ЖАМБЫЛ СӨЗІ — ХАЛЫҚ СӨЗІ МӘҢГІЛІК
ХАЛЫҚ ПОЭЗИЯСЫ АЛЫБЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 170 ЖЫЛ ТОЛУЫНА
Көшеде келе жатқанымда кездесе кеткен ақикөз: «өңіңіз әлі таймапты», – дейді. Мақтағаны ма, боқтағаны ма? Соншама жасқа келсең де, қақаң—қақаң етесіңін айтып күндегені болуға керек, зайыры. Бірауық бас шайқап ренжисің. Іле – қайраттанасың. Сәтін салып, жыр алыбы Жамбылдың 90 жасқа келуіне байланысты Мұхтар Әуезовтің құттықтауындағы мына бір сөнбес сөздері көңілге орала кеткенінде: — «Ардақты Жәке!.. Кәрілігін кәдірлі еткен ұлы дәуреннің даналығына қуанып, шарқ ұрып дабыл қағып келген бүкіл союздың жаңа адам, жас қауымына асыл аға сен болдың… Жасы кәрі, жаны жас, аспандай шыққан әні жас Жәкең, сен әрі әкенің әкесіндейсің, әрі шөберенің құрбысындайсың, әрі болашақ ұрпақ тұрғысындайсың. Ғасырларды көктеп өткен даналық тірлік осы да. Бір тоқсан емес, сан тоқсандық өлмес, өшпес тірлігіне сенген інің – Мұхтар».
Жәкеңнің, Жамбыл Жабаевтың тағы бір тоқсанына аяқ басқан мүшел тойы, шүкіршілік, Ел тәуелсіздігі жағдайында міне, екінші рет кеңінен атап өтілуде. Соның алғашқысында, 1995 жылы
«Өлең сөздің даңғылы Жамбыл ата» атты «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақаламда мен де жұрт қатарлы лебіз білдіргенмін.
Жүз жасаған ақын Жамбыл жыры әлемнің төрт бұрышына тарады. Қазақ-
станды ол кезде біле бермейтін шетжұрттықтар Жамбыл еліненмін десең, о, жүз жасаған феноменді білмегенде қалай?! – деп қуана қарсылайтын.
Ұлы Отан соғысы кезінде Жамбыл жыры майдан шебіне шықты. Ленинград неміс-фашист құзғындардың қоршауында қалған зауал күндері «Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің» өлеңі мен Жамбылдың суреті плакатқа басылып, солтүстік астананың көшелері үйлерінің қабырғасына жапсырылды. Жамбыл үндеуі ешқашан ұмытылмас әсер еткенін, алыстан бауыры келгендей біресе жылап, біресе қуанғанын ленинградтықтар кешелер де, бүгіндер де әрдайым алғыс сезіммен елжірей еске алып отырады.
Жазушы-драматург Всеволод
Вишневский: Жамбыл жыры біздерге, ленинградтықтарға, жаумен жанталаса айқасып жатқан әскерге кенет тың дивизия қосылғандай рух берді деп жазды. Осы іспеттес ой-пікір Ленинград қорғаушылары туралы поэманың авторы Николай Тихонов, Ленинград майданы саяси басқармасы қасындағы жазушылар тобының мүшесі ақын Александр Прокофьев секілді суреткерлердің естеліктерінде де аса бір ілтипаттылықпен, ыстық алғыс сезіммен кестеленген.
Ленинградтың қатардағы адамдарының пікірін де талай рет қызыға оқыдық. Солардың бірі –жазушы Мұхамеджан Етекбаев құрастырған «Жамбыл Жабаев» жинағының (1971) «Соңғы сөзінде» келтірілген. Мұхамеджан кинорежиссер Осман Дүйінбаевпен бірге Жәкеңнің өмірі мен шығармагерлігі жайлы документальды фильм түсіру қамында Ленинградқа барады. Сонда жүріп бала кезінде ата-аналарымен қоршауда қалған, бүгін көзі тірі буфещица Кира Богдановадан естіген сөзін әңгімелейді.
«Әлі есімде, – дейді Кира Богданова, – Біздің үй Нева проспектісінің бойында, төртінші этажда еді. Бір күні әкем балконға шығып тұрған… Көшенің бұрышында репродукторлар неше түрлі хабарлар айтып тұратын.
– Жамбыл Жабаев біздерге арнап өлең жазыпты! – деп әкем үйге жүгіріп кірді…
Барлығымыз балконға жүгіріп шықтық. Репродуктордан Жамбылдың өлеңі оқылып жатыр екен.
Ленинградцы, дети мои,
Ленинградцы, гордость моя!..
Өлең оқылып болғанша біз барлығымыз да қалшиып қатып қалған екенбіз. Енді жан-жағыма қарадым. Үй-үйдің балкондары, көше бойлары құжынаған халық. Әйелдер көздеріне жас алып, төмен қарап қалыпты.
Жасалған жоқ салтанат
Жаудың болуға ермегі.
Судай тасып ел кегі,
Жолды кернеп қол кетті
Сендерге дем бергелі.
Нева алабын қорғаңдар
Ленинградтың ерлері…
деген жолдар әлі есімде». Кира Богданова әкесінен Жамбылдың кім екенін сұрағанда, ол:
« – Жамбыл – қазақ халқының ұлы ақыны. Біздің бауырымыз, әкеміз. Көрдің бе, сонау Қазақстанда жатып біздің қайғымызға ортақтасып өлең шығарғанын. Ол да қатыгез жауға ызалы. Қабырғасы қайысып, жүрегі ауырады. Жамбыл да біз сықылды ұйықтай алмайды, – деді».
Кираның әкесі Киров заводында істейді екен. Бұрынырақ қолының екі саусағын станокқа байқамай кескізіп алып, шолақ болып қалған. Сол бір жағынан себеп болып, екіншіден ауыр күндерде завод та жұмыс қолына зәру еді. Жамбыл жырының әсерінен ол жұдырығын түйіп тістенеді:
« – Сонша біз ол иттерге не істедік? Жоқ! Өліспей беріспейміз!».
Бірер күннен соң Кираның әкесі еріктілер қатарына қосылып, майданға аттанады. Осыны айта келе, Кира көзіне жас алады: «Содан оралған жоқ қайран папам!» «Бұл 1941 жылдың сентябрь айы болатын».
Шапырашты, бергі атасы Екейден шыққан Жамбыл өлмес өлең, поэмалары арқылы күллі қазақ халқы атынан сөйлеу абырой-беделіне ие болды. Әрдайым елінің қуанышына ортақтасып, қайғы-қасіретін бірге бөлісті. Сүйікті ұлы Алғадайдың қан майданда қаза тапқанын естірткенде оның:
Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарыарқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба?
Өлім деген у екен,
Мендей қаріп адамға… –
деп исі қазақтың белін қайыстырған өлеңін күні бүгін оқысаң да бей-жай қала алмайсың.
Жәкең бүгін де арамызда. Сөзі үстіміздегі жылы құрылғанына ширек ғасыр толғалы отырған Тәуелсіз мемлекетіміздің де жыры, мұқалмас қаруы.
Тамақ үшін сатылған,
Ұлықта ар қалмаса.
Айтқанменен жалынып,
Арызыңды алмаса.
Алатұғын қақынан,
Асырып пара қармаса.
Ауға түскен балықтай,
Шыға алмайсың бұлқынып,
Әділеттік болмаса.
Бұл жолдар – кешегінің ғана емес, бүгінгінің де шындығы. Қазір «Сыбайлас жемқорлық» деп аталады…
Егемендігіміздің басты қорытындыларының бірі – «ақиқат аясында» болу». Ақиқат аясынан ауып көрмеген Жамбыл сөзін шашауын шығармай жас ұрпақ санасына құю – абзал борышымыз. Әнеу бір әзірдегідей, уақыт талабымен үйлеспейді-міс желеуімен Жамбыл жырының ұйпа-тұйпасын шығарып, редакциялаудан мүлде тыйылуға керек.
Мына бір жәйтқа қалай қарар едіңіз? «Ленинградтық өренім» өлеңі Жамбылдың барша жинақтарында үзбей басылып келеді. Ал Ленин туралы өлеңдерін жариялауға мейлінше сараңбыз.
Коньюнктура дейтіннің кеселінен аруақ сыйлау ғұрпымыздан айырылғанымызды былай қойғанда, мұның өзі қарапайым логикамен де сыйыспайды ғой!
«Күнсіздерге күн болған, Жер жүзіне нұр болған, Ақылдың кені данышпан, Езілгенге қол берген…» деп басталатын «Ленин мавзолейінде» өлеңінің, айтыңызшы, қай жері өтірік? Отаршылардың күн көрсетпегені, жеріміздің нулы, сулы жерлерін тартып алып, қазақты құм, шөлге ығыстырғаны, езіп жанышқаны – қаймағы бұзылмас ақиқат, тарихи шындық қой.
Рас, бүгіндері Мәскеу ІІ Николай патшаларын әспеттеп, көтермелеуде. Есесіне Владимир Ильич Ленинді жерден алып жерден салып қарғап-сілеуде. Жуырда Ресей Президенті Владимир Путин Ленинді Кеңес Одағынына кіретін республикаларға қажет деп тапса бөлінуге құқық беретін ережені қабылдатты деп айыптады. Одан да Сталиннің автономизм идеясы қабылдағаны әлдеқайда ұтымды болатын еді деп мәлімдеді.
Ал біз ше? Қисыны келсе де, келмесе де, Кеңес кезіндегідей әлі күнге Мәскеудің аузын бағып отыруымыз керек пе? Сөз жоқ, Тәуелсіз Қазақстан Ресеймен берік туысқандық байланыстамыз. Әсіресе, экономика саласында. Бірақ мұны Қазақстанның өзін-өзі билеуі, ұлттық дербессіздігі саясатымен әсте шатастыруға болмайды. Өз тарихи дәстүрімізге берік болуға тиістіміз.
Тарихтан белгілі жәйт: Ресей монархиясы, ІІ Николай император Қазақстанды бірнеше губернияға жіктеп бөліп жіберіп, география картасынан «қазақ» сөзін мүлде сылып тастады. «Замана ағымы» атты поэмасында сол шындықты Жамбыл былайша бейнеледі.
Алтай, Орал арасы –
Жетісу, Сырдың бойы екен.
Қарқаралы, Балқаш көл,
Сұлу Көкше, Баян тау –
Жер жұмағы дер екен.
Айдын шалқар сулары,
Жасыл тоғай нулары –
Толған ырыс мол екен.
Сол жер түгел таланды,
Бар шұрайды өлшетіп,
Николай патша ол алды.
Бұған қарама-қарсы, Владимир Ильич Ленин 1920 жылы Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын құрып, атамекен жерімізді қайта тұтастандырып біріктіріп берді. Иосиф Сталин 1936 жылы Қазақ автономиясын Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы етіп қайта құрды. Сол үшін, Қазағының игілігіне жасалып жатқан жақсылық жаңалықтардың бәр-бәрі үшін Жамбыл ақын жаңа туғандай жайнап қуанып, Ленин мен Сталинді, Коммунистік партияны шын жүректен жырлап алғады. Енді соны да сөкет көруіміз керек пе?!
2011 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты заңғар жазушымыз шығармаларының елу томдық толық жинағын жариялауды аяқтады. Сол басылымның 37 томында «Партия туралы ойлар» деген мақала «Дәуіріміздің, қазіргі адам баласының ақыл-ойының шамшырағы – Коммунистік партия, Ленин партиясы туралы ойдан артық ешқандай ой болуға мүмкін емес» деген сөздерден басталады. (15 б). Қазір біз басқа дәуірде өмір сүріп отырмыз. Дәуір өзгергенімен, хат өзгермейтіні сонау Гомер заманынан сіңісті дәстүр. Сол дәстүрге сай ұлы жазушының қаламынан шыққан еңбектерінің үтіріне дейін Институт ұжымы қол тигізген жоқпыз.
Бұл – бірден-бір дұрыс ұстанымды бұзу – әбестік. Керек десеңіз, Мәскеу Октябрь революциясына қарсы шыққан Бунин, Куприндердің кітаптарын Кеңес дәуірінде де басып шығарды ғой.
Қандай қайшылығы болмасын, Жамбыл мұрасына да біздің қол тигізуге еш һұқымыз жоқ. «Уақыт көтермейдінің» заманы өткен…
Жамбылдың «Жоғалт көзін!» деген өлеңі сталиндік репрессияны қолдаған туынды. Ұлы Жәкеңнің Сталинді жер-көкке сыйғызбай мадақтаған, алғаған, «халықтар көсеміне» теңеу таба алмай қиналған, ақыры «жанып тұрған жалынды отқа» балағанын білеміз. Қазіргі заманда бұған кім қалай қараса, теріс я оң баға берсе, өз еркі. Қалай десең де, Жамбылдай қасиеттіміздің қай шығармасы да баспа бетін көруі міндет. Тәуелсіздік заманы – демократия, сөз бостандығының заманы. Бұл – бір.
Екіншіден, И.В.Сталинді сталинше беталды, жөн-жосықсыз айыптай бермеу жағын да ойластыратын уақыт жетті. Мәскеулік «Литературная газета» Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің жетпіс жылдығына орай Жоғары Қолбасшының 1945 жылдың мамыр айындағы совет халқына үндеуін толық мәтінімен бірінші бетіне басып жариялады. Мәскеуліктердің бұл қадамын, меніңше, құптауға тиістіміз. Соғыстың 1480 күні бойы майдан мен тылды жұмылдыра білген адамды Хрущевке ұқсап ақымаққа санамауымыз керек.
АУЫЗ ӘДЕБИЕТІМІЗДІҢ КЕНЖЕСІ
Жамбылды еске алғанда оның ұшқан ұясын, яғни туған елін, жерін еске алмасқа болмайды. Қазақ жері кең, жерінен елінің пейілі кең. Ол жерде ең пайдалы өсімдіктер, ол пейілде адамшылық ең абзал қасиеттер өседі. Ғалымдардың ғалымы Әл-Фараби, қазақ жазба әдебиетінің ардагері Абай, ауыз әдебиетіміздің кенжесі алып Жамбыл, жасынан дана Шоқан… Бәрі-бәрі осы жердің, осы елдің бел баласы. Біз, бүгінгі қазақтар, соларды мақтан ете отырып, өткеніміз бен қазіргімізді, қазіргіміз бен келешегімізді салыстырғанда төбеміз көкке екі-ақ елі жетпейді.
Ғабиден МҰСТАФИН.
Қазақ әдебиеті – өзі бір жатқан мұхит. Әуезов институты соңғы жылдары 100 томдық «Бабалар сөзін» жариялады. Мәтіні негізінен ауыз әдебиетінен тұрады. Институт бөлімдері кезінде құрылымы ұлан-ғайыр: мифология, ауыз әдебиеті, жазба әдебиетінен тұратындығына сай көне әдебиет тарихы, теория және методология бөлімі, Жамбылтану және қазақ ауыз әдебиеті, Абайтану және қазақ жазба әдебиеті, т.т. бөлімдері болып көп жылдар бойы жемісті жұмыс атқарды. Ресми аты оңтайландыру, оптимизация деп аталатын, ал заты – штат қысқарту шарасының салдарынан жойылып кеткен бөлімдердің бірі сол Жамбылтану бөлімі болды.
Қазақ ауыз әдебиеті – қазақтың көшпелі тұрмысының айнасы. Тақырыбы мен жанрлары сан алуан: өлең-жырлар, аңыздар, тапқыр шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, жұмбақ, нақыл сөздер, айтыс, батырлық эпостар, әлеуметтік-тұрмыс поэмалары, т.т., кешегі ата-бабаларымыздың дүниетанымын, еңбек, тұрмыс, рухани күй-жайын кеңінен бейнелейді. Жамбылға дейін де, Жамбылдан кейін де ауыз әдебиеті ел өмірін әржақты көрсетуде. Жамбылтану және қазақ әдебиеті бөлімінің құрылу себебі, ұлы ақынымыз халқының, өзіне дейінгі ақын, жыраулардың асыл өнерін бойына молынан сіңірді. Айтыста алдына жан салған жоқ. Эпостық жырлардың миллионнан аса жолын жатқа айтатын жыраулығы, ақпа, төкпе ақындығы, айтқыштығы жағынан Жамбылдай данаға теңесер ауыз әдебиетінде бүгін де еш ақын-жыршы жоқ десек, артық айтқандық болмас.
Қазақ халқының жүрегін сөйлеткен, мұң-арманын тербеткен, тарихы мен талантын тұлғасына мықтап сіңірген шүйкедей шал халық поэзиясының алыбы атанды. Сол биік ұлағаттылығын өзі де бек сезініп, «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» деп жар салды.
Жетіспей жатқан жеріміз – Жамбылды насихаттау жағы. Жас ұрпақ ұлы ақынды жөнді білмесе, оған кітаптарын шығармай жатқандар кінәліміз. Тағы бір үлкен шаруа – Жәкеңнің мұрасын, нақыл сөздерін, қалжың сөздеріне дейін жинау ісін жалғастыра беруіміз керек. Жоғарыда аталған «Жамбыл Жабаев» таңдамалыларын құрастырған Мұхаметжан Етекбаев ұлы ақынның бұрын жарияланбаған өлеңдерін енгізгені айрықша құптарлық іс. Кеңес Одағының халық әртісі, халқымыздың бұлбұлы Күләш Байсейітованың Жамбылға сәлем бере барғандағы ұлы ақынмен бірге түскен суретін көрдік. Бірақ өлеңі барын Мұхамеджан құрастырған жинақтан алғаш рет білдік.
Қызым келді-ау қасыма қызғалдақтай!
Жүрер ме екен кәрінің сөзі жақпай?
Сені тапқан анаңнан айналайын
Бір мін жоқ мүсініңде арғымақтай, –
деп басталады өлең… Осындай қазына-мүлік мұрасын іздеп табуды тоқтатпауымыз керек. Мәселенки, Сәбит Мұқановтан естіген мына әңгіме секілді. Сәбең маған бір күні: сапарда болдың ба, көрінбей жүрсің, – деді. Мен: Ыстық көлде дем алғанымды, Пржевальск, Рыбачьеніні көргенімді айттым. Сонда Сәбең Тәтемнен естіп едім деп көзін жұмып шалқалап бірауыз өлең айтты.
Ырбашыға барсам-ау,
Ыңранып ән салсам-ау.
Жағасында жатсам-ау,
Сазанынан сорсам-ау.
Кімнен жазып алғаным есімде жоқ, қойын дәптерімде Жамбылдың айтқыштығын, қайталанбас шешендігін, бірлі-жарымды сөзбен адам портретін құя салатын суреткерлігін дәлелдейтін қалжыңдары келтіріліпті. Қалжың объектілері өзінің әр кезде әдеби хатшылары болған ақын інілері. «Батып, шығып Әбділда қайда жүр» деген сияқты әзілдері «Жұлдыз» журналының былтырғы сандарына жарияланды…
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт.
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Жәкеңнің Құлмамбетпен айтысынан алынған, біздің бүгінгі арман-тілегімізге үн қосатын бұл өлең жолдары – ұлы тұлғаның өмірлік кредосы еді. Қола мүсінді Жамбыл Алматының өз есіміндегі көшесінің басында және Абай атындағы Академиялық Опера және балет театрының ғимараты қасында, Алатау бөктерінен ұлы Қазақ даласына бірлікке, татулыққа шақырған өлмес, өшпес жырын төгіп тұрғандай…
«Мынау тұрған Абайдың суреті ме? Ұқсаған өлең-сөздің құдыретіне…». Жәкеңнің баға жетпес бұл теңеуін жастайымыздан жаттап өстік. Сол Абай айтпақшы, «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», ұлы Жамбыл біз үшін де, келешек ұрпақ үшін де мәңгі тірі.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.