Күйген бұлттар көшті тауды бөктерлей

Оразақын АСҚАР
ХАЛҚЫМА
«Халқым» деген ұлыңды қорға халқым,
Қадірсіз деп қарама қолдағы алтын.
Бірте-бірте тұтасып саған төнер,
Ұл-қызыңның басына орнаған түн.
«Халқым» деген ұлыңды түңілдірме,
Бастаушым деп соңынан жүгір күнде.
Орнын сипап қаласың өксіп ертең,
Бола алмасаң қасында бүгін бірге.
Бір ауызды болсаңшы әр істе елім,
Бармағыңды аз ба еді тістегенің.
Аңғаратын уақытың болмады ма,
Алыпқа да қолдаушы күш керегін?
Жатса да күш, ақыл-ой жетіп сана,
Құдіретіңді құндамай шет ұқса да.
Қашанғы арыстарыңның күн көрмексің,
Аруақтарын мақтаныш етіп қана?!
Жалақордың денінің сауы ғажап,
Үнсіз қалсаң болғаның жауыңа жақ.
Жаралана бермек пе есіл ерлер,
Ізгі ісіне үнемі тауып азап?!
Артын бағып әліптің елеске еріп,
Бейғам бола бермексің нені ескеріп.
Байтақ жерді қорғаған бабалардың,
Батыр болар ұрпағы емес пе едік?!
ӘДІЛДІК
Әділдікті іздеп ата-анадан,
Талап еттім мектепте алған бағадан.
Өзге түгіл ойыннан да оны іздеп,
Талайларды ала түскен жағадан.
Әділдікті іздей түстім жастықтан,
Жолдастықтан, махаббаттан,
достықтан.
Бір мекеме қызметіне алғанда ,
Үміттендім табамын деп бастықтан.
Көрсем дедім мақтаудан да, сыннан да,
Тарихтан да, ескіден де, тыңнан да.
Барлық іске бастан қажет әділдік,
Керегі жоқ дей алар кім бұл маңға.
Табиғаттан, тағдырдан да іздедім,
Әділдікпен алға басар ізгі елім.
Тапсам дедім атақтан да, сыйдан да,
Әділдіктен әсте күдер үзбедім.
Оны іздедім өлеңнен де, сөзден де,
Оны іздедім жер шолып, ел кезгенде.
Талай жерде келісе алмай бұлқындым,
Әділдіктің аз екенін сезгенде.
Әділдікпен бара алмайсың жыраққа,
Тура кісі туғанына ұнап па?! –
Дегендердің кеңесіне үмітсіз,
Сенбек түгіл асқаным жоқ құлақ та.
Дедім онсыз өмірдің не бар мәні,
Болыпты ол талайлардың арманы.
Талай боздақ құрбан болып жолыңа,
Әділдікті тауыпты әрең аруағы.
Әділдіктің алдында мың құбылмай,
Енді оның құнын әркім ұғынғай.
Өздігінен сақталмайды әділдік,
Қорғамасаң көздің қарашығындай.
ЖАЙЛАУ
Сұлу ғой күн нұрына бөленсе шың,
Тұр ұстап көтеріңкі ол еңсесін.
Керілген белестері жатыр көлбеп,
Жамылып ұшпа бұлттың көлеңкесін.
Еріксіз назарыңды билеп алып,
Жатыр су жазығында ирек ағып.
Көрінген көкмайсалы жағасынан,
Қазақтың ақ шағала үйлері анық.
Ал сонау желкесінен шаттың ары,
Төрт түлік жусап әне жатты малы.
Еңкейіп етектерін жел көтеріп,
Жоталап жылқышылар шапқылады.
Сүйсіне жанға ләззат бар табатын,
Отырмын көріп жайлау салтанатын.
Қасымда бетегені күрт-күрт үзіп,
Шылбырын жұлқып қолдан
тартады атым.
Еншісі жайлау елдің бөліспеген,
Жетеді онда суат, өріс деген.
Күлімдеп бір танысым келеді әне,
Қалада көрші тұрып көріспеген.
КИІЗ ҮЙІ ҚАЗАҚТЫҢ
Шаңырағынан қарайтын таң сығалап,
Киіз үй тұр алдымда алты қанат.
Қарағайлы беткейге жонын беріп,
Тігіліпті қойнауға қарсы қарап.
Қайырусыз мал жатыр өрісте кең,
Нағыз құтты, міне, осы қоныс деген.
Төр алдында жаюлы дастарқанда,
Ет пен қымыз еншіміз бөліспеген.
Домбыраны қолға алсаң керегеден,
Әуен шалқып, күй толқып, келеді өлең.
Түрулі есік ұсынса әсем сурет,
Кім бар оны қызықтап елемеген.
Әріректе мұнартқан асқар тауы,
Беріректе береке бие бауы.
Арада арна айнасын жарқылдатса,
Мүмкін емес көңіліңнің шалқымауы.
Ірге көмген желкілдеп майда құрақ,
Үй жанында ағады сайда бұлақ.
Сол мөлдірден қайнатып қаймақтаған,
Жеңгелердің қанбайсың шайлары ұнап.
Басқұр, сырмақ ескірмес өрнегі әсте,
Киіз үйі қазақтың көрме емес пе?
«Ақ боз үйдің сыртынан
аттандырған»,
Қалқатайлар қалды осы жерден есте.
Есігі ашық, қонаққа төрі дайын,
Түндік түрсе төнетін
күн мен айың.
Ұясына оралған құстай болам,
Киіз үйін қазақтың көрген сайын.
* * *
Түнде әкем міне шауып дайын атын,
Қабанды сиыр-ау деп қайыратын.
Сүзісіп құлжалары қошқарлармен,
Арқарлар қоймен бірге жайылатын.
Аюлар алма қағып бірге бізбен,
«Бұл сайда тағы кімдер жүр» дегізген.
Қонақтай тал түсте ит абалатып,
Бұғылар су ішетін іргемізден.
Сіңірген аспанға өзін бұранда ғып,
Танушы ек көз ұшынан қыранды анық.
Түйіліп ағып қиыс түсетін ол,
Алтайы қашса түлкі бұлаң қағып.
Тау аспай, тап болатын дала кезбей,
Зоопарк, аквариумдер салады өзге ой.
Аққулар қанатынан төгілген күй
Құлаққа келеді әлі полонездей.
Тау, дала, ауыл жайлы қаламызда
Айтылар естелікке қанамыз ба?
Көрмеген құлан түгіл, қоян қуып,
Естілер бәрі аңыздай баламызға.
ЖАЙЛАУ КЕШІ
Бататын күн тауға иек тұр асып,
Қызыл алау көкте бұлтқа ұласып.
Мұқан атам салалайды саусағын:
Бұйырса ертең болады, – деп, – күн ашық.
Үйде жан жоқ, елдің бәрі далада,
Шұбап қойдың алды келді қораға.
Ағытылған құлындарын ертіп ап,
Кетті өріске керлеп жылқы торы ала.
Сауыт шопан қайтты атын арқандап,
Қуаныш жүр сиыр сауып, мал қамдап.
Екі жақта екеуінің соңында,
Біраз бала топырлайды томпаңдап.
Күнді құтты ұясына батыра,
Қоңыр перде жапты жайлау – сахна.
Суыт кетіп барады бір жолаушы,
Қара жолда қамшы басып атына.
Көкте жұлдыз ашып көзін ақырын,
Иемдене бастады аспан шатырын.
Күйген бұлттар көшті
тауды бөктерлей,
Өзен жақта үдеп бара жатыр үн.
Қайнап сары самауырын сақырлап,
Тыстағы елді болады үйге шақырмақ.
Батар күннің алауынан қалғандай,
Қыза түсті ошақта от лапылдап.
ЖАРЫМ МЕНІҢ
Қалт жібермей бағып қас-қабағымды,
Жарым әркез бабымды таба білді.
Дос-жаранға жүзімді етті жарық,
Қабақ шытпай қарсы алып қонағымды.
Ең бірінші оқырман, сыншым да өзі,
Соған аян жанымның тылсым кезі.
Сөйтсе де оның мазасын мен аламын,
Бір кетіріп көрген жоқ тынышымды өзі.
Менің аман-саулығым күзеткені,
Жырымның сол сарашы, түзеткері.
Қынжылтпайды оны
бір шығармамның,
Машинкадан алдынан жүз өткені.
Кездеріме кешіккен сот құрмайды,
Мұндай әйел ешкімге таптырмайды.
Дүкендерден бірге үйге қайтқанда да,
Дорбасына қол созсам жақтырмайды.
Ол жүрген жер қыста да жаз болады,
Қанша мақтап жазсам да аз болады.
Оқта-текте туындым жарық көрсе,
Менен бұрын оқып ап мәз болады.
Қарайды өзі киімге, азыққа да,
Кетпесін деп тозып ер, азып бала.
Қыруар істен еншіме тиетіні,
Отыру тек жақсы өлең жазып қана.
2001 жылы 26 желтоқсан күні Оразақын маған «Ажар, сен мені не үшін сүйдің?» – деп сұрақ қойды. Мен тосыннан қойылған сұраққа таңғалдым. Біраз күн ойланып жүрдім де, төмендегіше жауап бердім.
МЕН СЕНІ СҮЙДІМ
Ат арытып мені іздеп тапқаның үшін,
Ата-анама да ерекше жаққаның үшін,
Маған қиған ең қымбат шақтарың үшін
Мен сені сүйдім.
Арақ-шарап аузыңа алмағаның үшін,
Шылым-шырпы қалтаңа салмағаның үшін,
Өлең мен маған өміріңді арнағаның үшін
Мен сені сүйдім.
Жан сырыңды менен еш жасырмағаның үшін,
Сөз түгіл құс басымнан асырмағаның үшін,
Алғаш сүйген кезіңнен басылмағаның үшін
Мен сені сүйдім.
Айтқан сөзіңнен әсте бір танбағаның үшін,
Бастықтарға бас иіп бармағаның үшін,
Сұрап, сатып атақ, сый алмағаның үшін
Мен сені сүйдім.
Ісімді елеп арқамнан қаққаның үшін,
Бар керекті үйіңнен тапқаның үшін,
Қыздарыңша ерке ғып баққаның үшін,
Мен сені сүйдім.
Тамам қыздан тек мені таңдағаның үшін,
Қажетімді айтқызбай қамдағаның үшін,
Өзге ешкімге өртеніп жанбағаның үшін
Мен сені сүйдім.
Ажар Баратқызы
ПІКІРЛЕР2