АҚҚАЙНАР КӨҢІЛ-АЙ
14.10.2025
190
0

Туған-туыс, жақын-жұрағаттардың бір-ақ күнде басы қосылып, тұс-тұсқа телефон соғысып, жеделхаттар жолдасып, аяқ астынан ошақ басы абыр-сабыр болды да қалды. Әншейінде «аһлап», «уһлеп», трактормен тартқандай әзер қимылдайтын қарт әкем де құнжың қағып, аяғы-аяғына тимей безектеп жүр.

Әупірімде тұтқиылдан болған мәре-сәренің байы­бына бара алмасам да, бір қуаныштың ұштығын сезіп, бүйрегім бүлк ете қалды.
Сөйтсем, тетелес аға­йым ауылдың ныспысы танымал біреуінің «тотыда­йын таранған, сұңқарда­йын сыланған» сылқымымен «десіп» қойыпты. Қашан да құлақтары түріңкі үлкендер жағы «бәрекелдіге» басып, бір кеште-ақ құйрық-бауыр жесіп те үлгеріпті.
Ендігі абыр-дүбір атаулы жақын арада өткізілетін той-томалақтың жабдықтары маңында екен. Әркімге бекітіліп берілген тапсырмалардың ішінен менің еншіме тигені ауылды жерде құлаққа таныс, көзге жат «Аққайнар» шарабын табу болды.
Тапсырма берілген соң, оны орындау – міндет. Ертеңінде «қарындырақ» «папкамды» қолтығыма қампита қысып, тұтынушылар одағына бас сұқтым.
Қалыпты қабақпен қарсы алған бастыққа газет қызметкері екенімді де ескерте қойдым. Тұтынушылар қоғамының жұмысы жайлы мақтап жазған материалымның газеттің өткен санында жарияланғанын да құлақ-қағыс ете отырып, «айран сұрай кеп, шелегіңді жасырма» дегендей, аздаған бұйымтайымды да суыртпақтадым.
Басекең мақұлдағандай сыңай танытып, «шампан деген діфесіт» деп, хатшы қызға қосып, қарсы есіктегі орынбасарына қарай жетектетіп жіберді.
Бұл шаңырақ астында ісім оңға басқандай болды. Орынбасар орталық азық-түлік дүкенінің меңгерушісіне бұйыра жазып «жолдама» берді. Дүкенге бармас бұрын, жұмыс кабинетіме келіп, үлкен жеңгеме салмақтана телефон соқтым, яғни аққош­қардың мүйізіндей иіріле атылған көбік сусыннан теңіз жасап, көңіл кемелерімен жүздіретінімді желпіне баяндадым.
Аяғымды нығарлай басып, жазу үстелін екі айналғанша болмай, жеңгем де жетіп келді. Қосарлана қолтықтасып, дүкенге тарттық.
Табалдырықтан аттай бергенімізде, желке шашы шолтиған, домалақ бет, сары қыз алдымыздан көлденең шықты. Дүкен меңгерушісін сұрай беріп едік:
– Мен болам, қайтейін деп едіңіздер!? – деп суырдың «айғырынша» шақ ете қалды. Көпшілік көзін ала бере
орынбасардың тілдей қағазын оның бармағының астына қыса қойдым.
Тікенек кірпігін бір жыпылықтатып алды да, ол:
– Осы қағазыңыздың бір бұрышына қойма меңгерушісі ағайдың бармағын бастырта қойыңыз, – деді иненің көзінен өтердей жылпылдатып.
– Бастықтың өзі жіберіп тұрғанда қайтер дейсің, қарындас, – дей беріп едім:
– Жо-жоқ, ол кісі қатал адам, ұрсады, – деп сөзін шорт қайырып, қабағын тырыстырды.
Салып ұрып оған да бардым.
– Мұндай шараптар біткен, қазір жоқ, былайша айтқанда, «діпесіт»… – деді қоймашы ағай қағазға қарар-қарамастан.
– Ағай, бастықтар рұқсат етті ғой.
– Өздері тауып берсін, бар! – деп сүзеген бұқаша күжірейе қалды.
Мысым құрып, бастықтың есігін тағы қақтым.
– Сен барып, дұрыстап түсіндірші. Мінезі сондай қиқарлау адам. Жайын таппаса, жай адамдарды менсіне бермейді, – деп қосып берген тауар сұрыптаушы қызды қолтықтап алып, «қатал» ағайға қайта оралдым.
Қойманың қожасы табалдырықтан аттағаннан-ақ қасы-көзі қиылған қасымдағы бикештің өз аман-саулығын сұраудан бастап, үй-жай, қора-қопсы, мал-жанына де­йін жіпке тізгендей түгендеп шықты. Бұйымтайды сұрауға келгенде бүгежектей берді. «Аққайнардың» жайы құлағына шың ете қалғанда ағайдың жайдары жүзін бұлт торлап, қабағынан күн күркіреп, ауа райы бұзылып сала берді.
– Кәкеңнің келіні босанып, Әбекеңнің Сәбирасы күйеуге кеткелі жатыр. Жаңа айттым ғой жоқ деп. Айтқаным – айтқан.
– Ағай, мына жігіт газет қызметкері еді, ептеп бесеу-алтау болса да…
– Е, болса қайтейін, басқа басшылар бітіп, сия жұтып, қағаз кеміргендер қалып па? Қарай гөр бұларды! – деп қаңтардай қақап, қатулана бастады.
– Ғафу етерсіз, ағай! Біреу­дің арына тиіп қайтесіз? Айтарыңызды маған айтыңыз, – дедім орға түскен еліктің лағындай жаутандап, екі көзі жасаурап, бір-ақ уыс боп бүрісіп қалған қарындасты аяп.
– Қалқам, қыстырылма құйысқанға, бар, қаламың мен кағазынды кемір. Мына үстел мен орындық әзірше менің билігімде, – дей бергеннен-ақ, арғысын тындауға дәтім шыдамай, екі «қаудырлақты» басып алып, есіктен тысқа қарай «Аққайнардың» тығынынша бір-ақ атылдым. Өтіп бара жатып терезеден көз тастап едім, қалыбынан аса тасыған, шайқалған қымырандай әлі көпіршіп жатыр екен.
Күте-күте күнге қақталған жеңгем қарсы жолығып, үмітімнің үзіліп шыққанын өңімнен айтқызбай-ақ аңғарды.
– Енді сен күте тұр, қайным. Мен қазір… – деді де, қолымдағы «рұқсат» қағазды алып, әлгі есікке кіріп, жоқ болды.
Шай шығарым уақыттан кейін сумкасын сықита толтырып қайта оралған ол:
– Шампандық шамасы болмаған қызметің құрысын, мә, көтер мынаны, – деп өгізге жүк артқандай бөтелкелерді арқалата салды.
Соңын бақсам, ақылды жеңгем қоймашы ағайдың үйіндегі жеңгейге «таңдай жібітерге» жиырма сом, балаларға мәмпәсиге он сомды орынбасардың берген тілдей қолхатына орап ұстата қойған екен.

 

 

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір