Сокол Демаку: Іштарлық, тәкаппарлық – дүниені қирататын кеселдер
05.06.2024
192
0

Сокол Демаку – албан ақыны, жазушы, аудармашы, публицист, педагог. 1954 жылы Косовоның Дреница қаласында туған. Балқан түбегінде Сербия-НАТО арасындағы соғыс салдарынан 2000 жылы Швецияға қоныс аударған. С. Демаку – ондаған кітаптың авторы. Ол – Швеция Жазушылар лигасының, Швеция Аудармашылар лигасының және Швеция ПЕН-клубының мүшесі. Швецияда албан тілінде журнал шығарады және ана тіліндегі радио-телеарналардың жұмысын жүргізіп отыр.


– Сокол мырза, маған ақын, жазушы және публицист екеніңіз мәлім. Әр бағыт­та қанша кітабыңыз бар?
Сұрағыңызға рахмет. Жасырақ кезімде, негізінен, журналистика саласында жұмыс істедім, яғни Швеция радиосында тәуелсіз журналист болдым. Бірақ уақыт тауып, әдеби шығармашылықпен де айналысуға мүмкіндігім бар еді. Сондықтан бірте-бірте ақындық қабілетім оянып, өлең жаза бастадым. Поэзия саласындағы ізденісім мен еңбегім жеміссіз емес. Әр жылдарда албан тілінде 7, шведше 3 жыр жинағым оқырман қауымға жол тарт­ты. Бірте-бірте прозаға да ден қойып, бірнеше роман жаздым. Ал қазір уақытымның басым бөлігін аудармаға арнаймын. Швед тілінен албан тіліне ересектерге арналған 40 роман тәржімаладым. Сонымен қатар, балаларға арналған 15 кітап аудардым.
– Ұлтыңыз албан екенін білемін. Косовода туғансыз. Бірақ қазір Швецияда тұрасыз. Туған жеріңізді сағынасыз ба? Шығармаларыңызда атамекенге деген сағыныш сарыны бар ма?
– Иә, Косовода туып-өстім. 2000 жылдан бері Швецияда тұрамын, осында жұмыс істеймін. Туған қаламды қат­ты сағынамын. Күн сайын дерлік түсімде кіндік қаным тамған өлкені көремін. Өйткені, онда өмірімнің ең бақыт­ты шақтарын өткердім, санамда тәт­ті естеліктер қалды. Туып-өскен өңірім мен жерлестеріме, атамекенімнің табиғатына, ондағы жұмысшыларға көптеген өлең арнадым. Ал прозада бұл тақырыпта екі роман жаздым. Соның бірі Косоводағы 1998-1999 жылдардағы тәуелсіздік үшін соғыс уақытын бейнелейді. «Қорқынышты орман» деп аталатын романымды шведшеге де тәржімаладым. Швед газет­терінде бұл шығармамды жоғары бағалаған мақалалар жарияланды. Косовода туғаныммен менің ұлтым албан екенін өзіңіз айтып өт­тіңіз. Албанияның ұлт­тық батыры Скандербег туралы да романым бар. Скандербег (шын есімі – Георгий Кастриоти) 38 жасынан бастап өмірден өткенге де­йін, яғни 1443-1468 жылдары ширек ғасыр бойы Осман империясына қарсы көтерілісті басқарып, елін азат еткен. Алайда 1468 жылы ол қайтыс болған соң, Албания қайтадан әлсіреп, ақыры тәуелсіздігінен айрылып тынды. Содан ке­йін елім бостандықты төрт жарым ғасырдан соң бір-ақ алды, яғни прозамда туып-өскен елімнің және ұлтымның тарихын бейнелеймін.
– «Қорқынышты орман» романыңызға тоқталсақ. Мұнда Балқан түбегіндегі соғыс жылдарында өз көзіңізбен көрген сұмдықтарды жазған шығарсыз?
– Бұл туындымның мазмұны бойын­ша, кішкентай Мансұр анасымен және туыстарымен Косоводан Швецияға босқын ретінде келеді. Жаңа елде балақай балабақшаға бара бастайды. Онда әр дүйсенбі күні тәрбиешілер бүлдіршіндерді орманға экскурсияға апаратын. Бірақ Мансұр тоғайға барғысы келмейді, жүрексінеді. Себебі, Австрия мен Венгрия арасындағы орманда шекараны кесіп өтетін мүмкіндікті тосып жүріп, небір үрейлі жайт­тарды басынан өткерген бала орманнан әбден қорқып, жүрегі шайлығып қалған. Романның «Қорқынышты орман» деп аталуы да сондықтан. Бұл шығармамда оқиғалар Мансұрдың шешесі Шаханың аузымен баяндалады. Ол – қарапайым әйел. Билікке талас, геосаясат дегенді ұқпайды. Сербия мен НАТО арасындағы сұрапыл майдан, қантөгіс салдарынан сондай қарапайым тұрғындар зардап шекті, жақындарынан айырылды, туған өлкесінен безді. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» демекші, алпауыт­тардың мүдделер қақтығысынан тұтанған соғыста қорғансыз ел, қалың бұқара сорлады. Косоволық албандар қырылды. Романымда жұртымның көрген қиындықтарын бейнеледім.
– Поэзияңыз жөнінде де сөз қозғасақ. Мен «Жүрек жарасы», «Түн тыныштығы», «Ырыққа көнбес сезім» тәрізді жырларыңызды оқыдым. Бәрі де махаббат туралы. Сонда сіздің музаңыз – өлеңдеріңіздің кейіпкері кім?
– Жүрегіммен сезінген, бастан өткерген жай-күйді ғана жырлаймын. Поэзиям көбіне жұмыс, туған қала, махаббат туралы. Жалпы, жан сырымды бүкпесіз, ашық, еркін түрде өлеңге қосамын. Өйткені оқырмандарыма еркіндік, бостандық құндылықтарын жеткізу арқылы қызмет еткім келеді. Алғашқы жыр жинағымды «Қашқынның кеші» деп атадым. Себебі, өзім – қашқынмын. Соғыс жылдарында туған өлкемнен безіп, жан сақтауға мәжбүр болдым.
– Жоғарыда айт­қанымыздай, ұлтыңыз – албан. Алайда Косовода туып-өскенсіз. Ал қазір Швецияда тұрасыз. Сонда неше тіл білесіз? Шығармаларыңызды қай тілдерде жазасыз?
– Бірнеше тілде сөйлеймін. Албан, швед, ағылшын, болгар, македон, серб, босния тілдеріне жетікпін және аздап түрікше, французша білемін. Туындыларымды албанша және шведше жазамын. Өлеңдерімді өзім білетін ағылшын, болгар, хорват, түрік тілдеріне аударып жүрмін.
– Шығармашылығыңыз жөнінде біраз мағлұмат алдық. Енді өмірбаяныңызды таныстырсаңыз.
– 1954 жылы Косовоның орталығындағы Дреница қаласына қарасты Арбри елдімекенінде дүниеге келдім. Әкем Косоводағы алғашқы заңгерлердің бірі болды, ал анам үй шаруасындағы әйел еді. Туған жерімде бастауыш сыныпты бітірдім. Сол кез­ден бастап өлең жаза бастадым. Косово астанасы Приштинада орта мектепті тәмамдадым. Онда албан тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқыған болатынмын. Ал жоғары білімді Швециядағы Гётеборг университетінде және Бурос университетінде алдым, яғни математика және педагогика салаларының маманымын. 20 жылдан бері матеметикадан сабақ беремін. Сондай-ақ, ұстаздықтан бөлек Швецияда ай сайын «Білім» («Dituria») деген журнал шығарамын, «Білім» радиосын да («Radio Dituria») жүргізіп отырмын. 2013 жылдың маусымынан бері Швецияның Бурос шаһарынан хабар тарататын албан телеарнасын басқарамын. 2012 жылдан бері Швеция Жазушылар лигасының, Швеция Аудармашылар лигасының және Швеция ПЕН-клубының белсенді мүшесімін. Білім алу ешқашан кеш емес деп есептеймін. Сондықтан қазір 70 жаста болсам да, Гётеборг университетінде педагогика бойынша магистратурада оқып жатырмын.
– Ұстаздық етесіз. Магистратурада оқисыз. Журнал шығарасыз. Радио және телеарнадағы жұмысыңызды да қатар алып жүрсіз. Әдеби шығармашылыңыз және бар. Мұның бәріне қалай үлгересіз?
– Маған осы сұрақты көп адам қояды. Мен сабақ беретін мектептің директоры бірде: «Соколдың бір тәулігінде 24 емес, 36 сағат бар», – деген еді әзілдеп. Шынымды айтсам, албан тілі мен мәдениетін, албан дәстүрін сақтап, насихат­тау жолында жұмыс істеуден рахат­танамын. Ал осы істер арқылы халықтар арасындағы достық байланысты бекемдеп жүргенімді ойласам, тіпті мерейім өседі. Жалпы, журнал, радиодағы жұмысымда және түрлі іс-шараларды ұйымдастыруда маған достарым көмектеседі.
– Сүйікті ақын-жазушыла­рыңыз кімдер?
– Бастауыш сыныптарда оқып жүргенде албан балалар әдебиетін оқитынмын. Марк Красники, Реджеп Ходжа, Рифат Кукай тәрізді авторлардың шығармалары қандай керемет әсер сыйлағаны әлі күнге де­йін есімде. Олардың хикаялары қиялыма қанат бітірді. Есейе келе, албан ақыны Дритеро Аголлы, швед новелисі Сара Стридсберг мен үшін үздік қаламгерлерге айналды.
– Ал қазір Швецияның мықты сөз зергерлері деп кімдерді атар едіңіз?
– Менің ойымша, Швеция прозада да, поэзияда да ойы ұшқыр, қаламы жүйрік талант­тарға бай. Солардың бірнешеуін ғана атап өте­йін: Анна Мэт­тссон, Сара Стридсберг, Йонас Хасен Хемири, Сюзанна Алакоски, Моа Хернгрен, т.б.
– Швецияның Жазушылар лигасы, Аудармашылар лигасы және Швеция ПЕН-клубы тәрізді беделді әдеби ұйымдардың мүшесі екеніңізді жоғарыда өзіңіз айтып өт­тіңіз. Бұл бірлестіктер қаламгерлерге қолдау білдіре ме?
– Осындай белді қауымдастықтардың мүшесі болғанымды мақтан тұтамын. Швеция үкіметі жазушыларды сол ұйымдар арқылы жан-жақты қолдап, демейді. Бұлардан бөлек те қаламгерлердің басын қосатын талай мемлекет­тік институт пен академия бар. Олар авторларға грант­тар мен стипендиялар тағайындап, жазған кітаптары үшін ынталандырып отырады. Өзім 60 000 швед кроны (төл валютамызға шаққанда, қазіргі бағаммен 2,5 млн теңге шамасында – А.Ф.) мөлшерінде грант­ты бес рет иелендім. Сондай-ақ, 2020 жылы өзім тұратын өлкеде «Үздік мәдениет қызметкері» танылып, 30 мың швед кроны көлемінде стипендия алдым.
– Соғыстың зардабын өзіңіз де бір кісідей тартқан адамсыз. Қазір өкінішке қарай, әлемнің әр түкпірінде қантөгістер болып жатыр. Мәселен, Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина арасындағы майданды айтуға болады. Соғысты тоқтатуға, әлемде бейбітшілік орнатуға әдебиет­тің құдіреті жете ме, қалай ойлайсыз?
– Дұрыс айтасыз, қазір аталған елдер арасындағы соғыстар күллі ғаламды алаңдатып отыр. Олардың өзара жау­лығы мәнсіз деп ойлаймын. Біз, әрине, тыныштықты сақтау үшін қаламымызбен оң әсер ете аламыз. Бірақ шешім қабылдайтын саясаткерлер мен лидерлер ақын-жазушылардың үніне құлақ аса қояр ма екен? Өз басым Балқан түбегіндегі соғыс аяқтала сала, босқындардың тағдырын бейнелеген шығарма жаздым. Державалардың басшылары біздің бейбітшілік идеяларымызды қолдап, ұлт­тар арасындағы қақтығыстарды тоқтатады деп сенейік.
– Адамзат­тың болашағы жөнінде не ойлайсыз?
– Қызғаныш, іштарлық, тәкаппарлық. Бұл – дүниені қирататын кеселдер. Ал достық, татулық, жанашырлық, адамдық – өткеннің жарасын емдейтін, елдер арасын жарастыратын асыл құндылықтар. Осы екінші аталған қасиет­терді сіңірген топтар көп болса, бәрі жақсы болады деген пікірдемін.
– Газетіміздің оқырмандарына қандай тілек айтасыз?
– Қазақ тілі мен мәдениетін, дәстүрін сақтау, насихат­тау, тарату жолындағы жұмыстарыңызға сәт­тілік тілеймін. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін таныстыра бергейсіздер. Швецияда албан тілінде шығатын «Білім» («Dituria») журналы сіздермен әріптестік орнатуға дайын. Рахмет.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбат­тасқан –
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір