы. Ендеше, атадан қалған асыл жәдігерді келесі ұрпаққа өз қадір-қасиетімен жеткізу – біздің парызымыз. Осы мақсатта бірнеше заманауи қамшы түрін шығардық. «Алтын қамшы», «Хан қамшы», «Би қамшы», «Ару қамшы», «Бала қамшы»… Бұл қамшылардың әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Олар сабындағы ою-өрнектер мен жартас таңбалары қолданған материалына қарай әртүрлі мән-мағына береді. Алты таспа, сегіз таспа өрімдері мен сол өрімдерге басылған ою-өрнектер де – бұрын-соңды болмаған жаңалық. Қамшыны тек тобылғы сапты, алты таспа болады деп қабылдасақ, онда дәуір көшіне ілесе алмағанымыз болар еді. Сондықтан да алтынмен аптап, күміспен қаптап, тіпті Smart техникасын қосып, барынша заман талабына сай жасауға тырыстық. Кез келген қадірлі адамыңызға – сыйлық, балаңызға – құрал, төріңізге сән болатын қамшылар енді ғана нарыққа шықты. Айтпақшы, қамшыны бүлдіргесінен салақтатып ілуге болмайды. Бұл жаман ырым. Сондықтан да арнайы қамшы ілетін керегесі мен әйнек қорабы қоса жасалды. Лайым, әр қазақтың төрінде қамшы тұрсын!
Біләл ҚУАНЫШ,
«Қамшы» ақпарат
агенттігінің жетекшісі