Роллан СЕЙСЕНБАЕВ. Таңғы сөз алдындағы ТҮНГІ ОЙЛАР
31.08.2026
50
0

Шыңғыс Айтматов

Алматыда қалың қар жатқанымен күн жылы еді. Есентай өзенін жағалап жаяу кезіп кеттім. Жағалауда жан жоқ. Маған да керегі жалғыздық болатын.
Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов ағаммен Мәскеудің қонақүйінде кездейсоқ кездесіп қалдық. Сабырлы, салмақты, ойлы жүзді ағам мол денесімен маған бұрыла беріп екі қолын бірдей созды.
– Аманбысың, Роллан? – деді. Дауысы мейірімге толы еді.
– Шыңғыс Төреқұлұлы, бұл тіпті күтпеген кездесу болды ғой. Жүріңіз, бір кесе шай ішейік, – деп ибалық танытқан болдым.
– Сенімен соңғы кездескеніміз Астанада болды, мен білсем. Қазақтар Күлтегіннің тасын әкеліп, Еуразия университіне қойды. Аэропортқа ұшар алдында мен, Олжас, сен барсың, үшеуіміз министр Байменов мырзаның үйінде қонақ болдық. Мейірлі, жылы кездесу өтті. Жақсылар бір-бірімен жиі кездесіп, сөз алмасып, ой бөлісіп отырулары керек. Сонда арамызға арам шөптер еніп кете алмайды. Жүр, шай ішсек, шай ішейік, бауырым. Қырық минуттай уақыт бар, – деді Шыңғыс ағам жадырай жымиып. Өзі алға түсті. Мен ағама ілестім.
– Ол кездесуге де жеті жыл болыпты, – дедім мен жайғасып отырған соң.
– Уақыт деген құдірет бізден қуатты, бізден еңсесі биік қой. Біз – сол уақыт шіркіннің құлы ғанамыз.
Шыңғыс ағамның телефоны шылдырлап қоя берді. Ол телефонмен сөйлесіп жатты.
Ал мен ағам туралы, оның ғажа­йып туындылары туралы, Манас пен
Әуезовке деген адалдығы туралы ойлап кеттім. Мәскеуде отыз жыл СССР Жазушылар одағында жұмыс істегенімде, Шыңғыс ағаммен қанша рет кездестік, дәмдес болдық, ағамыздың әртүрлі мінберлерден сөйлеген ойлы сөздерін тыңдадық. Алып Айтматов он жыл сайын Совет әдебиетін өзінің ұлы шығармаларымен биік деңгейге көтеріп тастап отырды. Елуінші жылдарды «Жәмиләмен», алпысыншы жылдарды «Қош бол, Гүлсарымен», жетпісінші жылдарды «Ақ кемемен», сексенінші жылдарды «Боранды Бекетпен», тоқсаныншы жылдарды «Жанпидамен»… Бұл ерен еңбектер еді-ау!.. Ағамыздың шын достары аз болды, шын жаулары көп болатын. Ал оқырмандары орыс орманындай қалың, Алатоодай биік еді.
Шыңғыс ағаммен алғаш рет Мәскеу­де 1975 жылы СССР Жазушылар одағының кең ауласында танысып едім. Оған да отыз үш жыл өтіпті. Ол кезде Шыңғыс ағам да, мен де жас едік.
Сәлемімді ыстық ықыласпен қабыл алды.
– Зоя Сергеевна Кедрина сені мақтап отыр. Күйеуі Александр Пантиелев те сен туралы жоғары ойда. Олар Мұхтар Омарханұлы Әуезовті пір санаған. Үйлерінде Әуезов отырған орындыққа мені отырғызған. Онда мен «Жәмиләні» жаңа шығарған кезім болатын. Отызда болсам керек. Енді сол орындыққа сені отырғызыпты. Сен де отызға енді келіпсің. Ол кісілерді ардақ тұт, ылғи сыйлап тұр. Бұл адамдар – біздің бабаларымызды қадірлеген қасиетті адамдар. «Абайдай данышпанның туысы, текті тұқымнан екенсің, Жазушылар одағында халқыңа да, қазақ әдебиетіне де адал қызмет жаса!» деп мені бауырына басып құшақтағаны есімде.
Бұндай айрықша, ұмытылмас кездесулер көп болды ғой. Өмірім жетсе Мәскеуде еңбек жасаған кезімде кездескен, араласқан, достасқан әлемнің әйгілі адамдары туралы шағын эсселер жазғым келеді. Ол адамдардың қай-қайсысы да ұлы ойшылдар, ұлы жазушылар, ең бастысы, нағыз адамдар болатын. Жаңа ғана Мәскеуде кенеттен кездескен Шыңғыс Айтматов туралы жазу да маған парыз еді.
Шыңғыс ағам телефонын өшіріп, үнсіз отырып қалды. Қабағы сәл ісіңкіреген, жүзі де ақшыл тартып, жүдеген тәрізді. Түнде ұзақ жазу жазып шаршаған болар, – деп ойладым.
– Роллан, бір рюмка коньяк ішсек, қалай қарайсың? – деп сұрады.
– Керемет болады. Сізге айтуға батпай отыр едім, – деп қуандым.
Ағам француздың қымбат коньягын сұратты. Даяшы – жап-жас сұлу әйел күлімсіреді. Разы болатын. Біз де разы едік.
– Мен бүгін кешке Германияға ұшамын. Дәрігерге қаралмақпын, – деді Шыңғыс ағам. – Сонан кейін Татарстанға бармақпын.
– Биыл 80 жылдық мерейтойыңыз бар ғой.
– Ол да бар. Қазір керегі денсаулық болып тұр.
Ақшыл, жүдеу жүзі мына кафе ішінде сәл күңгірттенгендей. Көз алды да қоңырқай тартыпты. Шаршап жүргені де анық танылады. Қимыл-қозғалысы баяу, бірақ ұстамды, еңселі денесі әлі де қайратты еді.
Отыз бес жасында «Таулар мен далалар» повесіне» (1963 жыл) Лениндік сыйлық алған жап-жас қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов дүниені дүр сілкіндірген. Лирикалық толғаныстарға толы шағын повестері соғыстан соңғы қырғыз халқының өмірі, тағдыры туралы ашық сыр болатын. Жап-жас қырғыз жігіттері мен қыздарының өмірге ғашық жүрек бұлқыныстары болатын. Ерекше сырға, ерекше таза тіршілік аясындағы оқиғаларға толы ғажайып жас өмір гимні қырғыз тауларында атойлап көтеріліп кете барған. Шыңғыс Айтматов феномені дүниені фейервекке толтырып тастап еді-ау! Ұлы Мұхтар Әуезов бата берген, Луи Арагон «Жәмилә» повесін өзі француз тіліне аударып, ол повесті махаббат туралы жазылған дүниедегі үздік шығармалардың бірі деп тебіренгені қайда! Ол сонау 1957 жылы айтылған сөз еді. Ол кезде Шыңғыс Айтматов жиырма тоғыз жасқа әлі толмаған шағы екен-ау!..
«Аспаннан түскен бақыт пен даңқты небәрі отыз жастағы қырғыз жігіті көтеріп кете ала ма» деген сұрақ күн тәртібінен ұзақ жыл түскен емес.
Есті азамат есірген жоқ. Есті азамат бойын сабырға, салқынқандылыққа, терең ойға жеңдірген. Бұл өмірде адам боп қалудан қымбат ешнәрсе жоқ екенін Шыңғыс Айтматов өзі де ұққан, өмір сүрген ортасына да ұғындыруға тырысып баққан. Ең бастысы, Шыңғыс Айтматов туған Шекер ауылының су көзі мөп-мөлдір күйінен бір айнымаған, сырылдап аққан суы тоқтау көрмеген. Шыңғыс Айтматовтың бойындағы дарын құдіреті Шекердің бұлағындай таусылмайтынын танытқан. Дені сау болса, Шыңғыс ағамның оқырманына әлі талай тарлан шығармалар тартатынына мен сенімді едім.
– Кел, Роллан, мына кең дүниеде шалқып шарықтап өмір сүр. Қырғыз бен қазақ жиырма бірінші ғасырда өз орнын мықтап табуға жазсын! – деді ағам.
Мен коньякты ішіп салдым. Сөз де жақсы еді, коньяк та жақсы еді, тілеулі отырыс та ерекше мейірлі болатын. Бұндай отырыстар біздің ортамызда сирек кездеседі. Аға мен інінің туыстық, достық тілеуінің тазалығы көзге ұрып тұрған.
– Кей-кейде аздап коньяк ішуге болады. Заман ауыр, арман алыс, тіршілік қысқа, дүние тар.
– Жақсы айттыңыз, Шыңғыс аға!
– Оны айтқан мен емес, заманның өзі ғой, мен боп сөйлеп тұрған, – деп ақырын жымиып маған туралай қарады.
Біз сәл үнсіз отырдық. Сұлу офи­циант әйел менің рюмкама тағы коньяк тамызды.
– Осы жолы мен елімді қимай самолеттен Алатооның қар басқан шыңдарына қарайлай бердім. Неге екенін білмедім, жүрегімді шым-шымдап мұң басқандай болды. Есіңде болса, талантты ақын Мұхтар Шаханов Қырғызстанда Қазақ Республикасының елшісі болып қызмет істеп жүргенде, Мұхтардың үйінде үшеуміз кездескен болатынбыз.
– Қырғыз ғалымы да болды.
– Иә, иә, қырғыз ғалымы да бар еді.
– Сол кісі сізге көп сұрақ қойған.
– Ал мен көп сөйлегем. Көп нәрсені айтқым келген.
– Ол бір керемет кеш болған, Шыңғыс аға.
– Түн болды десейші. Мұхтардың әйелін де шаршаттық білем. Келіннің аяғы ауыр еді. Мұхтар нағыз қазақ қой, бәрін өзінше шешеді. Кейде солай ашық сырласу да керек. Уақытқа да, жағдайға да қарамау керек болады. Жасырынбақ ойнап не керек? – деп бөгелді де лезде, жасырынбай, ашық, айқын ойларымызбен бөліссек дұрыс болады. Түркі дүниесіне жариялылық, тазалық, қалай айтсақ дұрыс болады?.. Аңқылдасып, жүректің көзін ашып тастап отыру керек. Біз одан ұтылмаймыз, ұтамыз, Роллан. Есіңде болсын, ұтамыз…
Тағы да Шыңғыс ағамның телефоны шылдырлады.
– Қазір машина келеді, – деді.
– Кешке ұшатын болсаңыз, шығарып салайын, Шыңғыс Төреқұлұлы.
– Жоқ, жоқ, әуре болма. Осы кездесуіміздің өзі ерекше болғанын көрдің бе, Роллан?
– Көк Аспанның арнайы сыйы ғой бұл.
– Әдемі айттың, – деді Шыңғыс ағам. – Расында да Көк Аспанның сыйы болды, – сәл кідіріп барып,
– Коньягыңды төңкеріп таста. Жігітке батырлық жарасады, – деді жайдары күлімсірей беріп.
– Шыңғыс Төреқұлұлы, жолыңыз болсын! Сапарыңыздың сәтті болуын тілеймін. Сіздің сексен жылдық мерейтойыңызды керемет қылып тойлауға жазсын. Сол тойға бір томдық кітабыңызды шығарып, сізге тарту етемін.
Ол үнсіз ғана басын изеді. Сәл ойланып барып: – Соңғы кезде мен осы туған елімнің, туған халқымның ауыр өмірі мен мехнатты тағдыры туралы дұрыс түсініп, дұрыс ойлап, дұрыс жаза алдым ба?.. Бар шындықты ашып көрсетуге шамам жетті ме… деген қатпар-қатпар ойлардың түнегінен шыға алмай аласұрамын. Бұл сұрақтар ойда-жоқта сен айтқандай Көк Аспаннан төбеңе түседі де, жаныңды жейді. Ұйқы қашады. Сонан соң ұйқысыз түндер өткіземін… Бұл өзі айықпайтын дерт болды маған. Соңғы жылдары жаныма жабысқан атақсыз ауру десем, дұрыс болар.
Шыңғыс Айтматов маған тесіле қарап отырып барып, жайлап орнынан тұрды.
– Кешір, бауырым, жаныңды мазаладым білем. Қартайған сайын адамның ойына келмейтін небір азабы ауыр сұрақтар адамды алқымнан ала береді екен. Тірі болсаң, мені мазалаған сұрақтар сенің де алдыңнан шығар. Мен оған сенімдімін. Шындық сүйген, ақиқатқа ұмтылған өнер адамының қай-қайсысы да, алқымнан алған ауыр сұрақтардың алдында қалшиып тұратын болады.
Сол жолы қонақүйдің кафесінде дана Шыңғыс Айтматов Көк Аспаннан жететін сұрақтар туралы сөз қозғап еді. Бұл сұрақтарға түркі дүниесінде Айтматов пен Олжас Сүлейменовтен артық жауап берген қайсымыз бар?!.
– Қалған коньякты ішпей-ақ қой, – деді Шыңғыс ағам тағы да жұмсақ жымиып алып, – Арғымақ аунаған жерде түк қалады. Оның қызығын ендігі мына сұлу жас әйелге қи, Роллан, – Шыңғыс ағам күлімсіреп мені өзімсіне құшақтады, – Мені шығарып салма. Аман бол, Роллан қардаш!.. – сәл жүріп барып, – Амандықта жолығысайық, – деді. Көзі сәл жасаурағандай көрінді.
Алып денелі Шыңғыс Айтматов есікке қарай адымдай басып, жүріп кетті. Мен ағамның соңынан тесіле қарап тұрып қалдым. Бұл біздің соңғы кездесуіміз еді.
Аяулы кездесу, өкінішке қарай, аянышты қоштасуға ұласатынын біз сол сәтте, әрине, білгеміз жоқ!
2008 жылдың оныншы маусым күні бүкіл әлем ұлы Шыңғыс Айтматовтың дүниеден өтіп кеткенін естіп қайғырғанын қалай ұмытармыз?!. Мен Шыңғыс Айтматовтың өлгеніне сенбей Семейдің тар көшесінде есімнен ада­сып тұрып қалғам. Қалың машиналар нөпірі дәл қасымнан зуылдап өтіп жатқан, өтіп жатқан, өтіп жатқан…
Ал мен бұл өмірде жалғыз қалғанымды енді ғана сезініп, аяғымды созып тастап, тротуарға отыра кеттім.
Біз осылай әр төбенің басында жалғыз қалып, о дүниеге жалғыз аттанып кете барармыз… Кете барамыз… Ақиқат айнасы осыны көрсетеді…

Виктор Астафьев

«Халқымның алдында парызымды адал атқара алдым ба?» деп жан ұшыра қиналған Шыңғыс Айтматов есіме түскенде, Ресейдегі Овсянка селосында жалғыздық құшағында күн кешкен, орыстың шыншыл жазушыларының бірегейі Виктор Петрович Астафьевке көңілін сұрай барғаным есіме оралды.
Шағын ғана орыс деревнясы. Ертеде Енисей губерниясына қараған. Қазір Красноярск облысына жатады.
Өмірінің соңғы жылдарын Виктор Астафьев Овсянкадағы шағын ғана ағаш үйінде өткізді. Жазуын Овсянкада жазды, жазушыны көргісі келетіндер осы Овсянкаға келіп-кетіп жатты. Өзі деревнясынан алыстап көп шықпауға тырысты. Кейде Мәскеу барды, кейде Сібір жазушылары бас қосатын Новосибирскіге барды. Басқа еш жерге шыққан емес. Кейін оны да қойды. Басты бас қосарлары ақ қағаз бен қалам болды. Кешкі шай үстінде әйелімен сөйлесетін. Онда да шешіліп сөйлесу жоқ. Өткен-кеткен уақиғалар, балалар мен немерелердің хал-күйі қордаланатын. Қартайған адамдардың әңгіме аясы тарыла беретіні белгілі жайт қой.
– Сен ыңғайланып отыр, – деді Виктор Петрович менің жүзіме сұқтана қарап алып, – Сені көрмегелі де талай жылдар өтті ғой. Одақ ыдыраған соң-ақ, совет жазушыларынан да береке кетті. Жан-жақта жапа-жалғыз қалдық. Олжас Сүлейменов: «Бүгін ыдырасақ, ертең қайта қосыламыз», – деп еді. Мен сол сөзге сенгім келген. Империя­ны қайта құруға емес, бірлікті қайта тірілтуге…
Виктор Петрович – Екінші дүниежүзілік соғыстың солдаты, батыл, батыр мінездің адамы. Тура сөйлейді, кесіп айтады. Мен алғаш рет Виктор Астафьевті 1975 жылы Мәскеудегі Әдебиет институтының жанындағы Жоғарғы әдебиет курсында көргем. Екі жылдық әдебиет курсында Шыңғыс Айтматов та, Виктор Астафьев те оқыған. Жетпіс бесінші жылы сол Жоғарғы әдеби курсқа мен де түскен болатынмын. Виктор Петровичті біз кездесуге шақырғанбыз. Сол кездесуде Виктор Петрович Астафьев совет солдаты туралы роман жазып жүргенін айтты.
– Отан соғысы туралы романдарды соғыста лейтенант, капитан болғандар жазды, – деді Виктор Петрович. – Солдаттар емес. Соғыста басты күш – солдат! Солдат туралы солдат қана жаза алады! Ал ол соғыстағы солдаттар қараңғы халық болатын. Оқып-тоқығандары аз, он сегіз-он тоғыз жастағы бозбалалар еді ғой, – деп мүдіріп сөз айта алмай, көзіне жас іркіліп тоқтап қалды да:
– Темекілерің бар ма? – деп сұрады.
Алдыңғы қатарда отырған темекі сорғыштар, Виктор Петровичке темекі ұсынды. Отын жақты.
Бәріміз үнсізбіз. Аудиторияда мүлгіген тыныштық орнады.
– Сталин дұрыс айтты, Отан соғысын совет солдаттары жеңді. Орыс солдаттары. Бірақ шынын айту керек, ол соғысты Совет Одағы, совет солдаттарының өлігімен жеңді ғой. Ол соғыста совет халқының жиырма миллионы емес, қырық миллионы құрбан болды. Курск доғасында орыс жағынан да, неміс жағынан да өлген солдаттарда есеп болмады. Бүкіл дала сасыған өліктерге толып жатты ғой. Жанып, қирап қалған танктер, зеңбіректер қанша еді, Құдай-ау?!. Мен соғыс даласын көз алдыма елестетсем болды, көзіме жас толады. Қаншама жақсы жолдастардан айырылдым. Виктор Петрович тағы да тоқтап қалды. Дауысында өксік бар еді, – Соғыс туралы ұзақ эпопеялар жазып керегі жоқ. Лев Николаевич Толстойдың «Соғыс пен Бейбітшілік» эпопеясы ең үлкен кітап боп қалсын. Ал бізге шағын, бірақ бір ауыз өтірігі жоқ, шындыққа толы романдар керек. Шындық пен ақиқатқа толы шығармалар керек. Қысқа романдар керек. Мен өзімді енді Совет Одағының мәдениетін қорғайтын солдат деп есептеймін. – Тағы да бөгелді. Тағы да темекі сұрады.
Біздің курстасымыз, бүгін орыс әдебиетінің көсемдерінің бірі Владимир Личутин орнынан атып тұрып, Виктор Петровичке кездесуге келгені үшін алғысын айтты. Деніне саулық тіледі.
Бәріміз қол соқтық. Бәріміз де жазушы үшін шындық айтудың ауырлығын ұқтық. Шым-шымдап жүрегі сыздаған Виктор Петровичтің езуіндегі сигаретті Владимир Личутин жұлып алып күлсауытқа тастады.
– Бізге тірі Виктор Петрович керек, – деді Личутин. Оның көзі де жасаурап тұр еді.
Виктор Астафьев оған алғыс толы жанарын тоқтатып барып:
– Рақмет, Володя, – деді.
– Сізге рақмет, Виктор Петрович.
Сол кеште біз – Жоғарғы Әдеби курста оқитын Совет Одағының түкпір-түкпірінен жиналған жас жазушылар, Әдебиет Институтының жатақханасы Добролюбова 9/11 үйінің 7 қабатында сол кездесуді шараппен жалғастырдық. – Тағы да Виктор Петровичті сөйлеттік, өзіміз тыңдадық. Біз окоптан енді шыққан солдаттарға ұқсадық; еркін отырып шарап іштік, темекі тарттық.
Бұл ашық кездесуге жеті қабат жатақханада тұратын үш жүз студент те қатысты. Біз ішкен арақ пен судың бөтелкелерін жатақхана жинайтын кемпірлер үш күн жинады. Кейін сол кемпірлер жетінші қабатқа көтерілгенде:
– Әй, Жоғарғы әдеби курсанттар, сендерден пайда жоқ, ана Петровичті тағы бір қонаққа шақырсаңдаршы! – дейтін болды.
Сол кездесуде Виктор Петрович біз сияқты жас жазушыларға Ұлы Отан соғысы туралы кең, терең, биік, ақысыз толық лекция оқып беріп еді. Екі көзі жасаурап, көңілі өсіп, рухы тулап, қаны қызып, ара-арасында генералдарды сыбап кетіп отырып, Екінші дүниежүзілік соғыс туралы біз естіп көрмеген шындықтарды алдымызға жайып салған.
– Менің сөзімді жазбаңдар, жас генийлер, жазбаңдар. Миларыңда сақтаңдар, жүректеріңе тоғытыңдар. Мен айтқанды айту әлі ерте… – деп Виктор Петрович жатақханамен қоштасып есік алдына шыға берді. Бүкіл жатақханадағы студенттер де далаға қоса шықты.
– Посашок!!. Посашок! – деген дауыстар естіліп қалып жатты. Қайтадан жабылып арақ ішілді. Маған сол тау­сылмайтын арақтардың қайдан келіп жатқаны әлі жұмбақ. Көп жиналса, көл деген сөз араққа тура келеді. Руставели көшесіндегі миллиционерлер жатақханаға қарай қозғалды. Ішіп алған үш жүз әдеби генийлер мен қатардағы жауынгер, ұлы жазушы Виктор Астафьев миллиционерлерге қарай жылжи көшті. Руставели көшесіндегі таксидың аялдамасында Сергей деген таксист пен Владимир Личутин екеуміз Виктор Петровичті тосып тұр едік. Қадірлі қонағымызды «Москва» қонақүйіне апарып салу, арақты шамалап ішетін Владимир екеумізге тапсырылған болатын.
Виктор Петрович барлығына арнап есті, ақылды, ойлы сөздерін айтты.
– Жаса Виктор – Жеңіс Жаса!.. – деп студенттер айғайлады. Виктор Астафьев мінген такси машинасын студенттер тік көтерді.
Машинаның шынысынан көшеге қарасам, ұзын бойлы, ұзын шашты ұлдар мен қыздар екі миллиционердің өңешіне екі бөтелкені төңкеріп жатыр екен. – Миллиционерлер жасасын! – деген айғай да естілді. Виктор Петрович, Владимир екеумізге қарап күлімсіреп отыр еді. Руставели көшесінде дәл мұндай шығарып салу кеші бұрын-соңды болмаған болса керек. Енді болуы да екі талай. Заман өзге, салт өзге, адам өзге, ниет өзге…
Мария Семеновнаның ем шөптерден қайнатқан, оған бал қосқан дәмді шайын ішіп, ұзақ жолдан жан шақырғандай болдым.
– Мария, Роллан досымның келуі құрметі бар еді ғой?.. Оны қайда тығып отырсың?..
– Ролланға рұқсат, саған болмас. Екеумізді қан қысымымыз қинап жүр. Ренжіме, Роллан.
– Мария Семеновна, мені де сол қинайды. Әуре болмаңыз. Рақмет.
– Арақты аямайсың, бұл құрғыр денсаулыққа зиян ғой.
– Роллан онда жүр, мен саған селомызды көрсетейін. Қыдыртайын. Біраз адамдармен таныстырайын, – деді Виктор Петрович.
Біз селоны еркін, асықпай араладық. Әр жерде тоқтап, дем алдық. Жақсы адамдармен таныстым. Ара ұстайтын Михеевич деген қалжыңбас шалмен де сөз қағыстырдық.
– Петрович, сенің жас қазақ досыңа біздің «Медовухадан» сылқылдатып жұтқызсақ қайтеді?…
– Қан қысымы жоғары екен. Біздің үйде де ішпеді.
– Жігітім, бір стаканды сілтеп сал, қан қысымыңды сыбызғыша сызылтады, – деп Михеевич жабысты.
– Келесі бір келгенде ішермін, – дедім.
– Онда, сендерді пайдаланып өзім біреуін көрейін. Қасыма отыруға жараймысың, Петрович?..
– Әрине жараймыз, – деп күлді Виктор Петрович.
– Мен өзім кітап оқымаймын, ара-тұра ғана оқитын шалмын. Мына Петровичтің қандай жазушы екенін білмеймін, менің білетінім біздің Петрович – адамның ішіндегі адамы! Мен солай ұғамын. «Медовухадан» көп құймаймын, аз құямын. Денсаулық үшін ғана!.. – деп Михеевич жан-жағына қарады. Кемпірінің оқты көзі өзін бағып тұрғанын ерте аңғарған. Сонан да жорта қатты сөйлеп тұр еді.

(Жалғасы келесі санда)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір