ҰЗЫН ЖОЛДЫҢ БОЙЫНДА КӨЛЕҢКЕДЕЙ ҚЫСҚАРДЫҚ
12.09.2023
771
1

Динара МӘЛІК

* * *
Көз ұшына шыбын-жаным ілініп,
Сөз ішіне қайта келдім тіріліп.
Сенің ғана сағынышың сыздат­ты-ау,
Менің ғана жалғыздығым білініп.

Елдесің бе, жердесің бе? Таппадым…
(Жалғыз ғана таға алмадым, Хаққа мін).
Адамдар-ау – армандары аяулы,
Жанарымда ол біледі от барын.

Күздесің бе, гүлдесің бе, білмейін…
Дауысыңда дем боп шығып бүрлейін.
Ең әдемі сөздеріңмен алдап кет,
Шындығыңды іздеп өмір сүрмейін!

Бақытсыздық үйіріліп күлкіме,
Не десең де сене берем, сертіңе!
Өмір, шіркін, қанатымен байлап ап
Жібермейді біз ойлаған еркіне!

* * *
Жүрегімде шертілетін күй бөлек,
Күй шертілсе күнім қалай күйремек?!
Өмір мынау – арманымнан қысқалау,
Тәңір өзі тілді берді сөйле деп.

Күндер келді сылаң қағып таңменен,
Шұғыласы қиялыма тән дер ем.
Мұп-мұздай боп, түн де сүйген ернімнен,
Жылы жаққа ұшам дей ме жан менен?!

Көгершін-ау, көп тілегі мойныңда,
Қанатыңды шыныменен жайдың ба?
Күліп тұрып, кетер ме екем қартайып,
Құдіреті бар ма мендік ойдың да!

Қайғы деген қабағыма жат, ана,
(Сен тілеген таңым енді ата ма?)
Барлығына қырық жаным қырқылар,
Тағдырыма тең келмедім, о, тоба!

Жұпарыңды аңсадым-ау, қайран жыр,
Ей, дүние, елесіме айнал бір!
…Үйге келсем, қос құлыным, Құдай-ау,
Үмітімді жинап алып ойнап жүр!

* * *
Қарашығым,
Өзіңдей табар ма екем жан асылын?
Жерден ұзап жүрміз-ау қол ұстасып,
Көңілдің жасап алып жарасымын.

Көгершінім,
Қазір келіп, кейпімді көремісің?
Әдемі елесіңе жан бітіріп,
Секунд сайын сүйем ғой сенемісің?

Өлеңімсің,
Есігімнен күн болып енемісің?
Мен саған шумақ болсам шұғылалы,
Сен менің шабытым боп келемісің?

Бәйтерегім,
Сабырыңа жинайсың ой тереңін…
Жырым болып қонасың дәптеріме,
Жарың болып жаралсам қайтер едім?

ə* * *
Қара жер де жүр ме мені кешірмей,
Неге кет­тім өз-өзімді түсінбей.
Бір ауыз сөз қалатындай айтылмай,
Бір ұрт­там су қалатындай ішілмей.

Сені сүю мендік сырдың құны ма?
Сені сүю тар ғұмырдың шыны ма?
Мен өмірге бара жатсам жұтылып,
Сен жүректің шығып алдың шыңына!

Бір сен үшін жаратқандай көркімді,
Елесің кеп ұрлап алды еркімді.
Бір-ақ жұтым ауа жетпей тұрады,
Өзің келіп емдейтіндей дертімді…
Бір-ақ қадам алға баспай тұрамын,
Жарық ғалам сөндірердей шырағын!
Кінәм менен күнәм кет­ті күрмеліп,
Сен шығарсың бұл өмірде сынағым…

* * *
Қағып-қағып қанатын,
Тереземе құстар келіп қонатын.
Мөлт-мөлт етіп әндетеді… содан соң…
Өз мұңынан өзі үркіп қалатын.

Ұқсамайды дауыстары біріне,
Есіміңді естимін ғой еліге.
Әр әрібің әнге айналған екен-ау,
Құс біткеннің жан бітіріп тіліне!

Жұта түсем бал татыған ауаны,
Ойдан ұзап, бойға құлап барады.
Әйнегінен көріп тұрмын жүректің,
Бір терезе бөліп тұр ғой араны…

Көбелекше бөлме ішіне соғылып,
Тына қалдым… ұшпаңдаршы, бал үміт…
Құстың әнін саған айтсам, шіркін-ай…
Басқа сөзді керегі не жан ұғып?!

* * *
Қателестім… Өкінгенім жоқ бірақ…
Кез­десті ме, есімде жоқ көп сынақ.
Қиялдағы тағдырымнан қайғысыз –
Осы күнім әлдеқайда жақсырақ.

Сабақ алу – «абақтыға» қамалу,
өтірігіңе қайта келіп оралу.
Ішімдегі бұл бейбаққа шынымен
керек шығар бір емшіге қаралу.

Осы дерті ұнайтындай өзіме,
естимін де түсіп алам ізіне.
Балдай тәт­ті ете салар бір демде,
Ащы жасым үйірілсе көзіме.

Алақанын жайып сары жапырақ,
Күзбін ғой деп қайыр сұрап отырад(ы).
Көрмегендей таптап бара жатамыз,
Біз екеуміз мұңын-сырын оқып ап.

Кешегі күн келмесімдей көрініп,
бүгінгі күн босағамнан бөлініп…
Бара жатам қара жолда күбірлеп,
жанарымнан жапырақтар төгіліп…

* * *
Мида, ойда мақсат біреу осы анық:
Түрегеліп түрленемін күш алып.
Саған қарай барар жолдар қақпандай,
Екі аяғым қалған сынды тұсалып.

Басқа жаққа бағыт алып кетемін,
Ешбір жерден табылмайды керегім.
Тық-тық басып, тығырықтан шыға алмай,
Кешегідей кейпіме еніп көнемін.
Сосын тағы оқталамын, шоқ болып,
Әр сенімнің сәулесінен от көріп.
Көптен бері бауыр басқан
тағдырым,
Бөлінгісі кеп тұрады жат болып.

Жарты жолда дос болғандай өлеңмен,
Жап-жаңа ғып сырды айтам көнерген.
Кетем десем, қоштаса алмай бұрылам,
Меңдей ғана мейірімді мекеннен.

Бір бұрышта нүкте болып қарайып,
Кімде кінә, кімде екен бар айып?
Бұл бірінші… төртінші емес теңселу,
Күрсініп ап, бір дамылдап
алайық…

* * *
Көңіл де бүгін басылған,
Жасырғаным көп ғасырдан.
Өткергенім бар басымнан,
Бес күндік мына өмірде,
Пенде де болып тасынғам.

Түңілгенім көп, өлмедім,
«Білемін» дедім, білмедім.
«Сүйемін» дедім, сүймедім,
Сынағында сындым Алланың,
Болмады сабақ түйгенім.

Құлақ жоқ жерде мақтандым,
Жүрек жоқ жерде шат­тандым.
Тілімнен қайғы тапқанмын,
Мүмкін мен талай адамның
Аузында сөз боп қақталдым.

Жылтырағаннан да жеріндім,
Жаны жоқ сөзге семірдім,
Содан соң… іштей егілдім…
Дөңгеленген мынау дүние,
Дымымды қоймай кемірдің…

«Алла» деп тілім сайрайды,
Қолымды қулық байлайды,
Жанымды жын кеп жайлайды,
Төсекке тәнім тиген соң,
Өзімнен қашам, сол – қайғы.

Тереңге жетіп тамырым,
Мәнді өмір сыйла, Жарығым.
Анамның қалған арымын,
Барымды шашып алмайын,
Сарқыла көрме, сабырым!

* * *
Балпаң басқан қара бұлт,
Жорғалайсың, жаумайсың.
Көкке ұшқан балалық,
Қай қиырда аунайсың?
Аспан, аспан, аспан-мұң,
Қашан шығар Ай күліп?
Жылауға да жасқандым,
Қара жерден қаймығып.
(Тірлік түбі түрленіп,
Тереңімен арбайды, ә?
Өмір, шіркін, бір көріп,
Өбіп кетсе болмай ма?)
Есі жоқ жел еркелеп,
Етегіммен ойнайды.
Біздің бақты келте деп,
Бәлкім… бұл да ойлайды!
Құлап тынса тірегім,
Түн естімес мұңымды.
Жалғыз шындық, білемін,
Жүрек менен ғұмырлы!
* * *
Өлердей аңсауыма бола(ды) ма,
Сезімнің қалмаймыз ба обалына?
Уақыт та кірпік ілмей күзетеді,
Қара жер қалғып кетіп табаныма.

Бір өксіп жылап алсам қайтер едің,
Ақтарсам ба алдыңа ой тереңін?
Түн ауа өзің жаққа жетіп келсем,
Ұстар едің бұрышын қай кеменің?!

Түн келсе, кімнен сені қызғанамын?
елесіңе ерінбей жүз қарадым.
Біресе алдап кет­тің, арбап кет­тің,
білсең ғой, бір жүректің сыздағанын!

Саған арнап жұлдыздан жыр үзейін,
түсіңде гүл ішінде кезігейін.
Жанарыңнан таң ата аунап түсіп,
Жалғыз тал шашың болып көз ілейін…

* * *
Сағынышқа серік етіп біздерді,
Мен тұратын аулаға да күз келді…
Қара тасқа тіл бітірген Жер-Анам,
Күрсінді де бір-ақ сәт­те өзгерді…

Жапырақтар жатыр ма екен сыр тыңдап,
Самал желмен сөйлеседі сыңғырлап…
мен естимін, естіп тұрып егілем,
Бір сағыныш шақырады қол бұлғап…

Орта жолда ойым қалды ортайып,
Гүлдер өксір жанарынан әр тайып…
Күз келгенде әжем менің, ақ әжем…
Қалды ма екен тағы бір жыл қартайып?

Естуші едік бірге сол кез құс әнін,
Мөлдір шақты,
мұңға айналып құшамын…
Мені әкелген Күз еді ғой өмірге,
Бәлкім, Күз боп түбі көкке ұшармын!

Бұл табиғат мұнша неге кең деме,
Жатыр жерде мың жүректер шермене.
Қалғып кетіп, бір жапырақ
сол бір кез…
Жан боп менің қонған
шығар кеудеме…

* * *
Сағыныш боп басталдық,
Басылмады құштарлық…
Ұзын жолдың бойында
Көлеңкедей қысқардық…

* * *
Өлең қалып барады жолдарымда,
Өмір кетіп барады арманымда.
Бір-ақ күнде бақыт­ты бола салдым,
сол бір жанға ғашық боп қалғанымда.

Жұлдыз құлап барады аспанымда,
Сезім бұлай сөнбейді қас-қағымда!
Сен тұрсың, «келдім ғой, – деп, – сәл кешігіп»,
жүрегімнің есігін ашқанымда.

Күндер өтіп барады кірпігімде,
түнім жылап тұрады түндігімде.
Тыншымаған жаныңды тығып қойып,
сабырлықтың салмағы көндігуде!

Қиял күліп қарайды миығынан,
төгілген сезімімді жиып алам.
Тәп-тәт­ті сағынышқа сыр ашам деп,
байқамай жүрегіме кұйып алам!

ПІКІРЛЕР1
Аноним 09.11.2023 | 18:37

Мақтауға тұрарлық, жақсы өлеңдер.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір