КӨКТЕМ КӨШТІ КӨҢІЛІМДЕ КЕРУЕНДЕТІП…
04.03.2016
1584
1

ОТЫЗ ЕКІНШІ КӨКТЕМ

11892233_483398041785341_3090334419411669582_nМақпал МЫСА

Жанымның өлең  –  тұңғышы,

Жалт ете қалып жанары.

Шұбыра көшкен жыл құсы,

Қай жаққа тартып барады?

 

Жүрген жан емен той бағып,

Дүбірге еріп дүрмекпен.

Қарайды маған ұрланып,

Отыз екінші бұл көктем.

 

Күндерім солай өтеді,

Қайырылдым, сосын қайралдым.

Хантәңірінің етегі

Қайнарда қалған қайран күн.

 

Көненің жанда мақамы,

Менің де мұңым тау мұңы.

Атамның әппақ сақалы,

Әжемнің әппақ жаулығы.

 

Жасыма, көңіл, жасыма,

Қандай күй шертем мұндайда.

Қайнарбұлақтың басына

Қайырылып барар күн қайда?

 

Көгімде жүзген ай ма екен,

Тексізге мені қоспағын.

Қаракөз құрбым қайда екен,

Қайда  екен бала достарым?

 

Бәрі де елес өткеннің,

Әр күнің, жаным, құдірет!

Отыз екінші көктемнің,

Ойлыға айтар сыры көп.

 

Көгердім жырмен көктедім,

Қол бұлғап тұрған күз бе екен?

Отыз екінші көктемім,

Артымда қалған із бе екен?

 

P.S.:

Өткені күннің қинайды-ау,

Сенетін болсаң дегенге.

Бір мүшел жас та сыймайды-ау,

Отыз екі жолдық өлеңге…


 

ЕЛЕГІЗУ

(Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының рухына)

986775_275486799280940_1789902600_nАқерке АСАН

Петорборда… ескі сүрлеу, ескі күн,

Ауыр бұлттар еңсе басқан кеш бүгін.

Эрмитажға күңгірт сәуле ұялап,

Көне ғасыр… күй күмбірін естідім.

 

Бір керемет нұр құйылып ғарыштан,

Заманалар елес берді бағы ұшқан…

Жүрегімді осқылады намыс, кек,

Көк бөрінің үні келіп алыстан.

 

Құдіреті ұмытылмас бұл кештің,

Өзге әлем… тылсымы көп сыр кештім.

Күмбірлеген Хан Кененің рухымен,

Намаздыгер шамасында тілдестім…

 

(Боз даласын қалғандай ма сағынып),

«Ұрпағым-ай, – деді бабам қамығып.

Сүйек деген топыраққа айналар,

Өлмейтұғын рухтың қалқам барын ұқ».

 

Кезі еді ғой намаздыгер, екінді,

Құбылаға бұрдым Тәңір бетімді.

Азаттықтың алтын тәжі – кей кезде,

Хан Кененің ғазиз басы секілді!

 

Жанарыма мөлт-мөлт етіп жас келді,

(Мұңды серік қылып мен де өскем-ді).

Хан Кенедей асыл баба аңсаған,

Алашыма сол азаттық кеш келді.

 

Тоғышарлар – тарих жасап тұрқымен,

Тексіз ұрпақ – ойнап жатыр ұлтымен…

Тәуелсіздік төбемізден түскен жоқ,

Ол оралды – Хан Кененің рухымен!

 

Қасқыр заман, қыспағында беренім,

Қазақ үшін құрбан болған ер едің.

Боз даланың боздақ мұңын арқалап,

Өзіңді іздеп келді, міне, өренің…

 

Эрмитажда… жанды баурап тұма мұң,

Көз жасыммен тарих шаңын жуамын.

Хан Кененің рухы сірә қолдады –

Жүрегімде жүріп өтті бір ағын…


ҚЫЗ – ҚОНАҚ

10655401_1635007930082921_2843708452030986930_oДинара МӘЛІК

Тірлік деген таразысы-ау Тәңірдің,

 Сәттер сайын сынағында жаңылдым…

Ақша бұлттай ақ көйлегім желбіреп,

Арманыма сенер күнді сағындым.

 

Жанұшырып жанның даусын тыңдамай,

Бұрынғыдай мұңның жүгін жырламай…

Алақандай ауылыма тығылып…

Кеткім келмей жүр ғой әлі бұл қалай?

 

Туған үйден қай сырымды жасырам,

Бала-күннің иығына асылам.

…Ас үй жақтан күбірлейді жеңешем,

«Не жетпей жүр… дей ме әлде осыған?».

 

Әжемнің де әжімдері ақылды:

Тым байыппен жанына ыммен шақырды.

Таныс мейірім… алыс неге құдай-ау…

Қызын емес құшқандай бір ақынды!

 

Ой күзетіп, шешем отыр көңілсіз,

Үш күн болды… мен келгелі әлі үнсіз…

Күбірлесем жаутаңдайды сыр бермей,

 Бір әңгіме айтар дей ме жағымсыз…

 

Қалай кетем, туған үйге шертілмей,

Көз жасым да сырғып түсті-ау іркілмей…

Бұрымымдай қалғаны ма қиылып,

Қыз-ғұмырым біткені ме бір күндей…

 

Бара жаттым сұр қалаға аттанып,

«Қыз – қонақ қой» – деген сөзге тоқталып.

Бүтін бақыт көлбеңдейді алыстан,

 Ұмтыламын жоғалуға шақ қалып…

 

Тұман мұңдар таусылмастай көрініп,

Телефонда… саусағым тұр ілініп.

«Ошағыңның тыныштығын сақта», – деп,

Арғы жақтан анам тұрды егіліп…

 

P.S.:

Бәлкім… бәлкім, мейірімге шөлдедім…

 (Әйел қашан таға алады ерге мін?)

Қала сенің қорғансыздау пендең ем…

Қандай жақсы тым есейіп келгенім…


 

МАҢДАЙДАҒЫ ЖАЗУЫМ

12274274_1664361197176367_7486847292825608114_nБотагөз МҰХИДДИН

Өткелден талай өршіген өткізбей майдан,

Өрекпіп келем… (кім ұқсын жеке жайымды?!)

Мақсаттарыма тезірек жеткізбей қойған

Жазғырдым кейде жазықсыз екі аяғымды…

 

Содан кейін…

Көзіме көрінген бірден

Қос көзімнен кінәсіз өшімді аламын.

Нәсібін жерден пенде едім теріп жеп жүрген,

Арманымды іздеп, аспанға не үшін қарадым?..

 

Болмысым бірақ бар еді елге бітпеген,

Жаңа ғасырда жыр болып жаңғырмақ едім…

Себебі, менмен өмірге өр болып келгем,

Сондықтан аспан аласа алдымда менің!

 

Кейбіреулер бар қалтама, «сөмкеме» жолдас,

Оларды қайтем, тіпті де қарайламадым.

Шекемнен ешкім шертпеп ед, шерте де алмас,

Маңдайдағы жазуым қалай боларын…

 

Аярларды аяймын кейде…

Кеңседен Атақтың артын аңдумен арып-ашыды.

Биіктікті тек қана боймен өлшеген

Жағымпаздарды көргенде жаным ашыды.

 

Ойлайтын қарын қамы мен қарғадай басын

Тас жүрек көріп, санадым тасты да ізгі…

Білмейді-ау, әттең, жалғанды алдай алмасын

Пысықтар түлкі құйрықты, қасқыр ауызды.

 

Ертегі өмірде бітетін ертеңі өліммен

Біреулер бағын, біреулер ұрлатар арын.

Өзгертемін деп кемемді өртегеніммен,

Теңізді бірақ қалайша құрғата алармын?!

 

Тостаған көзге мұң емес, от-шуақ тұнад,

Армандауменен адамның адам болуын…

Жеңіл жүк емес, Құдайдан тек қуат сұрап,

Адамдықтың тіледім аман болуын!


 

СЕНСІЗ

f8d535ff15c9071cb3c52ffd498d1447Құралай ОМАР

Қара түн құшағы,

Қамығып тағы да жалғыздық жастадым.

Келгенде жаңа өмір бастағым.

Жылытсаң деп едім жанымды,

Күйдіріп тастадың.

 

Өрт шалған қанатым ұшуға жарамай,

Қанша рет құладым биіктен.

Жыладым,

Жүрегім шырылдап күйіктен.

Қош дедім қия алмай,

қасыңда қалу мұң.

Дәл бұлай өртеніп сүйіп пе ем.

 

Ақ боран, адасып қалдым ба елсізде?

Білмеймін, бұл дертім емсіз бе?

Реңсіз күндерім… сүре алар емеспін

Сенімен бірге де… сенсіз де.

 

***

Саумал түннен аппақ арман сауамын,

Қара жерге ақ қар болып жауамын.

Кетсем деймін аспан жаққа, жыраққа,

Мен білмеймін себебін,

Сен білмейсің жауабын.

 

Сұрамашы, жерден, сенен жерісем,

Нәзік қар боп қолдарыңда ерісем

Деп едім ғой…

Неліктен мұз қып қойдың мені сен?

 

Суық әлем, қызуымды тонадың.

Қалжырап кеп, алақаныңа қонамын.

Жылытам деп, күйдіресің, содан соң

Дір-дір етіп тоңамын.

 

Мұндай сезім аңсаған да жоқ едім,

Мұздай жасты жанарымнан төгемін.

Қажыдым ғой.

Қашып кеткім келеді,

Сұрамашы себебін.


 

АНАМНЫҢ ЖАУЛЫҒЫ

hg7EWto1G-4Ләззат МАҚАШ

Әндетеді өзгеше баяу ғалам,

Меңдетеді тәлкегін тағдырым да.

Таңым қалды… мен әлі оянбаған,

Арым қалды… Анамның жаулығында.

 

Өткенімді ойыма алдым ба құр,

Көктемімді жіберді уақыт күз ғып.

Бар бақыты Анамның алдымда тұр,

 Бірақ неге билейді бақытсыздық?!

 

Көздейді әлі жанымды жала, күмән,

Төзбей бәрі… тек жалғыз мұң шыдады.

Қала оттары – Анамның жанарынан,

Түнде ғана таматын тамшылары.

 

Сездің бе екен, кезікпей кетеріңді,

Кез бұл бөтен, үмітім соңғы өледі.

Терезелер қымтамас етегімді,

Жабылмаған олардың перделері.

 

Тілекке ұнап таласар баққа бәрі,

Жүрек жылап жатса егер, қарғар мұны.

Күшпен, мүмкін, арым да атталады,

Түскен бір күн Анамның ақ жаулығы…


 

КӨКТЕМ МЕН ӘЙЕЛ

12243355_940019139408034_2866367784912450030_nМөлдір АЙТБАЙ

Тіршілікке тарататын жаңа дем,

Гүл көктемді сүйеді екен бар әлем.

Маған «көктем боласың ба» десе егер,

Ойланбастан әйел болып қалар ем.

 

 Көктемде тау бұлақтарын төгеді,

Көктем жерге жаңадан дән егеді.

Ал әйелдер, қарсы алатын көктемді,

Адамдарға өмір нәрін береді.

 

Әсемдіктің тартып алған үзігін,

Айдан иіп, күннен таққан жүзігін.

Сұлулығы сан жүрекке от берген,

«Ана» деген мезгіл туған қызымын.

 

Қажеті жоқ бізге күш пен қарудың,

Мәңгі бітпес қопы ем мен дәрудің.

«Көктем сұлу» дейтіндердің барлығы,

Бір қарасын жанарына арудың.

 

Жаршысы оның құстар емес, қаламым,

 Солай ұққам Хақтың ұлы қалауын.

«Көктем жылы» дейтіндердің барлығы,

Бір қарасын қабағына ананың.

 

Жаз да, қыс та жасыра алмас көрігін,

Жар да, жау да жасыта алмас көңілін.

Әйелдің бір жымиысы үшін-ақ,

Мыңдаған гүл қия салар өмірін.

 

Көркемдігі көкке жеткен біздерміз,

Ханның өзін өкпелеткен біздерміз.

 Табиғаттың тіршілігін тоқтатпай,

Көктемді де көктем еткен біздерміз.

 

 Талай еркек жырын, жанын арнаған,

Құрсағына өмір нәрі орнаған.

«Көктем» деген ешқашанда, мен білсем,

Әйелдерден сұлу бола алмаған.


 

ҚАРАШЫҚ

06b2e450891122fc80bf23dd8b5971cfӘлия ІҢКӘРБЕК

 «Я нарисую ваши глаза
когда узнаю вашу душу» .
Модильяни.

  Қылқаламмен қылығыңды құрбы еттім,

Мүсініңнен таппай мін.

Көздеріңнен түнді көрдім, Құрметтім,

Таңы ешқашан атпайтын.

 

 Болмысыңнан безер болсаң, жүр, қалқам,

Бақытсыздық – бар айып.

Сезімі өлген, жүрегі жоқ жылдардан,

Өзімізді табайық!

 

 Сенің жасың – суретшінің бояуы,

Аққан бірге түндермен.

Өмірімнің басталмаған тойы әлі,

Аяқталып үлгерген.

 

 Сыңғырындай балбұлақтың біз ән ба ек,

Неткен мөлдір жанарың?!

Тұңғиыққа батып кеттім бұзам  деп, –

Қарашықтың қамалын…

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 31.03.2020 | 17:54

Көңілімнің көктемі едің жаныма нұр сепкен едің

ПІКІР ҚОСУ