ҚАЗАҚ КИНОСЫНДАҒЫ ӘКЕ БЕЙНЕСІ
04.03.2016
2799
0

5655656565656Қазақ киносындағы отбасының, әке мен ананың, ұл мен қыздың, келін мен ата-ененің орны қалай бейнеленгенін айтсақ, сөзсіз, қоғамның бет-бейнесін, ұлт менталитетінің қаншалықты өзгеріске ұшырағанын анық көруге болады. Ұлттық кино тарихына көз жүгіртсек, әкенің бейнесі белгілі бір уақыттың, адамдардың психологиялық, моральдық-этикалық, тіпті тарихи құндылықтарының бағдаршамы іспетті рөл атқаратынын байқау қиын емес. Ғасырлар бойы өмір сүріп келген қазақтың отбасылық институтында әкенің орны өте маңызды екені белгілі. Қазақ ұғымында әке тек бір отбасының тірегі ғана емес, жалпы ұлттық болмыстың, ұлттық мінездің сақтаушысы әрі қорғаушысы ретінде қабылданды.

Яғни тұтас ұлттың тағдыры әкенің бі­тім-бол­мысы мен рухани кеңістігімен тығыз байланысып жатты. Сондықтан кино өнерінің бүгінгі және кешегі тари­хын­дағы әке бейнесін талдау тек эк­ран­дағы әке бейнесінің ғана емес, біз өмір сүріп жатқан қоғамның, ұлттық бол­мыс­тың, халық дү­ниетанымының қаншалықты өзгеріске ұшы­ра­ға­нын немесе ұшырамағанын аңғаруға мүм­кіндік беретіні сөзсіз.

Қазақ киносының алғашқы онжыл­дықтарында әкенің бейнесі «жағымды», «жағымсыз» кейіпкер ретінде кеңестік идеологияның аясында қарасты­рыл­ды. «Жағымды» әке – ол міндетті түрде кең­ес үкіметінің белсендісі, адал қызметші­сі, ал «жа­ғым­­сыз» – сөзсіз бай-болыс жә­не жаңа үкіметтің «ата жауы». Әрине, бұл фильмдердегі қазақ отба­сын­дағы әкенің орны идеологиялық мазмұннан аса қоймайды.

Қазақ киносындағы әке бейнесінің ұлттық болмысқа жақын «алтын кезеңі» 1960-1970 жыл­дар­мен тұспа-тұс келді. Кө­рермен осы жылдары түсірілген «Тұл­пар­дың ізімен», «Менің атым Қожа», «Қи­лы кезең», «Арман – атаман», «Қыз Жібек», «Гаухартас», «Атамекен», «Мән­шүк туралы жыр», т.б. фильмдердегі әке болмысынан сабырлы­лық пен ірілікті, парасаттылықты көреді. Экран­дағы әке болмысымен ұштасып жатқан ұлттық бояу­ды іздегіміз келсе, ылғи осы шығар­маларға жү­гі­нетініміз де сондықтан.

Жалпы, қазақ киносындағы әкенің бей­несі туралы арнайы зерттелген ең­бек­­тер  жоқтың қасы ­деуге болады. Кинотанушы Гүлнар Әбікееваның «Нациостроительство в Казахстане и других странах Центральной Азии, и как этот процесс отражается в кинематографе» атты монографиясында (2006) мемле­кеттің  жай-күйі мен ұлттық бол­мыс­тың метафорасы ретінде әкенің кинематогра­фия­лық бейнесінің өте маңызды роль атқаратынына назар аударады. Алайда, мұнда 1960-1970 жылдары түсі­ріл­ген қазақ фильмдерінен тек «Атамекендегі» (1966, сц.авт. О.Сүлейменов, реж. Ш.Айманов) Елубай Өмірзақовтың кейіп­кері ғана қарастыры­лады. Біздіңше, қа­зақ киносындағы әкенің, оның  ұлттық болмыстың тірегі ретіндегі көрініс табуы тек «Атамекен» фильмімен ғана шектелмейді.Ұлттық дүниетанымдағы әкенің бейнесі дегенде «Тұлпардың ізімен», «Қыз Жібек», «Мәншүк туралы жыр», «Гаухартас» фильмдеріндегі  қазақ  теат­ры мен киносы­ның ұлы актері Кәу­кен Кенжетаев сомдаған кейіп­керлерді  де  ұмытпауымыз  керек. Қазақ  кино­сын­­дағы әкенің бейнесі  туралы мәселе қозғал­ғанда бұл  фильмдерді айтпай өту­ге болмайды.

Бұл фильмдердің жұлдызы жарқы­рап, қазақ өнері мен мәдениетінің тарихында қалуына – режиссер, сценарий авторы және актер деген шы­ғар­машылық үштіктің рухани үйлесімділігі әс­ер ет­­кені даусыз. Бұл рухани үйлесімділік ха­лық­­тық мінезбен, болмыспен, ұлттық тамырдан ажы­рамаған. Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақ­баев, Сұлтан Қожықов, Шәріп Бейсембаев секілді режиссерлер мен Ғабит Мү­сірепов, Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази, Бердібек Соқ­пақ­баев, Дулат Исабеков, т.б. қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері басы-қасында жүрген бұл фи­льм­­дерде автордың идеясы, айтар ойы актер сомдай­тын кейіпкердің болмысымен ұштасып жатты.

Сонымен Кәукен Кенжетаевтың сом­дауын­дағы «Тұлпардың ізімен» филь­міндегі (1964, сц. авт. Ә.Тарази, реж. М.Бегалин) Танабайдың, «Мәншүк туралы жырдағы» (1969, сц.авторы А.Михалков-Кончаловский, реж. М.Бегалин) Мәншүктің әкесінің, «Қыз Жі­бектегі» (1970, сц.авт. Ғ.Мүсірепов, реж. С.Қожықов) Төлегеннің, «Гаухар­тастағы» (1975, сц.авторы Д.Исабеков, реж. Ш.Бейсембаев) Тастанның әкесінің бейнесі қандай қырымен ерекшеленді?

«Тұлпардың ізімен» фильміндегі ата-ене мен келін, келін мен күйеуі, әке-шеше мен ұлы арасын­да бірін-бірі үнсіз ұғып, үнсіз сөйлескен «тылсым-тыныш­тықтың» психологиялық сипаты әкенің бітім-болмысымен, қас-қабағымен тікелей байланысты. Өзге кейіпкерлер сияқты ол да үнсіз. Бірақ бұл үнсіздіктің астарында қатал мінез бен сабыр­лы­лық байқалады. Ұлы мен келіні арасындағы рухани алшақтық, Жауһаздың ішкі жан-дүние­сіндегі қарама-қайшылықты (Тұрардан көңілі қалуы, ата-енесін қимай сергелдеңге түсуі) сезсе де, ұлына да, келініне де жаны ашып, іштен тынады. Әке болмысындағы сабырлылық, сөзге сараң­дық, көзқарасы мен қас-қабағы оның ішкі рухы мықты адам екенін сездірді.

Кәукен Кенжетаевтың сомдауындағы боранды түнде жоғалған қойды іздеп шыққан ұлының дала заңынан, адамдық қасиеттен аттап, жанындағы серігін тастап кеткен қылығын жазғырған әкенің қас-қабағы мен қатал көзқарасы­ның өзі-ақ адам сотынан гөрі ардың соты әлдеқайда ауыр екенін аңғартады. Өйткені, ол– ұлан-ғайыр ен даланың барлық заңын тұла бойына сіңірген адам. Ал оның ұрпағы (Тұрар) сол заңды бұзды, ен далада кез келген сәтте кез­десе­тін сын сағатта солқылдақ­тық танытты. Сценарий авторы Әкім Тарази мен режиссер Мәжит Бегалин Кәукен Кенжетаевтың кейіпкері арқылы ғасыр­дан-ғасырға жалғасып келе жатқан қа­зақ­тың мінезін, болмысын көрсетеді.

Кәукен Кенжетаев сомдаған тағы бір әке бейнесі «Мәншүк туралы жыр» фильмінде (1969) көрінеді. Фильмнің өн бойында Мәншүктің рухани діңгегі, дүниетанымы әкесінің бейнесімен тығыз байланыста беріледі. Фильмде Мәншүк пен әкесінің ата-баба мазарлары, балбалтастардың арасымен келе жатқан көрініс бар. Осы көріністе әкесін мұқият тыңдап келе жатқан Мәншүк бірде жымияды, бірде мұңаяды, енді бірде тіпті таңыр­қап, әкесіне көз алмай қарайды. «…Ер туып, ел қор­ғаған ата-бабаң, бұл күнде ізі жатыр…» дейді кадр сыртында домбыраға қосылып айтылатын өлең жолдарында. Олай болса, «ер туып, ел қорға­ған ата-бабаның» ұрпағы Мәншүктің ержүрек болмауы мүмкін емес. Кәукен Кенжетаевтың сом­дауын­дағы әке бейнесі бұл фильмде де Мән­шүк нәр алған ұлттық дүниетанымның, ұлттық бол­мыстың қайнар көзі.

«Қыз Жібек» фильміндегі  Жібек пен Төлегеннің әкелері (Сырлыбай мен Базарбай) – кеңес кино­сындағы бай-ма­нап, хандардың бейнесіне тіптен қа­рама-қарсы кейіпкерлер. Бұған дейін кеңес идеологиясы таңып келген бай­дың, ханның бейнесі – ел-жерді қанаған, әділетсіз, пасық, бір сөзбен айтқанда, «жағымсыз» кейіпкердің бейнесі болуы керек-ті. Алайда, «Қыз Жібек» фильмін­дегі Сырлыбай мен Базарбайдың бей­не­сі кеңес кинематографындағы қатып қалған қағида­да ­не ­дәуір алшақ кетеді (әрине, бұның алдында «Қилы кезеңдегі» Жүніс пен «Қараш-Қараш» фильміндегі Жарасбайлар болды).

Кененбай Қожабековтың Сырлыбайы – ел мен елдің, ер мен ердің та­ту­лы­ғын, бірлігін ойлаған әрі ел басқарып отырған даланың ақылды, сабырлы, данагөй аристократы болса, Кәукен Кенжетаев­тың Базарбайы – алдында мыңғырған малы бар, ен далада көшіп-қонып жүрген бай ғана емес, сонымен бірге, шет ел саудагерлерімен терезесі тең экономикалық байланыс орнатқан, бірнеше тіл білетін, бүгінгінің тілімен айтқанда, ірі капи­талисі.

Базарбайдың анау-мынауға иіле бермейтін өр мінезінің астарында мейі­рім жатқаны бір ғана кадрда, онда да қас-қағым сәтте тамаша беріледі. Төле­ген жатқан киіз үйдің босағасынан аттап, ішке еніп келе жатқандағы бір сәтте жүзінде әкелік мейірім, жылы жымиыс пайда болады. Дәл осы кезде ел билеген адуынды адамнан гөрі, күнделікті өмірдегі қарапайым әкенің адами болмысы көрініп қалады. Алайда, артынша жүзінде қайтадан қаталдық пайда болады, ішке кіремін деген райынан қайтады да, кері бұрылып кетеді. Қас-қағым сәт­те бір сезім екіншісіне ауысып үлге­реді. Актер шеберлігінің ғажаптығы сонша, кадр­да артық сөз айтып жатуды талап етпейді. Бұл жерде ең маңыздысы – ак­тер­дің көзі, дене қоз­ға­лы­сының пластикасы мен жүзінің өзі ішкі сезім иірім­дерін анық байқатады.

Қазақ кинотану ғылымында Базарбай бір­бет­кей, қатал кейіпкер ретінде ғана қарастырылып келді. Алайда, бұл Базарбайдың бейнесі туралы біржақты көзқарас. Ол – қай жағынан алып қара­саңыз да, көпқырлы, сан астарлы, өте күрделі кейіп­кер. Шағын эпизодтың өзінде Базарбай өте қатал ел басқарушы, әрі саясаткер, әрі іскер, тіпті қас-қағым сәт­тің өзінде мейірімді әке ретінде көрі­ніп үлгереді.

«Тұлпардың ізімен» және «Гаухартас» фильм­де­ріндегі әке мен бала арасындағы рухани байланыста айырмашылық өте көп. «Тұлпардың ізімен» фильмінде әке мен бала болмысының арасында ру­хани алшақтық жатқанын жоғарыда айтып өт­тік. Яғни баласы әке ұстанған дала за­ңына қарсы шықты, қасындағы се­рігін боранды түнде жалғыз қалдырып кетті. Баласының қорқаулығы, сатқын­дығы мен ездігі әке болмысына, дүние­танымына тым жат, тым бөтен. Әке – балаға сыншы. Әкесі Тұрарға сынап қарайды. Іштей тынады. Әке тарапынан айтылып жатқан артық сөз жоқ. Бірақ ак­тер­дің бет-жүзінің, көзқарасының, қас-қабағы мен қимыл-қозғалысының өзінде-ақ барлығы сайрап жатыр.

Ал «Гаухартастағы» әке мен бала арасында керісінше рухани үйлесімділік сезіледі. Әсіресе, бұл Тастанның  бейне­сі­мен  байланысты. Тастан – Тұрар­ға мүл­дем қарама-қарсы  кейіпкер. Екеуінің  болмысы екі түрлі. Екеуі де көп сөйле­мейді, тұйық. Бірақ бұл екі түрлі тұйық­тық. Тұрардың үнсіздігінің астарында оның пасық, қорқау  болмысы  жатыр.  Ал Тастан­ның  тұйық  мінезінің  астарында  әкесінің  дүниетаны­мы­мен ұшта­сып жат­қан мықты рух бар. Тұрар Жау­һаз­ды «енді біз қой бақпаймыз» деп жұбата­ды, ал Тас­тан керісінше, әке ісін жалғастырушы ұрпақ.

Екі фильмдегі де әкенің тағдыры елдің тағды­рымен тығыз байланысты. «Гаухартаста» Кәукен Кенжетаев пен Кененбай Қожабековтың кейіпкер­лері­нің арасындағы өте маңызды диалог бар. Екі актердің сомдауындағы ақсақалдар әңгімесі кеңес үкіметімен тұспа-тұс кел­ген тұтас бір ұрпақтың тағдырын меңзей­ді. Әңгіме барысындағы дауыс ырғағы, интонация, пауза, көзқарас, мимика, барлығы да қазақы әрі шынайы.

Қабен «сол үкіметке қызмет еттік қой» дейді. Алғашында қуана қабыл­даған үкіметті «біздің үкімет» демейді, «сол үкімет» дейді. Екеуі де кеңес үкіметінің қазақ жеріндегі әр қадамына куә, әрі ол үкіметтің қазаққа қандай қасірет алып келгенін жақсы біледі. Қанша жерден кеңес үкіметіне жұмыс істесе де, іштей бәрібір сол үкіметтің көзсіз жауынгері болған жоқ. Бұл, әсі­ресе, Кәукен Кен­же­таевтың кейіпкеріне тікелей қатысты. Қабен оған «Енді өзің сол Мысырбайға айналып барасың» дейді. Осы тұста тағы да қарама-қайшы­лық туады. Қабеннің бүкіл болмысы оның шолақ белсенді емес екенін сезді­реді. Бірақ ол уақыттың ағымына қарсы келмейтін, өз заманының адамы. Ал Кәу­кен Кенжетаевтың ата-баба рухына берік кейіпкері уақыттың өзі таңып отыр­ған өзгеріске іштей қар­сы. Бұл жерде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген дәстүр мен сол дәстүрге қарама-қай­шы келетін жаңа кезеңнің арасындағы текетіресті көруге болады.

«Гаухартастағы» әке бейнесі – Кәу­кен Кенжетаев сомдаған ұлттық дүние­таным­дағы әкелер галереясының соңғы тұяғы іспетті. Шындығында, осы фильмнен соң дәл сондай әке бейнесі қазақ киносында пайда бола қойған жоқ. Ендігі жерде әке­лер болмысы біртіндеп өзгере бастайды.

Соңғы жиырма бес жыл ішіндегі қа­зақ фильм­дерінің көпшілігінде кейіп­кер­лер әкесінен гөрі анасымен байланыста. Экраннан көрінген әке мен бала ара­сында рухани байланыс жоқ, қаза­қылық­қа жат ызғар еседі. Мысалы, Д.Өмір­баев­тың көптеген фильмдерінде кейіпкерлер тек анасының жанында жүреді. Әке «Кардиограмма» фильмінің басында ғана көрінеді. Онда да баласы екеуінің арасында жылы қарым-қатынас сезіл­мейді. Немесе С.Апрымовтың «Қиян» фильмінде көп балалы әке әйелінің айтқанынан шықпайтын, намысы, рухы жоқ кейіпкер. «Ақсуатта» басты кейіп­­керлердің әкесі жоқ, бірақ ауылды «ашса ала­қанында, жұмса жұдырығында» ұстайтын қыздың  әкесі бар. Бірақ оның  ауылы  Кенжетаев­тың кейіпкерлерінен тым алшақ. «Аңшыда» – өгей әке, «Бауырда» баланың әкесі басқа әйелге үйленіп кеткен, ұлымен араласпайды. Э.Байғазиннің «Асланның сабақтары»фильмінде басты кейіпкер әжесінің қолында тәрбиеленіп жатыр (әкесі туралы ешқандай хабары жоқ, шешесі қалада жұмыс істейді). Ә.Ержановтың барлық фильмдерінде кейіпкерлері – әке-шешесі жоқ, жетім балалар. Н.Төребаевтың фильмдерінде кейіпкердің әкесі туралы бірде-бір сөз қозғалмайды. «Шлагбаумда» да (реж. Ж.Пошанов) сол жағдай – бірінің әке-шешесі жоқ, екіншісінің әкесі – бүгінгі заманның ауқатты адамы. Бірақ олар­дың да арасында рухани байланыс үзілген.

Ал Кәукен Кенжетаев сомдаған рухы мықты әкелер бейнесі – ұлттың діңгегі, отбасының ұстыны ретінде көрініс тапты. Бұл бейнелер қазақ әкелерінің экрандағы тарихи бейнесі ретінде берік сақталатыны сөзсіз. Келешекте қазақ киносында осындай әкелер бейнесі пайда болса, онда жоғалып бара жатқан рухпен қайта қауышар едік. Себебі, кинодағы әке бейнесі – ұлттық бол­мысы­мыздың көркемдік сипатын айшықтайды.

 

Назира Рахманқызы,

кинотанушы,

Қазақ Ұлттық Өнер

университетінің доценті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір