«Тіліміз!» – дейміз. Ал «тірлігіміз» не болып жатыр?
Ғасырлаған тарихы бар қазақ тілінің бірегей қамқоршысы – Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы жазған «Әдебиет танытқыш» атты еңбегі: тіл қисыны, тіл дәлдігі, тіл тазалығы, тіл анықтығы, тіл көрнектілігі хақында қажетін артығымен өтеген ғылыми дәріс болды. Десек де, ол ұлы еңбекке ден қойып жүргеніміз шамалы. Ахаңның сонда: «…Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын», – дегені өкінішке қарай, әлі ескірген жоқ.
Ахаңның аталған еңбегін Міржақып Дулатұлы дереу қуана құптап: – «…Айқаптың» 3-5 нөмірлерінде А.Байтұрсынұлы қазақша жазуды тәртіп көрсетушілердің сынына салған, көпшілік ұнатса, сол тәртіппен әліппе бастырмақшы екен. Жазуды тәртіпке салу деген оңай емес», – депті «Жазу тәртібі» атты мақаласында.
Ал Мағжан Жұмабаев «Қазақ тілі» өлеңінде:
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ,
ардың
Жауыз тағдыр жойды бәрін –
не бардың…
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз – бабам тілі,
сен қалдың!
– десе, ол халқымыздың талапайға ұшыраған тарих қазынасында жабыққан ана тілі ғана қалғанына күйіну еді…
Әлихан Бөкейхан елімізге автономиялы республика дәрежесі берілісімен «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы жайындағы жазбасында мемлекеттігімізге жете мән беруді айтып, жобаның «Билік һәм сот» бабында былай депті:
«…Әр жұрттың билік пен соты тұрмыс ыңғайына қарай болу. Би һәм судья жергілікті жердің тілін білу. Аралас жерде соттың тергеу-тексеруі һәм хүкімі жергілікті жұрттың қай көбінің тілінде айтылуы… Қазақ көп жерде сот тілі – қазақ тілі болуы. «Присяжныйлар» қазақтан алынуы».
Республикада іс қағаздарының мемлекеттік тілде – қазақ тілінде жүргізілуіне Сәкен Сейфуллин ерекше көңіл бөлген. «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізу керек деген мәселені бұдан бұрын да гәзет бетінде қозғап едік. Әрбір советтер жиналысында да һәм биылғы болып өткен жалпыресейлік коммунистер партиясының 12-жиналысында да көп сөйленіп, «әрбір аймақта қай халық көп болса, сол аймақтың кеңселерінде іс жергілікті халықтың тілінде жүрсін» – деп қарар шығарған. Ал екінші тілмен мұны былай деп айтқан: «Бұрын патша заманында кемдікте болған, қазір автономия алған уақ халықтардың жеріндегі мекемелердің істері сол уақ халықтардың ана тілінде жүрсін», – деген.
Ол ұйғарымды терістеген ресми нұсқау-қаулы болған емес. Бірақ Қазақстанды 1920-1946 және 1954-1960 жылдары басқарған: еврей, орыс, грузин, армяндарға қазақтың тілі керек болмады да, ресми жиналыстар орыс тілінде өткізіліп, барша іс қағаздары орыс тілінде жазылды (Д.Қонаев пен Н.Назарбаев билігі жылдарында да оң өзгеріс болмады). Ал «жүгеріші» Н.Хрущев (В.Молотов оны «жүгенсіз көкшолақ», дейді екен): СССР, КПСС, ВЦСПС, ВЛКСМ… сияқты қысқарған сөздерді ұлт тілдеріне аудармау, баспасөздің негізі орыс тілі болуы, жергілікті баспасөз оның аудармасы деңгейінде болуы туралы қаулы шығарды. Оны бірден құптаған Журин (Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 2-хатшысы) 1956-жыл қазақ гәзеттерін орысшаның аудармасына айналдыру «мәселесін ақылдасуға» арналған мәжілісті ашып, кіріспе сөз сөйлеп, «түсінік беріп» болған сәтте мінберге ақын Жұмағали Саин тез көтеріледі.
«Ол: – Жолдас Журин! – деп хатшыға тік қарап сәл уақыт үнсіз тұрды да, – Біз тіліміздің келешегі үшін қанымызды төктік, оққа омырау тостық! Егер тілімізді жойсақ, онда бізге өмір сүрудің керегі жоқ! Қазақ гәзет-журналының орыс тілінен аударылғаны – менің ана тілімнің қолқасына қанжар сұққандық!.. Мен Журиннің ұсынысына үзілді-кесілді қарсымын! – деп нығыздап айтты да, еңсесін тік ұстаған күйінде, мінберден асықпай түсті» (Әди Шәріпов, «Көргенім, көңілге түйгенім», естеліктер жинағы)…
Тәуелсіз ел болдық. Жаңа Конституциямызға, бұрынғыша: «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп жазылды, ал орыс тілі – «ұлтаралық қарым-қатнас тілі» делінді. Алайда… Алматы қаласының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетов мырза 2005-жылдың соңында қала кеңселерінде іс жүргізуді 2006-жылдан бастап қазақ тіліне көшіру туралы шешім шығарып еді, оған ең алдымен «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаева мен орыстілді ақын Олжас Сүлейменов байбалам сала қарсы тұрды. «Бұл шешім ұлтаралық қақтығыс тудырады» деген ақын, тіпті президент құзырындағы комиссияға мәлім ету арқылы ол «қате» шешімді тоқтату керегін айтып, доңайбат көрсетті. Сөйтіп, Н.Назарбаев арада ай өте бере, «Орыс тілі – ресми тіл» деген жарлық шығарып, мемлекеттік тіл дәрежесін берді. Онысын Парламент қыңқ етпестен қолдады.
Павлодар облысының әкімі кезінде Ғалымжан Жақиянов Парламент депутаттарының кезекті мәжілісінде өзінің «Алтын тіл», яғни қазақ тіліне қамқорлық бағдарламасын оқып беріп еді, аса маңызды ол жоба ескерілмеді.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары екпіндеп құрылған, небір игі шараларды іске асырған республикалық «Қазақ тілі» қоғамының да қарқыны басылды.
Иә, орыс тілі мемлекеттік тілдің деңгейіне көтерілісімен өкімет те, үкімет те, парламент те, Қазақстан халықтарының ассамблеясы деген де орыстілділігін үдете түсті. Ассамблеяның құрылтайында
(1995 ж.) Н.Назарбаев: «Қазақстанда ешбір тілге басымдық берілмейді» – деді. Қазақпен бірге өсіп-өнген, құдандалы туысқан болып кеткен, бірақ қазақ тілін керек етпеген өзге ұлт-ұлыс жұртшылығының көбі, әсіресе шенеуніктерінің ішкі есептері сонымен түгенделді.
Бізде іс қағаздарын орыс тілінде жүргізу – күні бүгінге дейін басым. Осындай жағдайда біразымыз орыс тілінің ыңғайында сөйлеп те, жазып та жүрміз. Ресми жиындарда: «да», «так что, «однако», «интересно», »значит…» деген сөздерді қыстырып сөйлей береміз. «Который» сөзінің ыңғайымен «жаңағы… жаңағы» дегенді қабаттап сөйлейтініміз және бар.
Сондай-ақ, біздің айтуымызда да, жазуымызда да орыс тілінің ыңғайы оңай байқалады. Мәселен, «Байболов құрметті шахтерлеріміздің бірі болып табылады»; «Жақанов озат құрылысшыларымыздың бірі болып саналады»; «25 – 100-дің төрттен бірін құрайды…», – дейміз. Бұлар – «считается», «является», «составляеттің» сөзбе-сөз аудармалары. Бұл «мода» тілімізге 1960-жылдан бастап енді. Еліктеу де солықтау. Әйтпесе, мысалы, «Байболов – құрметті шахтердің бірі» деу жөн ғой. Орысша: «Он пришел в себя» қазақша: «Ол өзіне-өзі келді» болды. Ана тілінен хабары бар қазақ: «Ол есін жиды», – десе керек. «Мать героиня» – «Батыр ана» делініп кетті. Қазақ басқыншы жаудан жерін, елін қорғаған қолбасшыларды «батыр» деді ғой, ал он балалы болған әйелдің «батырлығы» неде? Бізде бұдан алпыс жылдай бұрын баспасөз бетінде қазақ тілі, термин, бөгде тілдерден енген сөздердің аудармасы жөнінде тіл ғалымдарының пікірлесулері болып, мысалы, он балалы әйелді «Алтын алқалы ана», жеті балалы әйелді «Күміс алқалы ана» деу құпталған еді. Алайда көп ұзамай, ол ресми ұйғарым жайына қалды да, «Батыр ана» атқа мінді.
Біздің тіл – әлемдегі бай тілдердің бірі. Ал айырықша бай делінген орыс тілімен салыстырсақ, мәселен: аға, іні, апай, қарындас сөздеріне орыс тілінде балама жоқ: старшый брат, «младшый брат», «старшая сестра», «младшая сестра» дейді.
Мен де бала кезімнен естіп өскен: бозбала, жігіт, жігітағасы, қыз, бойжеткен, келіншек сөздеріміз орыс тілінің көлеңкесінде қалып: «молодой человек», «молодой мужщина»; «молодая девушка», «молодая женщина» дейтіннің ыңғайымен: жас жігіт, жас кісі; жас қыз, жас әйел деп айтыла-жазыла береді.
«Любовь», «друг», «свой» сөздері – орыс тілінде ежелден жиі және жеңіл-желпі қолданылатын сөздер. Мәселен: «любовь к животным», «собака – друг человека», «я – сын своего отца». Соны үлгі тұтып: «хайуанаттарға деген махаббат», «ит – адамның досы», «мен – өз әкемнің баласымын» деп жазуды шығардық. Тіліміздің ыңғайымен: «хайуанаттарды жақсы көру», «ит – адамның серігі», «мен – әкемнің ұлымын» десек, тіліміздің қай ережесі бұзылар еді?
Атамыз қазақтың: дос, махаббат, сүйіспеншілік деген сөздерді адамға ғана қатысты айтқанын неге ұмыттық?
Тағы бір жөнсіздік: күнделікті газеттеріміздегі мақала атаулының тақырыптарында, мәтіндерінде: бренд, тренд, драйвер, контент, мониторинг, антропонимика, толерант, аутизм, этнодизайн, фобия, люстрация, скаутинг, электив, рейтинг, компания, корпорация (соңғы екеуінің қазақша мағынасы – бірлестік), анимация, брифинг, корифей, логистика, интеллект, стратегия, стрестный актив, полиатив, коуч, меритократия, рецессия, скутер, майнинг, инклюзив, микротия, фандомат, креатив, сейсмика, субсидиа, инфляция… секілді «заманауи жаңа» сөздерден көз сүрінеді. Заман ағымымен шет елдерден келіп жатқандар. Бұлардың қай-қайсысын да бірден тәржімелеу қиын, алайда бірте-бірте қалыптасар балама іздеп сөзбе-сөз, не екі сөзбен аударып қолдану керек. Мәселен, ағылшынның «коуч» сөзі орыс тілінде – «тренер-наставник»; «тренер-инстркутор». Бізше – жаттықтырушы, нұсқаушы. Ал гректің «фобиясы» бізше – «үрей». Осы ыңғайдағы бір сауалым кейбір авторлар бөгде сөздерді қыстырып айту-жазуды – білгірлігім, ғалымдығым, артықшылығым дейтін шығар? Солай сияқты.
Сонау бір жылдары «Тіл туралы заң» шығарылды, екі-үш бағдарлама қабылданды, бірақ бәрі де мұрағатқа кетті. Өйткені Парламентте бекіткен заңның орындалуын уақтылы қадағалайтын комитет, комиссия жоқ. Ол іс үкіметтің құзырында.
Назар аударымыз керек келесі «құбылыс» – байырғы сөз тіркесімізді, мақал-мәтелімізді «өңдеушілік». Ата-бабамыздың ардақты «отбасы» сөзін «жанұяға» айналдырып жібердік. «Кеудемде жаным барда», «кеудемнен жаным шыққанша», «кеудемде шыбын жаным шырылдап» деген қазекем кеудесін жанұяға балаған еді.
Кешегі қазақ – «Борышқа белшесінен батты» десе, бүгінгі кейбір қазақтың – «Байлыққа белшесінен батты» дегенін оқығаным бар. «Ішер асын жерге қойды» – «Ішкен асын жерге қойды» болды. Ішер асы әлі алдында, қайда қойса да еркі, ал ішкен асы ше?..
Көне сөзтіркесіміздің бірі – «Еңкейгенге еңкей, атаңнан қалған құл емес; шалқайғанға шалқай, алтыныңа алған пұл емес». Мұны да «редакциялап»: «Еңкейгенге – еңкей, шалқайғанға – шалқай» деп жүрміз.
Ауруханаларда «Реанимация палатасы» бар. Жалпы бөлмеде жатқанында сырқаты кенет ауырлай қалған науқасты дереу апарып жатқызып, ем-бақылауды күні-түні қадағалауға арналған оңаша палата. Латын тіліндегі бұл сөздің мағынасы – адамның әлсірей бастаған ағзасын тездетіп күшейту. Мұны әлдекім «Жансақтау бөлмесі» деп аударып, ауруханаларға таратылған. Дұрысы – «Жансаялау бөлмесі», яғни тамақтан тарыққанға айтылар «жансақтауды» денсаулығы кенет мазалағанға телу – сөз мәнін білмегеннің «білгіштігі».
«Тұлға» сөзіміздің де мәні мүлдем бұрмаланып кетті. Орыс тіліндегі «физическое лицо» дегенді «тұлға» деп жүрміз. Қазақ ұғымында қалыптасқан «Тұлға» – халыққа танылған қайраткер адамға көпшілік құрметтеп қойған ат. «Физическое лицо» – ондай мәртебелі атақ емес, бір кісі, бір адам деген ұғым.
Бізде Термин комитеті болған еді. Тіліміздің қамқоршысы. Сөздің дұрыс қолданылуын, тіліміздің шұбарланбауын діттейтін. Бүгінде бар-жоғын білмеймін, аты естілмейді.
Өркениетті елдің бірден-бір тарихи сипаты бар. Ол – халықаралық қағидалардың бірі: ел басшыларының қайда, қашан болсын өздерінің мемлекеттік тілінде сөйлеуі. Бізде олай емес. Президент пе, басқа шенеуніктер ме – бәрі де шет елдерге сапар шеккен кездері былай тұрсын, өз ортамыздағы түрлі жиындарда құдды Ресейдің өкілі сияқты орыс тілінде сайрайды. Шет тілдері институтымыздың түлектері қатарында халықаралық тілдердің екі-үшеуін еркін меңгерген дап-дайын тілмаштар жоқтай. Мұндай жағдайдағы елдің мемлекеті «Ұлттық мемлекет» ретінде мойындалмайды.
«…Мен – әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар», – Италияның кәсiпкер-жиһанкезі Реналью Гаспирин.
Канадалық көрнекті музыкант Себастиан Савард 2017-жылы жарнамасы дүркіреген ЭКСПО көрмесін тамашалауға Астанаға келіп, қаланы екі күн аралап, қайтарында: «Мен түрі моңғолға ұқсайтын қазақтармен таныстым… Ал түрі азиатқа ұқсай тұрып орыс тілінде сөйлейтін адамдар әлемнің мен көрген басқа ешбір елінде жоқ», – деді. Бұлайша таңғалған шетелдіктер аз емес.
Былтырдан бері баспасөзімізде ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін көтеру, тынысын кеңейту, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, қазақ мектептерінің қатарын көбейту, т.б. мәселелерді шешу талап етілуде, нақты ұсыныстар жасалуда. Парламентіміз мән беріп, тіл мәселесін реттеуді қолға алды. «Ештен кеш жақсы». Жоғарғы билік «көрейікті» көлденеңдете бермей, оңтайлы шешім жасап, орындалуын жіті қадағаласа, бәрекелді дер едік.
Игі іс бағытында әрқайсымыз ешқашан ұмытпайтын парыз бар. Ол – балаларымызды, немерелерімізді, шөберелерімізді ана тілінің уызына қандыру!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ