СОЗАҚТАН ШЫҚҚАН САТЫБАЛДЫ
Қазақ кино өнері үшін өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басы ерекше болды. «Қыз Жібек» /реж.С.Қожықов/, «Атаманның ақыры» /реж. Ш.Айманов/, «Шоқ пен Шер» /реж. Қ.Қасымбеков/ тәрізді сәтті туындылар топырлап дүниеге келді. Қазақ көрермендерінің еңсесі көтерілді. Кино өнеріне деген ықылас артты. «Қыз Жібектің» экранда қайта тууына Республика басшысы Д.Қонаевтан бастап, қазақ зиялы қауымының Ғ.Мүсірепов, Н.Тілендиев, О.Сүлейменов, А.Сүлейменов, К.Смаилов тәрізді саңлақтары түгел атсалысты. Бұлай жұмылуға себеп – «тарихың жоқ», «мәдениетің жоқ» деп күнде қақылдаған қызыл идеологияға деген іштей қарсылық еді. Сол кездегі қазақ көңіл-күйі Екінші Дүниежүзілік соғыстан жеңіліп шыққан жапон көңіл-күйіндей еді. Естуімізше сол жапондардың түскен еңсесін бір оқиға көтеріпті; 1951 жылы «Оскарды» Куросаваның «Расемон» фильмінің алуы көтеріпті.
Смағұл ЕЛУБАЕВ
Жетпісінші жылдар басында топырлап «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Шоқ пен Шердің» экранға шығуы да дәл сондай ұлт еңсесін көтерген рухани оқиға болды. Асанәлі, Құман, Меруерттер кумирға айналды. Біз бұл жерде кинодан басқа өнерде серпіліс болмады деуден аулақпыз. Әрине, әдебиет әлімсақтан ұлттың рухани тірегі. Қазақ атын әлемге алдымен Жамбыл паш етті. Ол эстафетаны «Абай жолы», «Қан мен тер» іліп әкеті. Өткен ғасыр әдебиетіміздің «алтын ғасырына» айналды. Алайда, көп ұзамай өткен ғасырдың екінші жартысында жұрт кино өнеріне шұғыл бет бұрды. Оған себеп: кино ұлттық құндылықтарды насихаттауда алдына жан салмайтын шапшаңдығын мойындата бастаған еді. Әдебиеттің ең мықты деген өкілдері, қазақ киносын көтеруге тартылды. Мысалы: Қалтай, Олжас, Әбіш, Әкім, Камал, Қалихан, Асқар, Дулат, Төлен, Алтыншаштар секілді. Олардың ізін ала киноға жас жазушы Сатыбалды Нарымбетов келді. Жәй келген жоқ. Дүбірлетіп келді. Созақтан шыққан Сатыбалды Алматыға Мәскеу арқылы ВГИК-ті бітіріп келді. Жәй келген жоқ. Шоқпардай «Шоқ пен Шермен» келді. Мәскеуде шығатын «Искусство кино» журналында «Шоқ пен Шер» жарқ етті. Бұл бүкілодақтық элиталық журналға шығып тұрған тұңғыш қазақ кинодраматургі еді. Сценарий қазақ киносына ұлттық бояуы қанық талантты қаламгердің келгенін паш етті. Сценарий бірден өндіріске кетті. Оны Қаныбек Қасымбеков түсірді. «Шоқ пен Шер» Монте-Карло фестивалінде «Күміс нимфа» алды. Сол жылы біз, 1972 жылы, КазГУ-ды күні кеше ғана бітірген бала, Қазақстан Кинематография комитетінің Бас редакторы Қалтай Мұхамеджановтың қол астына келгенбіз, жәй қарапайым редактор болып. Кино әлеміне бас сұққан күннен бастап біз талантты әңгімелері арқылы сырттай білетін Сатыбалдымен сырласып кеттік. Мәскеу көрген Сатыбалдының даңқы жер жарып тұр. Киім киісі де бөлек, шашақты свитер киеді үндістер көсемін елестетіп. Шылым шегісі де бөлек, сырбаз, сөз саптасы да бөлек. Тіптен, аяқ басысына дейін өзгеше. Асқарша басады. Жүз грамды Ғабитше сыздықтатады. Орысшасы оңай емес. Орыстың өзін жаңылдырады. Біз шала орысшамызбен шаңына ілесе алмаймыз. Соныңмен Сатыбалды біз үшін – мэтр. Мәскеу көрген. Әдеби талғамы тіптен шатақ. Әдебиетке сонау Кобо Абе, Фолкнер биігінен қарайды осқырынып. Атақты деп жүрген авторитеттерімізді оп-оңай шаңға ауната салады. Біз шошып «Астапыралла!» дейміз. Мәскеу көрген адамға қарсы шығу қиын. Жас үлкендігі және бар. Қарсы шықсаң, жүз грамдатып отырған мэтріміз шатынай салады, «Эй, песчаный человек!» деп. Біздің Қарақұмнан келгенімізді еске салып.Асқар-мінез. Асау. Алдынан келсең тістейді, артынан келсең тебеді.
Сатыбалды «Күміс нимфаны» алғанына қарамастан «Шоқ пен Шерге» көңілі толмады. «Сценарийдегі көп нәрсе жоғалды» деп жүрді. «Тоқсан толғатып жазған сценарийіңді режиссерге беру, үкідей үкілеген қызыңды біреуге бергенмен бірдей» дейді. Ол режиссураға ауысуға біржола бет бұрды. «Құрманғазы» атты деректі фильм түсірді. Осы тырнақалдысының өзінде Сатыбалдының суреткерлік қолтаңбасы көрінді. Қырғызстанда түсіріліп жатқан «Қараш-қараш» кинотобырына барып режиссер Болот Шамшиев көмекшісі болды, тәжірибе жинады. «Қазақфильмге» оралып Орталық Телевидениенің тапсырысымен қырық минуттік «Таңғажайып» /«Очарование»/ атты киновелла түсірді. Сайын Мұратбековтың «Қылау» әңгімесі бойынша. Сайынға тән мөлдір гуманизм, адамға деген таңғы шықтай таза махаббат экрандық баламасын тапты. Кішкентай телефильмді әлемнің 40 елінің телеканалы сатып алды. Бірнеше фестивальдың бәйгесін алды. Сөйтіп, өмірге режиссер Сатыбалды келді. Бірақ кинорежиссура қиын мамандық еді. Сатыбалдыға мықты мектеп керек болды. Мәскеуге тағы тартып отырды. Екі жылдық режиссерлік Жоғарғы курсқа, Георгий Данелия шеберханасына түсті. «Мимино», «Афоня» тәрізді атышулы фильмдерімен күллі КСРО-ға даңқты Данелия совет киносында қайталанбас өз мектебі бар, өз қолтаңбасы бар авторлық кино мэтрі болатын. Осынау үлкен ұстаздың киномектебі сөз жоқ, Сатыбалдының режиссерлік дүниетанымының, стилінің қалыптасуына зор ықпал етті. Сатыбалды ол кезде Данелия дегенде ішкен асын жерге қоятын. Және оның ұстазына деген құрметі әлі күнге ерекше. Бір күні Сатыбалды досыма «Ойсылқара» атты тілдей тұңғышымды ұсындым. Сатыбалды осқырынып «осындай да тақырып бола ма?» деп кітапты түкке алғысыз ете салды. Бәсе, дедім, Мәскеу көрген, Кобо Абе, Фолкнер биігінде жүрген адамға қалай ұнасын біздің балдыр-батпағымыз. Қой, оқымай болмас. Сатыбалды оқыған Мәскеуге біздің де кеткіміз келді. Ойымды Сатыбалдыға естіртіп едім, ол қос қолын көтере құптады. «Ойланбастан, тарт!» деді. 1973 жыл. Үйленгеніме бір жыл болған. Тұңғышымыз өмірге келген. Бірақ баста баспана жоқ. Соған қарамастан әйел, бала-шағаны бір Құдайға тапсырып Мәскеу қайдасың деп біз де тартып отырдық. Екі жылдық режиссерлер мен сценаристер дайындайтын Курсқа түстік. Сөйтіп, Сатыбалды ықпалымен кино әлеміне біз де алғашқы қадам жасадық. Сол сапарымыз мінеки, әлі күнге жалғасып келеді. Желіп отырып жетпіске келіппіз. Сатыбалды оншақты фильм түсіріпті. Мен оншақты фильмге сценарий жазыппын. Жас кезінде Сатыбалды «Бұл кино деген бір шатақ нәрсе, бас сұқтың екен, қайта айналып шыға алмайсың, басың айналып, әдебиет – бәйбішең болғанда, кино – тоқалыңдай» деп күлетін. Сол айтқаны келді. Қарап отырсақ, күллі ғұмырымыз сабылып осы екі өнер арасында өтіпті.
1979 жылы жазушы Сатыбалды ғұмырнамалық «Ассалаумағалейкум, Атлантида!» атты хикаят жазды. Бұл, сөз жоқ, Созақтан шыққан Сатыбалдының балалық шағы еді. Өйткені, біздің кейіпкеріміз Сатыбалды болса, хикаят кейіпкері – Тілепалды. Екеуі де – Созақтан. Екеуі де – Ащысайдан. Екеуі де – аккордионист. Ендеше, Тілепалдымыз Сатыбалды болмағанда кім?! Осы хикаяттағы Тілепалды тіпті сүйкімді бала. Ауыл жастарының би алаңында аңыратып аккордион тартады да отырады. Сондай бір күні би алаңына бұл ауылға бейтаныс бір қыз келеді. Жігіттердің көзі сол қызда. Тіптен бала Тілепалдының да көзі сол қызда. Өйткені, қыз ерекше киінген. Ерекше сүйкімді. Қызға ә дегеннен ауылдың әпербақан атаманы Ыдырыс жабыса кетеді. Бірақ қыз-қырсық оның ауызын пәнкитіп матроспен билеп кетеді. Аккордионист Тілепалды екеуіне де жақ емес. Әдемі қызды ешкіммен бөліскісі жоқ, іштей өзі иемденіп отыр. Қызды ол да аңдиды. Түн болса қыз тұрған үй сыртындағы алма ағаш бұтағына шығып жапалақша жарбиып қарап отырады, бойжеткен қыз ұйқыға кеткенше. Әліне қарамай ол да ғашық. Хикаят ауыл балдарына тән осындай табиғи эпизодтарға тұнып тұр. Осынау өмірбаяндық хикаятты режиссер Сатыбалды көп ұзамай «Көзімнің қарасы» / «Жизнеописание юного аккордиониста»/ атты фильмге арқау етті. Фильм 1994 жылы Ресейдің «Киношок» ХКФ-ның, Францияның «Премьер-Планс» ХКФ-ның және 1996 жылы Француз киноакадемиясының аса беделді Жорж Садуль сыйлығын иеленді.Нарымбетов есімі Париждегі осы Кино-академияның даңқ баспалдағына бадырайтып жазылды. Осылайша бір фильмімен Парижді бағындырған қазақ режиссері Нарымбетов бірауыздан француз киноэлитасының «Жан Вига» клубына қабылданды. Француз сыншылары Сатыбалдының «Көзімнің қарасын» Феллинидің «Амаркордына» теңеп жатты.Дұрыс теңеу. «Амаркорд» әйгілі режиссердің өз балалық шағына деген сағыныш саяхаты. Шебердің қолымен шедеврге айналған туынды. Сатыбалдының «Көзімнің қарасы да» балалық шақ туралы сол шедевр деңгейіндегі жүрек шымырлатар кино-сағыныш. Сондықтан да «Көзімнің қарасы» әлем киносының үздік фильмдері қатарында Европа мен Америка киномектептері, клубтарында әлі күнге көрсетіліп отырады. Фильм қазақ киносының «Алтын қорына» қосылды. Және осы фильм қазақ киносындағы артхауз яғни авторлық кино дегеннің қарлығашындай болды. «Көзімнің қарасы» үшін Сатыбалды Нарымбетовке ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Осы фильмнен кейін қазақ киносында артхаузшылар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай дүрк көтерілді.
Жазушы Нарымбетов кинода жүрсе де қолынан қаламы түспеген жазушы. Қаламы қатайған тұста «Фантом-дерт» атты кексе хикаят жазды. Қаны сорғалаған Созақ көтерілісі тақырыбын қозғады. Автор елге бір келгенде отызыншы жылдары НКВД қызметкері болған Ақатай атты нағашы атасының қағаздарына көзі түседі. Қолына алады. Оны оқи келе тіптен «қызыққа» батады. Шала сауатты нағашы атасы көрген-білгенін әл-қадарынша қағазға түсірген екен. Назар салайық:
Ақатайға берілген мінездемеден үзінді:
«Жиырма сегіз, жиырма тоғызыншы жылдары Созақта болған бүліншілікті басуда жан аямай шайқасты. Атақты бандит Салықбай мерген Торланнан үш ай бойы асу бермей тұрғанда қару-жарақсыз барып, үгіттеп, айламен қолға түсірген жанкешті қызметкер. Сол үшін «Боевой Красная Знамя» орденімен наградталған. Именной мылтық, қылыш, маузер сыйлықтарына ие болған».
«Елде, әрине, аштық бар. Оның себебі осы елдің дер кезінде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып колхозға кірмеуінен. Да! Ел әлі сауатсыз! Әрине, жаңа өмір құрбандықсыз келмейді».
«Шайықұлы Сіргелі және Үсейіннің үлкен ұлы Махмұт екеуі де партияда бар және «Безбожниктер қоғамының» белсенді мүшелері бола тұра балаларын жасырын сүндетке отырғызып жатқан жерінен үстінен түстік. Менің жыным келгені, қандай атсталый адамдар!».
«Бүгін марттың жиырма үші. Мейрамшылдарын. «Безбожниктер қоғамының дырдай-дырдай мүшелері өздері. Наурыз көже ішіп отыр. Пазор! Пазор!».
«Соңғы кездері бізді орталыққа шұғыл жиналысқа шақыру жиілеп кетті. Жолдас Голощекиннің баяндамаларын, сөйлеген сөздерін қайта-қайта шұқшия зерттеп оқып іске асыру керек деп жатыр. Жедел түрде. Қазақстанды колхоздастыру кешеуіл қалып жатыр, енді малый Октябрь жасау керек! Бізде ұйқы жоқ. Бастықтарымызда маза жоқ».
Автор чекист атасының архивінен табылған тағы бір хатқа кезігеді. Бұл бір топ кедейдің атынан Казкрайкомның бірінші хатшысы Ф.И.Голощекин атына жазылған хат екен. Адресатына жетпей қалған хат.
«Жолдас Голощекин, біз осы Алғабас колхозында туып-өскен жергілікті адамдармыз. Мал бер деді. Мал бердік елден жинап. Бес қойы барды бай дедік.Жылқысы барды құлақ дедік. Сол малдардың бәрін пойызға салып жібердік. Бірақ солардың қайда кеткенін білмейміз. Ұзынқұлақтан естуімізше, тіптен көзбен көргендер бар, сол елден жиналған малдардың бәрін апарып Келіншектауда арам өлтіріп өртепті дейді. Ел аш кезде бұндай саясат бола ма, жолдас Голощекин? Бұндай сорақылық тек біздің ауылда ғана болса бір сәрі ғой, мына көрші ауылдарда да болып жатыр! Жолдас Голощекин! Ел азып-тозып бітті. Көмек сұрап арызданып Түркістанға, Шымкентке бардық. Бірақ қолұшын берер адам кездестіре алмадық. Ел тозып бітті. Түгел аш. Қалаға барып жұмысқа тұрайық десек, оған да жібермейді, алдымыздан мылтық атып.Енді қайтеміз, жолдас Голощекин?! Сізден жәрдем күтеміз!». Хатқа бір топ ауыл қазақтары қол қойған.
Автордың чекист нағашы атасы Наурызбаев Ақатайдың Қазақстан Орталық Комитетінің Бірінші Секретары Ж.Шаяхметов жолдасқа жазған хатына көз жүгіртіңіз:
«Тап жаулары, халық жауларымен шайқаста жан аяған жоқпын. Отызыншы жылдары Созақ өңірінде болған бүліншілікте күн-түн демей шапқыладық, бала-шаға барын, семья барын ұмытып. Совет өкіметі үшін бел шешпей айқастық. Партия қайда бар десе, сонда бардық».
«Фантом- дерт» десе дегендей. Шағын ғана хикаят зіл батпан шындықтың шетін шығарып тұр. Бейне айсбергтің шекесіндей Қазақстан тарихының қанмен жазылған тарихынан хабар беріп тұр. Созақ көтерілісі. Ашаршылық алқымнан алғанда… ажал аузындағы қойдай қоңыр халықтың тұяқ серпісі. Большевиктік бауыздауға қарсы бұлқынысы. Бірақ қарулы «безбожниктер» қанға бөктірген бұлқыныс. Ең сорақысы, бейкүнә халықты қанға бөктірген жау сырттан келмепті. Өз ішімізден, қазақтың өз арасынан шығыпты. Большевиктер Ақатай тәрізді шолақ белсенділердің бір қолына – мандат, бір қолына қару ұстатыпты. «Ат!» деп ағайынға айдап салыпты. Алматы төрінде Сәкеннің мұртын жұлған да сондай бір арамыздан шыққан сатқын дейді ғой! Сойқанды сондайлардың қолымен жасаған сталиндік саясат неткен сайқал!
Отызыншы жылдар тарихына көз салдыңыз екен осылайша жан-жүйкеңіз сыздай бастайды. Қуара бастайсыз. Отызыншы жылдар ойраны. Шыннан да, ұлттың ұмытылмас фантом-дерті. Хикаят осындай ойларға жетелейді. Хикаят қаламгердің қазақ тарихының күрделі тақырыбы – айтылмаған «ақтаңдақтарға» бет бұрғанын көрсетті. Жазушы дүниетанымында азаматтық әуен алға шыға бастайды. Осынау суреткер болмысындағы сапалы азаматтық бетбұрыс оны тура Семей полигоны тақырыбына алып келеді. 2001 жылы кинорежиссер Нарымбетов ядролық полигонға айналған ел мен жер қасіретін қозғаған «Қыз жылаған» фильмін түсірді, жазушы Роза Мұқанова хикаяты бойынша. Фильм прокатқа «Молитва Лейлы» деген атпен шықты. Фильмді көрген ұстазы Г.Данелия: «Нарымбетов сөз жоқ, талантты, жоғары деңгейдегі кәсіби кинорежиссер. Фильмде жаныңды шыңғыртатын адам қасіреті бар. Кәусар бұлақтай таза лирикалық нота бар. Фильмге мен ең жоғары баға берер едім» деп жазды «Кинофорум» журналында. «Қыз жылаған» қазақ жеріндегі ядролық сынақ қасіреті туралы тұңғыш түсірілген көркемсуретті полотно болды. Ол қазақ киносының «Алтын қорына» қосылды.
Кинорежиссер Нарымбетов осы кезеңнен бастап біржола қазақ тарихындағы күрмеуі қиын күрделі «ақтаңдақтар» тақырыбына құлаш ұрды. Советтік кезеңдегі ең қайшылықты да саяси даулы тұлға Мұстафа Шоқай тұлғасы болатын. Өйткені, Мұстафа Шоқай советтік коммунистік режимнің қас жауы болды. Өле-өлгенше осы режимге қарсы күресті. Сондықтан да КСРО құламай Шоқай туралы әңгіме қозғау мүмкін емес-ті. Қозғала қалса, Шоқайды тек «№1 жау» ретінде ғана қаралауға рұқсат етілетін. КСРО құлап, Қазақстан өз тәуелсіздігін жарияласымен Мұстафа Шоқай тұлғасы күн тәртібіне қайта шықты. Шоқай туралы 70 жылға созылған біржақты кеңестік қаралау доғарылып, алыптың Отанында Алаштың азаттығы үшін алыста жүріп алысқан арыстан тұлға туралы ақиқат айтыла бастады. Шоқай туралы шындықты үлкен экран арқылы айту қажеттілігі туды. Жазушы-драматургтер Әкім Тарази, Ермек Тұрсынов сценарийге отырды. Фильмді түсіру режиссер Нарымбетовке жүктелді. 2008 жылы «Мұстафа Шоқай» көрерменге жол тартты. Халқымыз үшін Мұстафа Шоқай тұлғасының үлкен экранға шығуы Алаш үшін алыста жүріп алысып арманда кеткен алыптың араға 90 жыл салып елге қайта оралуындай еді. Мұстафа тіріліп келгендей болды. Алыптың аруағы халқымен қайта қауышты. Кино өнерінің құдіреті осы. Тарихты көз алдымызда іңірде пері көшкендей сыңсытып тірілтуінде. Аруақтарға «жан бітіріп» көз алдымызда сөйлетуінде. Экран өнерінің осы бір ерек қасиетін әлемнің алдыңғы қатарлы елдері ерте байқапты. Ешқандай тарих оқулығы жетпейтін құрлықтар мен ендіктерге, ұлттар мен ұлыстарға экранның жұрттан бұрын жететін ерекшелігін байқапты. Сондықтан қалталы елдер өз тарихын /яғни өз иделогиясын/ экран арқылы насихаттауға қомақты қаржы салыпты. Нәтижесінде бүгін біз / яғни бүкіл халқымыз/ шетелдік сериалдарды таңдай қағып тамашалап отырмыз. Өзгенің өмір салтын, тарихын тамашалап отырмыз. Ешкімнің тарихынан кем соқпайтын даңқты Ұлы Дала тарихын экрандап үлгере алмай жатырмыз. Құдайға шүкір, бүгінгі қазақ қоғамында осы олқылықтардың орнын толтыруға деген үлкен ұмтылыс бар. Тарихи-патриоттық фильмдерге деген үлкен ұлттық сұраныс бар. Бұл біздің, біздің ғана емес, ата-бабамыз Алаштың «Мәңгі ел» болуға деген мәңгілік арманынан туса керек. Бұл ұлттық түлеуге деген ұмтылыс. Бұл үдеріс бүгінде басталып кетті. Қазақ хандығы туралы телесериал түсіруге Елбасы берген пәрменнен басталды. Тарихи-патриоттық санасы жетіліп үлгерген зиялы қауым бұл бастаманы іліп әкетті. Сол қауымның кинорежиссурадағы жетекші өкілі Сатыбалды Нарымбетов болса, осынау тарихи-патриоттық тақырып теңізіне құлаш ұрып ол да жүзіп кетті. «Жығылсаң нардан жығыл» деп тура Кенесары тақырыбын көтерді. Немесе сталинизм тұсында сол тақырыпты қозғаймын деп 25 жылға сотталған тарихшы Ермұхан Бекмаханов тақырыбын көтерді. Тарлан тарихшы Бекмаханов сталинизмнің қылышынан қан тамып тұрған кезде Кенесары тарихын жазған болатын. Азуын айға білеген болатын. Кеңес заманының Кенесарысы болған еді. Осы екі алыптың екеуі де империялық қиянат құрбаны. Ұзақ толғатып Сатыбалды сценарийді өзі жазды. Азаттық үшін күрес – желбіретіп ту байлап, желкілдетіп ат сайлаған Кенесарыдан қалған аманат. Сол аманатқа тарихшы Бекмаханов адал болды. Сол адалдығы үшін де сайқал саясаттың құрбаны болды. Сол аяулы тұлғалар аруағына Сатыбалды да адал қызмет етті. Өткен жылы өмірге «Аманат» атты фильм-трагедия келді. Төл тарихына шөліркеп отырған жұрт «Аманатты» құшақ жая қарсы алды. Өйткені, «Аманат» бұрын экранда ашылмаған репрессия жылдарының шиқанды шындығын қанын сорғалатып көз алдымызға жайып салған еді. Әсіресе, Хан Кене аруағын қорғаған Ермұхан тәрізді арысты Ғылым академиясындағы сол талқылауда шибөрілердің шуылдап талауы адамның төбе шашын тік тұрғызатын көрініс еді. Көз алдымызда коммунистік сайқал саясатқа құл болған «Қазақ қасіреті» атты спектакль жүріп жатады. Сатыбалдының сұңғыла суреткерлігі арқасында сол дәуірдің сорақы шындығы көз алдымызда көлбеңдеп тіріліп сала берді. Көрермен сол саяси сорақылық шындығына сүңгіп шығады. КГБ жендеттері қинап жатқанда Ермұхан /актер Берік Айтжанов/ естен танады. Сол кезде Хан Кене аруағы келеді. Алаштың құлаған туын тіктеймін деп аласұрған қазақтың соңғы ханы! Ат белінен түспеген арыстан тұлға! /оны да Берік Айтжанов орындайды/ Хан Кене жорықтары фильмде тамаша көрініс тапқан. Ұлы Даланың қарғыбауға көнбеген еркін көкжалы дерсің. Айға шауып мерт болған арыстаны дерсің.
Тарлан режиссер осылайша ұлт тарихының сыздауықты тақырыбын алдымызға тартады. Ұлы Даланы дүбірлетіп өткен алып тұлға тарихын тірілтеді. Экран алдында отырған көрермен осынау екі сағаттық дәріс барысында өзінің де алыптанып, іріленіп бара жатқанын байқайды. Осындай үлкен идеялар үшін күрескен кешегі ірі қазақтар ұрпағының бүгінде ұсақтауға хақы жоқ екенін ұға бастайды. Фильм өнегесі осы. Тарихи-патриоттық тәрбие. Фильмде Хан Кененің каһармандық тарихы, кешегі сталиндік сайтани саясатпен қоса өріледі. Бір адам тағдыры ұлт тағдырына ұласады. «Аманат» – Сатыбалды талантының толысқан шағында бұрқ ете түскен отшашудай. Қалам мен камераны қатар ұстаған суреткер ұлт алдындағы аманатын абыройлы атқарған. Осы фильм бір ой қозғайды. Сананы соншалықты сілкіген осынау күш-қуатты режиссер қайдан алып жатыр деген. Сондықтан да фильм біткеннен кейін режиссерді көргісі келіп мойын созғандар аз болмады. Көрермен экранда арыстандай арпалысқан алыптарды сомдаған режиссердің өзі де оңай болмас деп күтсе керек. Сөйтсе, көрермен көзі түскен режиссер – бір қатпа қара арық «ағашка». Кепкасы өзінен үлкен. Темекі тарта-тарта бойында бір шайнам ет қалмаған. Қалса ысталып қақталып қалған. Еңсе көтермейді. Еңкеңдеп жүреді. Бой жасырған шын жүйріктерше. Осы – Сатыбалды. Экран арқылы дүниені дүбірлеткен Созақтан шыққан Сатыбалды. Ал көрермен болса мойынын созып әлі қарап тұр. «Ойбай-ау, сонда манадан бері мына экранды дүбірлеткен жастық жігер, жолбарыс жалын, арыстан айбат, мына «ағашканың» қай жерінен шықты екен?» деп қарап тұр. Көрермен солай ойлайды. Бірақ біз олай ойламаймыз. Өйткені, біз жастық жалыны сөнбегендер санатындамыз. Бірақ жылжып өткен жылдар ізі ойда да, бойда да сайрап тұр. Ел ағасы жасқа келген Сатыбалды өмір жолында мына дүрбелең дүниеден бөлек, өз қиялындағы бір оқшау сәулелі өнер әлемінде келеді. Анық басып асықпай, аптықпай келеді. Бағытынан жаңылған емес. Алыс-жұлыс арпалыстардан аулақ келеді. Өз ойымен өзі. Оңаша. Өзге дүниеде не болып жатыр? Онда шаруасы жоқ. Темекісін сорып қойып оқшау ой қанатында келеді.Пендешілік дегендерден арылған, тазарған. Аруақтай жеп-жеңіл, тақуа болмыс кейіпте. Адам баласына қиянаты жоқ.Тіптен, адам атына ауыр сөз айтуға жоқ. Осындай тақуа тазалыққа күндіз-түні Хаққа құлшылық еткен сұпылар ғана жетеді деуші еді. Ал мына қасымызда жер басып жүрген Сатыбалды қалай жеткен бұл халге?! Белгісіз. Намаз оқып та жатқан жоқ. Жүз грамға да кетары емес. Сонда бұл осынау сирек рухани, ұждани пәктік сыры неде?! Жұмбақ. Сатыбалды жұмбағы. Оны шешпек болсаңыз бұл сұрақ сізді жетелеп тектілік тамырына, яғни оның туған топырағына алып келеді. Туған жері – мына жағы – Яссауи, ана жағы – Арыстан баб, ана жерде Баба түкті шашты Әзиз, мына жерде Қарабура әулие жатқан, Ысқақ баб, Үкаш ата жатқан, қазақтың ұлы хандары мен билерінің жамбасы тиген киелі топырақ. Әрбір тарихи киножобаға бармастан бұрын Сатыбалды сол аруақтар басына барып, мал шалып, Құран оқытып, жолын ашуды Жаратушыдан сұрап жүретін. Мүмкін, сол тілектерін Жаратқан Иесі қабыл еткен болар… Танымал таланттың, осылайша, ғұмыр сапарында өнерімен қатар, өмір үлгісімен де төңірегіне өнеге нұрын таратып жүргені қандай ғанибет!