КӨК ТАУЛАРҒА ҚАРАДЫМ САҒЫМ БАСҚАН…
17.01.2024
632
0

Марфуға Айтхожа

КӨК ТАУЛАРҒА ҚАРАДЫМ
САҒЫМ БАСҚАН
Күн көгінде,
Тұрғанда тағында аспан,
Өмір кештім тағдырға бағынбастан.
Көзден кеткен көп жылдар көлегейлеп,
Көк тауларға қарадым сағым басқан…
Самал ескен сарылып, сағым далам,
Күндерім кем өзіңді сағынбаған.
Жатыр қанша егінім орақ тимей,
Жатыр қанша шалғыным шабылмаған.
Соны ойласам келмейді ұйқым менің,
Дүние жалған, сен неткен сиқырлы едің?
Көк таулардан ескен сол
Күзгі ызғырық,
Қалтыратты, сол шығар күрсінгенім.
Өз-өзімнен налимын сенделіп мен,
Соның бәрі болар ма пенделіктен?
Қалың ойға қамалып,
Қапалансам,
Ақ бұлттарды жатасың өңгеріп сен.
Өтті жылдар, жүрекке жара салған,
Аппақ арым, арманмен жарасар жан.
Көк шыңдары күн құшқан тауларда өстім,
Тауларға жат,
Тұғырдан аласарған!
САҒЫНЫШҚА АЙНАЛҒАН
ТАЛҚЫМ МЕНІҢ
Самалынан сусындап «салқын белдің»,
Жайлауы едің кезінде тартымды елдің.
Көздің жауын алатын сұлу көркі,
Сағынышқа айналған,
Талқым менің!
Сөз жетпейтін теңеуге сұлулықтың,
Тұнып жатқан көзінен шырын жұттым.
Ақындықтың тербесең бесігінде,
Қайран, Талқым,
Жастай-ақ сырыңды ұқтым.
Қас батырдай ел жайын өткен ойлап,
Қарағайлы көк шыңдар, көкке бойлап.
Көкіректің көреген көзін ашып,
Сұлулықты аямай төккен аймақ!
Жапа шеккен сұрапыл сағыныштан,
Аққуың ем, қанаты талып ұшқан.
Кіндік қаным тамған жер, сені аңсадым.
Ақын аз ба, өзіңе жаны құштар?
Өңім тұрғай, көремін түсімде мен,
Жанға қаяу болармын түсірмеген.
Туған жерім, алдыңда басымды идім,
Тәкаппар қызың,
Ешкімге кішірмеген.
Көзімді алмай Талқының шыңдарынан,
Жан тербеген ерекше тыңдадым ән.
Арыла алмай келемін сағыныштан,
Өтсем дағы тағдырдың сындарынан.
Көз ала алмай Талқының шыңдарынан,
Самалынан сәуірдің тыңдадым ән.
Алақанда аялап жүрсе де елім,
Беу, Жаратқан,
Неліктен мұң жамылам?..
САҒЫНЫШҚА ҚАЙРАЛҒАН
Біз кеткелі қанша заман Талқыдан,
Күндер кештік тарлық көрген, шалқыған.
Қайда жүрсем шығармайтын есінен,
Айналайын,
Қазағымның халқынан!
Біз кеткелі қанша заман Сайрамнан,
Сайрам аты –
Сағынышқа айналған.
Өткір кездік секілдімін бұл кезде,
Сағынышқа қайралған…
Біз кеткелі қанша заман Іледен,
Түлек едік,
Тәңіртаудан түлеген!
Іле болып толқындайды кеудемде,
Сарқылмайды бұл өлең!
Біз кеткелі қанша заман Құлжадан,
Көк аспаны ақша бұлтын бұлғаған.
Жасыл Құлжа, жатқан жоқ па төрінде,
Ана дейтін Ұлы адам!
Өтсе дағы жарты ғасыр арадан,
Кешегідей, кеткен жоқсыз санадан.
Қауышармыз, сәл-сәл сабыр етсеңіз,
Ақиретте, жан Анам!
САЙРАМКӨЛДІҢ САМАЛЫ
Бұлттан көзін ашып алған кенеттен, 
Нұрлы күнге тұрмын сені теңеп мен.
Талай жылдар кетіп едік хабарсыз,
Толып жатқан себептен…
Жүрсең де алыс сәлем жолдап, елеп сен,
Сәттерің көп мені аспанмен тең еткен,
Сайрамкөлдің самалына қызығам,
Ертелі-кеш сені өпкен!
Арай төгіп тұрған кезде нұрлы күн,
Нұрлы күнде талмай жетті сырлы үнің.
Қандай қиын тел құлындай құрбының 
Көре алмауы бір-бірін?
Күмбірлетіп жетті, міне, алғашқы ән,
Тілектерде шек болар ма жалғасқан.
Тіл-көздерден сау болса екен бұл күнім,
Татулықтың кәусарына қанбас жан.
Кім қаламас шын ұғысып жүргенді,
Мынау дүние, сонша әсем түрге енді.
«Достық жолы» арамызға тартылып,
Жалғап жатыр ажырасқан іргемді. 
Жан-күйімді жасыра алмай жыр жаздым,
Болсыншы деп осы күнге бір белгі… 

Биігінде қаламын

Өмірі өксіп өтетұғын алаңмен,
Жаны жырлы, жаны мұңлы балаң мен.
Жазым өтіп, күз де келді сарғайып,
Күндер кештім,
Күншығысқа қараумен!..
«Бәрі бітті» дей алмаймын осымен,
Бір ақындай өлеңге үлес қосып ем.
Опасыз жан,
Сырт айналып кеткенде,
Жалғыздықты сездірмеген досым ең!
Сүріндірмес сүйенішім сен болып,
Еркін өстім, көк жайлауға кең қонып.
Жабырқасам шарықтадым өзіңмен.
Аспандағы –
Ақ бұлттармен тең болып.
Содан болар, қолдан түспей қаламым,
Сағынышпен Аспантауға қарадым.
Тәкаппар тау тұрды сонша шалқалап,
Бәрібір мен,
Биігінде қаламын!..

Тамыз айы – сұлулық

Басқаға емес, табынамын саған көп,
Ұлылыққа табынбасқа шамам жоқ.
Құмырсқадай тірнектеген күй кешем,
Өзіңменен бір ұқсастық табам деп!..
Көңіліме медет тұтар бір ғана,
Жазылады тебіреністен жыр жаңа.
Дүниеге біз тамыз айда келіппіз,
Жасыл киіп, жасанғанда гүл дала!..
Сол Тамыздың сұлулығын мәңгілік,
Өтсем деген арманым бар ән қылып!
Ару – Тамыз!
Алақанға алғанда,
Сәби үннен дүние тұрған сән құрып!..
Тамыз айы – сұлу, сырлы біз білген,
Ұқсамайды көктемге де, күз күнмен…
Анам мені жаны сұлу болсын деп,
Тұнық Сайрам, толқынына жүздірген!..
Сұлулықтың сәулесіне шомып таң,
Айдын көлге аққудайын қоныпты ән.
Сұлу әнмен сусындатып жанымды,
Тамыздайын сұлулыққа тоғытқан!..
Сұлу шыңдар, сұлу жерде күн кешіп,
Сұлу үнмен тербетіпті гүл-бесік.
Тамыз айы – тамылжыған сұлулық,
Сұлулықпен жатыр жаным үндесіп!..

Жыр жүрек

Ән-жырымен тербеп қазақ даласын,
Тұрған жоқ па, сол далада дара шың!
Жыр үлесің жетсе де жер жүзіне,
Жаза алмапсыз,
Жыр – жүректің жарасын…
Тауып тұрған шың құздармен жарасым,
Мықтылыққа сонша қайран қаласың!
Қазағымның Абайына, мына әлем,
Қызығып та, 
Қызғанып та қарасын!
Қасіретінен тебіренген қара түн,
Қара бұлттан нөсердейін жауатын,
Қарауылдың –
Қоңыр ұлы біздерге,
Қалай ғана талмай жетті қанатың?!
Сезіміне шек келтірмей ғашықтың,
Дүние=жалған нұр құшағын ашып тұр.
Көлдер кешіп, 
Талай таулар, асып щың,
Мен де осынау Мерейтойға асықтым,
Жырдан шашу қалайын деп, шашып бір…

Қасқабұлақ қасында

(Абай рухына)

Байтақ дала көсілді нұрды кешіп,
Ақ бұлттар, көк аспанда жүзді-көшіп,
Қасқабұлақ, қайда деп, тартып кеттік,
Ұлы ақын жатыр ма екен бізді тосып.
Осы өңірде дүниеге Абай келген,
Ұлы Абай!
Бар әлемге қарайды өрден.
Қасқабұлақ басына келдік, міне,
Талай таулар, асыппыз талай белден!
Көптен күткен осылай жаңғырды үміт,
Жаңғырған үндер сырын қалдым ба ұғып?
Қасқабұлақ басына келген кезде,
Кенеттен кетті нөсер жаңбыр құйып!
Қойнауына сыр бүккен ғасырлардың,
Күйзеліп өтті қанша, тасынған күн!..
Құлпытасын құшақтап Ұлы ақынның,
Шахмарданның үні ерек, ашылған күн!
Тебірентіп жасы мен қариясын,
Шырқап кетті, ол
Ұлы Абай ариясын!
Желпіндіріп жел есті бір ерекше,
Есте қалып, күн болды, сағынатын!
Жусан исі бұрқырап кең даланың,
Сұлулыққа соншама таңғаламын!
Поэзия әлемін бағындырған,
Құдіреті өзің, көк аспан,
Кең даланың!..

Көкке атылды каспийдің толқындары

(Айбергенов рухына)

Еске алғанда ақынның толқыр жаны,
Ешкім сенің орныңды толтырмады.
«Төлеген» – деп күрсініп көкірегі,
Көкке атылды,
Каспийдің толқындары.
Жалындаған жігіт ең жаның сері,
Тегін емес, текті ру – Әлім тегі.
Табиғатың талантқа тапшы қылмай,
Көк аспанға көтерді бағың сені.
Жазса біреу, сен жаздың батылды өлең,
Өртендің де, өртедің отыңменен.
От қанатты жырларың жүрсе шалқып,
Өзің жайлы сыр шертіп жатыр белең.
Жыр арнапсың Каспийдің жағасында,
Зулаған жылдарға мұң шағасың ба.
Сырласуға өзіңмен барар едім,
Кездесер бір сәт туса тағы осында.
Жастық күндер тез өтті, оралмайды.
Оны ойласам көкірекке толар қайғы.
Қанша еліктеп өзіңе жазғанымен,
Айбергенов, ол анық бола алмайды.
Қаншама ойлар толғантып жүр бүгінде,
Мән бермеппіз жастық пен нұрлы күнге.
Мен де отырмын мұңдасып өлеңімен,
Сырласпаған ақынмен тірлігінде.
Соны ойласам өзегім өртенеді,
Өткен күндер, өксиді, шер төгеді.
Көрмесе де керемет жыр арнаған,
Қайтер еді ақынның көрсе өзі.
Бара бермес батылы айтуға көп,
Өлең арнап өтіпсің «Марфуға» деп.
Ерғалиев Хамиттей дүл-дүл ақын,
Айтқан жоқ па,
«Марфуға – Нартұлға» деп!
Аруағымды, асырып мақтауымды,
Қаншама ақын жыр арнап ақтарылды.
Уа, дариға, бір сәтке қайтара ма,
Балғын көктем,
Бақытты шақтарымды.
Еске алғанда ақынның толқыр жаны,
Ешкім сенің орныңды толтырмады.
«Төлеген» – деп күрсініп, көкірегі,
Көкке атылды,
Каспийдің толқындары!..

Алтын Ғасыр

(Бауыржан Жақыпқа)

Құтты болып талтүсін,
Аталып жатыр алпысың.
Елеңді еңбек ерекше,
Жасаған Қазақ халқы үшін!
Шыңына шығып Шыңғыстың,
Айлы кешін, күн құштың.
Аспандатты Абайың,
Арқасында жыр – күштің.
Мерейің кетті биіктеп,
Төбең тұрды сүйіп көк.
Өлең үшін құдыретті,
Нөсер болып құйып кет!
Елеп-екшеп жатыр күн,
Ақындардың ақынын.
Жасап кет ақын Бауыржан,
Өлеңнің Алтын Ғасырын!
Бұйықпа сен де ашыл үн,
Сырың жоқ жұрттан жасырын.
Жасап кет, жан бауырым,
Өлеңнің Алтын Ғасырын!

ТАУЛАРЫМ ҚАНДАЙ
АЙБЫНДЫ!

Тауларым, қандай көз тартқан көрікті едің,
Көк сеңгір шыңдарыңды көріп сенің –
Биігіңде өскен соң киік тектес,
Ұялапты көкейге берік сенім!
Тауларым, қандай айбынды, батыл, алып,
Қас батырдай шалқалап жатыр анық.
Тәкаппарлық,
Ұлылық ұштасып тұр,
Құдіретіңді қалайша жасыралық!
Сен тұрғанда қасқайып, көкке бойлап,
Жүре алмаспын ерігіп,
Отпен ойнап…
Ер Бабамды тұрасың еске салып,
Елі менен жер қамын өткен ойлап…

ТАРТЫП КЕТКЕН ТАУЛАРҒА 

Ғасырлардың жүрсек те жастап мұңын,
Кете алмайды ешкім де жасқап бүгін.
Қазақ дейтін қасиетті ел екенбіз,
Тартып кеткен – 
Тауларға асқақтығым!
Тартып кеткен тауларға мықтылығым,
Тәуелсіздік таңы атып,
Шықты күнім.
Қандай халық екенін қазағымның,
Төрт қыбыласы дүниенің ұқты бүгін.
Шапқыншы шақтар жеткенде алаң қылып,
Қалған емес, жауынан Бабам бұғып.
Қазағымды жеткізді арманына,
Тартып кеткен тауларға
Табандылық.
Жылдар зулап, қаншама озғанда ай-күн,
Жұлдыздарға қолымды созғандаймын.
Мен дағы сол таулардың бір бөлшегі,
Оңайлықпен – 
Орнымнан қозғалмаймын!..
ТАУЛАРҒА БИІК
 ҰМТЫЛДЫМ
Өрісті ойың жан-жақты,
Тереңдікті таңдапты.
Телміре қарап тау жаққа,
Құлан иек таң да атты.
Таңдарға жалғап үмітті,
Аңсады жаным тұнықты.
Асау едім тауда өскен,
Асауға салды құрықты…
Бұлқындым қанша, бұлқындым,
Жемтігі болмай құлқынның…
Ақ бұлттар көшкен аймалап,
Тауларға биік ұмтылдым!
КӨК АСПАНДАЙ 
КҮРКІРЕП
Қандай дауа мынау қатал өмірге,
Қаяу салған ойлар қанша көңілге.
Тозады екен
Темір екеш темір де,
Ақын болып жаралғаным тегін бе?
Тегін емес, тартуы бұл тағдырдың,
Қалқасында қалды ауылым сан қырдың.
Еске түссе,
Көк аспандай күркіреп,
Жартас болып жаңғырдым!..
Айтхожадан қалған, өлең, үлес пе,
Ұмытқам жоқ, бәрі-бәрі жүр есте.
Қас қырандай кейде биік түлетсе,
Кейде итжығыс,
Түсіп келем күреске…
Жасырмаймын, егде тартқан басым бар,
Жүрегімнің жыр қақпасын ашыңдар.
Толқын атып, тебіреніп теңіздей,
Дауыл болып,
Буырқансам, басыңдар!..
Артық айтсам кешір елім, Асылдар,
Қалды қанша белес-белес асулар.
Күңгірт тартқан көкірегімді оятып,
Күңірене,
Күй толғайды ғасырлар!..
ЕСІҢДЕ МЕ?
Есіңде ме?
Сен маған ғашық кезің,
Тау суындай толқынды тасып сезім.
Күн шуағын көзіңнен шашыратып,
Көкіректің күрсіндің ашып көзін.
Есіңде ме?
Көз алмай күрсінгенің,
Бейне бір елеске ұқсап құр сүлдерің.
Екеуміз екі жақта өмір кештік,
Жүректің түндер тыңдап дүрсілдерін.
Жылдар өтті,
Қаншама белең-белең,
Хабар күттім самалдан «келем» деген.
Самал да соқпай қойды көп сарылтып,
Бәрін де ұмыттым мен өлеңменен…
Қырда өсіп ең,
Қырандай қырда түлеп,
Тек саған тән бар еді бір қасиет,
Шынайы ғашықтығың арқау болып,
Келемін маңдайымды жырға сүйеп!..
СЕН МЕНІ ҰМЫТТЫҢ БА?
Сен мені ұмыттың ба, ұмыттың ба,
Қиялды жетелейді үміт шыңға.
Арада қанша жылдар өтіп кетті,
Тұндырып жанарымды –
Тұнық мұңға.
Сен мені ұмыттың ба, ойлайсың ба,
Салды екен тағдыр сені қандай сынға?
Тұрасың көз алдымда кешегідей,
Сен оған нанасың ба,
Нанбайсың ба?..
Бұл менің түсім бе, әлде қиялым ба,
Мені сол ынтықтырған
Қыран ұлға!
Қапыда кетсе де өтіп, қайран жастық,
Қоңыр үн,
Қоңыраулайды құлағымда…
Сен мені ұмыттың ба, ұмыттың ба,
Тұндырып жанарымды тұнық мұңға.
Көк таулар қалқалаған сені ойлаймын,
Шыңында Алатаудың жүріп мұнда,
Сен мені ұмыттың ба,
Ұмыттың ба?..
АҚЫН ЖҮРЕК –
КІНӘСІЗ ПЕРІШТЕ ҒОЙ
Ақын жүрек, кінәсіз періште ғой,
Онсыз жерде жатпайды өрістеп ой.
Періштелік көңілден кеткен күні,
Оңға басқан жолыңды теріске қой.
Қанша күдік көңілде жеңбей келем,
Ауыр ойдың азабын теңдей берем.
Жамандықты жүрсе де көзім көріп,
Жамандықтың барына сенбейді өлең.
Алатаудан іңірде соққан самал,
Тәубеме сол келтіріп, тоқтау салар.
Бірге өткерген жастықты, құрбылар-ай,
Көз алдымда жүр әлі кетпей солар.
Жұпар иісін бүркетін жанға жаңа,
Алматыдай шын ару, бар ма қала?
Балауса қыз кешегі, балғын үнді,
Жаны аңсаулы екенін аңғара ма?!.
ЖАСҚАНБАЙМЫН
Қақпасын жыр-жүректің қаққанда ай-күн,
Кеудемде толқып-тулап жатқанда айдын –
Менің кім екенімді елім білер,
Ешкімге кеуде керіп, мақтанбаймын.
Сәтімен болмаса да жылдам жолым,
Мен неден ығысайын тұрғанда өзің.
Бұл сөзім орынсыздау болар еді,
Десем мен босамайды жырдан қолым.
Бәйгенің тобы емес түйдектелер,
Сағынтып сәтті жырлар,
Сирек келер.
Жүгіріп көрген емен жұрттан бұрын,
Жұртына керек адам құрмет көрер.
Мендегі ел біледі бар мен жоқты,
Жырларым, жүдеу кезде дәрменді етті…
Болар деп күзім жайлы үміттенем,
Амал не, албырт жастық,
Арманда өтті…
Кеудемде толқып-тулап жатқанда айдын –
Келмейді тобығымнан батпан қайғым.
Тұрғанда айбарланып, асқақ елім,
Ықпаймын, рухым биік,
Жасқанбаймын!
ҚАЙРАН ӨЛЕҢ
Әлсін-әлсін оралып өзекке мұң,
Кім біледі, тұрғанын кезекте кім?..
Өмір бойы мен сені әлдилеп ем,
Сен де мені өбекте,
Өбекте жыр!
Кешті зорға батырып, таңды атырып,
Бір өкпек жел еседі, жанға суық…
Арғымақтай аяққа тұсау түскен,
Беу, жүрегім,
Өлеңсіз қалма тұрып…
Қым-қуыт тіршілікке байланғасын,
Батып кете барамын ойларға шым.
Мен тұншығып өлсем де тұңғиықта,
Қайран өлең!
Шарқ ұрып, сайрандасын!
ХАСҚЫРАН, АЛАСА ЕМЕС,
ҚҰЛАЙДЫ ӨРДЕН…
Көрген соң тағдырынан тепкіні көп,
Кей адам кетеді екен «көкмиы» боп.
Болар ма көкмиылық көп ойлаудан,
Өшкен соң арман-үміт екпіні жоқ.
Тұрса да жалын шоқтап, екпін үдеп,
Өтті ғой, қайран күндер, өтті жүдеп.
Көкмиы пенделерді көп аяймын,
Бақытты-ау, адам ғана тек мұңы жоқ…
Күйзелем, күбірлеймін, сенделем де,
Ұқсаймын көкмиыға кейде мен де.
Бәріне сәтсіздіктің кінәлідей,
Боламын қарамастай енді өлеңге.
Қан басқа, болмаса да жерім бөтен,
Тағдырым қасіретпен өрулі екен.
Өлеңім, бір өзіңсің жан серігім,
Қайғыны сенсіз қалай жеңілдетем.
Іштегі білмейді жұрт зарым қанша,
Қуаныш болмас зардан арылғанша.
Әйтеуір, бір өзіңді ойлай берем,
Ол анық, қос жанарым жабылғанша…
Мейлі мен қоңыз теріп, қой бағайын,
Жаныма жақын менің ойлы ағайын.
Өлеңді жазса біреу еріккеннен,
Өлең менің тағдырым, ойнамаймын…
Тұрғанда дарындылық Құдай берген,
Сықсыңдап әлдекімдей жылай бермен.
Қанатын көк аспанда қағып-қағып,
Хасқыран, аласа емес, 
Құлайды өрден!..
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір