СОТТЫҢ ЖҰМБАҚ ШЕШІМІ (Әңгіме)
24.07.2025
1193
0

Басталды! Ойпыр-ай, осылардың-ақ дау-дамайы бітпеді-ау! Бұл не? Түкке түсінсе бұйырмасын және мұның жөн-жосығын ажыратып беріңізші деп кімге өтініш айтпақсың. Былай қарасаң, бүлінген дәнеңе жоқ, бұл отбасы да – осы ауылдағы жүз қаралы шаңырақтың бірі. Тіл ұшын түртіп тұрса да «үлгілі» дегенді бүгіп қалды. Мынадай «керемет спектакльден» соң оны айттың не, айтпадың не?! Одан ешнәрсе өзгермейтінін іші құрғыр сезіп тұр. Егер көрші-қолаңдағы ересек кісілер бұлардың бұл тірліктерінен бейхабар болып, ескі көзқарастарына шаң жуытпай, баяғы көңіл күй ауанымен жүрсе, жүре берсін. Ой, өткенді ойласа көзіне мөлтілдеп жас келеді. Оның шет жағасын саңырау болғыр құлағы талай мәрте естіді ғой: «Елеместей жігіттің сұлтаны қайда?! Шаруасы тап-тұйнақтай, жүріс-тұрысы жіптіктей. Үйі кірсе-шыққысыз, табысты да күреп табады. Жалғыз ұлы оқу озаты…» Соңғы теңеудің өзіне бағышталғанын Қыстаубай жақсы біледі.
Қап, осы «марапатты» одан әрі жетілдіріп, биыл басталған тоғызыншы сыныпты ойдағыдай аяқтап, оныншыға маңдайы жарқырап баратын тұста мынадай кеселге ұрынарын кім білген?! Жасырары жоқ, осындай ұрыс-керістен кейін бе, әлде жаратылыстың мезгілсіз тап болған керемет күшінің әсері ме, әйтеуір өзі қажетсінбесе де аяқ астынан тым есейіп кеткен секілді-тін. Мұның жақсылық жағы шамалы. Ана жолы шетелдік ғалымның адам баласының өсу, толысу, қысқасы, анатомиядағы өзгерісті табиғи заңдылықпен, үйлесімділікпен бастан кешкен пенденің ғана ғұмыры ұзақ болады дегенді бір газеттен оқығаны бар. Осындайларды кезіктірсе құлағының елең ете қалатыны-ай!
Міне, жүйкең темірден жаралса да, ендігі ұйқыны армандауың бекер. Ал бесіктен белі шықпаған баланың түнгі ұйқысын бұзғандарға қандай жаза қолданатынын білесіз бе?! Айыппұл, не түрме. Себебі, қоғамның келешек келбетіне көзбе-көз қиянат жасағандарды арқадан қағатындар сирек. Мәселен өзі жайлы… екі құлағын алақанымен бітеп, ауызүйден шығатын үздік-создық айқай-шуды естімейінші деп, қалың көрпені бүркеніп, бүрісіп жатқан Қыстау­байдың ертең кім боларын кім біліпті. Кешіріңіз, бұл күмәніңізді қабылдай алмайды Қыстаубай. Көрдіңіз бе, есейгендіктің, ержеткендіктің белгісі болмаса мұның жасындағылар болашақ туралы бүйтіп ойлана ма? Бір партада қатар отыратын Жұмаш мұғалімді тыңдамақ түгілі, қыздардың қысқа юбкаларынан көз алмай, әлдекімдерге sms жазғаннан басқа не біледі.
Ауызүйдің есігі солқ етіп, қатты жабылды. Еденге әлдене құлап түсті, қамыс қабырғаның сылағынан басқа не болушы еді. Бұл үйге жөндеу жүргізілмегелі қай заман. Әкесі сыртқа шыққан. Екі бұрышта селтиіп тұрған шешесі мен әйеліне (Қыстаубайдың анасына) кейістік білдіргендей, бәлкім, олардан ұтылмау үшін, кезекті «ұрысқа» дұрыстап дайындалайын, ойымды жинақта­йын деп, шылым шеккісі келген шығар.
– Сендерге бір нәрсе айтудан қалдық, шаршадым. Мен болмасам бір-бірлеріңді түтіп жейтін түрлерің бар. Мені қойшы, ең болмаса жігіт болған Қыстаубайдан ұялсаңдаршы. Ұят жоқ сендерде!
Әжесі – қай кезде де, қандай жағдайда да төреші. Ілгеріде сауын фермасында бригәдір болған, азды-көпті білімі бар, көреген кісі. Мектеп музейінде суреті тұр. Оның жанынан өткен сайын неге екенін қайдам, Қыстаубайдың иығы көтеріліп-көтеріліп кетеді. Тапқырлығында шек жоқ, әне, тағы да ақылдылығының бір ұшын анық аңғартты: «Қыстаубайдан ұялсаңдаршы!» Одан артық не десін. Қыстаубайдан қымсынбайтын әке-шешесін, мейлі, мың жерден дүниеге әкелсе де, қалай ақтап алудың жолын білмейді. Одан әрісі, Қыстаубай да ұрыс-керістің неден туындайтынын аңғаратындай хәлде емес. Түсініксіз тұстары жетіп-артылады. Ара-тұра отбасында болып тұратын кикілжіңді жіпке тізіп қайтеді. Ондайлар кімнің басында жоқ, олар тез ұмытылса ғана пайдалы.
Әкесі – шопыр, ауылдағы, тіпті аудандағы мықты шопырлардың бірі. Ауданға келген жаңа мәшинені алдымен әкесі тізгіндейді. Мынадай жағдайда оның несін созғылайды… Бірақ оқу жылы басталар алдында Қыстаубай әке-шешесінің бірер күнге басшылардан рұқсат алып, аудан орталығына баратындарын өмірі ұмытпайды. Орталықтың аты – орталық. Мектеп формаларына әдейі бейімделген базардағы киімдер көздің жауын алады. Келушілер де ырғын. Қыстаубай үсті-басын күтіп ұстасын, қатарынан кем болмасын деп, жыл сайын базарға әкеліп, басынан аяғына дейін киіндіретін әке-шешесіне алғыстан басқа не айтады. Су жаңа екі пар крассовка, футболка Қыстаубайдың қолқасынсыз-ақ сатып алынады. Базарға қатынай беретін мүмкіндік қайда, шешесі де біршама киімдерін жаңалайды. Әжесіне қолдан тігілген былғары мәсі бұйырады. Әкесі жылтырап жүргенді қаламайды. Түс ауа теңіз жағалауындағы байырғы мейрамханадан тамақтанады. Қалада да шешесінің төркін жұртынан таныс-білістер бар-ды. Жұртты әурелеп қайтеді. Қайтар жолдағы кереметті Қыстаубай әлі күнге дейін бір пендеге тіс жарған емес. Оның қажеті де шамалы. Ол – өзінің пайымдауынша көңілсіздікке түскен сәттен суырып алатын тоғы күшті ғажайып «генератор». Одан басқа теңеу таппады, тапқысы да келмеді. Біраз жүрген соң Қыстаубайды ұйқы мазалайды, әлде маужыраған кісінің кейпіне еніп, әдейі істей ме, о жағы есінде қалмапты. Әке-шешесінің ортасында көзін тастай жұмып, «қалғып кетеді». Әкесінің қолдары күректей-ау, күректей! Міне, сол қол бірде Қыстаубайдың үстінен асып барып, шешесінің мойнын қытықтайды. Шешесінің де жанары жалт-жұлт. Май сіңген, мүйізгек басқан қолды нәп-нәзік алақанымен аймалап, ерніне тигізе ме қайдам, біртіндеп кеуде тұсына түсіре ме, кім білсін. Қыстаубай одан арғысын көре алмайды, көре алмаған себебі, мәшине байқамай жолдың кедір-бұдырына соғылып, амалсыз «көзін ашып» алады. «Байқасаңшы, бізден құтылғалы жүрмісің?!» – деп еш ренішсіз шешесі миығынан күледі. Ой-хой, ондай әдемі күлкіні көрмегелі қаш-а-ан?..
– Мені де түсініңіз, – дейді шешесі, – дауысында әжептәуір діріл бар, – мен де адаммын.
– Сені адам емессің деген біреу бар ма?
Әжесі әу бастағы салмақты қалпынан айнымаған, сол ырғақ, сол мақам.
– Елеместің гаражға мәшинесін қойып, басы бұлғақтап кәйф боп келе жатқанын көргенде, жердің тесігіне кіріп кете жаздаймын. Мен де адаммын.
– Айттың ғой.
– Аузын буған өгіздей, құсалықпен булығып қашанғы жүремін және маған қыр көрсеткендей, басқа жер құрып қалғандай, тура балабақшаның іргесімен жүретінін қарасайшы! Біздің тәрбиешілерді білесіз ғой, әйел десе бәріміз кетеміз, олардың күткендері сол. Өсек өрттей қаулайды. Маған қырын қарайтындардың Құдайлары береді. Ырық-жырық. Бәлкім, сыртымнан саусақтарының арасынан бас бармақтарын шығарар. Менің өстіп жүргенімді көре алмайды. «Анауың бір жерде құлап, ма­йып болар, үйіңе жеткізіп салсаңшы!» – деп жымысқы күлкіні одан әрі үдетеді. Олар жанды жерге біз сұғуға шебер: «осындай кісінің әйелі тәрбиеші боп жұмыс істейді, ә?!» Мені жұмыстан ығыстырғанда орныма жуа еге ме? «Қасына қорықпай қалай жатады екен?» дейтіндері тағы бар. Елемес мұнан артық маған қандай жаулық жасамақшы? Ойында не бар, айтсын. Біреуге көңілі кетіп жүрсе, онысын да айтсын. Осындайда бәрін шешіп алайық. Байсыз әйелдер де өліп жатқан жоқ. Мен де өз күнімді көрермін. Баламды ертіп, төркініме тайып тұру қолдан келеді. Бір емес, екі емес, күн сайын аузы құрғамайды.
– Ішсе өзінің арағы ғой.
Қыстаубайдың тамағына әлдене кептеліп қалғандай, әзер жұтынды. Оның үстіне қалың көрпе кеудесін қыса түсті ме, оны аяғымен серпіп тастады. Үйдің іші қанша суық болса да тістеніп, таң атқанша өстіп жалаңаш жатқысы келді. Одан өлмейді. Азар болса суықтан тамағы ісер. Ертеңінде шешесі түнде түк болмағандай, күрк-күрк жөтелген Қыстаубайды көргенде жұмысына бара жатқан бойда кері бұрылып, мұның дене қызуын өлшеп, сүт пісіріп, айналып-толғанып шала бүлінер; кереует үстінде бүк түсіп жатқан әкесін бүйірден теуіп жібергісі кеп оқталғанымен, енесінің ояу екенін сезген соң, ол райы­нан тез қайтар. «Төрт көзіміз түгел отырып, жалғыз баланы ауыртып…» Мұны ішінен күбірледі ме, дауысын жуандатып, өзгелер де естісін дегендей, қаттырақ айтты ма, о жағы маңызды емес. Маңыздысы, Қыстаубайдың май қосқан ыстық сүттен бір қасық ұрттамай, қасарысып жатқаны! Мұның бәрі ертеңгі тірлік, ал бүгін…
Әжесіне де аздап ренжулі. «Ішсе өзінің арағы ғой». Мұнан артық аузына жөнді сөз түспеді ме? Осы тұрғанда Қыстаубай әжесінің орнында болса бүй дер еді: «Сен немене, Оразгүл, «баламды ертемін де төркініме кетемін-ді» қайдан шығардың? Төркініңді сағынсаң, жүре бер! Сені ұстап тұрған кім бар. Бірақ әлгіңді енді естімейтін болайын. Қыстаубайды ізіңнен ертіп жіберіп, бізді қарауыл қарап отырады дедің бе?! Үйіңнен әкелген балаң жоқ! Мен өлгенше Қыстаубай менімен бірге!..» Әп, бәрекелді! Әжесі өстіп сөйлемесе де, Қыстаубайдың тұлабойы күйіп-жанып, әлдебір тылсымның күшімен әжесінің көкірегінен күмбірлеп шыққан әлгі «сөздер» құлағына айна-қатесіз жетіп жатты және жалғасы да тура маңдайдан ұрғандай: «Сотыңа бересің бе, отыңа бересің бе, кесімді жауап біреу – Қыстаубай менің қасымда қалады!»
«Рақмет, әже! Ойды нұрландырып, әрлендіріп беретін ақындық қабілет біздің бойымызға қайдан бітсін. Десе де ара-тұра еркелеп, сіздің тізеңізге басымды қойып, рақаттана жатушы ем ғой. Сонда ше, сіздің омырауыңыздан бөлінетін тәтті иіс танауымды жарып жіберетіндей тынысымды ашып, өзімді жерде емес, аспанда, ақша бұлттардың арасында жүргендей сезінетінмін. Бұл пікіріме тірі жан түзету енгізе алмайды, ондай тәтті иісті әлі ешкімнен кезіктіре алмағаным айдан анық».
Қыстаубай өзін есейгендердің санатына қосқанымен, ада-күде балалық дәуренмен қоштасу қайтіп қолдан келе қойсын. Ондайда «жаман түс көрдім, әже» деп бойының сырықтай боп өскеніне қарамай, түннің бір уағында әке-шешесі жатқан бөлменің есігін қымтап, төр жақтағы әжесінің қойнына сып беріп кіріп кететіні есіне түскенде, өрікпіген көңілі жер сипайды-ай! Әжесі де ұйықтамай, Қыстаубай қасыма қашан келеді деп, күтіп жатқандай бірден құшағына қыса қояды. Түс туралы тіс жармайды, Қыстаубайдың «тапқырлығын» түсінеді.
Мынадай сойқан түннің азабынан қайтіп құтылмақ? Үшеудің бірі қайта оралмаған соң, жаяу ұрыстың екпіні басылып қалған секілді ме қалай? Кейбірін анық ести алмайды. Әлде әжесі баласы мен келіні арасындағы отбасылық жанжалға қосылғысы келмей, (үлкен кісіге де тыныштық керек) қолын бір сілтеп, бөлмесіне кіріп кетпесе неғылсын. Ау, әкесі қайда? Бір емес, екі-үш тал шылымды қатар шексе де, үйге оралатындай шамасы болды ғой. Әлде енесі мен келіні айтатындарын айтып болсын, ақыры маған түк қалмас деп, жаураса да тыста жүре тұрғанды мақұл көрді ме? Әлде үйдегілер бір жайлы болғанша көршідегі Саламат ағайдың үйіне кірмесе сол-ақ. Саламат ағай – аузына ащы суды татып алмайтын тақуа кісі. Ал әйелінің Қыстаудайдың әкесі дегенде шығарға жаны жоқ. Ішпесе Қыстаубайдың әкесіндей кеңпейіл адам қайда?! «Көрші ақысы – тәңір ақысы», Саламат ағайдың дария жағасынан шабылған шөбі қораға тасылмай жатса, Қыстаубайдың әкесі несіне кісімсиді. Түннің бір уағында шөпті мәшинеге тиеп әкеп, есік алдына үйіп тастайды. Әйелінің бір жерде шаруасы болса да, Қыстаубайдың әкесі қабақ шытпайды. Ақысына көк тиын дәметпейді. Сондай адам есік қағып тұрса, қайтіп кеудесінен кері итермек. Одан арғысын ежіктейтін несі бар, түсінікті ғой.
Түн. Ауыл тыныштық құшағында. Ал қамыс клубтың іргесіндегі көк шатырлы үй мейлі, түн қаншалықты тұмшаласа да көзіне әркез оттай басылады. Шіркін, мынадай көңілсіздікке ұшырамағанда, дәп сол үйдің көше жақ бетіндегі шілтерлі терезені саусақ ұшымен шертпесе де, Ақжарқынның тізесін бүгіп, тостағандай көзін ашып-жұмып, шешесіне шай құ­йып отырғанын көз алдына бір рет елестетсе де дүниесі түгелденер еді ғой. Сол терезеден талай рет үңілген. Үй арасы қашық емес-ті. Не құдіреті барын қайдам, күндізгідей емес, Ақжарқынның томпиған алма беті, қып-қызыл ерні, ұзынша кірпіктері ай сәулесімен одан әрі сұлуланып кетеді-ай! Қыстаубай түн жарымында түзге шыққан болады да, біреу ұстап алатындай жылдамдатып, сол терезеге жетіп барып, үлкен шаруа тындырғандай, басы салбырап кері қайтады. Мектепте де жанына жоламайды, түн ішінде Ақжарқынға қанша қараймын десе де еркі. Қыстаубайдың терезе сыртында телміре қарап тұрғанын Ақжарқын қайдан білсін. Оның үстіне өз үйі. Қабырғадағы айна алдында тұрып, иығына төгілген қолаң шашын олай бір, былай бір лақтырады-ай. Тостағандай көзін ашып-жұмып, риясыз күледі-ай. Әжесінің иісі ме, әлде Ақжарқынның қолаң шашының иісі ме, бір ғажап иіс танауын қытықтағандай, Қыстаубай маужырап ұйқыға кетіп бара жатады.

***

Әкесінің үйге қашан кіргені белгісіз. Көршінің үйінен бірнәрсе ұрттап келді ме деуге дәті бармады. Дауысы тау жығатындай жігерлі. Қыстаубайдың ұйқысын бұзған да осы дауыс-тын.
– … Ұрмай-соқпай несіне жылайсың-ей, а?!
Сірә, шешесі көзіне жас алған болды-ау. Ондайда төбеге бір, еденге екі қарап, мойнына тастай салған түйе жүн шарқатын тістелеп, онсыз құлап кететіндей арқасын қабырғаға тіреп, сазарып, міз бақпай тұрар еді. Міне, сұрақтың көкесі, иә, кінәсіз кісі неге жылайды?
– Жылама, бізді көз жасыңмен қорқытпа! Мұндай әртістігіңе әбден етіміз үйренген.
Әкесінің әрбір сөзі ағашқа қағылған мық шегедей, нық әрі салмақты:
– Егер менің орнымда басқа біреу болса, сені әлдеқашан дарға асып…
Қыстаубай бүйіріне оқыс шаншу қадалғандай, бір аунап түсті де, жастықпен бетін басты. Дарға асылғандарды әлдебір қорқынышты фильмдерден көргені болмаса, ол жайлы түсінігі шамалы-тын. Қара киімді жендет ажал сағатын күтіп, екі тізесі дірілдеп тұрған айыпкердің мойнына қыл арқанды салады да, әкесінің өші қалғандай астындағы аласа үстелді теуіп кеп жібереді. Мұндай сұмдықтың немен аяқталарын білсе де, әлденеден үмітті жұрт қыл арқан керіле түскенде көздерін жұмып, «аһ!» деп запыран құсады. Сол ащы запыранның удай дәмі таңдайына қайдан тап болғанына таңы бар. Екі-үш мәрте тамсанып, әзер жұтынды.
– Сендердікі осы не итыржың?! Іштеріңдегіні түгел ақтарып, бір жағына шықсаңдаршы. Біз де естиік.
Әжесі екі аяғы салбырап, көктен түскен жоқ, отбасындағы кикілжіңнің неден туындайтынын бес саусақтай жақсы біледі, білсе де білмегенсиді. Жүректегі шемен шер түбіне түк қалдырмай ақтарылса ғана тарқатылады. Әжесінің меңзегені сол. Баласы мен келінінің әділдікке жүгінгенін қалайды. Кім кәнілі, кім кінәсіз? Екі аралықтың ара жігін ажыратуға әзір қауқарлы.
– Ау, бір шаңырақ астында түтін түтеткен төрт пендеден нені жасырасыңдар?! Қыстаубайдың мұндайға араласпағаны абзал.
– Апа, мен сіздің өтінішіңізді орындай алмадым. Жігіт басыммен алдыңызда бүйтіп ақталуым да бейшараның тірлігі. Әкем жүрек талмасынан ертерек қайтыс болды. Сіз жалғыз баламен қала бердіңіз. Менің көңіліме қарадыңыз ба, жалғыз баланы бөтен біреудің бетіне қаратып, жаутаңдатпайын дедіңіз бе, тұрмыс құруды да ойламадыңыз. Жұмыс, жұмыс, ертелі-кеш алданышты содан таптыңыз. Анада сізге уәде бергенім есіңізде ме?! Менің жалғыздығымды ұмытасыз, тірі тұрсам оны ұмыттырамын дегем. Бір немереңіз шалғайыңыздан, бір немереңіз жеңіңізден тартқылап, олай-бұлай қарауға да мұршаңызды келтірмейді әлі. Сіз балапандарын ерткен ата қаз секілді екі жағыңызға теңселе басып, жүре бересіз. Қыстаубай дүниеге келген соң, басы сәтті басталды деп, екі алақанымды үсті-үстіне ысқылағам. Әлде асатпай жатып, құлдық демекші, соны айтпауым керек пе еді?.. Енді сізге не дерімді де білмеймін.
– Күдер үзетіндей, дүниеден түңілетіндей не болды?! Құдай берсе әлі-ақ балалы боларсыңдар. Қыстаубайдың іні-қарындастары әлі-ақ өмірге келер. Тағдыр маңдайымызға өңшең жалғызды ғана жазып қоймаған шығар.
– Ай, анашым, анашым-ай, сіздей данышпанды енді қайдан кезіктірмекпін?! Дария пейіліңіз бен дарқан көңіліңіз сол күйі қарап тұр.
– Енді не деп ең?
– Ол үмітіңізді буындырып өлтіруіме тура келіп тұр.
– Тәйт, жаман ырым шығарма!
– Бүгін бәрінің бетін ашып алайық. Мына сұмырай… мына сұмырай арналы каналдың қақпағын жауып, бітеп тастапты.
– Ол немене тағы? Онысы несі, түсінсем бұйырмасын?! Канал, қайдағы канал?!
– Онан басқа не дейін? Мына сүйікті келініңіз, менің рұқсатымсыз бір емес, екі рет аборт жасатыпты. Түсік…
– Астапыралла… мынадай тыныш заманда. Құдайдың қарғысына ұшырайтындай, не бастарыңа күн туды?!
– О жағын мына бейбақ түсіндірсін!
– Сендей алқаштан жарымжан бала туғым келмеді. Естігің келсе, сол!
– Мені ішімдікке итермелеген кім?!
– Онда менің шаруам жоқ! – Шешесі де бетпақ.
Қыстаубай шала-пұла киінді де, астына біреу динамит қойғандай, түн жарымында далаға қарай атып шықты.

***

Қайда, қайда бармақ? Жұдырықтай жүрегінің кеудесін бұзып-жарып, бір жаққа маңып кететіндей, қолды-аяққа тұрмай тыпырлауын! Дүрс-дүрс.
Тауарлы пойыздың ап-ауыр доңғалақтары рельс түйгіштегенде өстуші еді. Өткенде мектептен қайтып келе жатып, жол жиегіндегі сирағы қансыраған бір шұқым торғайдың жарымжан қанатын сүйретіп, алға жылжығанын қызықтаған бір топ жүгірмекті көргенде жетіп барып: «Обал-сауапты түсінбейтін ақымақтар!» – деп бір-екеуін желкеден түйгіштеген. Көзі үрейге толы байғұс торғайдың ұша алмайтынын білген соң, тастап кетуге көңілі қимай, бешпетінің өңіріне тыға салған. Ауа жетпей өліп кетсе, кінәліні алыстан іздеу­дің қажеті шамалы. Мұндай оқиғаның талайы кітаптан кітапқа көшіп жүреді.
Ақжарқынды күтсе де артық болмас еді. Оның үлбіреген нәзіктігіне тең келетін не бар?! Жалғыздан гөрі екеудің қамқорлығы септігін тигізер. Сосын, иә, сосын… Ақжарқын да Қыстаубайдың бетіне тура айтпағанымен, осы бір томаға тұйық бозбаланың адамгершілігін аса жоғары бағалар. Оу, бұл не сандырақ?.. Қойнындағы байғұс торғайдың құйтақандай жүрегі «мұндай бақай есептен аулақ жүр!» дегендей, кеу­десін үсті-үстіне ұрғылағаны. Бір түрлі тұла бойын беймәлім діріл шарпып өтті. Үйіне жеткенше асықты. Ақжарқынның кешіккені де оңды болды. Торғайды қанша өбектесе де келеге келмеді, үй сыртындағы кішкене төбеге әкеп «жерледі».
Сол төбенің үстінде қазір өзі отыр. Төңірек тып-тыныш. Сүйек-саяққа тойып алған төбеттерің де кержалқау, Қыстаубайдың көңіл күйін көтерейік, ең болмаса, жан-жағында тірі мақұлық барын түсінсін деп те, беталды үрмейді. Торғай туралы толғанысты еске түсіргісі келмеді. Өтті-кетті. Одан гөрі Ақжарқынның шілтерлі терезесінен бір қарағаны жан дүниесін сергітер демеу болар еді-ау! Бірақ шамы сөнген терезеден жылылық рай сезілмеді. Ақжарқын батсайы көрпенің астында қос қолын кеудесіне қойып, жұп-жұқа танауымен жеп-жеңіл тыныс алып, тәтті ұйқының рақатына көмілген шығар. Ұйқысы бұзылмаған Ақжарқыннан бақытты адам жоқ, сірә! Ақжарқынды да әурелегісі келмеді, ол жаман ойынан осы жолы мүлде бас тартты. Ерте есейгендіктің азабын бір адамдай тартқан Қыстаубайдан оның себеп-салдарын кім сұрасын. Түк ойламай, қырдың жаңа өскін шөбіне еріншектене тісін батырып, енесіне еркелеп, құлдыраңдап ойнаған жас құлын – балалықтың орнын алмастыратындай не бар?! Ай, Қыстаубай, Қыстаубай… сенің де жамандық атаулыға байқамай, бүйрегіңнің бұрылып кететіні-ай. Ата-анаңа өкпелегеніңді бір қимыл-әрекетіңмен дәлелдегің келді. Бір жақсысы, міне, түн жамылып отырып, ол сұмдықтан үзілді-кесілді бас тарттың. «Өлемін, өмір сүргім келмейді. Оған ешкімді кінәламаймын!» деп мектеп басшыларына хат жазып және оны Ақжарқыннан беріп жібермекші болдың-ау.
О заманда бұ заман, Ақжарқын біреудің хатын ашып қайдан оқысын. Егер жағдай соған кеп тірелгенде (оның беті аулақ) «хатты неге ашып оқымадым, а?» деп өмір бойы өкініш құрсауынан шыға алмас еді… Жә, ол жауыздықтың беті жабылды. Бірақ үй ішіндегі алауыздықты біле тұра, көре тұра, соған бір әрекет жасамағаны үшін, ақылынан алжасқандарды бір тоқтамға келтіру үшін түк істемеген Қыстаубайды біреу арқасынан қаға ма?! Мұның зіңгіттей жігіт болғаны кімге керек? Ақыл қосатын кім бар? Аспандағы жамыраған жұлдыздар жымың-жымың: «Екі аяқтылар, сендерге дауа бар ма, аман-есен жер басып жүргендеріңе тәу етпестен, көздерің алақтап, бір-бірлеріңнің жағаларына жармасудан әлі де шаршайтын түрлерің байқалмайды. Осыдан ұшпаққа шыққандарыңды көрейін!» дегендей, «мырс-мырс күледі».
Түнгі салқын тісін тісіне соғып, дірдек қақтырды. Бешпетінің өңіріне танауын тықты. Бір орында тұрып, жаттығу жасағансыды, кеудесіндегі аз-кем жылуды сақтағаны абзал. Мейлі, бүгін өліп кетсе де үйге бармайды және Қыстаубайды сағынатындар сирек. Есіне әлдене түскендей, одан әрі жүгіруді құп көрмеді. Әркім ойлау жүйесіне өзі қожа және Қыстаубайдыкі өзгеше түсінік, өзгеше ұйғарым. Осы төбеге жарымжан торғайды «жерлегені» кеше ғана. Күрек басындай шұңқыр қазған бойда құйтақандай тіршілік иесін көме салып, кері бұрылуға жігері жетпеді. Табаны топыраққа желімделіп қалғандай, үсті-басын қаққыштап орнынан тұруын тұрғанмен, ілгері қарай бір аттам баса алсашы. Өзімен-өзі не деп тілдескені қазір есінде жоқ, әйтеуір кеудесінен бірнәрсенің армансыз ақтарылғаны анық: «Әр бұтаның басына қонып, шықылықтаған торғайлардан сенің қай жерің кем еді; тасалау тұсқа ұя салып, балапан басуға, ұрпақ өрбітуге сенің де қауқарың жетер еді ғой» деген шығар. Осыған ұқсас жылы-жылы лебіздер. Қыстаубай өзін де кінәсіздер қатарына қосудан аулақ. Жаның ашып, жерден көтеріп алған екенсің, соңына дейін күресіп, аман алып қалуың керек еді… Жә, болған іс болды, ал бүгін тепкілеп, «Торғай төбенің» мазасын алуы қалай? «Торғай төбе» деп атын да өзі қойған. Ең болмаса, өз басынан сабақ алмай ма, кіммен өштеспекші, топырақ астында тыныш жатқан торғайдың түнгі ұйқысын бұзса, Қыстаубайдың кешегі жақсылығының бәрі түкке алғысыз боп, далаға кетер. Қолының жаурағанына қарамай, дымқыл топырақты әрі-бері сипалады. «Торғай төбенің» үстінен де жел қуған қаңбақтар жөңкіліп өтер, шашылып дәндер түсер, көгеріп, көк шалғынға айналар.
Бешпетінің өңіріне тағы да танауын тықты. Өмірі құлыпталмайтын сарайдың ішіне кіріп, таң атқанша жан сақтаса… Жоқ! Сарайға кірсе, беймәлім албастының басып салары белгілі. Сойдиған-сойдиған бөренелер дар ағашынан аумайды. Бір иірім тереңіне шым батырмақшы. Дар ағашы дегенді қайдан шығарды-ей?! Е, әкесінің де айтпайтыны болсайшы! «Менің орнымда басқа біреу болғанда, сені дарға асар еді…» Осы сөзді шешесінің міз бақпай тыңдағанына қайран.
Әлдебір шіріген шөптесінге оң жағымен жантайған. Тау қопарып, тас шаппаса да, бойында әлсіздіктің белгісі бар. Бәлкім, төбесіндегі жұлдызды аспаннан қуат алып, сәлден соң сергек оянар. Шамасы келсе ұйықтамас, ал көзі ілінсе де түн жарымында Қыстаубайды тірі жан іздемес.
***
… Сот процесі жүріп жатыр. Бұл не?! Елес пе, қиял ма, о жағын ажырата алмады. Кәдімгі жолдастық ашық сот. Ауыл тұрғындарының дені осында. Соттың төрайымы – Ақжарқынның шешесі. Ол кісі күні кешеге дейін ауылнай болған, қазір мәслихат меңгерушісі. Жүрген жерінен жер ойылады, паң, кербез. Қыста қолына жеңіл қара қолғап, жазда сеткілі жұқа ақ қолғап киіп жүреді. Сәлем бергендерге ернін жыбырлатады. Анау шілтерлі терезеден арагідік көргені болмаса, Қыстаубай ол кісімен кезікпейді. Шайды да құс жастыққа жантайып, жатып ішеді. Ақжарқын құйып береді. Біреудің уақытын алдым-ау дейтін жанашырлық қайда?! Алдына әкеп берген құманды өзі құйса да болады ғой.
Сот төрайымы екі жағындағы судьялармен бірдеңе деп шолақ тілдесті.
Сот:
– Күнтәртібіндегі мәселе біреу. Осы ауылдың байырғы тұрғыны Елемес Тілеповтың зайыбы Оразгүл Өскенбаева күйеуімен ажырасамын деп, аудандық сотқа арыз беріпті. Аудандық сот мәселе алдымен жолдастық сотта қаралсын деп бізге жіберіпті. Кәні, күн тәртібіне қосып-алар кімде қандай ұсыныс бар? Ұсыныс болмаса, жұмысымызды бастайық.
Зал:
– Арызда айырылысу себебі анық жазылған ба?
Сот:
– Оны қазір айыптаушының өз аузынан естисіздер. Алдымен Елемес…
Зал:
– Жоқ, алдымен арыз иесі сөйлесін.
Сот:
– Ендеше, Оразгүл Өскенбаева ортаға шықсын.
Оразгүл:
– Үйленгенімізге он жеті жыл. Алғашында тату-тәтті өмір сүрдік. Елеместі бәріңіз білесіздер. Соңғы кезде жаман әдет тауып алды. Күн сайын аузы құрғамайды.
Зал:
– Арақ ішпейтін күйеу тапсаң, қайда қалдың?!
Сот:
– Тыныш, сөзді бөлмеңдер.
Оразгүл:
– Әрі-бері қоя ма деп күттім. Одан сайын үдетіп барады.
Сот:
– Арақ ішкенде сізді балағаттап, қол көтермей ме?
Оразгүл:
– Ондайы жоқ, кейде…
Сот:
–Күмілжімей, көкейде не бар, бәрін айтыңыз. Біз жауыңыз емеспіз. Бізге бәрінен отбасының амандығы қымбат.
Оразгүл:
– «Дарға асу керек еді» дейді.
Елемес:
– Өтірік, жала… мысал үшін айтылған долбар.
Сот:
– Тілепов, сізге сөз берілген жоқ. Кезегіңіз келгенде сөйлейсіз… Өскенбаеваға сұрақ қоятындар бар ма?
Зал-1:
– Шындық толық айтылған жоқ. Оразгүл айналайын, сен немене, аспаннан түстің бе? Әйелдеріміз арақ іштің деп күйеулерінен айырыла берсе, бұл ауыл елге күлкі болмай ма?! Ең болмаса, бізді сыйласаң етті?!
Зал-2:
– Оразгүл, ұлы сөзде ұят жоқ, осынша уақытқа дейін неге құрсақ көтермей жүрсің? Жалғыз ұл қайсыларыңа жетеді. Елемес бала таптыра алмайды дегенге сенбеймін! Әлде сырқатпысың?
Оразгүл:
– Мен балабақшада тәрбиешімін ғой…
Зал:
– Білеміз.
Оразгүл:
– Кейбір жарымжан боп туған нәрестелерді көргенде, төбе құйқам шымырлайды. Оның себебін білесіздер. Сондықтан алқаш күйеуден бала туғым келмеді.
Зал:
– Баяғыдан бері не бітіріп жүрсің, ішпейтін біреумен тұрмыс құрмадың ба?
Оразгүл:
– Күттім-күттім. Мұнан әрі шыдайтын жағдайым жоқ.
Зал:
– Елемес арағын қойса, арызыңды қайтып аламысың?
Оразкүл:
– Жоқ, арамыз суып кетті.
Сот:
– Елемес Тілепов сөз сұрап отыр. Берейік.
Елемес:
– Оразгүлдің ертегісінен жалыққан жоқпысыздар?! Бұл әйел ұрыс-керістің неден туындайтындығын жасырып тұр. Мені кінәлағыларыңыз келсе, еріктеріңіз. Анадан жалғызбын. Анам Зибагүл де осында. Өскенбаева – қылмыскер, ақтап алуға келмейтін қылмыскер! Маған айтпай екі мәрте аборт жасатыпты, екі мәрте! Жалғыз ұлдың соңынан еретін үрім-бұтағымның жолы кесілді! Осыны білген соң, естіген соң, арақ ішпегенде қайтем!
Зал:
– Бұл не сұмдық?!
Сот:
– Тыныш. Өскенбаева Тілеповтен алимент талап етеді.
Елемес:
– Бұл барып тұрған әділетсіздік! Әйел айырылысамын деп арыз жазады және алимент талап етеді. Бұл қалай?..
Зал:
– Елемес бауырым-ау, оған тарылмасаңшы, ұлың Қыстаубай қазір он алтыда. Екі жыл алимент төлесең, нең кетеді?! Он сегізге шықсын, бәрінен құтыласың?
Сот:
– Баланың аты Қыстаубай ма, менің қызым Ақжарқынмен бірге оқитын бала ғой шамасы. Тәртіпті, оқу озаты деседі… Сөйлейтіндер бар ма?
Зал-1:
– Бар. Түсік жасатудың зардабын міне, бүгін біз тартып отырмыз. Биыл бірінші сыныпқа тоғыз-ақ бала жазылыпты. Бүйте берсе мектеп жабылады, мектеп жабылса ауыл құриды. «Жайлы мектеп» жайына қалады…
Зал-2:
– Түсік жасатуға көмектескен дәрігерді соттау керек!
Зал-3:
– Құрметті сот, құрметті Аққағаз апай, көзге айтқанның айыбы жоқ. Бұл ауыл кеше қандай еді, бүгін… бүгін тоз-тозы шыққалы тұр! Әйелдеріміз түсік жасатуға көшсе, жетіскен екенбіз! Мұндайды бұрын естіген кім бар? Осының түбі – тәрбие мен ауызбірліктің нашарлығынан. Оған, ең алдымен, ауыл басшысы кінәлі! Жасыңыз келді, сіз шаршадыңыз! Өз еркіңізбен басшылықты жастау біреуге беріңіз! Алдағы сайлауда бәрібір өте алмайсыз.
Зал-4:
– Мына туысқан дұрыс айтып тұр. Ауыл күннен-күнге азып барады. Басшымыз о жағын ойлауға қабілетсіз. Біздің ауылда не көп, түйе көп. Сол байлықты да кәдеге жарата алмай отырмыз. Жүні қандай, шұбаты қандай! Бір-екі техника сатып әкеп, шағын кәсіпорын ашылса, ауыл әлі де гүлденер еді. Сосын…
Сот:
– Регламент сақтаңыз. Көп сөйлеп кеттіңіз, күн тәртібінен ауытқып барасыз.
Зал:
– Сөйлесін, сөйлесін, осындайда сөй­ле­мегенде қайда сөйлейді?! Өзіміз тірлік жасамасақ, бізге ешкім көмектес­пейді.
Сот:
– Қайталау. Тоқетері?
Зал:
– Тоқетері – бізге уақыт көшін ілгері сүйрейтін іскер басшы керек. Негізгі шаруаға көшейін. Клуб салып бер, құдық қазып бер, жол салып бер! Бәрі бос сөз! Одан маңыздысы – мектеп жабылмауға тиіс! Ол үшін не істеу керек? Ол үшін… бала туу жоспары жүз пайыз орындалуға тиіс! Ол қолымыздан келеді. Егер мен ауыл басшысы болсам, қолдағы бар қаражаттың басын құрап, жасы отыз беске келген, бес баланы өмірге әкелген отбасына арнаулы сыйлық берер едім. Күнтәртібіне осы мәселені енгізейік! Отыз бес жас – бес бала! Бұл – үндеу! Бала көбейсе ауыл іргесі сөгілмейді. Бұл бастаманы қолдайсыздар ма?
Зал:
– Қолдаймыз, қолдаймыз! Маладес! Табылған тәсіл! Отыз бес – бес бала! Қатырдың! Өлме!
Сот:
– Бұл не айқай, бұл не шу?! Елеместің тағдыры қайда қалды?
Зал:
– Тілеповтің тағдыры да осының ішінде…
Сот:
– Жолдастық соттың шешімін шығарайық. Жалғыз баланы не істейміз? Өзі – оқу озаты… Оразгүл ханым бала менімен болады деп қасарысып отыр. Заң соның жағында.
Зибагүл кейуана:
–Бала әжесінің қасында қалады! Немесе менің өлігімді аттап кетеді. Келін, а, келін, мұны саған алдын ала ескертіп едім ғой. Үйіңнен әкелген балаң жоқ!
Сот:
– Қалай қарайсыздар, мұны баланың өз еркіне қалдырайық. Соттың шешімі де сол болсын…

***

Қыстаубай әжесінің қасында мамық төсекте жатқандай, ұйқыдан аса бір құлшыныспен оянғандай сезінді. Түсі ме… әлгісі немене, елес пе, қиял ма түгін ажырата алмады. «Осылай болуға тиіс еді ғой» деді ішінен. Езу тартты. Менің мәселем мемлекеттік мәселеге ұласты, әнекей! Бұл – үлкен олжа, жетістік! Бірақ соттың шешімі жұмбақ күйінде қалды. Ешкімді кінәламады. Қызық!.. Бәрін менің мойныма жүктеді. «Қалғаны Қыстаубайдың еншісінде!..»
Ол қазір жау жапырғандай үйіне барады, «орындарыңнан тұрыңдар! – дейді үйдегілерге, – мені екіге бөліп аласыңдар ма?! Ендеше, ұрыс-керісті доғарыңдар! Ауылда бізден басқа да мәселе жетерлік екен… Мені жақтырсын, жақтырмасын Ақжарқынға да айтарым бар… Аққағаз апайдың демалғаны дұрыс. Жасы келді, абыройының барында жастарға орын берсін!»
Шарбаққа кіріп бара жатып, оқыс артына бұрылды. Шілтерлі терезеге тағы бір қарады. Ақжарқынға «мектепке бірге барайықшы» дегісі келді. 

 

 

 

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір