«ЖАРЫҚ ДҮНИЕНІ ҮШ-АҚ КҮН КӨРСЕМ»
08.03.2024
145
0

«XIX ғасырдың екі көрнекті тұлғасы – Наполеон мен Хелен Келлер. Наполеон әлемді қарумен жау­лап алуға тырысты, бірақ онысы сәтсіз болды, ал Хелен Келлер әлемді қаламмен жаулап алуға тырысты, ол дегеніне жетті»
Марк ТВЕН 

  Хелен Келлер (1880-1968) Америка Құрама Штаттарының оңтүстігіндегі шағын қалада дүниеге келген. Ол бір жарым жасында скарлатинамен ауырып, соның салдарынан көру және есту қабілетінен айырылады. Бақытына орай, Энн Салливан атты жеке мұғалімі Хеленнің өміріне үлкен өзгеріс жасайды. Әрі соқыр, әрі саңырау қаршадай қызды әлемдегі ең танымал ғұламаға, әйгілі жазушыға айналдырған қарапайым ұстаздың еңбегі өлшеусіз. Хелен Келлер Энн Салливанның өзіне сіңірген еңбегін аса жоғары бағалайды, онысын шығармаларында да келтірген. Болашақ жазушы 16 жасында Гарвард университетіне қарасты қыздарға арналған Кембридж орта мектебіне оқуға түсіп, ағылшын, неміс тілдерін үйренді. Нәтижесінде, латын тілімен, математика, табиғат­тану, әдебиет және тарих жауһарларымен таныс болды. 20 жасында Гарвард университетінің Рэдклифф колледжіне қабылданып, төрт жылдық оқуды үздік аяқтайды. Сол уақыттағы «университет бітірген әлемдегі тұңғыш зағип әрі саңырау адам» атанады. 21 жасында ол мұғалімі Салливанның жетекшілігімен «Менің өмірім» атты дебьюттік романын жазады. Хелен жалпы 14 кітап жазған. «Жарық дүниені үш-ақ күн көрсем» деп аталатын осы автобиографиялық романы әлемнің көптеген тіліне аударылып, мектеп оқулықтарына еніп, «теңдесі жоқ шедевр» деп бағаланады.


«Жарық дүниені үш-ақ күн көрсем» шығармасын оқып отырып, көзің көріп, құлағың естігеніне, тіліңнің сайрап тұрғанына шүкір дейсің. Дейсің де, «мен осы не істеп жүрмін, 21 жасымда не істеп едім» деген ойға батасың…

«ҚАРА ЕЛІКТІҢ МОНОЛОГІ»

1930 жылдары АҚШ индустрияландыруға бет бұрған кезде, ақын Джон Нейхардт Небраскадан шығып, Батыс эпопеясын жинау үшін солтүстікке қарай – Оглала Сиу үнді қорығына барды. Барған бетте, Оглала пайғамбары Қара елікпен (шығармадағы бас кейіпкердің аты) сұхбат құрды. Сұхбат «Қара еліктің монологі» дейтін кітапқа айналған. Автор осы шығармасымен-ақ ғасырдың жалғыз діни классигіне айналды.
Сұхбат стилімен жазылған бұл шығармаға езгіге ұшыраған үндістердің тағдыры арқау болған. «Қара еліктің монологі» кітабында үндістердің халықтық әдет-ғұрыптары мен мәдениеті жан-жақты түсіндіріледі. Үнді мәдениетінің ішкі коннотациялары да талданады. Ал ақнәсілді автордың өзгеше поэтикалық стилі (баяндау тәсілі) бұл шығарманың көркемдік қуатын тіпті де тереңдете түскен. Тарих сахнасында жеңілген тараптың зары ащы келетіні белгілі. Сондай жеңілген тараптың бірі – үнділер. Бұл шығарманы бүгінгі Американың (байыр­ғы тұрғандарының) тарихына байланысты дерек деуге де болады. Шығармадан алдау мен арбауды, қиян-кескі соғысты, әйелдер мен балаларды қыру мен қорлаудың, азаптаудың сан түрін көрген үнді халқының жанайқайы естіледі.
Діни сипаттамалар мен тарихи фактілердің үйлесіміне қарасаң, ойға қонымсыз. Өйткені «Киелі рух», «Қасиетті құбыр» және «Ұлттық сақина» деген тақырыптарының өзі түсініксіз. Алайда нәтижесі барлығына белгілі. Оқиға дами келе біртіндеп айқындала түседі. Үнділердің көрген әділетсіздігін оқыған сайын оларға деген жанашырлық сезім оянады. Қара еліктің сапар барысындағы естеліктері өте аянышты. Балалық шақтың бақытсыздығы мен қорқынышы, болашаққа деген сенімсіздік, есейген кездегі өзін-өзі кінәлау, ақырында біртіндеп бәрін қабылдап, соңында тіпті шіркеудің побына айналу желісі өзегіңді өртейді.
Әрине, бұл оның дәстүрлі діннен бас тартуы деген сөз емес. Біздіңше, «озығын алып, тозығын тастау» дейтін ұлттық сананы жетілдіру жолындағы саяси миссияның бір көрінісі. Тарихты, әрине, жеңімпаздар жазады. Жеңілгендердің дәл осы сияқты кітап бетінде қалғанының өзі – үлкен жеңіс. Бүкіл халықтан бастап, нақты мәселе мен жеке адамдарға дейінгі жеңілістер тарихында қаншама құнды дүниелер, ұлы рухтар біртіндеп ұмытылды… Тарих, дін, фольклормен қатар психологияның да қызықты жақтары бар.
Шынында да, зерттеумен айналысатын психоаналитиктер үшін бұл кітап анықтамалық мәні орасан. Десе де, мұның бәрі – тарихи фактілер.
Посткриптте Қара елік жержүзіндегі алты әулиеге сыйынып, өз ұлтының аман болуын тілейді. Ешқашан гүл ашпаған қасиетті ағаштың қайта бүр жаруын күтеді. Лакота халқы мен ақнәсілділердің дос болуын қалайды. Бүкіл тіршілік иесінің киесі бар екенін айтады. Қара елік адамдар арасындағы қанды қасапты көзбен көрсе де, бәрі болмағандай, бәрін көрмегендей, алты құрлықтың атынан үн қатады. Соңында «әлемде соғыс болмасын, ұрпақ тозбасын» деген қорытынды шығарады.

PS: ELK, яғни латын тіліндегі alces, көне норвег тілінде – elgr, скандинавиялық – elg, немісше еlch деп келетін атаулардың барлығы кәдімгі біздің елікке қатысты. Солтүстік Америкадағы бұланды да осылай атайды екен.

Нұрбек КЕҢЕСБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір