Жан дүниені жаңбырдай тазартқан «Жаңбыр бейне»

28 қаңтарда Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында белгілі жазушы Кәмила Құдабаеваның шығармасының желісімен жазылған «Жаңбыр бейне» қойылымының премьерасы өтті.
Аншлагпен өткен қойылымда қыз баланың жан дүниесі, адамның сан алуан сезімі жаңбырмен астаса отырып ашылған. Спектакльдегі әйел тағдыры, әйел жан дүниесінің табиғатпен үйлесе образдалуы көрермен қауымның көзіне жас келтірді. Әйелдің көз жасынан мөлдір дүние жоқ шығар бұл дүниеде… Басты рөлде ойнаған Ділдәбек Талшынның бейнесі көз алдымызға жазушы, марқұм Кәмила апайдың өзін қайта тірілтіп әкелгендей болды.
Фархат Молдағалидың режиссерлығымен, Ернар Амандықтың музыкалық әрлеуімен сахналанған қойылым көрерменге ерекше әсер етіп, жаңбыр суымен тазартқандай күй сыйлады.