БАЛА КӨҢІЛІНІҢ ПЕРНЕСІН БАСҚАН АҚЫН
28.02.2024
795
1

Жамбыл Жабаевтың балаларға арналған өлеңдері

 Қазақтілді тыңдармандар аудиториясына:
Балалар, аманбысың шырақтарым,
Майысып көлге бiткен құрақтарым!
Жүрмесем есендесiп тұра алмаймын,
Iшiнен асып кетсе бiр аптаның, – деп басталатын ән жақсы таныс. Оны көбінесе домбыраның сүйемелдеуімен орындайтын – танымал әншіміз Алма Аманжолова. Сондай-ақ осы ән жекелеген мектеп өнерпаздарының репертуарына да енген. Бұл – Жамбыл Жабаевтың «Балаларға» деп аталатын өлеңі.
Жәкеңнің жас тыңдарманға арналған поэзиялық туындылары жалғыз осы шығармамен шектеліп қалмайды. Өзінің ұзақ ғұмырында балаларға айналып соғып отыру қарт ақынның шығармашылық дәстүріне айналып кетті деуге болады. Ал осы шығармашылық үрдіс қалай басталып еді десек, ақынның балалық шағына көз жүгіртуге тура келеді. Ол ауыл молдасы­ның алдын сегіз жасында көріпті. Жас шәкіртті еріксіз өлең шығаруға мәжбүр еткен – өзін оқытқан молданың жөнсіз қаталдығы, түсініксіз оқумен жас балалардың миын ашытуы. «Шағым», «Әкеме» атты өлеңдері сондай себептермен шығарылған.
Бала келсе сабаққа,
Жем аңдыған дорбадан.
Ақ сәлдесі басында,
Боз інгендей боздаған, –
деген жолдарда сол замандағы білім берудің ащы шындығы көрініс тапқан.
Осы жағдайды жіті аңғарған ақын Оразақын Асқар өз ойын: «Жәкеңнің «Бесік жыры», «Балаларға», «Өсиет», «Шағым», «Әкеме», «Кедей күйі», «Жылқышы» сияқты өлеңдерін қазіргі балалар да жаттап өссе, кешегі қазақ балаларының шынайы өмірін көз алдына елестетіп, бүгінгі көзбен салыстырып, рухани байи түспей ме», – деп түйіндепті.
Жамбылдың патриоттық рухқа толы «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» дастандары өз кезінде жас тыңдарманға әсер етіп, ерлік рухына баулыған. Егер байыптап оқыған жағдайда бұл дастандар бүгінгі таңда да отаншылдық сезімізді қамшылаудан қалмағанын аңғарамыз.Ал Кеңес өкіметі орнағаннан кейін балалар мен жасөспірімдер тақырыбына арнап шығарған өлеңдерінің мазмұны басқаша. Әдебиет зерттеушілері өз уақытында «Өнердің өсуі», «Балаларға», «Шәкірт балаларға», «Атаның әлдиі», «Сәлем саған, комсомол», «Жеңіс жырын жырлаңдар», «Жаңа жыл сәлемі», «Жүз жасаған жүректен», «Ленинградтық өренім», «Балама хат», «Жастық жыры», «Бесік жыры» тағы басқа да көптеген өлеңі көркемдік деңгейінің жоғары болуымен бағалаған болатын.
«Атаның әлдиі» деген өлеңінде ақын:
Ермек болып отырсаң,
Мен бiр әнге салайын.
Көңiлiмдi шат қылсаң,
Көтерiлiп қалайын! – дейді оптимистік рухпен.
Осы екі шумақтың өзінен ақынның жас ұрпаққа деген аталық махаббаты поэзиялық қуатпен бейнеленген. «Шәкірт балаларға» деген өлеңінде Жамбыл жас ұландар үшін:
Сендерді қоссам жырыма,
Саңқылдап үнім сайраған.
Қаздаңдап кәрі саусағым,
Ішекте бойлап ойнаған.
Мектептен сендер келгенше,
Тағы да бір жыл ойланам.
Келген соң айтып бермесем,
Балалар, кінә, қой маған! –
деп төгілте жырлап, ағынан жарылады. Жас тыңдаушыларымен ересек адамдарша сөйлесе алатынын аңғартады. Бұл шумақтардың үлкен шабытпен өмірге келгені және балаларға деген сүйіспеншіліктен туғаны байқалып тұр. «Шәкірт балаларға», «Атаның әлдиі», «Сәлем саған, комсомол» тәрізді жырлары да жас ұрпаққа арналған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбыл рухты, патриоттық жырларды өмірге әкелді. Бұлардың барлығы да поэзия­ның жас оқырманды қанаттандыратын үлгілері еді. Атап айтқанда, «Балама хат», «Жеңіс жырын жырлаңдар», «Жаңа жыл сәлемі», «Жүз жасаған жүректен», «Өнердің өсуі», «Балаларға», «Жастық жыры», «Бесік жыры» сияқты жырлары ел арасына тез тарап жатты.
Ал «Ата жаумен айқастық», «Өлім мен өмір белдесті», «Ленинградтық өренім!», «Москваға», «Аттан, батыр, ұрпағым», «Кеңес гвардеецтеріне», «Кеңес жауынгерлеріне», «Майданға хат», «Сыйлық», «Тырналар қайтты көріңдер», «Отан әмірі», «Алынбас қамал», «Балама хат», «Воронеж батырларына», «Ленин өреніне», «Қамал бұзған қаһарман» деген өлеңдері Отан қорғай білудің әр азаматқа парыз екенін аңғарта білді. Бұл қуатты жырлардың Кеңес жауынгерлеріне рух сыйлағанын зерттеушілер айтып келеді.
«Ленинградтық өренім» деп аталатын атақты өлеңінде ақын:
Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің.
Нева өзенін сүйкімді,
Бұлағымдай көремін… –
деп толғанады. Орысшаға аударылған бұл өлең блокададағы Ленинград көшелерінде ілулі тұрған. Сөйтіп, осынау патриоттық жыры арқылы Жамбыл ақынның даңқы тек қазақ арасында ғана емес, бүкіл одақ оқырмандары арасында да танымал болды.


Ұлы Отан (екінші дүниежүзілік) соғысы басталғанда майданға аттанған Алғадай деген баласы жау оғынан қаза табады. Бұл да – ақын жанын ауыр жаралаған оқиға. «Алғадай туралы», «Сарға­йып атқан таң ба екен», «Алатауды айналсам» өлеңдері осы трагедиялық жағдайға байланысты туған.
Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарыарқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба?..
– деген жолдардан жоқтау сарыны да сезілетіні анық. Ақын қазақтың екінші бір қаһарман ұлы – Төлеген Тоқтаровқа арнап «Төлеген ер» деген өлең шығарған. Бұл да жоқтау сарынында:
Ерлікпен өлген еркін жас,
Арманына жетпеді.
Қайраулы тұрған еді алмас,
Оқыста сынып кеткені, –
деп басталатын өлеңінің қаһармандық рухы жалындап тұрған шағында Отан үшін жанын пида еткен жігіттің ерлігі өте әсерлі суреттелген. Жамбыл өзі танымаса да, ерлігі арқылы халыққа даңқы жеткен Төлегенді өзінің ұлы Алғадайдан кем жоқтамайды. Екеуіне бір деңгейде қарайды. Аталық махаббат пен отансүйгіш ерлердің қаһармандығын паш етеді, жастай жанын қиған боздақтарға деген аяушылық сезімі де басым. Сондықтан да Жамбылдың өлеңдерінің патриоттық сипаты бүгінгі таңда да өзінің биік деңгейінде көріне бермек.
Өткен ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдардағы патриоттық бағытта жазылған, шығарылған өлеңдердің мазмұны жағынан да, формалық ізденіс жағынан да ұқсастықтары болуы заңды. Атақты ақын Жамбыл Жабаевтың «Отанды сүй», «Балама хат», «Төлеген ер» деп аталатын өлеңдері осы патриот­тық сарындағы поэзиялық шығармалардың алдыңғы қатарынан көрінеді.
Ақын ата өзінің әсерлі өлеңдерімен балалар тәрбиесіне айрықша мән беріп, бейнелі сөздерін жыр етіп төгеді. Ер жеткен сайын балалық шақтағы жақсы қасиеттерді шыңдай түсуге, адамгершілік сапаны ардақтай білуге, өз Отанының мақтанышы, азаматы болуға баулиды.
Бір ауыз сөз – Жамбыл өлеңдерінің текстологиясы жайында. Бүгінгі күнге дейін толығымен бір ізге түспей келе жатқан өлеңдері де кездеседі екен. Мәселен, «Күміс кебеже» жинағында «Ұзынағаш, Қаратас, Қалқабайдай қайран жас» деп басталатын өлеңі Жамбыл атамыздың «Кедей күйі» деген өлеңі деп келтіріледі (5-бет). Бірақ осы жинақтың 42-бетінде бұл өлеңнің тақырыбы «Қалқабай» деп қойылған. Сондықтан бір кітаптың өзінде әртүрлі жазылғандықтан да, ақынның кейбір шығармаларын әлі де жетілдіріп, бір жерге салатын уақыт жетті деп білеміз.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, Жамбыл ақынның балалар мен жасөспірімдер қабылдауына лайықты жырлары баршылық. Көріп отырғанымыздай, қарт ақын өмірінің әр жылдарында балалар поэзиясына елеулі үлес қоса білді. Тіпті кейбіреулерінің жаттауға оңай болып келетінін де байқау қиын емес. Осы мақаланы жазу барысында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары 2021 жылы шығарған Ж.Жабаевтың үш томдығына арқа сүйегенімізді атап өткеніміз жөн. Өйткені ол – ғылыми академиялық басылым.

 

Нұрдәулет АҚЫШ,

М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 29.02.2024 | 11:45

Әдебиеті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір