ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН – САХНАДА
2015 жылы Қазақ театр өнері жаңа арнамен толықты десек болады. Жас режиссер Орынгүл Нұржанқызы Алашорда көсемі «Әлихан Бөкейхан» атты екі актілі балет қойды. Неге Әлихан деген сауал сол мезетте тууы хақ…
– Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы болған, ұлт зиялысы Әлихан Бөкейхановты балет арқылы сахналауыңыздың себебі не?
– Ұлт зиялыларын, тарихи тұлғаларды балетте сахналау ес білген шақтан арманым болды. Арнайы би мектебін тәмамдап Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына түскеннен кейін арманыма бір табан жақындадым, ұстаздарыммен кеңесе бастадым. Көп қазақ зиялысының ішінен Әлихан Бөкейханды таңдап алуымның себебі – ол кісінің азаматтығы мен адамдығы қатар жүргені, өз ортасының көшбасшысы болғаны балет сахнасында көрсетуге тұрарлықтай еді. Әлихан Бөкейхан менің кумирім, мен үшін идеал кісі.
– Балет шынында да жаңашылдығымен ерекшеленді. БАҚ жарыса жазды, көрсетті. Әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп көзіқарақты қауым қолдап жатты. Кәсіби мамандардан қандай баға алдыңыз?
– Кәсіби мамандар тарапынан тақырып таңдауыма байланысты сын айтылды. Ашығын айтқанда жақсы баға иемденбедім. Дипломдық жұмыс болғаннан кейін уақыт пен актерлік құрамға байланысты кемшіліктер болғанын жақсы білемін. Оның бір ұшы қаржыға келіп тіреледі. Бірақ мен осы саланың маманы ретінде ұлт зиялыларын сахналауды азаматтық парызым санаймын және алған бетімнен қайтпаймын. БАҚ айтты, жазды, драмалық театрлар сахналады, неге балет арқылы да насихаттамасқа. Біздің мемлекетіміз туралы ақпар арғысы келетін шетелдік қонақтар ең әуелі операмыз бен балетімізге баса назар аударады. Кешегі күнге дейін Әлихан Бөкейхановтың балеттегі орны ойсырап келді. Мен аз болса да өз үлесімді қостым деп ойлаймын. Алдағы уақытта өнерді қолдап жанашырлық көрсетем деуші демеушілер табылып жатса, көлемді етіп, кәсіби түрде Әлихан Бөкейхановты сахналап шығуға әбден болады. Бір ғана Әлихан емес, басқа да тарихи тұлғаларды сахналау жоспарымда бар. Қазір ізденіс үстіндемін. Мұқағали Мақатаевты сахналасам деген ойда жүрмін.
Балет сүйер көрерменге осы өнер арқылы тарихи тұлғаларды таныту ең негізгі мақсатым.
– Балетке дайындық жұмыстары қалай болды?
– Мен бұл балетке екі жылға жуық, ал жалпы құраммен бір айға жуық дайындалдым. Менің балетім сенбі күні сахналанды (2015 жылы, 26 маусым) жұма күні сол құрамдағы актерлардың театрда «Сильфида» балеті қойылды. Ахмет Байтұрсыновтың рөліндегі Жәнібек Усин «Сильфидада» басты рөлдердің бірі Джеймсті сомдайды. Театрдан шығып, түнгі сағат он екіде барлық құрам менің балетімнің соңғы дайындығына келді. Онан бөлек актерлар өзге де премьераларға дайындалып жүрді. Қанша ауыр жұмыс графигі болса да өз істерін абыроймен алып шыққан құрамға ерекше алғысымды айтқым келеді.
Мақсаттың жолында еңбек еттік және соған жеттік деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН.
«ҰРЫ ТИЮ»
Әуелгі жолмен іс жүргізуге пұл міндетін көтерерлік қазақтан байлар шықпады. Үш жылдан бері «Айқап» журналы шығып тұр, бір жылға жақын «Қазақ» газетасы шығып тұр. Бұлардың екеуінің басындағы кісілер газета мен журнал ісіне оңашалап шықпай, басы басқа қызметке байлаулы күйінде іс жүргізіп отыр. Газетаға оңашаланып шығайын десе, салмақ газетаға түседі, оны көтеретін газетада салып отырған бұлардың сомалары жоқ. Байлар жомарттық қылмады деп қарап отыруға бола ма? Екінші жолмен іс жүргізуге ойлап тұрмыз. Қазақтың кесек сома шығарарлық байлары аз болғанмен аз сомасымен, адамгершілігімен серіктікке жарайтын азаматтары аз емес. Сондықтан «Азамат» серіктігін ашып, «Қазақ» газетасын мұнан былай Алаш азаматтарының серіктесіп қосылған пұлымен жүргізбекшіміз.
«Азамат» серіктігінің мақсұты жоғарыда айтылған жұртқа керек жұмыстар. Яғни газета, журнал шығармақ, кітаптар бастырмақ. Олардың ішінде қазіргі бас мақсұт «Қазақ» газетасының аяғын нық бастырып жүргізіп жібермек. Онан басқаларын кезінде шамамызға қарай көрмекпіз.
Әлихан БӨКЕЙХАН.
РАМАЗАН АЙЫ…
Жыл он екі айдың ішіндегі ең қадірлі, ең артық һәм ең құрметті айы болған рамазан айы жақындау себепті әркімнің аузына «Ораза болып қалды» деген сөздер кіре бастады. Бұл айдағы қылған құлшылық, істелген істердің «О дүниедегі сауабы сондай боладыны» қоя тұрып біз мұның артықшылығын өзімізше һәм замана, адамшылық, ұлтшылық істері жағынан қарап біраз тексеріп өтейік.
Алла Тағала Құран кәрімде пайдалы орынға өздеріңнің сүйген нәрселерің мен малдарыңды шығармай тұрып ізгілік, жақсылық деген нәрсеге жетісе алмайсыңдар деп бүтін адам баласын шын көңілімен ұлт ісіне қызмет етуге қызықтырады. Егер ұлт ісінің керегі болмаса, ол ұлт ісіне мұндай уәжіп һәм зекет сияқты садақаларды ең сүйген малдарыңнан беріңдер деп қызықтырмас еді. Мұнан көрініп тұр, сүйген малдарынан садақа шығару бір кісіге ғана емес, бүтін ұлт ісі екендігі. Әр нешік мұндай парыз, уәжіп-садақалар бір кісінің пайдасына ғана емес, бүтін ұлт пайдасына беріледі. Ол ұлт пайдасы мектеп, медресе сияқты жұрттар салып, бала оқыту секілді істерде табылады.
Әлихан БӨКЕЙХАН.