ҒАЛЫМНЫҢ ХАТЫ
25.04.2023
277
0

2022 жылы сәуір айында қазақ әдебиеттануының көгінен бір жұлдыз ағып түсті. Әдебиеттанушы ғалым, ұстаз Темірхан Тебегенов дүниеден өтті.

Жұртын сүйген жүрек, көркем сөзді қастер тұтқан, сөз өнерін тануға және танытуға бар өмірін арнап, ұстаз ретінде шәкірттерін шын жақсы көріп, олардың шексіз алғысына бөленген асыл жанның мейірімді де жалынды жанары қалайша сөніп, өмір мен өнерге соншалық ғашық жүрегі қалайша бір сәтте тоқтағанына көңіл сенбей, біразға дейін жарқырап бір жерден шыға қалардай болып жүрдік.
Бірақ уақыт әрі қатал, әрі жүйрік қой, біз осылай қимастық сезіммен жүргенде ардақты ағамыздың мына жалған дүниеден көшкеніне жүз күннен де асып кетіпті. Енді, міне, оның ақеден тұлғасын, ақпейіл мінезін шын сағына бастадық.
Темірхан аға соңғы сұхбаттарының бірінде: «Қандай арманыңыз бар?» – деген сұраққа жауап бере келіп: «Ғажайып ғұмырдың қалай аяқталатынын білмей қалсам деймін», – деген екен. Расында да, аға ерекше бір нұрлы, мағыналы, ғажайып ғұмыр кешті. Әрқашан жүрген ортасына білім мен мейірімнің, асыл сөздің нұрын шашып, «жақсыда жаттық жоқ» екенін өз болмысымен дәлелдеп кетті.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы іс-шараларға, мерейтойларға ең бірінші Темірхан аға жететін еді, әріптестерінің мерейін асырып, жылы сөзін арнап, шуағын төгіп кететін еді.
Дүниеде уақытқа да, ажалға да бағына бермейтін құндылықтар бар екені ғана көңілге медеу болады. Бұл жөнінде дана халқымыз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп атап көрсеткен. Әдебиетші ғалымның жазу үстелінде қалған соңғы қолжазбасын сүйікті перзенті, әдебиетші-ғалым Алтынарай Темірханқызы алып келіп көрсеткенде, осы мақалдың қасиетін тағы ұққандай болдық.
Қолжазба беттерінен Темірхан Сақаұлына тән зерттеушілік жауапкершілік пен ізденіске толы жігерлі рух, туған әдебиетіне деген сүйіспеншілігі мен адалдығы сезілетіндей. Ғалымның соңғы хаты шәкірттері мен ел-жұртына жазған соңғы аманатындай қымбат. Ғалым-ұстаздың, асыл азаматтың жан-жүрегімен сүйіп, жақсылыққа ғана тәрбиелеген ұрпағы барда, әрқашан тағылымды дәрісін оқып, білімге жетелеген, қорғап-қолдап жүрген шәкірттері барда, артында қалған әдеби-рухани мұрасы барда – Тебегенов жұлдызы сөнбек емес.

Ләйла Мұсалы,
филология ғылымының кандидаты,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
қауымдастырылған профессоры 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір