КӨКТЕМ КЕЛДІ

Сейфолла Оспан
Бүршіктерге бір ғажайып сыр тұнып,
Шығар кезде жер анамыз құлпырып.
Қаһарлы қыс аппақ қарын лақтырды,
Ақ қағаздай жерде жатыр жыртылып.
Тоң боп қатқан жер танабы қақырап,
Әр түгінен жарып шықты жапырақ.
Мезгілінде көктем жерді кезіп жүр,
Тіршілікке бейімделіп топырақ.
Жер бусанып көкірегін жібітіп,
Айналасын мейіріммен жылытып.
Бір тылсым күш қойды үнсіз жер бетін.
Көкте жүзген күн нұрына жүгінтіп.
Бір құдірет көркін шашса көктемнің,
Риза боп күлімдейді көктен күн.
Жер әлемі жасыл желек жамылып,
Ашып жатыр жер тынысын төккен нұр.
Барша әлемнен салқындықты қуғандай,
Әр жыл сайын әлем қайта туғандай.
Адам жаны сан құлпырып түлейді,
Күллі әсемдік жер бетіне тұнғандай.
Жаңа жылым жаңа әлемді жаңғыртып,
Қуанышқа бөленгендей албыртып.
Құшақтасып жатыр әне адамдар,
Жібергендей жат мінезді қаңғыртып.
Қандай ғажап көктем көркі көңілді,
Бақ дарыған, құт берекем сөгілді.
Бір құдірет бақыт құстай құпия,
Гүлдендіріп жатыр мына өмірді.
Жанға сая жаз мезгілі жайдарлы,
Көңіл тоқтар күз мезгілі айдарлы,
Қаһар шашқан қыс мезгілі айбарлы,
Үш мезгіл де бір көктемге байланды.
Болғаннан соң көктем көркі арайлы,
Жаны жайсаң жыл басына балайды.
Тағдыр бізге жер ананың көктемін,
Жаңа жыл ғып жібергені ұнайды.
Содан бері жаңа жыл деп тойлаймыз,
Терең ойдың қатпарына бойлаймыз.
Барша әлемге жасыл желек, жан берген,
Жер-ананың бусанғаның тойлаймыз!