АЛАШ ИДЕЯСЫ
Әлихан ұмтылған мемлекеттілігімізге қол жетіп, тәуелсіздігімізді алған бүгінгінің күнінде ұлт көсемін лайықты деңгейде бағалай алып жүрген-жүрмегенімізді елеп-екшеп тұрудың еш артығы жоқ. Ұлт көсемі деп халқы қадірлеген тұлға жайлы айтылып жүрген кейбір «әңгімелердің» де жай-жапсарын белгілі алаштанушы Тұрсын ЖҰРТБАЙМЕН болған әңгімеде талдап-таразылай кеткен дұрыс деп шештік…
– Ресей империясының қоластына бодан болып кіруге дейін қазақ халқының ұлттық болмысы қандай болды? Одан былайғы дәуірде, ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының саяси-әлеуметтік жай-күйін Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш азаматтарының еңбектерінен қаншалықты ұғына аламыз?
– Ресей патшасының бодандығына кіргенге дейін қазақ даласында көшпенді демократиялық заң үстемдік еткен еді. Қазақ хандығы Алтынорда сияқты ұлы қағанаттың құлау, күйреу дәуірінің ақырында өмірге келді. Бір кездері дүниені қақыратып тұрған Алтын Орда араға елу жыл салып барып, кеше өзіне бас иген Ресейдің тікелей дәргейіне түсті. Ұлы қағанат жермен-жексен болды. Біріне-бірі көмектесуге мүмкіндігі бола тұра, Ноғай хандығы, Қазан хандығы, Қырым хандығы, Алтын Орда хандары өзара қырқысып, енді күш жинай бастаған Ресейдің әскеріне көмектесіп, өздерін-өздері құртып тынды. Сайын далада Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде Қазақ хандығының құрылуы үлкен тарихи қадам еді. Қазақ хандығы үш жүз жыл бойы іргесін толық бекітіп ала алмады. Шығыста жүрекке қадалған Жоңғар мемлекеті, хандықтың тағдырына үлкен қауіп төндірді. Іштен ұйып үлгермеген хандық сыртқы жаумен күресуге дәрмені жетпеді. Сонау Шығыстағы хандық пен шалғай Батыстағы хандықтың арасындағы қарым-қатынас жоққа жақын еді. Соның кесірінен айналдырған он жылдың ішінде Ертістің орта ағысынан бас көтерген жоңғарлар Еділ-Жайықтан бір-ақ шықты. Қашғардан көтерілген Жоңғарлар Ташкент пен Шымкентті басып алды. Ресейге қосылудың алдындағы жанталас күйіміз осындай еді. Өз еркімізбен бодандыққа мойынсұнғанымыз да жалған әңгіме. Бодандыққа алып тұрып, ант берген үш шартының өзін патшалы Ресей орындаған жоқ. Еліңе, жеріңе тиіспейміз, әскер алмаймыз деген үш шарты бар еді. 1864 жылы қазақ жерінің жаппай патшаның меншігіне өтуі туралы жарлық сол шарттың бұзылғанын көрсетеді. Өз жерінде тұрып қазақтың қоныстайтын өрісі тарылды. 1892 жылы қазақ халқын шоқындыру туралы саясат шықты. 1892 жылы, 1 наурызды мереке деп белгілеп, Ресей патриархы қол қойып, қазақты шоқындырмақшы болған жымысқы саясатын бастайды. Жалпы, халық бір күнді жаппай амандасу күні қылып өткізіп, сол мерекеде қазаққа сыйлық үлестірді. Ол сыйлық тегін үлестірілген жоқ, патша сендерді қамқорлығына алып, қазынасынан ақша бөлді, енді сендер шоқынуларың керек деген заң керек, ол заң орындалу керек, егер орындалмаса қылыштың астына алынуы тиіс деген жарлық бар еді. 1902 жылы жаппай шоқындыру саясаты жүзеге асырылып, Ақмолада он мың адам шоқындырылуға дайындалды, қазақ даласында төрт бірдей собор ашылды.
Міне, тура осы шақта Алаш идеясы пайда болды. Қоянды жәрмеңкесіндегі құзырхат соның толық дәлелі.
1917 жылдың шілде-тамызында Жалпықазақтық І құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. «Алаш» партиясының ұлттық ұстанымы бес түрлі тұжырымға негізделді.
Бірінші: жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейханның ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».
Яғни бұл ұстаным: Жер – Отан, ал
Отанды сатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген, – деген тұжырымға саяды.
Екінші: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейханның айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Яғни бұл – өз жерінің игілігін – әуелі өз елі игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат деген емеуірінді танытады.
Үшінші: Ә.Бөкейханның жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.
Төртінші: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын.
Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.
Алаш идеясы қанат жайған күннен бастап Қазақ автономиясын құру, оны құру арқылы қазақты еркіндікке, тәуелсіздіке апару сияқты үлкен мәселе өзекті бола түсті. Алашорданың түпкі мақсаты – тәуелсіздік, бергі мақсаты – автономия еді. Әлихан Бөкейханның, Мұхамеджан Тынышбаевтың, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтердің сол кездегі автономия туралы ұсыныстары бір мақсатта тоғысты. Олар ұстанған жапондық даму жолының басты жетістігі – тәуелсіздік еді. Осы жол олардың мәңгілік мақсаты еді. Менің ойымша, бұл идея қазір де өте маңызды.
– Әлихан ұлт мүддесі үшін қандай саяси топтармен ымыраласуға мәжбүр болды? Мемлекеттік Думада мүше болған кезінде Әлихан қазақ мәселесін қалай көтерді, ол мәселенің түйінін қалай шешті?
– Саясат, ұлттық мемлекет, тәуелсіздік жолында өзін қайраткермін деп есептейтін немесе бар күшін ұлттың болашағына жұмсаған адам кез келген одақпен байланысуға қақылы және байланысуы тиіс. Тегеранға барғанда Аятолла Хоменидің күнделігіне: «Ғылым үшін, рухани азаттық үшін шайтанмен де тіл табысуға бармын» деп жазғанын оқыдым. Егер дін көсемі Аятолла солай мойындағанда, мемлекет пен мемлекет арасындағы саясаттардың мәмілегерлікке келуі басты шара болса, одан Әлихан неге бас тартуы тиіс?
Әлихан Бөкейханның саяси көзқарасына қатысты, оны «массонға», «шоқыншыға», еуропашылдыққа, «рушылға» теңеп жүрген саяси сауатсыздық пайда болды.
Әлихан – ұлттық саясаткер. Ұлт тәуелсіздігі жолында ықпалы тиетін барлық мүмкіндікті пайдалануға мәжбүр. Ал 1905 жылы ұлттық автономия, патшаны тақтан түсіру, конституциялық демократия орнату, бұратана ұлттарға – нәсіліне, дініне қарамастан азаттық беру, өзінің даму жолын анықтауға ерік беру мәселесін кім көтерді? Кадет партиясы. Ендеше, «бұратана ұлттарға – нәсіліне, дініне қарамастан азаттық беру, өзінің даму жолын анықтауға ерік беруді» мақсат етіп қойған саяси партияның құрамына Әлихан Бөкейхан неге кірмеуі керек? Конституциялық демократия партиясы өзінің күрес жолына: адамға адам – бауыр, дос, бірің – бәрің үшін, бәрің – бірің үшін, нәсілдік, ұлттық, діндік, әлеуметтік теңдік, азаматтық қоғам сияқты тура өзіміз ұрандатып өскен коммунизмнің принциптерін негіз етіп алды. Міне, сол мақсатқа жету үшін Әлихан Бөкейхан Кадет партиясына өтті. Бұл мақсатқа жету жолында бауырлас түркі халықтарының ұлт зиялылары да топтасты.
Соның нәтижесінде Ресей мұсылмандарының Бірінші құрылтайын ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Сол құрылтайда көтерілген жасыл тудың астында 1917 жылы 1-11 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өткен І Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайына Ж.Досмұхамедов, Ғ.Әлібеков, К.Жәленов, Ғұбайдолла және Дәулет ишандар, У.Танашев пен Ш.Бекмұхамедов қатысты. Бұл құрылтай Ресей бодандығындағы мұсылмандарды ғана біріктіріп қойған жоқ, сонымен қатар, тәуелсіз республика туралы мәселе ашық мінбеде көтерілген тұңғыш басқосу болды.
1905-1907 жылдары Ресейдегі басты күштердің бірі – социал-демократтардың күшін пайдаланып, Қоянды жәрмеңкесінде ұзын саны 64 мың адамның қолын қойдырып, құзырхат жаздыру, Мемлекеттік думада қазақ халқының сайлауға, жерін иемденуге, дінін қолдануға, тілін мемлекеттік деңгейге пайдалануға рұқсат беруін мәселе қылып қою, сондай-ақ, Думада қазақ Ресейдің отары емес, қазақтың жерін түгел Ресей заңсыз аннекциялап алды деп айту үшін социал-демократтармен де ымыраласуы керек болды.
Қазақ хандығы ыдырағаннан кейін үш жүзге бөлініп кеткен қазақтың басын қосатын бірден-бір идея Алаш идеясы еді және ол өзінің мақсатына жетті. Бөкейхан және Алаш идеясы, тәуелсіздік деген ұғымдар мәңгілік елдің негізін қалайтын идея деп есептейміз. Оны түркі жұрттары жақсы біледі. 4-5 наурыз күні, Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай, Түркияның Анкара қаласындағы Ғази университетінде ЮНЕСКО деңгейіндегі конференция өтеді. Алла жазса, соған қатысамын. Бір өкініштісі, біздің қандас мемлекеттеріміз сондай ұлы деңгейде атап, көңіл бөліп, Алаш идеясын жаңғыртып отырғанда, біздің үнсіз қалуымыз, ұлттық интеллигенцияның, қазақ қоғамының әлі де қамсыз, қаперсіз жатқанын көрсетеді. Егер осы томаға-тұйықтықтан арыла алмасақ, біз тоқырауға қайтадан түсеміз.
– Алаш азаматтары – қазақ ұлтын азат етуді арман еткен, мұрат тұтқан шоғыр. Алайда, оларға кейде диверсиялық пікір арқылы жала жабу «мінезі» де жоқ емес. Анығын айтқанда, олардың ортасында тұтастық ахуалы болмаған дейді. Егер осындай айыптаулар етек алса, біз сенетін ешкім қалмайды емес пе? Біз бұл құбылысты түсіндіру жағынан нендей шараны қолға алып жатырмыз?
– Бұл қолдан жасалған және Кеңес кезінде пайда болған, тәуелсіздік алғаннан кейін өршіп кеткен жалған пікір. Мен Алаш тарихын, Алаш қайраткерлерінің әрқайсысын жеке зерттедім. Олардың ең қиын кезі – түрмедегі көрсетілімдеріне дейін салыстырып, үш томдық кітап жазып шықтым. Алаш тұлғаларының арасында жеке өшпенділіктері жоқ. А.Байтұрсынұлының: «Рысқұловты жек көрем, ол большевик, Қожановты жақтырмаймын, ол коммунист, Мағжанды мойындамаймын, ол ақын, ал мен ғалым адаммын, ақын деген күйіп-жанып тұрады» деген сөзін, тіпті кейбір тарихшыларымыздың өзі жалаулатып, «Ахаң Рысқұловты неге жек көрді, Қожановты неге ұнатпады, Мағжанды неге жақтырмады» деп жүр. Мұның барлығы жек көру емес, оларды аман сақтап қалудың жолы еді. Байтұрсынұлы: «Мен большевиктер өкіметіне дұшпанмын, сондықтан да большевиктерді жақтырмаймын, Рысқұлов большевик. Ал Қожановпен араласым жоқ, өйткені ол коммунист. Мен коммунистермен араласпаймын. Мағжан ақын ғой, ол өзінің өлеңдерін жазады мен ғылыми еңбектеріммен айналысамын. Сондықтан да Мағжанның жеке басына бәленбай деп айтар пікірім жоқ» дейді. Ахаң осылай жауап беру арқылы, оларды ішкі тергеуге тартудан сақтап отыр. Егер: «Иә, Тұрар Рысқұловты білемін, Қожановты танимын» дейтін болса, Рысқұлов та, Қожанов та түрмеге түсетін еді ғой. Осы сұрақ барлық
алаштық тұтқынға қойылған. Олардың барлығы Рысқұлов пен Қожановты большевик, коммунистің қатарында деп, біркелкі жауап берген, сол арқылы оларды аман сақтап қалуға тырысқан. Екінші, менің бір түсінбейтінім, өте жақсы бір жігіттер Алаштың қателігін табамын, ши шығарамын деп күні-түні мазасызданып жүр. Сол арқылы Алашқа деген Кеңес өкіметінің жазалау саясатын тереңдетіп отыр. Күні бүгінге дейін Әлихан Бөкейханның мерейтойы ЮНЕСКО-ның тізіміне енгеніне қарамастан, Әлкең рухына енжар қарайды, сауатсыз пікірлер айтады.
– Әлихан Бөкейхан аңсаған қазақ тұтастығы, болашағы, саяси келбеті қандай еді? Әлиханның осы жолдағы аңсар-арманын біз орындай алдық па? Бұл сұраққа сол уақыттың тарихи-саяси ахуалын таразылай отырып жауап іздесек, Әлиханның ұлттық тұтастық мәселесінде істеуге талпынып, бірақ сол кездегі жүйе мүмкіндік бермеген бастамалары мен саяси қадамдары қандай еді?
– Тәуелсіздік жариялаған кезде Алаш пен Алашорда үкіметінің үш идеясы тәуелсіздігіміз туралы декларацияда көрсетілуі керек еді. 2001 жылы жерді сату туралы заң шыққаннан кейін Алаш идеясын мемлекеттік құжат деп ешкім санағысы келмеді. Біз өзімізді мәңгілік ел деп жүрміз ғой. Мәңгілік ел – Алаш идеясы. Ол идея кеше де, бүгін де, ертең де өзекті.
– Әңгімеңізге рахмет!
Қ. СІМӘДІЛ.
ҰЯТ-АЙ!
Осы 20 ғасыр басында үкімет мұжыққа дүре салуды жол қылып шығармақ болғанда адам баласынан озған, күн жоғалмаса аты жойылмайтын Лев Николаевич Толстой «Русские ведомости» газетасына хат жазып жария қылды. Сол Толстой жазған хаттың аты «Ұят» еді. Осы хат атын өзге сөзге аударсақ, мағынасы мынау: біз адам емес пе едік? Ұят біздің белгіміз емес пе еді? Осы жалғыз белгіден айрылып, ана төрт аяғына сыйынған аталарымыздың аулына қайтқанымыз ба?
19 ғасырдың аяғында бірнеше адамдарды үкімет асып өлтірмек болғанда орыс философы Владимир Соловьев жұрт жиып сөйледі. Адам баласын асып өлтіру христиан жолынан тысқары деп. Осыны жария қылып айттың деп, үкімет В.Соловьевті Петербургтен айдады. В.Соловьев қылған ісі, ғұмырындағы мінезі, Л.Н.Толстой мен Г.Н.Потанинде ғана бар. Осы Соловьев философия жолында Дарвин, Спенсерге қарсы еді. Бұларға айтатын дәлелі: «Хайуанда ұят жоқ, адам ұятты», – деп. Франция жазушысы Золя «Адам хайуан» деп роман жазды. Адам баласының сөлекет ісін хайуандықпен қылдының мысалы қылып. Міне, көзіміз көрді Балқан соғысын. Мұнда болған істерді хайуандыққа қайтармай ұғынып білу қиын емес пе? Толстой, Потанин, Соловьев бізді қанша жоғары тартса да, біз тырысып шыға қашқан түйедей, төрт аяқтының аулына қашып жатырмыз-ау деймін.
Орысқа газета, журнал шығарып жол ашқан А.Н.Радищев (1749-1802) абақтыға жабылып, он жыл Сібірге айдалған. Осы Радищев замандасы, тағы орысқа газета, журнал шығарып, Еуропа жолын ашқан Н.И.Новиков Шлиссельбург деген абақтысында 15 жыл отырған.
Бауырым Ахмет, Мирякуб! Сен екеуіңнің абақтың Радищев пен Новиков абақтысы.
Орыс жазушысы М.И.Салтыковтың «Түзулік пен шошқа» атты мақаласы бар. «Түзулік! Сен бар дейсің, рас па, мен көрмеген күнді сен қайдан көрдің» деп, шошқа түзулікті балтырдан алған. Сонда түзулік айтқан: «Шошқа, сені құдай жаратқанда жоғары қаратпай жаратқан, сен күнді осы себептен көрмейсің», – депті. Сен екеуің істі күнде көретін жұртқа атқарып тұрсыңдар ғой, балтырды басқаға беріңдер.
18 ғасырда «ақыл патшасы» атанған француз Вольтер еді. Осы Вольтер, замандасы Толстойға неше жол көрсеткен француз Руссо, тағы осы екеуінің замандасы философ Дидро абақтыда жатқан. Осы Дидро қатын патша Екатерина екіншімен хат алысып, патша Дидродан көп ақыл алған. Біздің Россияда абақтыға жатпаған жақсы адам кем. Жазушы Достоевский, Потанин, Короленко, Мельчин, Чернышевский, Морозов абақтыда жатқан. Бәрін жазып болмайды. Салтыков, Герцен, Пушкин, Лермонтов, Тургеновтар айдалған.
Түркияда халықты қатарға қосамын деп сарбаздар абақтыға жабылған, айдалған. Бұрынғы Мадхат пашалар 1883 жылы айдауда жүргенде өлген, осы күнгі Ахмед Риза һәм басқалары да абақтыда жатқан. Шырақтарым, сендерді мінегенде осылармен бір салып мінесе не армандарың бар?
Әлихан БӨКЕЙХАН.