БОТАМ МЕНІҢ, БҰРЫМЫҢДЫ ҚИМАШЫ

Нұргүл МАУЛИНА
БІЛТЕ ШАМНЫҢ ЖАРЫҒЫ
Әр кеудеде айтпаған ән бар ұлы,
Естелік бар дәмі – бал, арда мұңы.
Еркелік бар жүргізген ханға әмірін
Кеудесінде білтелі шам жарығы!
Жылу тарап, жайдағы салқынды алып,
Көлеңке суреттейтін қалпымды анық.
Қараңғылық жәйменен сейілетін
Шамнан сәуле тарайтын жалқынданып.
Сұлу еді сол шақтың түні, таңы,
Оны қалай жүрегің ұмытады?
Көңіліңді кіреуке мұнарласа
Сол, әлсіз сәуле ғана жылытады.
Қоңыр үй сияқты еді күркесі әннің,
Жанарға тұнған шықты ірке салдым.
Көркеуделер, көңірсіп жүргендер көп
Түспегендер жарығы білте шамның.
Алаңсыз арнасынан тасып күнім,
Алдағы арманына асықты мың.
Сол шамның жарығына қарап ұққам,
Табалдырықтан төрдің қашықтығын.
* * *
Жүрексіз жазу
Бекер-ді…
Түнектен түскен жарық ем,
Жырыма қосқан шекерді
Шашудан теріп алып ем.
Ғұмырым әнмен әуре еді,
Ғұмырды тыңдай қалып ем…
Жырыма түскен сәулені
Көшіріп күннен алып ем.
Түндіктен жұлдыз тамыпты
Күн күткен шуақ талып ең…
Жырыма құйған жарықты
Жанымнан қиып алып ем.
Арманды құшқан кезім-ді,
Жалғанға алау жағып ем.
Жырымда жүрген сезімді,
Жүректен үзіп алып ем.
Еңсемнен баспай көш шемен
Кемсеңдей берме, сезім – гүл.
Қоламта,
Табы өшпеген
Өлең дегенім – өзім бұл!
АМАЛДЫҢ АҢСАРЫ
Жетектеп қыз ғұмырды төсі зерлі,
Көктемнің ілесейін көшіне енді.
Жырдан теріп ризық-несібемді
Көңілдің көк дөнені, көсіл енді!
Ақ боз үй анам тіккен, орның биік,
Төгілтіп шығайыншы торғын киіп.
Қызығып қырмызыға күн қарасын,
Шық тұнған шұғыласын таңның жиып.
Бойыма бұла күш пен толар арын,
Ойына бұл өңірдің ораламын.
Желпитін самал соқса желегімді,
Қайда екен менің қызыл орамалым?!
Сұлудың сұқтандырмас сыры кімді,
Қазағым, қалт жібермен ырымыңды.
Ұзындығы – өлшемі ғұмырымның,
Өрейін желмен тарап бұрымымды!
Жасынды жанардағы жалт ұрлай ма,
Кеудемді көктем гүлі толтырмай ма?!
Қоңырауы көркіме сән қосатын,
Үмітімді үкілер шолпым қайда?!
Сақтасын сұлулықтың түзіп төрін,
Салайын саусағыма тізіп керім.
Тіл-көзден таса жүр деп анам таққан
Қайда екен менің күміс жүзіктерім?!
Қосады салтанаты салтыма сән,
Қасиет жиған бойға халқыма тән.
Ән салсам, әуеніме қосыл, құрбым,
Тербесін арманымды алтыбақан!
ҰРШЫҚ
Көңілің – көмбе,
сақтаған іште шын сырын,
Аяқтай сырлы кетсе де сырың,
тұр сының.
Түсімде көрдім: ұстап тұр екем аялап,
Алақанымда анамның аппақ ұршығын!
Алып ем қолға, жүрегім кетті дүрсілдеп,
«Қалдырып ем ғой,
еңбектің дәмін білсін деп».
Қабағың шыттың:
«Құлыным-ау, сен қалайша
Ұршығымды менің
ұстамай неге жүрсің?» – деп.
«Есімде, ана, құлының қалай білмесін?!
Тіршілік мынау
бұрғызбай мойын жүргесін
Ұмытыппын-ау…».
Ақталған болам өзімше,
Кінәні тағып
пенделік жеңген күнге шын.
Отырушы еді баппенен созып шүйкесін,
Айтасың қандай
білекпен өрген биге сын?!
Ақ марқа жүні айналып аппақ дестеге,
Шебер қолменен
жататын тауып үйлесім.
Күмбірге көміп
қоңыраулы көңіл күймесін,
Ағытушы еді әңгіме-жырдың түймесін.
«Айналайыным, күнім, – деп, –
жарық, алтыным!»,
Алушы ем барлық
мадақтаулардың жүлдесін.
Түсімде көрсем,
сағынышым ғой ол менің!
Ұршықтар бүгін – экспонаты көрменің.
Бейнеңе сенің ұқсас суреттер іздеп ем,
Орамал тартқан
жаулықты кемпір көрмедім.
Көрінбей кетсе, құдіреттің де көзі өлер,
Аналар кеше әспеттеп жүрген әз өнер?..
Оймағың қайда – қызыңа кесте үйретер,
Ұршығың қайда,
жаулығың қайда, әжелер!?
* * *
Дария ғұмыр, сәуледен сәтті құраған,
Жарқ етсе жаным,
сол сәуле нұрға шылаған.
Дүрмекті жиын.
Отыр ем дулы шеңберде:
«Әкеңді жақсы білуші ем», – деді
бір ағам.
Сол қоңыр дауыс өтті де тіліп дүрмекті,
Жүректің алтын төрінде тұрған суретті,
тосты да алға,
биіктеп бара жатты ол…
Әкеңнің көзін көргендер
қандай құрметті!
«Ниетің таза болса егер, құдай қарасар,
Бетегеден биік,
жусаннан, – дейтін, – аласар!».
Аттама деумен ала жібінен ешкімнің,
Дүниеден өтті әулием,
данам – қара шал.
Қалқайып жанда
жүргеннің өзін сес көріп,
Қадірін ұғып, ұрпағы қанша өсті өніп?
Қасаң боп қалған жұдырықтай ет дір етті,
Ойымды кезіп жан әкем жайлы естелік.
Торысын байлар қазығы қалған мекеннің,
Қайран ауылым –
көзіндей қымбат әкемнің!
Шөліркегенде
таңдайыңа татып жүрсін деп,
Сағынышымның
сарқытын құйып әкелдім…
БОТАМ МЕНІҢ, БҰРЫМЫҢДЫ ҚИМАШЫ
Арманымның бейнесіндей аппақ ән,
Сенен сұлу, сенен артық жоқ маған!
Басқаларға қона алмаған ерен бақ –
Мен сендегі қолаң шашпен мақтанам!
Ән жүректі, саз көңілді, күй атты
Арды аялап, биік қойған ұятты,
Ерке шағы еліктірген бойыңды
Бұла күнің – балалығың сияқты!
Ерке еліктің жанарындай жанарың,
Құйттайыңнан кекіліңді тарадым!
Бұрым деген – баға жетпес байлық ол,
Қиям десең, қиналамын, қарағым…
Қолаң шашпен ұят бірге үзілер
(Киелі деп құр айтпайды, қызым, ел)…
Ойларыңның орманындай қалың да,
Өміріңнің жолдарындай ұзын ол!
Жаны мөлдір, қасы қара, қиғашым,
Жаныңа өмір жақсыларды жинасын!
Тағдырыңның жолы сынды бұралған,
Ботам менің, бұрымыңды қимашы!
* * *
Тағдыр-ай, шілдең-міскін,
ақпаның – бек,
Жолың тар, адастырған соқпағың көп.
Қарайсың бүгін күліп шекемнен кеп,
Үмітін бір ақынның таптадым деп.
Өмір-ай, сертің – дүрмек,
дертің – міндет,
Өзеурейсің өзекте өртімді үрлеп.
Қарайсың бүгін сынап үстем көзбен
Мұратын бір ақынның өлтірдім деп.
Жалған-ай, өңің – өкпе, түсің – құрмет,
Төзейін қайсысына ісіңнің көп?!
Қарайсың енді күліп миығыңнан
Арманын бір арудың ұшырдым деп.
Ғұмыр-ай, паңданасың (ұғар кім дөп?)
Биікке бас имейтін шынардың көп.
Сан жылдар сансыраған сенімінің
Күлі менен паршасын шығардым деп.
Аузында жағымпаздың
жақсы әнмін деп,
Кеудесін талайлардың басқанмын деп.
Ақ қардай ақпандағы қылауы жоқ,
Көңіліне бір ақынның дақ салдым деп.
Өлеңім-ай,
Неге бұлай?
ҚЫЗЫМА
Жұмыр бас пенде –
жалғанның мынау қонағы,
Бақ деген, күнім,
бас таңдап кейде қонады.
Дос емес бәрі жаныңда күліп жүргеннің,
Дос деген жанда көп болса біреу болады.
Шын дауыл соқса,
ық болмас асқар тауларың,
Аласа болса тағасың қалай тауға мін?
Жаныма жақын деп
жүргендердің барлығы,
Сүрінгеніңді күтіп жүретін жауларың.
Мәңгі емес өмір,
жалт етіп бір күн өтерін,
Тұзынан гөрі таттырсын
көптеу шекерін!
Айтқым кеп еді, апаның бәрі тілекші,
Ағаның бәрі ақжүрек емес екенін.
Тарқайтын болса көңілде түйін,
жүрмес шер,
Өтетін жылды, өтетін айды, күнді ескер.
Өскеніңе емес, өшкеніңе шын қуанар,
Ағайын деген, тумалас деген күндестер.
Кең-байтақ өлкең,
сезбейсің бірақ кеңдігін,
Сүресің өмір өзіңді алдап кемді күн.
Танымың менен
түйсігің болсын жолбасшың,
Алдамшы бәрі,
өзіңе ғана сен, күнім!
САҒАН ДЕГЕН САҒЫНЫШЫМ…
Жылуына шомылдырып, елжіреп,
Айтары да жүрегімнің сол жыр ед.
Саған деген сағынышым жас болса,
Жанарымда тұрсың ылғи мөлдіреп!
Саздарымен сары көйлекке зер төгіп,
Төзіміме наз айтады еркелік.
Саған деген сағынышым от болса,
Жалынына жүрем ылғи өртеніп!
Жүректегі жырым – өзің, тербеген,
Жаным жүдеп, мұңаямын мен неге?!
Саған деген сағынышым дерт болса,
О, Тәңірім, өтінемін, емдеме!