ҚЫЗҒАЛДАҚ-ҒҰМЫР
26.02.2016
2836
0

b60ff7aee5fbbf0a3613f68d14aafa03Сары Серік аңқаулау. Сенгіш. Сезімтал. Көп баламен сирағын жалтылдатып жүгіріп келе жатып, кенет кілт тоқтап, аузын ашып, басын әнтек қисайта қоятыны бар. Аяғына жем түскен тарпаңдай тежеліп қалады. Түйемойнақ ауылының сыртқы қапталын бұйралаған шағыл құмнан әредіктегі көкмайсалы жазықты қызғалдақтар өрттей қып бояп тастаған екен… Соған ентігін баса алмай, өкпесін қағып ұзақ-ұзақ телміреді. Көз ұшында қызыл теңіз жайқалып жатқандай. Теңіз бұған таңсық. Әйткенмен, қызыл құмның түйелі өркештері кітаптан оқып білген теңіз толқындарындай сағыммен тулап-ақ жатқаны… Сол сұлулық өзін ынтықтыра елітіп, дегбірін алған екен, қуғыншыдан қашқандай жүгіре жөнелді. Үйірінен жерінген саяқтай дүбірлетіп салып барады. Қызғалдақ қыраттың етегіне іліккенде көздері еркінен тыс шыланып кетті… Артына жалт бұрылып еді, манағы тұрғыластары жым-жылас. «Е-е-ей! Менің қарасирақтарым! Қайдасыңдар? Жетсеңдерші мында! Құмнан басқаны көрмегендерім-ай! Келіңдерші, қызғалдақ теңізіне бірге шомылайықшы!», – деп қос қолымен аузын созбалап, дауысын кернейлетіп тұрып алды…

 

Кайсар АлимҚайсар ӘЛІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Кешкісін өрістен қайтқан малды жай­ға­­ған соң, тұтас ауыл ал кеп дүрліксін. Се­рік жоғалыпты… Құрбылары зар еңіреп жүр. Түн қойыны тінтілді. Түк белгі жоқ. Таң елең-алаңда сүзгіншілер қызғалдақ қыраттың ортасында тыриып ұйықтап жатқан Серікті тауып алды-ау, әйтеуір…

– Алланың ісі бұл, тегін емес! – деп туыс­қан ағасы көңілі бұзылып, еңкілдей түсіп, сабасына әрең түсті. – Тегін емес!.. Та­биғатқа тартқан бала бұл! Қызғалдақ ғұмыры басталды дей беріңдер! Енді оның елге тарап үлгерген екі-үш ауыз өлеңі од­ан бетер тасқындап, тулай түрленіп, ты­нысы кеңіген теңіздей сапырылады әлі, жүректерді жібітеді, көңілдері елітіп, егілтеді… Бір Аллам жар болсын! Қане, шошымасыншы, еппен көтеріп, ұйқысын аштырайық! Қызғалдаққа малынған Се­кен­тайым-ай! Ақындық өрісің өркенді болар ма екен? Көз тимесінші!..

Бала у-шудан көзін ашып алып, ор­ны­нан атып тұрды. Теңселіңкіреп, күн нұрына малынған қып-қызыл қызғалдақты аймаққа қомағайлана, құмарта сүзілді.

– Қызғалдақтарым! Мені неге қол бұл­ғап шақырып алдыңдар?! Сендер кімсің­дер? Ә-ә, өлең екенсіңдер ғой! Өмірлік өлеңі­мсіңдер!.. – Серік бала зеңгір аспанды құшақтағысы келгендей, қос қолын көкке сауа көтеріп, күбірлеп қоя берді. Сәлден соң көзі жайнап, қуана сөйледі.– Ақын болғым келеді! Қалай болам, ә? Ақын деген кім өзі?.. Ақындар қызғалдақты жырлайды ғой… Қыздарды да жырлаймын мен!..

Қаумалап тұрғандар әр түрлі ойға ба­тып, кейбірі: «бұл баланы шалық шалған шығар», – деп, естірте сыбырлап, күмілжи қи­налып, өлеңшіл өскінді қақпақылдап өзінің ала тайына қонжитып, тезірек ауыл жаққа бет қойды.

 

* * *

– Кеңшілік, сенен бірдеңе сұрайын ба?

– Әрине, білімдіден ғана сұрайды ғой!..

– Екеуміздің қайсымыз мықты ақынбыз, ә? – деді Серік көзін жыпылықтатып, назарын төмен сала.

Кеңшілік ернін жымқырып, бұған оды­рая қарады. Паңданғанда танауы қусырылып, көзі жіпсиіп, көкбеттеніп кетеді екен. Дауысын кенеп:

– Мұндай сұрақты маған қойма, ха­лыққа қой! – деді жүрегі бұлқынып, ты­мы­райған күйі. – Әрине, мені мықты дер!..

– Жоқ! Жо-оқ!– деп орнынан шоқ басқандай ыршып тұрды Серік. – Мен мық­тымын! Балалар, әсіресе, қыздар мені мойындайды!

– Кеттік онда! – деді Кеңшілік есікті жұлқып ашып. – Нұрхан ақыннан сұраймыз! Сол кісі ғана біледі… кімнің мықты екенін. Кеттік, нашар ақын!

Екеуі салып ұрып Торғай қаласының қыраттау тұсындағы жатаған үйге жетіп кел­ді. Бұлардың алқам-салқам күйлеріне қызыға қараған Нұрхан (Ахметбеков) қария:

– Пәлі, мықты ақындар келіп қал­ды ғой! – деп төрге шығарып, жазу үстелін­де­гі қоқыраған қағаздарына бірауық сүзілің­кіре­ді де езуіне күлкі үйіре отырып, ек­еу­ін әңгімеге тартты. Дұрысында, өзі ұзын-сонар сөз бастап кетті. Торғайдың ақындық мектебінің бастауында тұрған Жұмабай Шалабайұлынан бастап, Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Құ­баш Шалбайұлы, Әбіқай Нұртазаұлы, Кү­дері Жолдыбайұлы, Қашқынбай Қазұлы, Әб­дірахман Иманқұлұлы секілді айтулы тұл­ға­лардың өмірінен үзік-үзік сыр тарқатып, олардың маржан шумақтарын әрегідік жатқа соғып жібереді. Мына сарыуыз балапандар ертегі тыңдағандай елітіп, кей­де есеңгіреп кететіндей… Нұрхан ата­ла­ры жай емес, құйыннан жаратылған, ішіне құйма жыр толтырылған бір алып адамдай боп, көз алдарында зорая түседі. Аузынан төгілген лағыл өлеңдерінің кейбір тұсы миларына кірмей, бармақ тістеп қалатындай. Сөзін ойлап айтпайтындай, сөз­бен ойнап отырғандай бір дүлей рух иесі екен. «Шайтанмен шатылған шайыр дерсің!» – деп Серік сыбыр етіп, ауыз әде­биетінен оқыған осы сөзін Кеңшілікке айтпақ болып еді. Мәссаған, анау көзін жұмып, теңселе ырғалып, ішкі көрігімен әлдебір дыбыс күйлегендей боп, әбден мауығып алған. Тізесін тізесімен түртіп көріп еді, сезетін емес. Ернін шүршитіп, басын изелеп, қос иығын селкілдетіп қоя­ды. «Мынау бүгін осы үйден мықты ақын атанып шығатын болды-ау!» – деген үрей билеп алды Серіктің бойын… Өзі де манадан бері тағатсызданып, бірақ Нұрхан атасының мысынан именіп, әр­ең тәртіптеніп отыр еді, енді аттың басын жіберіп, Кеңшіліктен бетер әуеде қа­лық­та­ғандай боп тым әсершіл сезімге бөленіп кетті…

Нұрхан ақын сөзін сөйлей отырып, жас перілерінің аңысын білдіртпей аң­дап, бұрыннан балаң жырларымен ете­не таныстығына сайып, келешек жыр-­ғұмырдың қиын тағдырынан өмір­шең тамаша сәттерін жақұттай сүзіп алып, «дариға-дәурен-ай! Сендердің пешене­ле­ріңе неткен сұлу поэзия бақыты бұйырғалы тұр!» – деп іштей тәнтіленіп, асқақ арман демеуімен орнынан ұшып тұрды. Бұл бозөкпелердің балауса өлеңдерін талай рет жатқа оқытып, тамсанып тыңдаған. Осы қазір қос пыраққа қамшы салып жі­бе­рсе, жосыла көсілтетінін және сезеді… Жәй келмегендерін де аңғарады. Қит етсе өлеңмен таласып қалса, өзіне кеп жү­гінеді. Бәтуа, байлам сұрайды. Бұл ұлы мәмілегердей екеуін әманда татуластырып жібереді. Осы жолғы дауы нешік екен?.. Дөп баса алмай отыр.

– Ал Торғай ақындығының жас пері­ле­рі! Шаруаларыңды айтыңдар?– деді Нұре­кең көз қиығымен сыр аңғармақ боп.– Мен өлеңімді он жасымда жетім күйімде бастағам. Сендер сондағы менен едәуір ере­сексіңдер ғой! Әжептәуір танылып та қалдыңдар!

Екеуі қып-қызыл боп кетіп, бір-біріне қысыла қарады… Кеңшілікке бұзықтау бір ой келе қалғаны: «Нұрхан мен Серік Тосын құмында туған. Қазір оны мықты ақын қылады!». Серік те тымырайып, үн­сіз бұққан. Досының әлгіндегі құйын тұрғандай қып өлең оқығаны жүрегін шаншытып жіберген-тін. «Осы мықты атанып кетер-ау!» – деп қыпылықтайды.

– Осы сендер Торғайда Ахмет пен Мір­жақып сынды алып ақын аталарың бол­ғанын білмейсіңдер ғой. Бұға-бұға бұқ­пантай өмір кешіппін… Жасым еңкей­ген­де, өз аузымнан ең құрымаса, есімдерін аманаттап кетейінші! Құс екеш құс та бала­панының аузына нәр салмай ма? Мен де сендердің… Түбі, оларды оқымай, өріс­тен­бейсіңдер!..

«Не деп кетті? – деп күйінді Кеңшілік. – Ылғи ығай мен сығай ақындар! Біз ше?..». Серікке ұрланып қарап еді, ол «мықты ақын­мын» дегендей маңғаз отыр. Секем алған Кеңшілік: «Тұра тұр, менен асып кет­пессің!..», – деп одан бетер тәкаппарлана қалды.

Мыналардың бірдеңені бүлдіргелі кел­гені айқындала бастағандай. Соны сезген Нұрхан әңгімесін әдейі әріге салды. Қайнекей, Сырбай, Ғафу секілді есімі елге мәшһүр ақындардың жырларын тәмсілдеп, ара­сына өзінің моншақ түзілімдерін қос­палап, арқаланып тыйылмады. Осын­дай-осындай мықтылар күллі қазақ поэзия­сы­ның туын желбіретеді деп те жалын күдірейтті.

– Бірақ бір ғажабы, сол дарагөйлердің «мен айтулы ақынмын!» деген астамшыл сөзін естімеппін! – деп Нұрекең бұларға жымия қарағанда, бозөкпелер жерге кіріп кете жаздады.

– Аға, біздің мектепке баратын уақы­ты­­мыз тақап қалып еді,– деді Серік қым­сы­нып.

Кеңшілік те басын изеп жинала баста­ды.

– Шаруаларың болса, келіп тұрыңдар! – деді Нұрекең терең ойға батқан кейіп­пен. – Ақын ата-бабаларыңның жолын берсін! Жас талант, тас тұяқсыңдар ғой, жарқындарым! Соларға ұқсап бағыңдар! Сен­дер­дің мықтылықтарыңа мәз бо­ла берейінші! Анау Серікбай деген құр­дас­та­рың да өздерің сияқты тәуір ақын боп қалыптасып келеді. Әсіресе, жақсы адам бола біліңдер!..

Өзінің мықты ақын екендігі туралы «ләм­-мим» демеді. Онсыз да Нұрхан Ах­­­мет­­­бековтің 1943 жылы Алматыда өт­кен тұңғыш республикалық халық ақын­­дарының айтысын суырып салып ашқандағы тапқырлығы мен шешендігін ел іші айрықша бағалайтын. Ел аузындағы «Есім сері», «Жасауыл қырғыны», т.б. дас­тан­дары – ұлттық өлмес мұралар қатарында дараланатын.

…Жылдар өткен жылыстап. Қарт Тор­ғайда сал ауруынан азаптанып, тілсіз, қимылсыз жатқан күйінде Нұрхан ақын да өткен өмірден. Оның қабірінің басында әлгі үш балауса ақындар да көз жастарын бұлап тұрған… Араға біраз уақыт салып дәл осындай дімкәстіктен жаны күйзеліп, торық­қан қазақтың тағы бір ақтангер ақыны Қайнекей Жармағамбетов Алматыдан еліне шипа іздеп қоныс аударып келіп, туған жерінің саф ауасын соңғы рет қарпып жұ­тып, мәңгілікке жөнеле бергеніне де әлгі танымал ақын боп қалыптасып қалған үш­еуі де куә болған еді… Сол жолы ол аста­налық тұрағынан бай кітапханасын да көшіріп әкелген-тін. Шіркін-ай, сол кітап­хананың қызығын бұлар көрудей-ақ, көрген! Қайнекей ағалары өз қолымен Ах­меттің, Міржақыптың, Мағжанның өлең кітаптарын үйінен қамап шығармай, бұқпантайлатып қойып оқытқанын сірә, ұмытар ма, бұлар?!

Аманаттар орындалады екен, ұстаз­да­ры­ның ісін шәкіріттері іңкәрлікпен жалғастырады екен!..

 

* * *

Телефонның арғы жағынан Күләнда Бөкішева апасының зіркіл аралас әміршіл дауысы естіле бастады. Серік мұндайда әзі­лін шапақтап, жеңіл құтылатын.  Апасының мына жолғысы басқаша арындап бара жатқандай. Күллі қазақ мұңын жүрегіне жүк қып сүйрелейтін нағыз тарихшыл, мә­дениетшіл, рухшыл осы апасының көкейкесті ұсыныс-пікірлері жасы ұлғайған сайын тіпті үдеп, үстемеленіп барады. Ха­лық қамына қамыққаннан айтатынын да жалғыз Серік емес, былайғы зиялы қауым өкіл­дері, жалпы ел-жұрты парасатпен пайым­дай біледі. Бүгінгі қазақтың мақ­тан­тұтарлары Мырзатай Жолдасбеков, Қой­шығара Салғараұлы, Төлен Әбдікұлы, т.б. Күләнда апаның кесімді кеңестеріне ықыластана құлақ түретін. Әсіресе, соңғы екеуіне өзімсініп жекіп-жекіп алатын. Әбіш, Фариза, Ақселеулер де ол кісіні сөзге тартып, өмір дәні, уақыт мәні тұрғысында ойларымен бөлісуге құштар-тын.

– Әй, Серік! Сен не бітіріп жүрсің осы! – Күләнда апасы телефонда болмай, қа­сын­да тұрса шапалақпен жағынан тартып жіберетіндей боп, қаһарына міне бастады.– Не бітіріп жүрсің деймін! Ахахау, екекеу!..

– Апа-ау! Не бүлдіріп қойдым?

– Осы сен, өмір бойы мүйізі қарағайдай сазгерлермен мидай араласып жүрсің ғой! Шәмшіден бастап, Әбілахат, Әсет, ылғи ығай-сығайлар сенің ақындығыңа бас игенін білем! Сырбай мен Ғафуды бы­лай қойып, саған ән мәтінін жазғызып алатын еді. Білем, Кеңшілік өзінің кесірлік ұстанымымен ән сөзін әдейі жазбай кетті… Сенің сазгерлермен шығармашылық ға­жап, сәтті одақтастығыңа мақтанамын. Ол жағын өзің түсінесің. Ал енді…

– Ал енді… Не істеуіміз керек, апа?

– Тыңда сен! Көшедегі қыз-қырқын­ның соңынан телміріп қарағыштай бер­генше, сол өзіңдікі болмаса да, өзгенің ән сөздерін неге дұрыстап сүзгіден өткізіп, жөн қалыбына салмайсыңдар, осы!

– Нақты қандай ән жөнінде, апа!

– Халық әні «Бір бала» туралы. Он­ың атауы «Бір ғана» болуы керек! Ал қайыр­ма­сындағы «Бір бала-ай» тиісінше «Бір ғана-ай» боп түзетіліп айтылғаны жөн! Әбі­қайдың Ахметханынан артық ешкім сөз қадірін түсіне қоймас, асылық болмасын, сол шешен ағамыздың аузынан осы төңіре­гінде талай естігем. Естігендерімді сендерге аманаттап кетпей, көрге қалай мұңсыз түсем, шіркіндер-ай!

Серік жауабын жедел сайлап алу үш­ін, сәл тосылып, үнсіз қалды. Күләнда апа­сы осы тектес ескертпелерін Алматыға бе­дел­ді телеарнаның арнайы шақыртуымен жүр­гізілген хабарда да тігісін жатқызып, орынды сыналап айтқан-ды. Ұсыныстары музыка зерттеушілері тарапынан да құба-құп алынған. Ол кезде Серік Қазақ теле­ви­дениесінің әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясының редакторы еді. Бұл мәселе бір жағы өзіне де тікелей қатысты болған соң, біраз сараптамалық дау-дамайға қаты­сып, жөнге келтірмегендей болып еді. Бірақ әуелгі ән сөзіндегі қателік сол екпінімен кейін­гі басылымдарда да жалғаса түсіпті.

Күләнда апасының тағы бір шаршамай қаузап жүргені – «Айналайын Торғайым!» әніне қатысты боп келеді. Қазір соны да қайта қаулата ма деген күдікпен ол жа­ғын да електен өткізіп, жауабын әзірлеп алса, артық емес. Осы ойын телефонның арғы жағындағы апасы сезіп қойғандай боп, дауысын көтеріп, тұтқа түбін де тықыл­датып, белгі беріп жатыр:

– Айта-айта шаршадым ғой. Анау Ал­тын­бай Сейітқасымов сөзі мен әнін жазған «Айналайын Торғайым!» тағдыры сонымен тәмамдалды ма?

– Автордың келісімімен бір әншілер тобының орындауында «Айналайын туған жер!» боп шырқалып келеді, апа. Талай ай­тылды, бірақ қайран жоқ…

Апасының тулағалы тұрғанын оның үнсіз қалғанынан сезіп, Серік қыпылықтап қалды. Басу айтқызуға жеткізбеді, арғы жақ­тан қайраққа жанылғандай ащы дауыс жүйкесін қарып жіберді.

– Пәтшағарлар! Сонда немене, «Жар­қын болсын келешегің, Айналайын Тор­ғайым!» – деген сөз кімнің көңіліне жақпай қалған  екен,  ә?! Соңғы буынын «Айналайын туған жер!» – деп сып еткізіп өзгертіп ала қойғаннан кімдер ұшпаққа шығыпты, ә?! Саған айтам, Серікжан! Сұрауы кімнен? Халықтың мықты ақыны ретінде сен осын­дай басбұзарлыққа тосқауыл бола білуің де керек! Сенің әнге жазылған өз сөздерің де жетіп-артылады! Мінсіз, талантпен қыр­нал­ған! Оны білем ғой! Бірақ бұл жерде жершілдіктің еш нышаны жоқ! Туған жерді асқақтатып ән-жырға қосқан қаншама туындылар еліміздің рухани байлығына ай­налған десейші. Мысалы, өзің білесің, Мойын­құм, Алтай, Алматы, Жетісу, Жайық бойы, оңтүстік өңірлер, Қостанай, Аякөз, т.б. аймақтар, аттары аталғанда жан-жү­ректі шымырлатпай ма? «Айналайын Торғайым!» десе, аспан айналып жерге түсіп кете ме, түгі!?

– Апа-ау, енді…

– Қой, апалай берме! Осы айтқандарым­нан әлі де бірдеңе шығар! Сен жай ақын емес­сің ғой, халқың сүйіп, аса қадірлейтін мықты ақынсың! Тіл тағдыры – халық тағ­дыры екенін менен артық түсінесің! Мені­кі, әйтеуір, дем беру ғой! Әлі қаншама қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, өнерінің көп болып жанашырлық тұрғысынан ой­ланар­лық тұстары жетіп-артылады. Жеңіл мәтінді әндер кейде жүректі шайлықтырып, мезі етеді. Саф алтындай халық әндерінің інжу-маржандары неге сирек естіледі? Сіз, біз боп шешпесек, Міржақыпша айтқанда, сырттан біреу келіп шешіп бермейді, шырағым!

Серік телефон тұтқасын орнына қо­йып, қатты ойланып қалды. Жүрегі ша­н­шып кетті… Қан қысымы басына теп­кен­дей ме? Әлде өлең сиқыры тербей бас­тады ма?.. Үстеліне қалай келіп, қолына қалам алғанын да сезбейтіндей… «Қажет ем­ес лауазым, мансабың, Ауды өлеңге – ауды әуенге аңсарым. Кейде шаршап, қалжыраған кезімде, Бір тыңдасам тыңаямын Шәмші әнін!..».

 

* * *

Серік Тұрғынбекұлы! Бүгінде бұл есімді қазақ мағынасынан айырып айту әсте қиын! Тұтасып кеткен тастұғыр іспетті. Егіз ұғым, ажырағысыз мәнді мазмұн. Алқаулы айдында сұлу жүзген, кейде жанарынан мұң үзілген қос аққу тағдырындай жұмбақ та күрделі, жайдарман да шадыманды өмір құбылысы дерлік! Серік жанын жыға тану үшін оның музасымен ауыру керек! Поэзиясымен қоса шаттану керек! Ақынды сүю керек! Ал дара дарынның арман-аң­сарын, өлең боп жаратылғанын, тілімен бал татырғанын, халқының қамы үшін таң атырғанын, бір ауыз болашақ сөзін айтуға бас қатырғанын білмек болсаңыз – оқыңыз Серікті! Ойланып-толғанып, сүйіп-күйіп оқыңыз! Ақындық, ғұмырлық кредосы ма? Міне: «Басылмасын туған Елдің думаны, Арманым сол – Аңсарым сол туғалы. Жел­біре­сін Желтоқсанның желімен, Қолдан түспей Тәуелсіздік тулары».

Тәуелсіздік Серік ақынды түлетті, түр­лентті. Тыңнан түрен салған тақырып­та­рын талғаммен толғануға кең мүмкіндік туды. Тереңнен көзін ашқан тұма бұлақтай сылдырлай, сыңғырлай ақты. Еркіндікті аңсаған көңілді байытып, шөл қысқан аңқаны қандырды. Қазақ келешегінің керемет сипаттарын саралап, елдік мінезге еселеп ынтықтыра түсті. «Таластым талай – тақастым, Адастым талай – шатастым. Жап-жарық күннің өзінде, Ішінде жаттым қапастың», – деп ұлт болашағының күңгірт­­тен­ген тұсында жүрегін қақ айыра «аһ» ұр­ған ақын, Тәуелсіздіктің алтын таңы ата­рына шәк келтірмей ішкі әулиелік бол­жа­мын күйттеп, күйлеп жүр екен-ау! Тәуелсіздік есік қаға салысымен Серік­тің жыр-сезімі жанартаудай атқылап, сел­дей жосып, жолындағы ескі сенім-сөле­кетті, рухты аздырған пәлекетті, түзу­лік­тен тайдырған имансыздықты, тінінен сөгілген тілді, нілдей бұзылған дінді, құнарынан айырылған жерді мүлде жаңаша леппен, астарламай, ап-анық, ащылығын тұшытпай, көкейкестілігін көркемдікпен кестелеп нағыз талантқа тән тегеурінімен таңқалдыра жөнелсін! «Тәуел­сіздік… Болмас үшін сөз ғана. Ұй­қың­ды қи – күлкіңді тый бозбала. Бара жатыр көкірегі қарайып, Атаң шапқан жасыл жайлау, боз дала», – деп сұңқардай саңқылдап сақтандырды қазақ біткенді. Тәуелсіздік – күлкі-той, жағаны жайлауға жіберіп алаңсыз жантайып жату еместігін ескертті. Тәуелсіздіктің әр сәтін бағалап, оны тұрақтандыра түсудің амалдарына былайша үндеді: «Ару – Бақыт араласа, әр үйді, Дархан Елге бақ-несібе дариды. Тәй-тәй басқан қолтығынан демейік, Тәуелсіздік дейтін – Титтей сәбиді!..».

Оқырмандарының шынайы сүйіс­пен­шілігіне бөленген жыр жампозының аудиториясы тіптен өріс жая түсті. Сә­бит Мұқанов «ең халықшыл» жазушы атанып мерейленсе, классиктің батасын алған Серікті де бүгін қалың елі сондай дар­хан­дықпен, ыстық ықыласпен алақанына салып мәпелейді, мақтан тұтады, қолпаш­тай­ды. Бұдан менменсіп, желігіп кеткен ол жоқ. Сыртқы сыпайылығын сақтап, ішкі тәрбиелігін шамшырақ етеді. Жұрты әр түрлі кездесулерге жаппай шақырады. Тіпті, күн құрғатпай десе де болады. Тұтастай елі, облысы, ауданы, алақандай ауылы, еленбей қалған елдімекені – ақынын төріне шығаруға асығады. Мәпелегенін мәртебе көреді. «Серік сері келіп кетіпті, жырдан сарай соғып беріпті», десе, көршілерінің көз­дері қызғаныштан қанталайды. Аста­на­ға өкілдерін жіберіп, үйінің маңын аңдытып қояды, сыйлы қонақ етпекке. Бір жолы сондай ақжүректілер «Сері ақын­ның тұрағын айтыңдаршы» деп біраз дүрліктірсе керек. «Сізге өзі кім керек, есі­мі кім?» – дейді көшеде тоқтатылған бейтаныс. «Маған Сері Тұрғынбекұлы ке­рек!» – дейді жоқ іздеуші. Бұл Серіні емес, Серікті білетінін айтады. Сонда әлгі бейбақ «Жетпей тұрғаны – жалғыз «к» әріпі ме?» – деп біраз мөңкіп алып, өз өңі­рінде бұл ақынды Сері дейтінін айтып ақталады.

Пай-пай, заман-ай! Қазақ әдебиеті өз ғұмырында серілерін мақтан тұтқан екен. Басында Ақан сері тұр! Бірі – Сәкен-сері (Сейфуллин), екіншісі де – Сәкен-сері (Жүнісов). Ақындар мен жазушы. Енді келіп оларға ақын Серік сері қосылғандай екен… Ел бағасына ешкім түзету енгізе алмайды ғой… Сүйікті еліне берген Серік серінің серті де берік: «Мен ақынмын! Сен сірә, сенесің бе? Капитанмын өлең­нің кемесінде. Өтіп келген өлең-жыр майданынан, Жауынгермін! – Сау жері жоқ денесінде!».

 

* * *

– Сіздің дарынды драматург екенді­гіңіз­ге көзіміз енді жетті! – Сахна шымылдығы жабылғалы тұрғанда айтылған білікті ре­жиссердің лебізі бұл. Осы ақжарма тілек­ті құптағандай көрермендер дуылдата шапалақ ұрды. «Мұқағали» спектаклінің мұңы мен зары, өксігі мен өршіл үні әр жүректі ебіл-себіл етіп елжіреткен. Жа­нар­ларында – жас, көңілдерінде – үміт пен сенім! Әркімді махаббаттың құдірет күші билеген! Көптің сұрауымен залдан сахнаға көтерілген Серік-драматург «Мұқағалиға сәлем!» – деп, көрермендерге басын иіп, тағзым етті де өз драмасының кейіпкері Мақатаевтың жалынды жырының тиегін ағытты… «Туады, туады әлі нағыз ақын, Нағыз ақын бал мен у тамызатын. Жесірдің айырылмас сырласы боп, Жендеттің көзі­нен жас ағызатын. Туады, туады әлі нағыз ақын!..». Зал іші толқынданып кетті…

Ақын-драматург С.Тұрғынбекұлының бұл «Мұқағали» драмасы Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма теат­рында, міне, он жылдай аншлагпен қойылып келеді. Оқырмандарымен қоса, көрермендерінің ыстық ықыласына бөленген Секең неткен бақытты еді.

Оның драматургия саласындағы со­ны ізденістері, әсіресе, Тәуелсіздік жыл­дарында алмас қырындай сәулелі ша­шырап, театртанудың қоржынына мол ол­жа салғаны мамандар тарапынан жоғары бағаланып жүр. Бұл ретте Серіктің ұлт-азаттық көтерілісінің ержүрек күрескері Кей­кі Көкембаевтың тағдыры тарихи көркем таңбаланған «Кейкі батыр», халық ақыны Нұрхан Ахметбековтың ақындық мектебінің қалыптасу, даму тұрғысын, жалпы, Торғай өңірінің кеңес кезеңіндегі әлеуметтік-мәдени өмірінің қалтарысты-қағытпалы тұстарын шеберлікпен өрген «Нұрхан» драмалық қойылымдары театр өнерінің айтулы да шоқтықты белес­те­рінің бірінен саналатыны мойындалып үлгерген.

Он жылдан астам Астанадағы С.­Сей­фул­лин мұражайын басқарған Серік­тің елімізден тысқары жерлердегі өз әріп­тестерімен тығыз байланыс орнатуы­ның нәтижесінде бұл саланы тың деректермен толықтырып, түбірімен жаңғыртты. Сәкен серіге қатысты мол мұралар табылды. Өзі де тап осы жылдары Ахмет,Сәкен, Мағжан, Міржақып, Мұхтар, Ілияс тура­лы соны көзқараспен туындылар топта­масын жариялады. Абылай ханның хас батырларының бірі болған Шақшақ Жәні­бектің образын ерлік пен елдік мұрат егіз­дігімен сомдай білді. Жиырмаға жуық жыр жинақтарының авторы соңғы жылдары оқырмандарынан жоғары баға алған «Кейкі батыр», «Махамбет және Жәңгір хан», «Ақан сері – Балқадиша», «Балуан Шолақ – Ғалия» поэмалары арқылы қазақ поэзиясының алтын тұғырынан тиесілі орнын алды. Жырлары жүректерге қонақтады. Халқы Серік ақынын одан әрі әспеттеп, мақтан тұтатын болды. Өйткені, ол текті сөз қаруымен бүгінгі Тәуелсіздіктің қалай келгенін, қайтіп сақталып қалаты­нын, қадір-қасиетін ұғындыра білген көкірегі шежірешіл апайтөс ақындығымен қатар, көсемсөздің де майталман жорғасы, драмалық жанрдың дараланған дарабозы. Осындай бесаспаптықпен суарылған ақын ғана Тәуелсіздік, Мәңгілік ел, Махаббат, Туған жер, ұлы Отан, адамдық ар-ождан, имандылық бойтұмары, ұлтжандылық ұла­ғат тұрғысындағы тақырыптарын талан­тының талбесігінде тебірене тербете алары хақ. Соның куәсі болудың өзі, оқырмандар үшін де зор мәртебе.

Серік ақын қазақ әдебиетінің қалтарыс­та қалған інжу-маржандарын жинап бастыруда да қағілездік пен жанашырлық таныта білетін ізденгіш тұлға. Соның бір мысалын тұздықтайық. Зар-нала за­ман тұсында торғайлық ақын Әбіқай Нұр­таза­ұлының «Тас мешін» қасірет-нама дастанын Қайнекей Жармағамбетов сол өңір жыршысы Назарбек Бектемісұлына аманаттап кетеді. Бірақ оны жарыққа шығарудың себепті-себепсіз кілтипандары көп болады да, шаңға көміліп қала береді. Міне, осы тұста Серіктің ұлттық қазынаға деген жанкештілігінің арқасында алапат жұттың көрінісін сипаттайтын «Тас мешін» дастаны «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы оқырмандарына жол тартқан екен. Сондай-ақ, оның Міржақып мүрдесінің туған жеріне қайта жерленуіне де қосқан үлесі мен көмегі, рухани қолдауы айтарлықтай еді. Міржақыптың қызы Гүлнәр апамызды қолтықтап тұрып, Карелиядан табытпен оралған көлік ішінен алыс жолдың азабын тартқан біздер түсе бергенімізде: «Сүйретіп әзер сүйегін, Келдің бе қайтып, киелім. Аңырап тұрмын алдыңда, Ағытып шердің тиегін», – деп Серік ақын күңіреніп қоя бер­генде, құйқамыз шымырлағандай болғанбыз.

«Серік сері қайда істейді, осы?» деп жоқ жерден дауласып, керілдесе кететін жанкүйер-тілектестері де жетіп-артылады. Бірі зейнетте екенін айтса, екіншісі те­ле­­радио журналисі деп дес бермейді. Жә­не де ол бұл дәйектемесін Серіктің үне­­мі телехабарлардағы өзекті ой-пікір тал­­қысына қатысқанда пікір-байламының оқшаулығымен дараланып, радиодадан да сарабдал әңгімелерінің тиегін ағытып жататынымен дәлелдеп бағады. Келесісі: «Серік сері ақын боп жұмыс істейді ғой!» – деп оның жауһар жырларын жатқа соға жөнеледі. «Ақын боп кеңседе тапжылмай жұмыс жасамаса, осындай өлеңдер жа­зылу­шы ма еді?!» – деп шын пейілімен ақтарылады. Күлкілі ме? Жоқ! Ақынды мойындаудың таза иланысы! Ақынды өзіндік іштартып, жақын қабылдаудың мөлдір көрінісі! Ақынға ақыннан бетер жаны ашудың жарқын мысалы. Ақыны жырымен әлдилесе, оқырманы қарыздар боп қалмай, қанағат, тәубесін ыстық сезі­мі­мен аялап жатқаны ғой.

Оның шығармашылық еңбегі лайықты бағаланған: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының, Республикалық Махамбет сый­лы­ғының, Халықаралық Түрік поэзия­сы сыйлығының лаураты.

…Біртуар батыр Тоқтар Әубәкіровтің таңғажайып ерлікке толы өмір жолы тамаша жырланған «Ғарыш-қазақ» поэмасы Серік Тұғынбекұлына, тіпті қазақ поэзиясына зор абырой-бедел сыйлады. Кітаптың тұсаукесерінде Тоқтар толқып тұрып:

– Серіктей ақындарды ғарышқа алып ұшса, жұмыр жер үсті бүгінгі алауыздық зардабынан құтылып, оны мекендеген күллі адамзат махаббатпен мейірлене түсер еді-ау! – депті әзіл араластырып.

…Тоқтар, Серік және «Ғарыш-қазақ» қалампыр гүлдерге оранды.

…Баяғы Түйемойнақ жазығындағы жайқалған қызғалдақтар Серіктің көзіне оттай басылып, елестеді. Оған сүйсіне, мейірлене, өзімсіне қараған Батыр ішінен: «Ақын­ның қызғалдақ ғұмыры» деп, тамсанып тұрды!

 

АСТАНА.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір