Сәлем саған, жас буын, жалғастарым!

Әбу Сәрсенбаев
Ардақта, ана тіліңді!
(Ахмет Байтұрсынұлы монологі)
Балғын ұрпақ, жолыңа нұр тіледім,
Аулақ болғай сендерден мұң сілемі.
Ана тілін қорсынар кейбіріңнен,
Жәбірленіп, жаныммен түршігемін.
Көшкен елмен өмірдің күн шуағын,
Кейде ауыр ойлардан тұншығамын.
Ана тілім – қасиетім жырымдағы,
Тілім бітсе, халқымның құрығаны.
Сәлем саған, жас буын, жалғастарым,
Болашақта сендермен жалғасамын.
Тек жалғасам қазақтың тілі арқылы,
Ана тілін ауадай ардақтағын!
Сақтар болсаң халқыңды – тілді сақта,
Баға жетпес мұра жоқ тілден басқа!
Тілден өзге жиһаздың бәрін түгел,
Базарлайсың қалтаңда ақшаң жатса!
Авал шыңында
Мұнартып Авал тұр биік,
Шаншылып көкке найзадай.
От өріп аспан төсінде,
Жалтылдайды найзағай.
Қарсы алды бізді бұл тұста,
Түн қатқан бір топ партизан.
Толықсып кеткен жас қызға,
Өмір тілеп қарт имам,
Үш саусағы маңдайда
Күбірлейді: «Тәңірім,
Қызымды емес, өзімді ал,
Жетеді ғой әмірің!
Бүлдіршін еді, не көрді ол?
Солдырма гүлін бақшаның!
Өшірме, тәңірім, өтінем,
Жалғызымның ақ таңын!
Оқ атты, рас, дұшпанға ол,
Абырой-арын қорлаған…
Күнәкәр ме екен алдыңда
Өз бақытын қорғаған?..»
Қарт имам солай зарлайды,
Жас жуып аппақ сақалын.
Ал бірақ тәңірі меңіреу…
Ұққан ба зарын атаның!
Қызыл гүл солып барады,
Күн еңкейген ұяға.
Қасірет бұлтын бүркеніп,
«Тас батыр» тұрды қияда.
Жаралы жатыр талықсып,
Ұмытып келер қызығын.
Батар күн ұрлап кеткендей
Беттегі нұрдың қызылын,
Бейне бір аппақ шүберек.
Барады демі тарылып.
Көкірегінде жау оғы,
Тоналып біткен бар үміт!
Уа, дәрігер, – дейді қарт әке,
Тәңірден мүлде түңіліп…
Соңғы рет көзін ашты да,
Жас өмір кетті үзіліп.
Мүмкін, ол әлгі қараста
Авалдық шолды асқарын.
«Тас батыр», қыз да қызықты
Халқына қиды ақ таңын!
« Әділетсіз тәңір!» – еңіреп,
Жалғызын құшты қарт имам.
Жасыңды тый да дұшпаннан
Кек ізде, кәрі партизан!
… Аруды жерлеп Авалға,
Біз ілгері ұмтылдық.
Төменде Белград қаласы,
Көк түтінге тұр тұнып.
Жау оғы жолды кессе де,
Бөгелер емес партизан.
Сақалы тудай желбіреп,
Кек іздейді қарт имам!
Авал, 1944
Ақ көгершін
Ақ көгершін азығын,
Қолыңнан бердің, бөбегім.
Ал сені де ана жанының
Көгершіні дер едім!
Әсем ғой ақ құс өзіңдей,
Қызыға күліп қарайсың.
Қатерді әсте сезінбей,
Қауырсын жүнін тарайсың.
Толқиды ол қақса қанатын,
Төбеңде лентаң көгілдір.
Жайдары неткен, жарасым,
Көзінде жайнап өмір – нұр!
Сүйсіне қарап сыртыңнан,
Анаң тұр тосып білегін.
Білегі емес толқынған,
Тосуға дайын жүрегін.
Қондырып құсты жас талға,
Шаттана шалқып қарадың.
Көгершін ұшты аспанға,
Көтеріп өмір талабын.
Бақытты күлкі көзінде,
Саусақпен көкті нұсқайсың.
Бүлдіршін – бөбек өзің де,
Ақ құсқа сонау ұқсайсың!
Ақша бұлт
Ақша бұлтым, айтшы маған,
айтшы маған, келдің қайдан?
Кәрі әжемдей айтшылаған,
неге бейқам кездің, майдан?
Жеткен бе әжем ақ шашымен
мені аялап таң алдында,
Әлде Алатау ақ төсінен күн
сүйгенде жаралдың ба?
Мүмкін, бір сәл кесте тігіп
отырғанда Ақбілегім,
Асау құйын кеткен-ді іліп
алдындағы жібегін.
Ақша бұлтты әлем биік,
әкетпе алыс, орал, ағын,
Мүмкін, жарым сәлем түйіп
ұшырған-ды орамалын?
Мен сезімде ұйып тұрмын,
тербе бұлтты жел ерінбей,
Желкілдесін сүйіктімнің
кір шалмаған желегіндей!
Баяула жел, көп есілмей,
қума бұлтты, төзесің бе?
Ақ қанатты көгершіндей
тұрсын солдат төбесінде!
Ақ мамық, бұлт, қон алдыма, қайда кеттің?
Аядың ба –
Ақ марлы боп оралдың ба
әлде оқ үзген аяғыма?
Мүмкін, елге алып ұштың
жауынгердің сағынышын,
Айқасты да ол, жалынышым,
сенің арман-бағың үшін!
Ақша бұлтым, аялдамай
көз алдымнан ұштың ұзап.
Жаралы деп баяндама, күтсін мені,
күтсін ұзақ!
Сен құрметте оны
Сен құрметте оны!
Түсіндің, бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын.
Еріккеннен ұстап та жүрген жоқ,
Қолтықтағы ұзын таяғын.
Кеше елге қатер төнгенде,
Ол жауға қарсы шапты,
Бізді жалмамақ болған ажалды,
Өр кеудесімен қақты.
Ол арыстанша алысты,
Өлім соққысын өз үлесіне алды.
Денесін оқ пәршелесе де,
Ел намысын қорғап қалды.
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Сенің келешегің үшін берді ол,
Азаттық, жолында аяғын!