«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік»

Экспедиция Павлодар облысында
«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90» республикалық экспедициясы Павлодар өңіріне аялдады. Сапар барысында Павлодар облысының әкімімен кездесу өткізіліп, ұлттық мұраның мән-маңызы талқыланды.
Экспедиция мүшелері Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесіне зиярат жасап, кейін ғұламаның музейінде тағылымды басқосу ұйымдастырды. Сондай-ақ Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада оқушылар, студенттер, ұстаздар зиялы қауым өкілдерінің мазмұнды әңгімесін тыңдап, өзара пікір алмасты.
Жиындарда Зейнолла Сәнік еңбектерінің этнографиялық құндылығы мен жас ұрпаққа рухани тәрбие берудегі маңызы кеңінен сөз болды.

Жетісу облысында
Қазақстан Жазушылар одағы мен Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры ұйымдастырған этнографиялық экспедиция 18 – 21 қыркүйек аралығында Жетісу – Үржар – Мақаншы өңірлеріне сапар шегіп, рухани тұрғыдан олжалы оралды.
Жетісу облысындағы сапар барысында ұйымдастырылған кездесулер мен тағылымды шаралар ұлттық мұра мен рухани құндылықтарды дәріптеуге арналды.
Алдымен, экспедиция құрамы Д.Қонаев қаласына барып, қалалық кітапханада жергілікті ақын-жазушылармен, кітапханашылар және зиялы қауым өкілдерімен жүздесті. Жиында қазақ этнографиясын ғылыми тұрғыда зерделеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және жас ұрпақты рухани тәрбиелеу мәселелері талқыланды. Кездесу барысында Зейнолла Сәнік қоры туралы деректі фильм көрсетіліп, қатысушыларға «Қазақ энциклопедиясы» кітабы сыйға тартылды.
Сонымен бірге экспедиция құрамы қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың ескерткішіне тағзым етіп, музейіндегі құнды жәдігерлермен танысты. Сондай-ақ ғалымның жерленген жеріне барып, рухына құран бағыштады.
Сапар Талдықорған қаласында жалғасын тауып, облыстық кітапханада жергілікті ақын-жазушылар, мәдениет өкілдері және университет ұстаздары бас қосты. Әдебиет пен ғылымдағы өзекті тақырыптар таразыланып, ұлттық мұраның болашаққа жету жолдары жөнінде ой-пікірлер ортаға салынды. Бұл жиында да деректі фильм көрсетіліп, «Қазақ энциклопедиясы» кітабы тарту етілді.

Абай облысында
«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90» республикалық экспедициясының сапары Үржар ауданында жалғасын тапты. Аудандық Мәдениет үйінде өткен басқосуда сапар иелері мен мәдениет саласының өкілдері ұлттық мұраның мән-маңызы төңірегінде кеңінен толғады. Экспедиция құрамы Үржардағы Зейнолла Сәнік атындағы көшеге арнайы барып, артына мол мұра қалдырған тұлғаның еімімен аталатын даңғылға, ел жадындағы орынға құрмет білдірді.
Сапардың келесі аялдамасы Мақаншы елді мекені болды. Мұнда ұйымдастырылған кездесулерде өңірдің этнографиялық ерекшеліктері сөз болып, қаламгерлер Зейнолла Сәнік еңбектерінің жас ұрпақ үшін тағылымдық қырын айрықша атап өтті.