АРЫСТАРЫМЫЗДЫҢ ЕҢБЕГІН БІЛІМ ЖҮЙЕСІНЕ ЕНГІЗУГЕ КІМ КЕДЕРГІ?
Әлихан Бөкейханның әдебиетке қатысты еңбектері туралы айтылғанда, ең алдымен оның 1906 жылы «Семипалатинские областные ведомости» газетінде жарияланған «Абай (Ибраһим Құнанбаев)» деген орыс тілінде жазылған мақаласын ауызға аламыз. Абайдың өскен ортасы мен шығармашылығымен жақсы таныс Әлихан осы мақаласы арқылы абайтанудың негізін қалаушылардың бірі болды.
Ә.Бөкейханның «Қазақ эпостары туралы», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Қазақ жыры «Қобыландыдағы» әйел бейнесі» (орыс тілінде жазылған), «Ән, өлең һәм оның құралы» атты әдебиетке, оның ішінде фольклорға, өнерге арналған ғылыми-әдеби мақалалары мен бірнеше сын, рецензиялары бар. Әлиханның «Қазақ эпостары туралы» еңбегі туралы ғалым
А.Ісімақова: «Қазақтың қай ғалымының еңбегi ХХ ғасыр басында Оксфорд пен Сорбоннада жарияланды? Тек Әлихан Бөкейханұлының еңбегi ғана аталған әйгiлi ғылым ордасында жарық көрдi. Қазақтың қай ғалымы қазақтың тарихы туралы шет елде еңбек жариялады. Тек Әлихан Бөкейханұлының «Қазақ эпостары туралы» еңбегi мен мағлұматтары Оксфорд пен Сорбоннада жарияланды», – деп жазады.
Бәрімізге белгілі Алаш зиялыларының құжырасы болған «Қазақ» газетіне Әлихан бірнеше сын мақалалар жазды. 1915 жылы № 121 санында «Қыр баласы» атынан «Қазақ» газетінде Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасын мазмұндық, көркемдік тұрғыдан талдап, сын жазған. Сондай-ақ, Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресіне» алғаш сын жазып, аталған еңбекті «…қазақ шежіресінің тұңғышы», «бала оқытқан молланың қолында болатын кітап» деп бағалаған. Бұл сыны «Қыр баласы» деген атпен «Қазақ» газетінің 1913 жылғы № 12 санында жарияланған. Мақала соңында Әлихан «Шәкәрім шежіресіне тағы неше айналып соғармын. «Түрік баласы» жеріме түстің деп тарылмас», – деп жазады. «Түрік баласын» Ә. Бөкейханұлының бүркеншік аты деп жүрген зерттеушілер осы жайтқа мұқият болса дегіміз келеді.
Бүгінгі күнде нүктесі қойылмаған даулы мәселенің бірі – текстология мәселесіне Ә.Бөкейхан ХХ ғасырдың басында-ақ «Қазақ» газеті арқылы ерекше назар аудартады. «Қара қыпшақ Қобыланды» деп аталатын сын мақаласында Ә.Бөкейхан жырдың ішінде толып жүрген қаңғыбас қосымшалардың барын айтып, «Қара қыпшақ Қобыландыны» қайта басқан адам мына беттерді қараса», – деп белгіленген бет сандарын көрсетіп, болашақ зерттеушілерге бағдар береді. Жырдағы:
Сенің атаң Тоқтарбай,
Бұтында жоқ ыстаны.
Алпыс жасар Аналық
Арқан есіп, жүн түтіп
Алшағырдың елінде
Құрт қайнатып жүр екен.
Қарындасын Қарлыға
Пияласы қолында
Дастарқаны қарында
Белдемшесі белінде
Бөтен жаудың елінде
Шай қайнатып жүр екен, –
деген үзіндісін мысал етіп алып, «Тоқтарбайдың кигені тері шалбар, Алшағырдың ішкені қымыз емес пе еді? Жоғарыда жазылған беттерде осындай ескі заман салтын жаңа заманға аударған сөздер толып жатыр», – деп кейінгі жырларға алаңдаушылық білдіріпті.
Әлихан Бөкейханның тарихи, саяси, экономикалық, әдеби еңбектері туралы аз жазылмады. Ендігі бірінші кезекте қолға алынатын мәселе – Әлихан еңбектерінің білім жүйесіне енгізілуі. Ғалымның тарих пен экономикаға, әдебиет пен журналистикаға, құқық пен географияға қатысты еңбектерінен үзінділер іріктеліп алынып, мектеп бағдарламаларына енгізілсе. Себебі, Ә.Бөкейхан – жаттан еліктейтін тұлға іздеп жүрген жастарымызға үлгі бола алатын бірден-бір тұлға. Әлихан Бөкейхан – екі тілде (қазақ, орыс) бірдей аса сауатты жазған жан-жақты ғалым. Шет тілдерін де білген болуы керек; Ол – көшбасшылық қасиеті жоғары, пікірлестерін бір идея маңына топтастыра білген білікті басшы (сол үшін де өзі өмір сүрген билікке аса қауіпті болды); Ә.Бөкейхан салалық біліммен ғана шектеліп қалған жоқ. Сол кездегі Алаш зиялыларының бәріне ортақ қасиет – бірнеше ғылымның басын тоғыстыра меңгеру – Әлиханның да басты артықшылығы. Білім беруге қойылып отырған бүгінгі талаптың бірі – кіріктірілген білім беру, яғни пәнаралық зерттеулер жасау десек, осыдан келіп Әлиханның түрлі ғылым саласындағы еңбектерін сұрыптап, білім жүйесіне енгізудің өзектілігі туындайды.
P.S.: Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуінің Әлихантануға жаңа тыныс берері анық. Алайда, біздің тұлғаларымызға арналатын мерейтойлармен қазақтың үйлену тойлары арасынан үлкен ұқсастық байқалатын сияқты меніңше. Үйлену тойларында екі жастың бақытына жиналған көпшілік оларға бұл өмірде бар ма, жоқ па, өздері де білмейтін бақытты жаудыртып, ойнап-күліп, ішіп-жеп қайтады. Одан соң олардың баспанасыз жүргені, сол тойдың қарызын төлеп жүргендігі көп ешкімді алаңдатпайды. Мерейтойларда да солай, бар жақсының бәрі айтылады, сөйту керек, бүйту керек, ескерткіш қою керек, көше беру керек, толып жатқан керектер… Мерейтой бітеді, ғашығына қолы жеткен жандай біздің де ыстығымыз басылады біртүрлі. Мерейтой барысында айтылған жоспардың жартысы істелсе, жұбаныш… «Бұл тойдың басқа тойлардан өзгеше» боларына сенгіміз келеді…
Баян КЕРІМБЕКОВА,
Сүлеймен Демирел университетінің доценті.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.