Роллан СЕЙСЕНБАЕВ. Таңғы сөз алдындағы түнгі ойлар
(Соңы. Басы өткен санда)
– Әуелі өзіңе аз құй! – деп кемпірі есікті сарт жауып үйге еніп кетті.
– Өте тәрбиелі кемпір… – деді Михеевич.
– Кулактың қызы осал болушы ма еді. Сенің аузыңның салымы бар ғой… – деді Виктор Петрович.
– Тегі бар қатын. Жай қатын болса, сендер біздің үйді бетке алғаннан айғайды салар еді.
Біз күлдік. Михеевич қабағын түйіп қатулық танытты.
– Сендер стакан соғысып ішкен кісі сияқты болыңдар. Біздің қатын терезенің шілтерінен сығалап бізді бағып тұрады. Тегі бар қатын дедім емес пе және Петровичтің кітаптарын мықтап оқитын осы селодағы жалғыз адам осы қатын. Өзгелері бір шоқып екі қарайтын қарапайым сауысқандар.
– Жә, қой енді, елдің бәрін сауысқанға теңемей!.. – деп Виктор Петрович қалжыңға қалжың қосқан болды. Михеевичті құрметтейтіні айтпай-ақ көрініп тұрған.
Мен медовухадан аузымды толтыра бір ұрттадым. Аздан соң буын-буынымды қуалап рахатты толқын тарап бара жатты. О, медовуха!.. деп ойладым да, Михеевич сыйға тартқан бір литр бөтелкені бауырыма қыса түстім.
Таң енді ғана көтерілгенге ұқсайды. Терезеден жұмсақ күн нұры сезіледі. Сағатыма қарасам, таңғы бес жарым екен. Орнымнан тұрып далаға шықсам, аула ортасындағы бөренеде Виктор Петрович отыр. Мені көріп қуанып қалды.
– Қайырлы таң, Роллан. Овсянка таңы!..
– Қайырлы таң, Виктор Петрович! Ауа керемет екен!.. Аз ұйықтасам да сергіп, тыңайып қалыппын.
– Дұрыс айтасың, бұл жердің ауасы балдай. Мен ылғи осы кезде тұрып, ақырын көше кезіп жүремін. Қартайған соң, ұйқы қашады. Аз ба, көп пе жазу жаздық. Күрестік. Тірестік. Шабыстық. Атыстық. Ойға қалдық. Сергелдеңге түстік. Көрмеген құқайымыз жоқ, – деп барып бөгелді. – Соның бәрінен не таптық?.. Білмеймін?!. Кейде түк түсінбеймін. Он сегіз жасымда, оғы жоқ, штыгі жоқ, жаман винтовканы окоп ішінде құшақтап жатқанда да түк түсінбейтінмін. Неміс сені өлтіремін деп боратып оқ атып жатыр. Ал сен ата алмайсың. Өйткені оғың жоқ. Бірақ наркомның жүз грамм арағы бар. Ал қазіргі билік бізге зейнетақы төлейді. Аз ба, көп пе білмейсің. Өлместің арғы-бергі жағында күн көреміз. Бүгінгі билік туралы ешнәрсе жазбаймын. Жазғым да келмейді. Өздерін тіпті көргім де келмейді. Олардың да бізді көргісі келіп өліп-өшкені шамалы?!. Айтатындары лозунг. Айтатындары соғыс. Қару-жарақ сату. Пайда табу. Мен бәрін де ұғам. Тек әлемнің ел билеушілерін ұқпайтын болдым. Олар да бізді ұқпайтын болар деп ойлаймын. Осы біз отырған Овсянкадан да дүние тынысын танып білу қиын емес, бірақ ел билеушілердің пиғылын танып білгім де келмейді, – деп Виктор Петрович сөзін тоқтатты.
Нені болса да жүрегінен өткізетін қарт жазушы шын қиналып отыр еді. Орнынан тұрып үйге еніп кетті. Мен қоя алмай жүрген темекімді тарттым. Жүрегімді шым-шымдаған шер басып бара жатқан.

Виктор Петрович үйден алып шыққан ескі портфелді бөрененің қасына қисайта қойды.
– Роллан, енді біраз уақытта Мария Семеновна тұрады. Оған дейін екеуміз мына медовуханы көрейік. Енді қайтып кездесе аламыз ба, жоқ па?.. Оны Құдай біледі?!. Сенің маған арнайы келіп, халімді сұрағаныңа мың да бір рақмет. Бұл – көргенді елдің, көргенді азаматы ғана жасайтын үлгі. Орыс сен жасағанды жасай алмайды. Айғайлатпай, ақырын келіп, ақырын кеткенге не жетсін?!. Түк жетпейді. Ертеде Мәскеудің түбіндегі Малеевка шипажайында әкеңмен таныстырғансың. Өте ақылды адам еді. Ол да нағыз солдат-десантник болған. Әкеңнің бір әңгімесі ойымнан кетпейді. Сол туралы жазғым келді, жаза алмадым. Неге екенін әлі де білмеймін. Кенигсбергті немістер бермей жанталасқан кез. Біздің зеңбіректер қаланы жермен жексен қылады. Совет десантниктері де жерге кіріп кете жаздап шалажансар жатып қалған. Шопенгауэрдің тас мүсінінің дәл түбінде жаралы сенің әкең де жатады. Қаладан түк қалмай қирағанда, Шопенгауэрдің тас мүсініне еш зақым келмепті. Кенигсбергті соғыс біткен соң ғана әзер алдық қой. Берлинді алдық. Ал Кенигсбергті ала алмадық. Кенигсберг орыстың емес, немістің жері ғой. Гитлер салдырған жол қандай еді! Әлі тұр! Неміс сапасы деген сол! Ал орыс әлі жол салуды білмейді. Мен осыдан үш-төрт жыл бұрын Кенигсберг-Калининградта болғанда Шопенгауэрдің мүсінінің әлі күнге тұрғанын көрдім. Өмірде адам айтса нанғысыз уақиғаларға тап болып жатасың. Кел, мына медовухадан тағы бір тартып жіберейік.
– Ашқарынға ішкен қалай болады екен?..
– Өте жақсы болады. Бұл балдан жасалған таза арақ, ішек-қарныңды тазалайды да шығады. Қысылма, тартып таста!..
Селоның сиырлары өріске шыққанша біз үш рюмка медовуханы ішіп, портфельді Виктор Петрович үйге кіргізіп те үлгерген.
Өн бойымызда қызу қан жүгіріп қоя берді дейсің. Ойды ой қуалады. Тілекті тілек алмастырды.
– Жаным жадырады!.. – деді Виктор Петрович. – Сен аман бол, Роллан! Әкең ерте қайтыс болды. Сенің жүрегіңе үш ота жасалды, байқап жүр. Сақ бол. Сенің ешкімге керегің жоқ, менің де ешкімге керегім жоқ. Өзіңді өзің бақ. Сөзімді ұғып отырмысың?!. Адал адамдарын халқы қадірлемейді. Мен оны көріп, біліп өскен адаммын. Орыстар «нет пророка в своем отечестве» дейді. Сонан да шамасы келгендер өмірін билік басында өткізуге тырысып бағады. Нашар елде билігің болса да қадірің жоқ, билігің болмаса да қадірің жоқ. Солай, Роллан достым. Шындық осы. Бұл үшін ішіп пе едік?..
– Бәрі үшін де іштік қой, Виктор Петрович.
– Шайға келіңдер, – деп дауыстады Мария Семеновна.
Виктор Петрович орнынан жайлап тұрды. Екі қолын көтеріп терең дем алды. Бөренеге қайта отырды.
– Мені ендігі күні қинайтын екі жайт бар. Мен – жетімдікті көп көрген адаммын. Оқу-білімге де кеш келдім. Сонан да бар күшімді оқуға, білім алуға жұмсадым. Таймадым, тайсалмадым. Қорғанбадым. Білім қол жеткісіз қару екен. Қалғаны еңбек. Қағаз бен қалам. Бірінші жайт, Кеңес кезіндегідей халықтар арасындағы достыққа көлеңке түсірмей өрбіту, өсіру. Ол үшін қоян-қолтық араласуымыз керек. Мен халықтардың бір-бірімен барша көңілімен, жанымен, жүрегімен жақын болуын тілеймін. Біз Екінші дүниежүзілік соғыста бір окопта қан кешкенімізді еш ұмытпауымыз керек. Темекіңнің бір талын берші. Қан қарайып барады… – деді Виктор Петрович.
– Мария Семеновна ұрсып жүрмесін.
– Әйелге қартайып болған күйеуіне ұрысқаннан басқа не қалды?.. Әкел біреуін.
Мен сигарет ұсындым.
– Темекіңнің сыртын алтын жалатқанмен жеңіл екен. Бізге ащысы керек қой, – деп темекі тұтатып үнсіз қалды. – Сенің «Дүние тас талқан болған күн» атты әңгімеңді осыдан біраз жыл бұрын ұлы актер, менің досым Михаил Ульянов екі күн совет радиосында оқыды. Михаил үлкен шебер еді ғой, несін айтасың! Адамгершілігі де биік болатын. Өмірде бір-ақ рет туатын тұлға ғой. Сенің сол, аса шыншыл үлкен әңгімеңнің бір жеріне келіспедім. «Үкімет ядролық сынақтарды тоқтатпаса, мен өлген соң, менің денемді өртеп туған жеріме – ядролық сынақтар өткен жерге күлімді шашуын жақындарымнан сұраймын» депсің. Әңгімең керемет! Сөз жоқ. Күл туралы образ да шымыр, шыншыл берілген. Мен қартайғанымды шын сезе бастадым… – деп бөгелді де тағы темекі сұрап тартты. – Сен мына орыс шалы ақыл айтты деп сөкпе де, ренжіме де. Осыдан екі-үш жыл бұрын сенің «күлімді шашыңдар» деген образыңа менің қарсылығым болмаған. Михаил әңгімеңді оқығанда мен оны «жұтып» қойдым емес пе! Ал бүгін, денемді қайран қара жер тартып тұрғанда басқа ойға ауыстым. Былтырдан бері күнде Библия оқитынды шығарғам, соның да әсері бар ма, білмедім… Бір сөзбен айтқанда, топырақтан жаратылған адам топыраққа оралуы керек. Сенің атаң да, әкең де қара жерге жамбасы тиді ғой… жандары жәннатта болсын!.. Сен енді дүние кезгенді қой, Лондон, Мәскеу, Алматы мен Астананы да таста да, туған Семейіңе ата-бабаңның жеріне қайт. Семейіңде өмір сүр, кітап жаз, ой ойла, енді қанша дұрыс ой ойлай аламыз, а?.. Бір Құдай біледі. Алжаспай, адаспай тұрғаныңда туған жеріңнен тұғырыңды тап. Туған жеріңе жамбасың тисін. Бұл менің ағалық ақылым. Сені жақсы көргеннен айтқаным. Айып етпе…
– Соңғы кезде, сіз айтқан ойға мен де жығылғанмын, Виктор Петрович.
– Онда қойдық. Жүр, Мария Семеновна тосып отыр.
– Петрович… – Мария Семеновнаның дауысы тағы естілді.
– Қазір, қазір барамыз. Тұра тұрсайшы… – деп Виктор Петрович ашу шақыра бастады.
– Ролланды жолдан қалдырасың…
Виктор Петрович үндеген жоқ. Бөренеге қайта отырды. Қайта темекі сұрап тартты.
Ол кісіге менімен қоштасу қиын болып тұрғанын сездім. Өзім де қобалжып отыр едім. Соңғы кездері ауруханаға жиі жатып қалып жүрген Виктор Петровичтің денсаулығы әлсіз тартқаны сыр беріп тұрған. Оны өзі білгенімен сездірмеуге барын салуда. Текті тұлға ғой. Ірілігіне тартып тұр.
– Мен әдебиетте де солдат болдым. Адал ұрыстым. Жанымды аямадым. Үлкен әдеби айқастардан да бас тартқам жоқ. Бірақ жүрек түкпірімде қорғаншақтық болғанына өкінемін. Көп дүние жазылмай қалды. Оны жазу үшін бар дауыспен шындық айту керек еді. Оны айта алмадық. Айтуға болмады. Үкімет айтқызбады. Қатын айтқызбады. Бала-шаға айтқызбады… Өзім де айта алмадым. Өзім де!.. – деп Виктор Петрович тізесін ұрғылады. – Сонан да біздің шығармаларымыз бір аяққа аздап ақсаңдап басады. Бір көзі шала көреді. Уақыт өтіп кетті. Енді оны түзей алмаймыз. Былтырдан бері бір көзі соқырлау, бір аяғы ақсаңдау шығармаларымды ойласам болды, ұйқымнан шошып оянамын. Асылып өлгім келеді. Солдаттық парызымды, жазушылық парызымды, ең бастысы6 адамдық парызымды адал атқара алмадым-ау деп көп қайғырамын. Жанды жеген өкініш осы. Өзімізді де алдадық, өмірімізді де алдадық, ең бастысы халықтан ұят болды-ау деп ойлаймын! Отаннан да! Соғыста бостандық үшін қарумен қарсы шаптық. Ал еркін өмірде қаламмен қарсы шыға алмадық. Осы ойлар ғой менің түбіме жететін. Мен – Бауыржан Момышұлын ерекше ардақтаған совет солдатымын. Жазған кітаптарын да оқыдым. Іші толған шындық. Сүйсінесің. Бауыржан өмірінің соңғы жылдары солдат туралы роман жазамын деді. Мен күттім. Бірақ ішім, ол кісінің солдат туралы роман жазатынына сенбеді. Гвардий полковник Бауыржан Момышұлы нағыз полководец болатын.
Ал солдат туралы солдат қана жаза алады. Полководец жазушыға, солдаттың бағынбағанын ұғу Момышұлына қиын болды-ау, – деп ойлаймын. Жеңілмеген адамның жеңілуі трагедия болады.
Виктор Петрович қасіретті ойларымен орнынан тұрып, үнсіз үйге қарай аяғын ақсаңдай басып бара жатты. Мен соңынан үнсіз ере бердім.
– Роллан, Виктор Петровичтің соңғы он томдық жинағын жинап қойдым.
– Мария Семеновна, сумасшедшая моя! Роллан бүкіл Ресейде менің кітаптарымды тасып жүре ме? Сен оны өзіңе қалай елестетесің, а?!. Өзім почтамен жіберемін. Оны үйтіп қинама. Кітап тасу оңай деймісің?!. Қой оныңды!.. – деп кемпірін иығынан мейірлене құшақтап орындыққа сүйемелдеп отырғызды.
Мария Семеновна орамалымен көзін сүрте берді. Ал мен «Мария Семеновна Виктор Петрович екеуміздің медовуханы сылқылдатқанымызды сезді ме екен» деп ойладым. Ойлағаным сол еді, маңдайымнан бұрқ етіп тер шықты.
Екі қарт адам Овсянка селосының қақ ортасында тұрып, маған қолдарын бұлғады. Орыстың батыр ұлын, ұлы жазушысын қайтып тірі көре алмайтынымды сезіп, менің көзіме жас тіреліп тұрып қалып еді.
О, қайран Виктор Петрович!..
***
Түні бойы ұйықтай алмадым. Түні бойы ұйықтамайтын Алматыға он төртінші қабаттан зер сала қарап тұрмын.
Шыңғыс Айтматов пен Виктор Астафьевтің жанын жеген Көк Аспаннан жететін сұрақтар оларды ұзақ түндерде ұйықтатпай6 ес-ақылдарын да, берекелерін де алып, мазаларын кетіріп болды ғой…
Жазушылық парызды, адамдық парызды адал орындай алдық па деген арналы, асау ойларға тебірене жауап іздеген қос жазушыны мен жиі есіме аламын. Өз өмірлері қыл үстінде тұрған сәтте де, халқының, Отанының алдында адалдық таныта алдық па деп күңіренген үлкен ағаларымды ойласам көзіме жас келеді.
Мың жазушысы бар Қазақстанда, он мың жазушысы бар Ресейде, дәл осы түнде қанша жазушы парыз бен борыш туралы, Отан туралы, Тәуелсіздік туралы, халық туралы, тіл туралы, Жер туралы тебірене ойға беріліп отыр екен?.. Олардан да ұйқы қашты ма? Кім білсін?!. Ондай статистика жоқ, болмақ та емес. Адам жүрегіндегі бұлқыныс сырын, fдам басындағы ой толғанысын кім тани алсын, ешкім де тани алмайды.
Таң енді ғана атып келе жатыр еді. Ресейді ығыртқан қатты суық, қалың қар, ызғарлы боран қазақ даласына бүгін жетті. Алматыда тұңғыш аяз бой көтерген.
Дана Шыңғыс Айтматов ағамыздың 90 жылдық мерейтойына бармай қалу иттік қой. Мен киіне бастадым.
Телефоным безілдеп қоя берді…
– Аға, сіз бе? – деп сұрады кешегі жұмсақ дауыс. – Біз сізді Айтматовтың…
– Келемін, бауырым, келемін…
– Көп рақмет, аға… Өзім күтіп аламын…
Ал Дешті-Қыпшақ даласының төсіне аруақтар енді ғана көтеріліп келе жатыр еді.
«Біз талайды, сұмдықтарды
көргенбіз,
Қаһармандар өніп-өскен
жерденбіз.
Өлген соң да ораламыз аруақ боп,
Соғысамыз шығып келіп
көрден біз».
Мадьярдың ұлы ақыны, ұлтының бақыты үшін жанын берген, орыстың Сібірінде моласыз қалған Шандор Петефидің бұл бір ауыз өлеңі, бүгін халқымызға парыз бен борыштың, Отанға деген махаббаттың, елге деген адалдықтың асыл қасиетін танытар деген арман-ойға беріле түсіп кеткен едім.