Әдебиеттанудағы отарсыздану идеясы туралы зерттеу
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының кітапханасында көрнекті алаштанушы ғалым, әдебиеттанушы, Назарбаев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісімақованың «Қазіргі әдебиеттану: деколониялық дискурс» және «Библиографиялық көрсеткіш» атты еңбектерінің тұсаукесер рәсімі өтті.

Тұсаукесер ғылыми зерттеуді талдауға, баға беруге, қазіргі әдебиеттанудың өзекті мәселелерін анықтауға арналған ауқымды ғылыми жиынға ұласты. Шараның тізгінін филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Қансейіт Әбдезұлы ұстап, көшелі сөздің жүйесін келістіріп, Айгүл Ісімақова еңбегінің басты ерекшелігін, қазақ әдебиеттану ғылымының болашақтағы теориялық мәселелеріне шырақ түсіретін зерттеу болатынын атап көрсетті.
Алаштанушы ғалым Айгүл Серікқызы өз кітаптары туралы қысқаша түсінік беріп, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Садуақасов, Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, Б.Ысқақұлы, Н.Құлжанова,
С.Сейфуллин, Р.Сыздық, Ш.Сәтбаева, Ә.Асқаров, Т.Әлібек еңбектеріндегі деколониялық дискурстың сипатын, әдебиеттану ғылымындағы отарсыздану мәселесін баяндады.
Алғашқы сөз кезегін генерал-полковник, халық қаһарманы, Алматы облысының, Алматы қаласының құрметті азаматы Сәт Тоқпақбаев бастап, кітап авторына ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ экономика ғылымдарының докторы, академик Рахман Алшанов, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Асқар Жұмаділдаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев, тарих ғылымдарының докторы, академик Ханкелді Әбжанов, филология ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Жақып, философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Салқынбай Айгүл Ісімақова еңбегінің қазіргі әдебиеттану ғылымындағы маңызын бағалап, отарсыздану идеясын зерттеудің болашақтағы өзектілігін атап көрсетті.
Жиында алаш қайраткерлері М.Дулатовтың, Қ.Кемеңгеровтің немерелері сөз алып, жүрекжарды алғысын білдірді.
Ғалымның «Библиографиялық көрсеткішінде» қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған мақалалар жеке бөлім етіп құрастырылған. Бөлімдер
А.Ісімақованың еңбектері, мақалалары, сөйлеген сөздері мен сұхбаттары, ғалымның қатысуымен шыққан басылымдар, ғылыми жетекшілігімен қорғалған докторлық және кандидаттық диссертациялар мен ғалымның өмірі туралы бірнеше айдардан тұрады.
Тұсаукесер рәсіміне ғалымдар, жоғары оқу орындарының студент- жастары қатысты. Айгүл Серікқызының еңбегі лайықты бағаланып, оқырман қауымға жол тартты. Тек айта кетерлік жайт – кітап таралымының аздығы. Елдің рухани мәдениетін дамытуға азық болар мұндай зерттеулерді баспагерлер іздеп, қайта бастырып шығарады деген ниетте болдық.
А.Салқынбай,
филология ғылымдарының докторы,
профессор