КЕНТАУДЫҢ ОЙЛЫ ӘНДЕРІ-АЙ!
Ол әуелетіп ән шырқап қана қоймай, әдемі әуендерді де дүниеге әкеледі. Ұлттық нақышты әуез бен ырғақтан іргеміз аулақтаңқырап, ажырай бастаған бүгінгі кезеңде, халықтық сазды сарынды сақтап жүрген саусақпен санарлық композиторлардың бірі. Қазақтың арғы-бергі әдебиетін де, өнерін де бір кісідей-ақ зерттеп, зерделеген, бұл тұрғысында ой айтса, негіздеп айтатын академик, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің лебізіне жүгінейік.

«Кентау Назарбек шығармашылығы Ақан сері, Біржан сал мектебінің соңғы тұяғындай көрінеді. Екінші айтарым, Кентаудың туындыларын тыңдаған кезде ұлы Абай мектебінің заңды жалғасы екенін байқадым», – депті дуалы аузымен Астанадағы Конгресс хол сарайындағы концертінен кейін. Сол сөзіне күллі көрермен қол соққан.
Осындайда Кентауды алғаш қашан көрдім, қалай жақындастым деген сауал көлденеңдейді екен. «Одан бері қанша жыл өтті, ол қай кез еді» деп ойланатын жағдайға жеттік. Зымыраған уақыт алды-артымызға қарайлауға мұрша бермей қуалап бара жатқандай көрінетін мына заманда, әйтеуір, адасып қалмай жүрміз ғой. Сатирик-жазушы, ақын Толымбек Әлімбекұлының асабалық қырымен де даңқы дүрілдеп, қолға ұстатпай жүрген жұлдызды шағы еді. Қазығұрт жақта өткен үлкен бір жиында басымыз қосыла қалыпты. Толымбек сонда, «Композитор, Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының тумасы» деп таныстырып, домбырасымен елдің алдына шығарған. Көппен бірге Кентаумен осылай жүздесіп, танысып едім. Содан Алматыға бірге қайттық. Ұлан жолдың бойында, Толымбектің «тайотасының» артқы жағында қатар отырып, салған әндеріне әбден елтіп, мейірім қанбай, үйге ертіп келдім. Ол үш күн, үш түн тоғызыншы қабатта ән салды. Бұл маусымның шілдеге ауысар шағы еді. Күндіз де, түнде де балконның есігі мен бөлменің терезесін айқара ашып тастадық. Кештете асқақ Алатаудың қойнауынан лекілдей ескен саумал самал Есентай өзенін қуалап келіп, бетімізді аймалайды; Кентаудың шырқап салған әнін сыртқа, кең аспанға қарай қалықтатады. Қысқасы, үш күн бойы орындауындағы өз әндері мен қоса, халық композиторларының әндерін де көрші-қолаңдармен құлағымыздың құрышы қанып тыңдадық-ау! Арасында әңгімеге де кезек берген. Әлбетте, өзі, өскен ортасы, айналасы туралы сөз еткен. Абай тірлік кешкен қасиетті топырақта дүние есігін ашыпты. Бала жасынан өнерге құштар болып өседі. Сурет те салады. Семей педагогикалық институтының көркем-сурет факультетіне оқуға түседі. Бәрібір бойындағы әнге деген құштарлығы басым екен, «Анамның тілі», «Анама» деген алғашқы әндерін шығарады. Алайда әлдекімдер қағытып, «сенікі жай ет пен терінің арасындағы желік қой, әйтпесе қайдағы ән?» дейді. Ондайда өршеленіп кететін намысқой мінезі дес берсін бе, не болса да әндерімен күллі қазақ даласын тербеп жүрген Теміржан Базарбаев ағаға барайыншы, сол кісінің лебізін өз аузынан естиін, егер көңілін селт еткізбесе, онда әрмен қарай ән шығарып әуреленбей-ақ қояйын дейді. «Ауылым» әні радионы да, теледидарды да бермей дәуірлеп тұрған мезгілі екен бұл. Бұрын Теміржан ағаның қасына жақындап көрмесе де, кездесулер мен театрға барғанда анадайдан көріп жүретін. Кекірейіп тұрмайды, анамен де, мынамен де жаны жадырап сәлемдесіп, сөйлеседі. Ағамен телефон арқылы тілдесіп, кел деген уақытынан бір минут та кешікпей қызмет істейтін музыкалық училищеге барды. Бөлмесінде өзі ғана екен, сәлемдесе салып:
– Теміржан аға, алдыңызға үш әнмен келдім, тыңдап көресіз бе? – деді бірден домбырасының қабын ашуға оңтайланып.
– Ал, кәне, тыңдап көрейік, – деді бірден алдындағы қағазын ары ысырып. Кентау әуелгі шығарған «Анамның тілі» әнін орындады. Қабылдауы дұрыс көрінді. – Енді екіншісін тыңдайын, – деді. Өзі анасына ғана емес, барша аналарға арналған ән болса, жаман бола ма? Теміржан ағаға да ұнағаны жайдары жүзінен байқалды. Бірақ мақтаған жоқ. Ойын «Әндерің дұрыс екен, ұнады, осылай алған бетіңнен қайтпа» деген сөзіне сыйдырып, ағалық ақ батасын берді. «Ауылымнан» басқа да шедеврге айналған әндері, романстарымен атағы жер жарып тұрған Теміржан Базарбаевтай композитордың осы лебізінің өзі-ақ оны арқаландырып жіберді.
– Ол кезде Семейден ұзап шықпаған студентпін. Мен үшін әндері әлемге тарап жатқан Теміржан ағадан асқан дарынды адам жоқтай көрінетін. Екі жүздей ән мен романс жазған композитор. Бірақ мен сондаймын-ау деп кеуде кермейді, елдің бәрімен етене. Әсіресе біз секілді жастарға шынайы жанашыр. Қырық жылдан астам уақыт өнерге ұмтылып, әнге құштар шәкірттеріне тәлім-тәрбие берген ұлағат иесі емес пе, ол кісіні өз басым ұлы ұстазым деп білемін.
Міне, бұл бүгінде ата жасына жеткен, алайда әлі жастардың санатында саналатын Кентау Назарбектің ағынан ақтарылып жеткізген қылаусыз ойы.
Қай өнердің шынайы өкілін алмайық, мейлі ол ақын, жазушы бола ма, әлде әнші, күйші дейсіз бе, жоқ айналадағы әрбір үнге құлақ түріп әуен, ырғақ іздеген композитор ма, бәрі де өз сүрлеуін тауып, даралануға ұмтылады. Сол ышқын, өнерге деген құштарлық Кентаудың алғашқы шығарған әндерінде нышан бергені анық. Оған дәлеліміз өзіне өмір сыйлаған, аялап, әлпештеп өсірген ата-анасына деген сүйіспеншілік сезіміне суарылып шыққан «Бір бәйтерек, бір шынар» әні. Сөзін басқа бір ақын емес, өзінің туған әпкесі Бақыт Назарбекова жазған. Әдетте, «вальс королі» дейтін, ән дүниесінің дүлдүлі Шәмші Қалдаяқов бұрын-соңды болмаған үрдіспен «Ана туралы жырды» жазып еді, араға оншақты жыл салып Ескендір Хасанғалиев бұл тақырыпқа «Анама» деген әнімен бір серпін берді. Одан кейін балалар композиторларының да анаға арналған әндері дүниеге келіп, балғын өнерпаздардың репертуарларын байытты. Әйтсе де әке мен ананы тең қойып, бір ән аясына егіз етіп, жалпы жұртшылықтың жүрегіне ұялатқан ән әлі туа қоймаған екен.
Әйткенмен айта кету керек, әрбір әннің тағдыры болады, сәтті күні бағы жанады. Ол тоғыз ай, тоғыз күн толғақпен жарық дүние есігін ашатын сәби секілді емес, орындаушысы дөп келіп шырқала бастаған шақта ғана қанатын кеңге жаяды. Бұл ән қазақ аспанында қалықтап, халыққа танылған тұста Кентау талай әндерімен танымал болған еді. Сол кезде ғой әйгілі ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Күләш Ахметованың, «Кентау Назарбек ұлтының жанын түсінген, тыңдаушының талғамын өсірген рухы сұлу үздік композиторлардың санатынан» деп ерекше баға беріп, абайлық ақын Төлеген Жанғалиевтің:
Әнші де көп, сазгер де көп бүгінде,
Әуез де жоқ, әуен де жоқ үнінде.
Шыңғыстаудың бар құсының үні бар,
Айналайын Кентау сенің үніңде, –
деп, өлең арнайтыны.
Әсем әуезді әндерге сөз жазудың қас шебері, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Несіпбек Айтұлы осы ойымызды былайша қаузай айтыпты:
«Кентау Назарбек – біздің Шыңғыстаудың, кешегі ұлы Абайдың ізі қалған киелі топырақтан шыққан таланттардың бірі. Көптен бері қазақи әуезді әндер жазып жүрген композитор, қаншама әндері эфирден тарап, шырқалып жүр. Ән сүйер зиялы қауым Кентауды жақсы біледі. Мен де Кентаудың бірнеше әндеріне сөз жазғам, халық жылы қабылдады. Кентаудың халыққа, киелі өнерге берері мол, әлі жас дегендей…»
Несіпбек ағамыз көкірегінен құйылып шыққан бұл сөздерді қашан жазғанын білмеймін. Енді он бес жылдай кері шегініп, сөз қозғасам, Кентаудың Үржар аудандық Мәдениет бөлімі бастығы қызметінен кетіп, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония директорының орынбасары болып жүрген кезі. Талдықорғанда шығармашылық кеш өткізді де, Алматыдан біраз кісілер әдейілеп бардық. Сонда оның «бір бәйтерек, бір шынарға» балайтын әке-шешесімен таныстық. Әсерлі өткен кеш үстінде көзінде нұр ойнап, әбден мерейленген мезетіне куә болдық. Дүйім көрермен әрбір әнінен кейін дүркіретіп шапалақ ұрды, ән салған әртістер де, есімдерін ел білетін құрметті қонақтар да бір-бірінен асырып, мәртебесін өсіретін мадаққа толы арнау сөздерін төкпеледі. Даңғыр-дүңгір музыкаға кәңгір-күңгір сөздер қосылған әнсымақтардан әбден жерініп, жалыққан жұрт дәстүрлі әуендердің аясынан бір мысқал да кері кетпеген Кентаудың әндерімен сағынып қауышқанын қайта-қайта, үсті-үстіне ұрған қол шапалақтарымен көрсетті. Енді осы ойымды әйгілі ақын апамыз, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгерееваның ойымен үйлестірсем, ол былайша өріледі:
«Бүгінгі алмағайып заманда, жан-жақтан келген түсініксіз әуенге еліктеу орын алып тұрған кезеңде, у-шу даңғазаның арасынан бір әуен жүрекке жақынырақ келіп, көңіл жұбатады. Ол – композитор Кентау Назарбектің әуені. Онда өз болмысымызға жақын ұлттық нақыш, ұлттық рух, сағыныш пен жүрек мұңы бар. Оның әуендерінен өз табиғатымызға, өз топырағымызға жақын саз естіледі, бабалар жүрген жолдың ізі байқалады. Бұл күнде оның өз жанкүйерлері, тыңдаушылары жеткілікті сияқты. Бөтен көш соңынан еріп бара жатқан бір ұрпақ, уақыт өткізіп Кентау әндеріне қайтып оралады-ау деген ойдамын».
Шын жүректен, шынайы сезімнен құйыла мөлдіреп, өріле шыққан қай дүние де көнермейді. Жүздеген жылдар бойы шырқалып келе жатқан халық әндері, Абай мен Ақан сері, Біржан сал, Естай, Жаяу Мұса, Мұхит пен Мәди, Балуан Шолақ, Ыбырайдың, Әсет пен Кененнің, Шашубай мен басқа да ән авторлары шығармаларының ешқашан ескірмейтіні, мәңгілік мәнге ие болатыны – ұлттық нақыш, өрнекті, бояулы иірімдерімен өзектесе байланып, қазақы тамырға бітісіп, бірігіп кеткенінде емес пе?! Кентаудың қай әнін алсақ та, осынау мектептен нәрленіп өткенін, соны өнердегі өмірлік мұраты етіп ұстанғанын айқын аңғаруға болады.
Тағы да дәйек сөз іздейміз ғой. Соған таяныш, тірек болатын толғақты ойды әдебиетте де, ән өнерінде де өз орны бар, бүгінде абыздық деңгейде бой көрсетіп, адалдық биігінен аласармай жүрген Ілия Жақанов анық та қанық етіп жазыпты:
«Кентау, Теміржан Базарбаевтай ұлы ұстаздан сабақ алып, композиторлық жолға түскен азамат екенсің. Мені ұстаз тұтып, сыйлап, әндеріңді маған жіберген едің. Әндеріңді ойлы көзбен қарап, ыждағаттылықпен мұқият тыңдап шықтым. Абайға барғаның маған ерекше әсер етті. Абайға екінің бірі батылы жетіп бара бермейді. Абайдың ерекше жаратылысы, өзіндік терең философиялық болмысы мен адамды ойландыратын бір керемет құдіреті бар. Сен сол Абайдың өлеңдеріне барғаның мені қатты қуантты. Тыңдадым. Қайта-қайта тыңдадым. Осы әндеріңнің өзінен сенің жаратылысыңды, көкірегіңдегі сезімді, өзіндік болмысыңды, ойлау қабілетіңнің қандай деңгейде екенін сезуге болады. Сен ешкімге ұқсамайтын, өзіңе ғана тән композиторлық қолтаңбаңды қалыптастырып үлгеріпсің. Өз стилің, өз мәнерің, өз толғанысың – бәрі өзіңе бек жарасып тұр. Соған мен ерекше қуандым. Ойлы ақындарға барғаның өте дұрыс болған».
Енді орындау шеберлігімен жұртын тамсандырып жүрген дәстүрлі әнші Еркін Шүкімәннің де әріптесі жайлы толғанысына назар аударайық:
«…Ұлт музыкасының тамырынан нәр алып, қадіріне жетіп өскен қазақы болмыс, композитор Кентау Назарбектің әндерінен жусанның хош иісі мен саумал уыздың дәміндей аңқып тұрады».
Бұдан артық не деуге болады? Эссемнің түйіндеу тұсына көшсем: Кентау Назарбек төрт стильде ән шығарады. Әуелгісі – дәстүрлі әндер. Екіншісі – заман ырғағына сай дәстүрлі эстрадалық әндер. Үшіншісі – дәстүрлі классикалық романстар. Төртіншісі – дәстүрлі бард стиліндегі әндер.
Бір сөзбен айтқанда, ол – «сегіз қырлы, бір сырлы» өнердің өз адамы! Соған қарамай маған өзінің кемел кеңістігіне енді ғана қадам басқандай көрінеді. Осыны үлкен өнертанушы, театр және өнер сыншысы, қоғам қайраткері болған Әшірбек Сығай ағамыз бәрімізден бұрын былайша бағамдап:
«Қазіргі таңда қазақтың ән өнері «қызыл өрік», «чип-чиптің» деңгейіне дейін түсіп, тіпті төмендеп кетті. Ал композитор Кентау Назарбектің ұлттық әуезге бай, тәрбиелік мәнге сай өміршең есті әндерінің «хит» болатын уақыты әлі алда», – депті.
Ендеше, К. Назарбек әндерінің рухани өреде еленіп, екшелетін, уақытпен бірге ғасырдан ғасырға өтіп, өмірлі болатын шырайлы шағы алда екеніне біз де сенейік.
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті жазушысы
ПІКІРЛЕР1