…ТӘЖ ТОҚЫП ЖҮРЕК НҰРЫНАН
26.02.2016
2019
0

794368_1753238014_DSC01815-m4uxlq5odxwlntgbbkpqh11f115w2anyu9v6pozc5gТыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ

1. АЙБҮБІ (КӨКӘЛӘЙ)

Сәби тілінде сөйлеп әр кептер,

өтті ғой талай зер-Көктем!

Әкеңді де сенің, Айбөшім,

алақаныма салып, тербеткем.

 

Үніңнен шөбі семірген

өзгеше жұпар өмір – Мен!

Жамандықтардың бәрін бездірдім,

жаялығыңды да жалау еткен Көңілмен.

 

Тыраулатпай да мұңның тырнасын

білем ғой уақыт тұрмасын.

Қалбалақ қағады соңыңнан

Ханға да сәлем бермес бұл Басым.

 

Сен үшін ғана, Немерем,

санамда қаулайды көк-өлең!

Суға түскен бейнең түгілі,

Уға түскен бейнеңді де өбер ем!..

 

2. ТАҢҒЫ ӘЛДИ

Сынық Көңлімді үмітпен құрсаулаған

осы Дүние осылай тұрса-ау маған!..

Айналайын Айбөшім ұйқыдағы,

бақайының да ұшынан нұр саулаған!..

 

Сыбдырға да сықылықтаған күлегешім,

таң атты ғой, ояншы, түрегеші.

Үлкендердің арсыздау тірлігі

мен

сендік өмір

ұқсаң ғой бір емесін…

 

Күлегешім, сенгішім, өкпешілім,

айта бермес адамға Көк те сырын.

Есейгейсің ертерек.

Тағдырда да –

бала күйде қалмаққа жоқ кешірім…

 

Тынымсызым, бәріне таңқалғышым,

менің де көп іштегі арман-құсым.

Ақиқаттың өзін де еңіретер –

білмейсің ғой сен әлі – Жалған күшін!

 

Қане, ояншы, кішкентай қорғанышым,

Қоса оянсын менің де жолбарысым.

Таңғы сүттен татайық Күн нұрындай,

Күн нұры да сол сүттей болғаны үшін!

 

Ізденгішім, мейірлі қиялшылым,

біле алмай жүр бұл Атаң құмар сырын…

Ал, сен ойнап келгенде,

маңдайыңнан да

жұпар иісті бөлініп тұрар шырын!..

 

3. ОБАЛ

Жүрген соң кіл перінің ортасында,

Өлеңім – сөз майының тортасындай.

Үйрендім періштелермен де тілдесуді

Айбөштің былдырының арқасында!

 

Өмірге баяғыдан аңғал ғашық

Көңілім

Айбөш үшін «Қамбар!-ласын!

Жұмақтың иіскегендей таңғы аршасын –

мың мәрте иіскегім бар әр тал шашын!

 

Қылығы жақсыларға ортақ дәйім

Айбөшім!.. аңқып жүрген бармақтай Нұр!

Обалын ойлай қалсам,

маңдайы түгіл,

табанынан да сүюге қорқақтаймын…

 

4. АТА ПАРЫЗЫ

Бұл Атаң – өскен адам Түз көшінде.

Еліне бақ пен дәулет іздесін тек.

Көтерем Көкке сені,

Жан-Дүниеңе

Жалғанның көлеңкесі түспесін деп.

 

Пейіштің аспанындай ашық-тұнық,

Құдай-ау, бұл неғылған ғашық қылық:

алыстан аңсаймын да мен өзіңді,

сағынам, бауырыма басып тұрып!

 

Ажалдан қорқып-үрку, сірә, қате-ай,

Күн анау жайнап тұрған, мына бәт Ай!..

Төбеңнен иіскей қалсам,

қош нұрыңнан

Ақылым түшкіреді!.. рақаты-ай!..

Құлыным, Жаным – арша, тәнім борша

болармын – сен өмірді танығанша.

Не керек, айтшы маған,

жарып алып

берейін, жүрегімнің дәні болса!..

 

5. АТА САНАМАҒЫ

Бір дегенім – аузы аңқиған пішінің.

Құйтақандай Кісі-Күн.

Екі дегенім – маңдайыңның қош иісі.

Періштелік Ес иісі.

Үш дегенім – тостағандай жанарың.

Жайнатады обалын.

Төрт дегенім – көбелеккөз көйлегің…

Келер гүлдей сөйлегім!

Бес дегенім – бітіп болмас сұрағың.

Сұрақ емес, – жыр-ағын.

Алты дегенім – қылықтарың тұлымды.

Аялайды мұңымды.

Жеті дегенім – былдыр-былдыр ертегің.

Әрбіреуі – дерт емі.

Сегіз дегенім – ойындарың… шөп те мәз…

Ай туғанша тоқтамас.

Тоғыз дегенім – тентектігің тым тәтті.

Ауадан да қымбатты.

Он дегенім – сықылығың… ақ құс-ән!

Қытығынан Көкке ұшам!

Оны – таусылмайтын бір арман.

Болдым әбден жыларман.

 

6. АҚҚАЛА

Боран бар-тын. Бораудан… ол жалықты.

Аяз да жоқ, – қылпыған зарлауық тіл.

Өрнегінен тылсымның шашу шашып,

бүгін қайта жарықтық қар жауып тұр.

 

Айбөш деген тәп-тәтті жүзімдей қыз!..

Екеуара аққала мүсіндейміз.

Мүсіндейміз… көрші үйдің жүгермегі

біз кеткен соң бұзарын түсінбейміз.

Дегенмен де, көңілге бұл күн – емші.

Бас мүсінші – үш жаста, дипломсыз.

«Таяқшамен дуалап» аққаласын,

сыбырлап жүр! Бола ма сиқыр онсыз?!

Қошемет те жоқ емес қарқылдаған.

Балақайдың сыйы осы, бәлкім, маған:

аққаланың көзін-ай, – көгілдір мұз,

тынысындай перінің жалтылдаған!

Танауы да – сүңгі-мұз – құлағы да.

Жүрегімен толғанар, сірә, бұ да?

Ең болмаса, бір күнге тұрсыншы аман,

қорғай көр, я, Құда!..

 

Е-е-е-й…

Өте берер уақыт оқтай ағып.

Өкінішсіз бала кез жоқ баяғы…

Жан бітетін секілді аққалаға,

түрте қалса Қыдырдың көк таяғы.

Қасымдағы періштем пыс-пыс етіп:

– Ата, ол… тоңып қалмай бе?! – деп қояды.

 

7. АТА САҒЫНЫШЫ

Ақылына адамның сияр ғалам.

Әттең-Дүние-ай… Атаңды жиі алдаған!..

Сен тоңбасын деп ылғи,

аязға да

жалынушы ем жандәрмен, қиялдана…

 

Жұмаққа тән әуенін тыңдарсың деп,

гүл өсіргем ұйқыңа кіл баршын көк.

Сен ішетін суға да –

қошы аңқыған

өлең

оқып беруші ем, нұрлансын деп.

 

Біразырақ кетсе де Атаң арып,

жетсем дейді күндерге отамалық.

Есіңде ме, қытықтап ойнайтұғын

ойыншығың болушы ем, жата қалып!..

Алыстасың сен қазір, алыстасың,

Жаным саған бар нұрын бағыштасын.

Қалып қойған мәз болам қарындашыңа да,

тауып алған секілді ғарыш тасын.

Әттең, бірақ қақ жарып қара түнді,

Жалғыздығым қайтадан жаратылды.

Неге екенін білмеймін,

кешке қарай,

кемсең ете шығардым қалатынды!..

 

Қазір – қаңтар.

Сезілмес емен демі:

«Көктем, Көктем, Көктем-ай!..» дегендегі…

Саған деген лаулаған сағынышым –

менің тірі тәжім ғой, төбемдегі…

 

8. ТИТІМДЕЙ КЕНТАВР

«Арасынан саусақтың іңір өтіп,

сүзіледі әр жұлдыз, күбір етіп!..

Ол – аталық тілектің саған деген

миллионнан бірінің сүгіреті.

«Өзгерте алар жазмыштың әрібін кім?» –

десе-дағы бұ Жалған – кәрі Мүңкір,

саған деген аталық ғаламымда –

мүмкін емес ғажаптың бәрі мүмкін!

Онда бар ғой, құлыным, шырай да – өлең!

Анау Күн де,

аңқиған мына Ай да – өлең!..

Өлең аңқып екеуміз – санам іші,

жасырынбақ ойнаймыз Құдайменен!..» –

 

– деп ойлап, Атаң мәз болады!

Мойнымда – тебіне «шу-шу!»– леп, – сен мәз боласың!

Кішкентай ғана Күнім-ау сол!..

 

9. СЕНІҢ СИҚЫР ӘЛЕМІҢ

Сыры мәлім – жаманның, жақсының да.

Сендік тірлік жоқ бірақ еш ғылымда:

«…әтешің де азанда тақпақ айтып,

сыбызғы ойнай біледі қасқырың да!»

Құсын ұшыр қиялдың, жүгірт құсын,

жұлдызыңнан иіскесін ымырт-пішін.

«Сенің Мыстан Кемпірің де – бір жақсы Апа,

саған сыйламақшы екен сыпыртқысын!»

Сенен білдім «су құсап Жан да ағарын!..»

Сусиыр ма?.. «жоқ екен онда қарын!..»

Бәрінен де қызығы:

«кәмпит беріп,

Алдаркөсе Атаңды алдағаның!».

 

Пыр-пырлаған сендегі сезім бе – Өлең?

Сезіміңмен тілдесе көз ілмек ем…

«Бөкилерің өзіңмен бірге жылап,

бірге уанып алады өзіңменен!»

Қиялың-ай!… ғажайып әйәй Сары!

Атаңдікі – баяғы жаяу Сарын.

Өмір саған – «сүгірет,

өңсіз жерін

қарындашпен оп-оңай – бояй салу!..».

 

Көкірегінде бүрлеген асыл ырық

Сені

әлпештей алар ма ғасыр ұлық?!

Қауіп сезсең, сыңқ ете түсесің де,

алақаныңа қаласың жасырынып!..

 

Біз – үлкендер, жоғалтқан балалығын,

Арды ұмыттық, құр жаттап заң әрібін.

Алақандай көзі бар Санамызда

айқайлайды миллион жаралы ұғым!

Айбөшім-ау, қоғамның керегі не?

Бүлінгелі тұрғандай, әне-міне…

Мейлі соқыр тышқаның болайын мен,

қабылдашы сиқырлы Әлеміңе!

 

10. АТА МАХАББАТЫ

Құмырсқадай ғана шекер-қыз,

Біз – пәктікке ғана нөкерміз:

ортаға алып еркелетудеміз өзіңді –

Мен және Өлең – екеуміз.

 

Өкпек-желге де өкпелеп қалма.

Көңілден!

Самал боп ессін өмір-дем.

Бұл Атаң саған әлден-ақ

Жұмақ сұрап жүр Жұпар Тәңірден.

 

Көбелек сынды, нәр жинап жүрген шалғында,

қылықтарың-ай сенің балғын бал!

Сондай кездерде –

күлкіңнен мәз боп билеген

ауаны да

аулап алғым бар!..

 

Егер, Атаңды иектей қалса мұнар-мұң,

Жанымды сенше көз жыпылықтата ұғар кім?

Соның үшін де кеңсірігім удай ашып лезде,

іштей еңіреп жылармын…

 

Тегінде, мына қатыгез тірлікте,

саған деген өз мейіріміме жылынам.

Ыңылдағаным да – ырым-ән.

Кигізе алмай әуре боп жүрм ғой Басыңа,

тәж тоқып жүрек Нұрынан!..

 

11. КӨКТЕМГІ СҰХБАТ

Бұлдырықтай бұлдыраң Көкәләйім

құшады-ай кеп орманның көк орайын.

Ата менен немере,

Күн мен самал,

бұлықсыған Көктемнің нөкер-айы.

 

Ата менен немере.

Тілдесеміз.

Бала тілін қиын-ақ білмесеңіз:

– Қараш, Ата!..

– Не, қалқам?

– Қараш, Ата,

менім аю сияқты Күн де семіз!..

Болашаққа тапсырар аманатым –

Айбөшімнің

әр сөзі – самал-әтір:

– Көбелектер қонат қой гүлдерге, Ата,

қәмпит бар бе гүлдерде, жеп алатын?!

– Даусың қандай аңқыған, даусың қандай!

Шөп қылқынып қалыпты-ау қаусырмаңда!.. –

Қалжыратып бітірмей Атаңды әбден,

қарағым-ай, сұрағың таусылған ба!

– Ата, Күнде мұз бар бе сырғанайтын?..

– Мұз ба?… мұз да тұрады нұр молайтып!.. –

(үлкендердің білерін бұ шіркінге

жеткізерсің қандайлық тілмен айтып?!)

– Аспанға, Ата, ұшпай бе дене біздін?

– Несіне оның, қарғам-ау, елегіздің?

Біз қалайша ұшпақпыз, Жер ұшпаса?

Мүйізінде тұр ғой Ол Көк Өгіздің!

Сол Өгізді Құдай да матамаған.

Рахмет дейікші О Тобаға!..

– Ертек айтып тұрсым бе-е-е, Ата, мағам?!

– ?!

 

12. БІЗДІҢ ҚИЯЛ

Айбөшім-ау, Айбөшім,

Біздің қиял – Қиял ғой қыры – сегіз…

Ой көп онда: Айы – арық, Күні – семіз…

Жарқыратып екеуміз өзімізше

жаратуға Әлемді кірісеміз!..

Қиналмай-ақ тірліктің жүгіне біз,

сырласамыз оңаша, күбір – егіз:

шымнан жасыл торт жасап, жеп алған соң,

құмнан айран құйып ап, сіміреміз!..

Ақыл айтқыш осы жұрт неге бізге?

Біздің көңіл – ерекше елегізбе.

Гүл өсірген сияқты кәдімгідей,

Нұр өсіріп қоямыз төбемізге!

Ұшып кейде аяқтан ұшқыш етік!..

Күлкімізді жүреді құс күзетіп.

Сен Әже боп ертекшіл, мен – немере,

ұйықтап кетем алдыңда пыс-пыс етіп!..

 

Мыйы зеңіп күндерден шұбалаңқы,

екеумізді сағынар құбалаң қыр.

Біз ұстаған темір де мейірленіп,

біз иіскеген тастар да жұпар аңқыр!..

Сары қайғы, көк қайғы, қоңыр қайғы…

Екеумізге олар да сағымдай-ды.

Ажалға да әлпеншек тепкізетін

біздің Қиял

еш заңға бағынбайды!

Өзіңмен дос бұл Атаң – боқмұрын ұл.

Қиялдайық.

Қиял да – отты ғылым!

Кісі өлтіріп ойнайтын үлкендердің

әлеміне оралғым… жоқ, құлыным…

 

13. КҮРСІНІС

Көктем келсе, ақырған Қыс та – ғаріп.

Көк қошына жатқанда Түз де қанып,

жетектегің келетін әлдеқайда

жас шыбықты жапырағынан ұстап алып!

 

Әр тамшысы өзара самбырласып,

қара жерді құшқанда жаңбыр ғашық:

екі көзің көруге аз болғандай,

аузыңмен де қараушы ең, аңқита ашып!

 

Айбөшім-ай!.. титімдей аңғалағым,

әсемдікке, дұрыс қой, таң қала біл.

Періштелер демінен жаратылған

сені

қорғай алар ма Жан-ғаламым?!

 

Еш балаға ұқсамас әз баласың.

Нұрлы қанат құсқа тән – көзқарасың.

Жұғып қалған саусағыңа гүл нәрімен

сурет салып ауаға, мәз боласың!..

 

Жаңа туған алқоңыр бөкендей бір

өзің үшін

Көктегі Көкеңдеймін.

Мына қасқыр қоғамға жем болмауды

қалай саған үйретсем екен деймін…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір