АЛАШТЫҢ АРДАҚТЫСЫ
04.03.2016
1223
0

1379426737Қырағы, қия жазбас, сұңқарым-ай!
Қажымас қашық жолға, тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай!
Ахмет Байтұрсынұлы.

Ақтоғай ауданы – тарихи ескерткіштерге өте бай. Әлихан Бөкейханның бабалары да 1838 жылы Құла ауданы, Қызылшілік деген жерден осы жаққа көшіп келген, содан осы маңда тұрақтаған. Осы ауданда 1866 жылы Әлихан Бөкейхан дүниеге келген. Бұл жерде Әлихан қатарлы Алаш қозғалысының қайраткері, Алашорда үкіметінің вице-министрі, белгілі ғалым Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбай туған. Бұл үшеуі де Алашорданың ұйымдастырушы көсемдері, жетекшілері.

Әлихан Бөкейхан – орта жүз ханы Бөкейдің ұрпағы. Ата-тегі: Бөкей – Батыр – Мырзатай – Нұрмұхамед – Әлихан. Ә.Бөкейхан Қарқаралыдағы молданың қолынан оқып, одан қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды. Интернатта жүргенде Әлихан оқитын мектепке ойда-жоқта генерал-губернатор Колпаковский соғады. Ол балаларды сынамақ оймен: «Омбы мен Қарқаралының арасы 760 шақырым. Осы екі араны өткенше арбаның доңғалағы неше рет айналады», – деген есеп береді. Сонда Әлихан есепті бәрінен бұрын шығарған екен. Сөйтіп, Колпаковскийдің ұсынуымен Әлихан Омбының техникалық училищесіне оқуға түседі. 1890-1894 жылдары С.-Петербордағы Орман шаруашылығы институтының экономика факультетінде оқып жүргенде Әлихан күнделікті сабақтарымен қатар, студент­тердің саяси, әдеби, экономикалық және т.б. үйірмелердің жұмы­сы­на қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады. Әлиханның саяси көзқарасы да осы кезеңде қалыптасқан.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның атқарған ісі, кейінгі ұрпаққа қалдырған аманат-мұрасы Тәуелсіз қазақ еліне қайта оралды. Алаш көсемінің есімін келер ұрпаққа тарихи өнеге етіп қалдыру мақса­тында ел арасында біршама игілікті істер атқарылды. 1992 жылы Ақтоғай елдімекенінің орталығында Алаштың үш арысы – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбайларға ескерткіш орнатылды. Ақтоғай ауылында және Қарағанды қаласында көшелерге, мектептерге аттары  берілді.

Алдағы уақытта ЮНЕСКО көлемінде тойланғалы  отырған мерейтой жыл басынан бастап, білім беру, мәдениет ошақтарында жүйелі өткізіліп келеді. Соның бірі – 5 наурызда, Әлекеңнің туған күнінде «Әлихан деп ат қойған» атты облыстық жастар фору­мы өткізілмекші. Игілікті шаралар жыл аяғына дейін жалғаса беретін болады.

Тәбәрәк Жармағанбетов,
Ақтоғай ауданы
археологиялық-этнографиялық
мұражайының директоры.

 

Қарағанды облысы.

 

ПІКІР ҚОСУ