ТОЛҒАҚТЫ ОЙЛАР ТОҒЫСЫ
(ЖАЗУШЫ-ЖУРНАЛИСТ ЖАҚАУ ДӘУРЕНБЕКОВТІҢ «СӨЗ КИЕСІ» АТТЫ КІТАБЫ ТУРАЛЫ ОЙ-ТОЛҒАМ)
Қызыл тілдің құдіретін танытқан сөз сардарлары санаулы-ақ. Әріден қозғамай-ақ Әлихан Бөкейханды, Ахмет Байтұрсынды, Міржақып Дулатты, Мұстафа Шоқайды еске салсақ, олардың өзі ауызға алып, ардақ тұтқан ұлы Абай дара тұр. Содан соңғы көсемсөз, буырқанған ой бұлқынысын біршама екшер болсақ, ғұмыры қып-қысқа ғана Саттар Ерубаев, Ғани Мұратбаев, Баубек Бұлқышев, Мұқан Иманжанов сынды ақсұңқар құстай ардагер, ақиық ұлдарымыз, отты сөз бұйдасын ұстаған ұстыны бөлек қаламгер-публицистер көз алдыға көлденеңдейді. Қалайда өз дәуірінің дауылпаздары болған олардың елден ерек екпіні, жұрттан айрықша жаратылысы бар еді. Қазағым деп, ана тілім деп көкіректері қарс айрылған біртуар жандардың қадамы да, қаламы да ұшқыр, жүйрік-тұғын. Міне, солардың сара жолының жалғасындай жазушы-журналист Жақау Дәуренбеков қолтаңбасы жанға қуат құйғандай қызулы, отты, ойлы, сергек серпілісімен осынау базарлы дүниеге қоян-қолтық араластырып, еріксіз өз иіріміне тартып ала жөнеледі. «Сөз киесі» деп атының өзі айғақтап тұрғандай, кітап құдіреті де сол киелі қазақ тілінің сиқырына малынған алтын айдарлы, күміс жалды дегендей кесек-кесек ой-толғамдарының тоғысынан тұрады.
Әсте әңгіме, повесть жазудың қызық-шыжығына қаныққан сырдесте адамның кереғар құбылыстары көп қоғамдық мәселелерге килігіп, қалам көсілтіп кетуі оңай шаруа емес. Бірақ Жақау жеңін түріп, ду-ду дүниеге қойып кеткен. Мұндай батырлық мінез байырғы журналистің қантамырында барлығына байланысты шығар. Жинақтың бастан-аяқ журналистік шеберлік көрігінен сомдалып шыққаны, сондай-ақ, объектіні құлпыртып, толыққанды етіп беру қамындағы сан түрлі жанрлық әдістердің қолданылуы, сөз жоқ, үлкен ізденіс. Ұзақ жылдар жастар басылымының жалауын көтерген тәжірибе жемісі тайға таңба басқандай менмұндалап көрініп, көзге ұрып тұр. Сөз құдіретімен жасалған кітап-ғимараттың құрыш қабырғалары іспетті үлкен-үлкен үш бөлім: «Ұлылыққа тағзым», «Ұрпақтар үндестігі» және «Уақыт ұлағаты» деп аталып, жинақ шаңырағын биікке көтеріп тұр. Ұнасымды-ақ.
Атына заты сай «Сөз киесінде» қалам ұстағандар үшін көзге ыстық, көңілге жақын жанрлық сипаттардың әмбесі бар. Ойтолғақ, қаз-қалпында, сыр-сұхбат дейсіз бе, әлде әліптеме, байымдама, жөргемсөз дейсіз бе немесе серкесөз, сипаттама бола ма, әйтеуір түрлендіріп жазудың барлық формалары орын алған. Адам жанына үңілудің ең оңтайлы әдістемелері болып саналатын жедел сұхбат, орайы келген әңгіме, очерк түріндегі, сондай-ақ, лебіз, дәуір дауасы, ғұрыпнама, дабылды ойлар, әуезе, бір ауыз сөз, ойөрім айдарлары аясындағы сом-сом дүниелер ауыз тұщытады, көңіл тоғайтады. Қай-қайсысы да қадау-қадау сыр суыртпақтап, өмір көшін өрнектейді, адамдар жан-дүниесіне көңіл дүрбісімен көз жүгіртеді.
Заманалар көшіндегі буырқаныс, бусаныс, бұралаң иірімдердің қай тұсында да қасқайып асыл ойымен асқар тау боп тұратын Абай тәлімінен сабақ алуға құштар емес пенде баласы жоққа тән. Дүние дөңгелегі қалай айналса да адамзат дамуына дәруі жетерлік дала философының кемеңгерлік ой кесімдері мен болжам-тұжырымдары табындырып отырары бір Аллаға хақ. Сол хақ нәрсені жадына түйген Жақау Дәуренбеков ғұлама ойшылдың Құранның сөзіндей қара сөздерін қанына сіңіргісі келгендігін айғақтардай ұлы ақын үлгісімен «Ғақлия ғибраты» атап, ойтолғақ кешкен. «Ұлылыққа тағзым» бөлімінің беташары ретінде алға тартылатын кітаптың әлқиссасы Абай тағылымы, Абайтану сабағы секілді бірте-бірте иіріміне тартып, бара-бара баурап әкетеді. Данышпан Абайдың: «…Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» деген уәжін алтын айдар етіп ала отырып өз жүрегіне жүгіну, жан-дүниесін тербеген айнала тіршілік-харекетті сезім елегінен өткізу өз әлінше Абайша толғанысқа итермелеген. «Иә, ақылман ақын, данагөй данышпан ұлы Абай өзінің қырқыншы қара сөзінде баршаға бағыштап осыншама жұмбағы терең жан сауалын ақ қағаз бетіне түсіріпті. Оқыған сайын сауалдың да сауабынан дәмелі дауалы көңілге ой келеді: «Ұлы данышпанның осылай толғап, осыншама ширығуына от тастаған қандай ой, қандай күй болды екен?!» деп өзін-өзі қамшылап өмір қойнауынан, адамдар мінез-құлқынан сыр суыртпақтайды, түйген-қорытқан нәрселерін Абай айтқан шамамен салғастырады. Яғни «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» деген ақын сөзін алдыға тарта отырып, өз заманының зары мен мұңын таразыға тартады. Ақылман Абай айтқан сол уәждің әлі күнге күшінде тұрғанына таңданыс білдіреді. «Жай жүрмейміз, жамандап, мұқатып, өсектеп жүру – бұдан бір ғасыр бұрын қазақтың бойында қандай болса, қазір де сонысынан өзгергені шамалы. Сол баяғы қалпы: біреу асып бара жатса, аттан салады, біреудің бағы жанса, кепкен көңдей құрыса қалады, біреу байып атқа мінсе, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады, нашарды тәуірге балайды, ал жақсыны әдейі талайды» деп бүгінгі күннің көлеңкелі бейнесін бетке басады. Жаман әдет жегі құрттай жабысып әлі күнге қалмай келе жатқандығына кейістік білдіріп қана қоймай, оның қайдан, неден шығатындығына зейін салып, талдау жасайды. Қазіргі қым-қуыт алмағайып кезең астарына үңілу есебінде сорпа бетіне шығар сауал қойып алып, соларға жауап іздестіру арқылы Абайша тебірену, тектілік аңсау қаламгердің ұтқырлығын ұқтырады. Сауалдар негізінен мына тектес болып келеді:
«Бір елдің ішінде жамағайынды кісі бірге туғандай көріп, іші елжіреп жақсы көріп тұрып, елге келсе, әрбірден соң қайта қашқандай қылатұғыны қалай?»;
«Бәйгеге ат қоссаң, атыңды тартыспайтұғын ағайын, атың келсе, бәйгесіне өкпелейтұғыны қалай?»;
«Біреуді досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің бір дұшпаның келіп бір тай берсе, бұзыла қалатыны қалай?»;
«Елді пысық билегені несі?! Пысықтың бәрі кедей келетұғыны қалай?»;
«Тоқал қатын өр келетұғыны несі? Кеселді кісі ер келетұғыны несі? Кедей кісінің кер келетұғыны несі?».
Міне, осылар тақылеттес он жеті сұрақты сырғалап алып Абай атамыздың қырқыншы қара сөзіндегі жиырма бір сауалдың сарынымен сабақтас дәл осы дәуіріміздің сырқатына дәру боларлық дауа іздейді. Таба алмай қиналады. Қай тұстан тамыр басып көрсең де кеселдің кесе-көлденең сұлап жатқан үстінен түсесің. Міне, мынау да соның бір парасы: «Соңғы кезде екі қазақтың бірі жат елге барып қайтып жатыр. Қай жағына барса да қайран қалып, таңданып, талып түсіп жатқандарда шек жоқ. Өз еліңнің оқуы өзгенікінен озық болса да, оларда керемет екен деп опынып жүрген бір қазақ. О жақтағының оқуы да, тоқуы да, үйі де, күйі де керемет деп баласын мешітке жетелеп, мұсылман елдеріне аттандырып жатқан бір қазақ. Затын көргенде өзінің атын ұмытқан бір қазақ. Бәріне көздері енді жеткендей боп, жақсылық пен жамандықтың жігін енді ажыратқандай боп, өзіміздегінің бәрін өзекке теуіп, өзгедегінің бәріне ұмтылған бір қазақ. Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін деп шыға келген жұлымыр да жылмағай кейіпке еніп, жақынын, танысын, туысын жаттай көріп шыға келген бір қазақ». Ұлы ақынның ұрпағы уақыттың үніне құлақ түріп алалай да бұлалай болып тұрған қоғам құрылысына құлқы сай жер басып жүргендердің айнымалы мінезіне мін таға отырып ортаға ой тастайды, ашынады, күйінеді, қысқасы, өз елің, өлең төсегіңнен жеріме дегенді сездіріп, атажұртыңнан артық ешнәрсе жоқ екендігін емеурінмен танытады. Сөйтеді-дағы: «Жалпақ жұртымыз – кеңпейіл халқымыз ілгерілеген өмір көшінен қалмай келе жатса да, алға озуға жігері жетпей емес – жұмылысы болмай, таланты жетпей емес – талабы болмай, ұйтқылығы жетпей емес – ұйымшылдығы болмай, елдігі жетпей емес – егемендігі болмай опық жеп өкінумен ғасыр кешсе, тұлғамызды төмендететін, еңсемізді пәс ететін, көп жерде мақтанып, марқаюдың орнына ұялтып қызартатын кесірлі қылықтарымыздың бірге жасасып қалмай қойғанына тірлігіміз куә, бүгінгі табиғи болмысымыз айғақ» деп өзек өртерлік өкінішін жасырмайды, сезген, түйсінген, түйгендерін ашына жайып салады. Сосын: «Оқыдық-тоқыдық, пәлен інстөт тауыстық, дөктір, академик болдық десек те сыртқы тұрпатымыз өзгергенмен ішкі тұрпатымыздағы баяғы мінезімізден арылып бітпегенімізді қайтіп, қай бетімізбен жасыра аламыз?» деген жан күйзелісін қоярға жер таппай және қиналыс-толғанысқа түседі. Толайым торығу емес, тығырықтан жол тауып шығу турасындағы тебіреніс-шамырқану сәттері де жетекке алып, желпініс, серпіліс сезімдеріне бөлеп отырады. «Біреудің ағайыны торқалы той, топырақты өлімде адалдық, береке алысуға табылмай, барымта алалық, ұрлық десе табыла қоятыны қалай?» деген сауал тастап алып, соны тарқату төңірегінде қаншама ой ширатылады, қаншама пікір ұшқындайды. Сол баяғы ақылдың алыбы ұлы Абай салған алтын көпір арқылы заман, адам пиғылын тану тағылымы арна тауып жатқаны көңілге нұр сәулесін құйғандай әсер етеді. Демек, сәулелі ойдың суаты, көңілдің қуаты дерлік ой толғам-толғаныстары соны сүрлеуге бастап, сан алуан сипаттағы сыр дестелеріне ортақтастырады. Тамылжыған тіл өрнектері өзіне баурап, ой-шырын балдың омартасын белден кешіп жүргендей боласың. Бәлкім, бұл ұлы Абай дәстүрінің шарапаты да шығар. «Жақсы адаммен жүрсең жақсы түс көресің» деп атам қазақ бекер айтпайтын шығар, сірә. Жазушы Жақау Дәуренбековтің «Ғақлия ғибраты» тақырыбына ой кешкені үлкен дайындықтың әсері екендігі анық. Қай сауалнамада болса да терең тебіреніс, зерделі ізденіс іздері сайрап-ақ тұр. «Бірінші – сөзді тыңдай білсе; екінші – жөн сөзге тоқтай білсе; үшінші – үшке бөлінбесе; төртінші – тірлік мәні бірлік деп білсе.
Әйтпесе… өтпелі кезеңнің өткелектеріндегі өзегі бір қандастарымыз өзіміз бас боп ел ағасының аузына қарап, батасымен бағдарымызды түземесек, теңгенің соңында тентіреп кетуіміз кәдік.
Тентіреген елде тәуелсіздік туы желбіремейді. Тентіреген жерде текетірес болады, тәжіке туады, ұйыған береке іриді, басқа қонған бақ безеді» деу арқылы өз тұжырым-бәтуәсін де білдіріп, ой керуенін ұлы көшке ұластыра түседі. Бірде ел ұйытқысы боларлық ер ұланды қайрарлық сөз ширатылса, енді бірде жер ұйығы боларлық мекен-жайды қадірлеу мәселесі менмұндалайды. Ал ендігі бір кезекте: «Осы күнде бұл жылғы берген ендігі жылға жарамайтұғыны қалай?» дегенге салауатты жауап қарастырылып, қат-қабат ойдың шуда бұлттары сапырылысып көшіп жүріп береді. «Айталық, кешегі досың бүгін бұртиып, болмашыға өкпелеп, бұратартар бейтанысың боп шыға келеді. Кешегі мұңдасың, бүгін күндесің болып алая қарайды. Өзің тәрбиелеген күшігің бүгін балағыңнан қағады… Неліктен? Жасаған жақсылығыңның сәні кеткен, жарастығыңның мәні кеткен өмірдің сауалына не дер едің?» деп опынған автор ойының астарында кешегі ұлы данагөйдің: «Күшік асырап ит еттім, Ол балтырымды қанатты, Біреуге мылтық үйреттім, Ол мерген болды – мені атты» деген сөзі атой салып тұрған жоқ па?! Қандай ұқсастық десеңші! Бір заманнан екінші заманға көшіп жүре беретін жамандық атаулының жаны неткен сірі еді, деп бас шайқайсың да жағаңды ұстайсың. Ұлтымыздың ұлылығымен қосақталып уақ-түйек кемшілігі де еріп жүреді екен-ау. Көзге ұрып тұрған айтыртық ақауларды жазушы түйсігі мүлт жібермейді-ақ. «Ең жаманы сенің наныңды ұрлау емес, жаныңды ұрлау. Бұл бертін келе пайда болған ұрлықтың түрі. Әсіресе, зиялы қауым ішінде осындай ортатөбел ғалымдар, зерттеушілер, тарихшылар, әкімдер, министрлер… Кешеге дейін мықтылар нағыз ғалымдарға жабысып, солардың арқасында Мемлекеттік сыйлықты тобымен алушылық дәстүрі болды» дегенді еске сала отырып небір замана запыранын, қитұрқыларын төккен тұстар қоғамдағы айлакер адамдар мінезін топтастырады, тобасын ұмытқандар қылуасын елеп-екшейді. Есіл еңбекті қанаудың сыпайы түрлері белең алған ашкөздік ар сүзгісіне түседі. Жайшылықта байқала бермейтін осы бір рухани ұрлық мәдениетті түрде жасалынатыны ғажап қой. Мәселен, көз майын тауысып, шаң жұтып жүріп жанын жеп жазған біреудің ғылыми еңбегіне қосамжарлана салуды әдет қылған қызметі жоғары лауазымдылар болды. Білімді, уақытыңды ұрлау деген осы емес пе? Тіпті, талай басшылар баяндама жасау дегеннен мақұрым еді. Дайынға майыр дөкейлер әлдекімдердің түн ұйқысын төрт бөліп әзірлеген құлаш-құлаш сөздерін дұрыстап оқи да алмайтын ғой. Міне, осынау мәдени ұрлық үрдісі өршіген өмір қалтарыстары да қаламгер назарынан тыс қалмаған. Сондай масылдық әдеттің қыртысын айналдырып, қабат-қабат тонын шешіндіреді, шен-шекпенділер ой-өрісінің тарлығы қайдан шығады дегеннің себеп-салдарын парықтайды.
Жазушының жанын жай таптырмайтын кесел-кесапат дегендердің қарасы бастан асады. Соның ең қауіптісі де, өмірде көп кездесетіні де қарапайым халықтың ауыздағысын қағып түсетін пысықайлар. Бүгінде олар өріп жүр. Автордың айтуынша: «Аздап білімі бар, аздап саясаты бар, аздап ойы бар, аздап мәдениеті бар, бәрінен жұғын-жұғын жұқтырған, үстел басында өзін ұстай алатын, екпіндеп сөйлеуге епті, мінберге шығуға машықтанған, бетпе-бет келгенде ағалағанмен, былай шыға бағаламайтын, оң қалтадан уәде, сол қалтадан сыйлық бере алатын, бірнеше институт тауысып, талай креслоларды тоздырған мұндай жаңа сападағы пысықтар әрбір кезеңнің алперен сәтін жатырқамай пайдаланып, жамбасына басып қалуға келгенде әлі де алдына жан салмайды. Нағыз егемендік ептілер мен пысықтардың басына туды». Ауыздығы алынған демократия дегенді желеу етіп жер-көкті бауырына басқысы келген керауыздар көбейгені рас. Момын ел, жомарт жер аяқ асты болудың аз-ақ алдында тұр. Ұлы Абай айтқан: «Болыс болдым мінеки» күні туды ма деп қалғандайсың кейде. Осы ойды өрбіткен туындыгер жанайқайы жағадан алып, жаһаннамға сүйреуге кіріскен жадағай пысықайлардың көрбілте көмекейлерінен сақтандырады, көше қуалаған көсемсігендерден, құлқынын ойлаған обырлардан аулақ жүруді еске салады. Жалпы, замана иіріміне малтып, иіні түскен, бет-бейнесін өзгерткен пендешілік туралы ары-бері толғай келіп автор: «Осы құбылысқа қайран қалып, қапысын аңыстағанда пенде баласының жұмбақ сырының шырғалаң шиырына түсіп кетіп, ақыр соңында қайта айналып келіп үңілерің де, жүгінерің де ұлы Абай» деп түйеді. Кемеңгер ойшылдың салмақты топшылаулары мен толғауларын көңіл түкпіріне тұндыра отырып оны өз өресімен сараптап, саралауды, данагөй ақын ғибратын өнеге тұтып, өзінше өріс ашуды алдына мақсат етіп қойған қаламгер қадамына құптау сөз айту лайық. Ұлы Абай жүрегінің дүрсіліне құлақ түріп, оның қай заманда да мән-маңызын жоғалтпайтын ғақлияларынан сабақ алып, бой түзеу, қалам тербеу қалайда кісілік келбетке сайса керек-ті.
Ұлы ойшылдың жан дүниесімен үндескен кітаптың кілташары ақжолтай бөлім деп білеміз. Абай тағылымының әсері парақтаған сайын көз қуантып, көңіл желпінтіп отыратындай сезім құшағына алады. Ұлы Абай сөздерімен ашылып, айшықталып, әдіптеліп өзіне шым-шым тартатын жинақтағы «Ұрпақтар үндестігі» бөлімі өмірде өзіндік орны бар әр саланың саңлақтарын, тарланбоздарын алға тартады. Әдеби, мәдени ортаның марқасқалары Ғабиден Мұстафин, Асқар Тоқмағамбетов, Сейдахмет Бердіқұлов қай қазаққа да үлгі-өнеге боларлық үздік тұлғалар, қиялы қиянға кеткен мұзбалақ ақиықтар. Сондай-ақ, ойлы жырымен жұрттан озық Қадыр Мырзалиев, имандылық иірімдеріне тартып тұратын Үмбетбай Уайдин, жарық жұлдыздай жарқырап барып оқыста сөнген сыншы Сағат Әшімбаев жан сырына үңілу қандай ғанибет! Немесе ерлікке бергісіз еңбегі бар ақын Мұхтар Шаханов, жазушы, драматург Баққожа Мұқаев, ғұлама ғалым Ғайнитдин Мұсабаев ше?! Дипломат, елші Болатхан Тайжанов, режиссер Маман Байсеркенов, әнші Роза Рымбаевалардың қоғамдағы, өмірдегі, өнердегі ерекшеліктері қаншама жұртты қызықтырады десеңізші?!
Аталмыш танымал адамдардың аты-жөндерін тізіп шығу соншалықты оңай болғанымен, олар жайлы жазылған дүниелер қаншама қиындықпен ақ қағазға өрнектелгенін зер салып оқыған адам ғана түсінеді. Қазақ елінің көгіне бір-бір жұлдыз болып қадалған жоғарыдағы есімдер өмір жолын сан алуан форма, тәсілдер арқылы қалам қуатымен айшықтаған жазушы жүрегінің сезімталдығына ден қоясың. Деректі дүниелердің өзі көркем шығармадай шымыр, ширақ оқылады. Кейіпкерлерді танып-біліп отырсаң да беймәлім қырлары мен сырларының көптігіне көз қанықтырып, көңіл тоғайтасың.
Дәм айдап бір топ адам Ғабиден ақсақалдың үйіне барғандағы әңгіме-дүкен кім-кімге де өмірлік сабақ. Өнерді құрметтеп, өнердегі өмірі ұзақ ақсақалды құрметтеп келгендерге ризашылық білдіре көңілі шалқыған Ғабең біршама жадырап талай әңгіменің басын қайырады. «Жігіттер, маған осы жерде Абайдың сөзі есіме түседі, – деп шуақтанады қария. – «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат». Қалай, біздің данышпан Абайдың білмегені, ақыл таразысына салмағаны жоқ қой. Білсеңдер, шынымды айтсам, мен Абайды енді-енді түсініп келем… Күлкі демекші, адам қартайған сайын бұрынғыдай емес, өте сирек күледі. Үлкен кісіні шынайы күлдіру қиын. Мына Ғабит қазір күлуден қалды.
Ақсақал мырс етіп күліп алды. – Сондықтан былай, қымсынбай күліп отырыңдар…».
Осы бір детальдің өзінде қаншама сыр жатыр. Тағы да сол ғұлама Абай алдыңнан шығады. Дарын иелері данышпан ақын тағылымын бойына сіңірген. Әлі де игеріп болмағандығын аңғартады. Күлкі дегеннің аса қажет екендігін еске салады. Және оның жас ұлғайған сайын сирекси түсетінін де мұңая айтады. Ғабит құрдасын қағытып өтуді де ұмытпайды.
Әдемі, келісті көріністер осылай кезектесіп отырады да әдебиет алыптарының қойын-қонышына жақындастыра түседі. Олардың алдын көріп, ақыл-кеңесін тыңдау әркімге де арман, әрине. Ендеше, дәм айдап келіп Ғабиден Мұстафиннің шуақты сөздерін тыңдаған бір топ інілерінің бақытты сәттеріне куә болу да бір ғанибет. Ғабиден ақсақалдың аузынан ат басындай алтын сөздер ғана шығады. Тағы да естиік:
«Мұхаң айтушы еді, – деп жалғады ойын, – қазақ енді ащы ішек болып қалады деп. Жері кең, өзі аз. Бүйткен тірлікте халық қайтпек керек? Қазақ деген халықтың үкісі қалай желпілдемек? Сан қууға дәрмен жете ме, шама келе ме? Ендігі жол өнермен алу, өнермен таныту деп отыратын. Мұхаңдар көреген ғой».
Бірін-бірі әспеттеген, бірін-бірі бағалаған қазақ әдебиетінің алыптары жайлы жазбалардың мол болғанына не жетсін. Жақау Дәуренбековтің «Дәм» атты осы бір қаз-қалпындасы асыл қазыналарға қосылған оймақтай болса да ойға толы үлес екені анық. Шығармашылығымен бүкіл қауымды баураған оқырмандарының сүйіктісі Ғабиден ақсақалдың өмірбаяны осындай келісті, кестелі көріністермен толыға түседі емес пе. Бүкіл ғұмырын туған халқына рухани нәр берумен өткерген кемел ойдың адамы тіл тазалығы үшін күресіп, қазақ елінің тұнық өнерінің туын аспанға көтерді, көркем прозасын көркейтуге күш салды. Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Сәбит, Ғабит, Мұхтар деп ауыз толтыра айтылатын қазақ әдебиетінің классиктері тобын толықтырды.
Иә, дәм айдап Ғабиден ақсақалдың шаңырағына бас сұққан бір топ інілерінің әрқилы әңгіме сорабында көп дүниеге қаныққаны естерінде мәңгі сақталар. Ақсақал жазушының дастарханы басындағы бір мезеттік жүздесу кезіндегі, дәм үстіндегі салмақты сөздер ғибраты әсте ұмытылмас. Әсіресе мына әңгіме:
«Бұл дүниеде адам шыр етіп жерге түсісімен анасының тілімен сөйлейді. Оны ол ананың құрсағында жатып бойына сіңірген. Өсе келе ол өмірлік құралына айналады. Адамның тірлігінде одан артық қандай байлығы бар? Тіл өткір, тіл терең, тіл құдірет. Өз басым өмір бойы тіл үйренумен келем… Өнермен, өнерді өркендетер тіліңмен ғана өмірде қаласың, өмірде озасың…».
Бірде қарт қаламгердің қас-қабағын бағып, енді бірде оның өзіне кезек беріп қойып кейіпкер тұлғасын сомдай білген тыңдаушы тәсілінің тиімді тұстарына тәнті болмасқа лаж жоқ. Еш боямасыз, қоспасыз қаз-қалпындағы дәм бұйыртқан дүние бас-аяғы жұп-жұмыр, жып-жылы болып келісті өрілген. Бұл қарт қаламгердің өз оқырмандарымен емін-еркін кең көсіліп отырып өмірінің соңғы жылдарындағы сырласқаны сықылды. Тек тыңдаушы боп барған бір топ жасы кіші ізет көрсетушілер жүрек түкпірінде ақсақал кісінің екшелген естеліктері мен көшелі әңгімелері қонақтап қалды. Сексеннің сеңгірінен сөйлеген бірқалыпты жұмсақ үн үнемі құлақтарында жүретіндей болып қалды.
Орнықты ой, сабырлы да сарабдал түйінмен өрілген бұл жазылым қадірменді қаламгерлер творчествосы сыртындағы пенде ретіндегі адамдар қыр-сырын, мінез-болмысын біліп-танып жүрудің артық еместігін айғақтай түскендей. Оқырманға бұл да керек.
Бітімі бөлек жеке тұлғалар ғұмырнамасы дерлік детальға құрылған дүниелер галереясы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Тәсілдер қайталанбайды. Асқар әлемі сипаттама арқылы көрінсе, Сейдахмет жан-дүниесі лебіз білдіру түрінде ашылады. Қадыр құдіреті сыр-сұхбатқа, Үмбетбай әліптемеге, Сағат болса мұңайысқа икемделген. Сондай-ақ, Мұхтар ақын марқайыспен, Баққожа толғаммен, Ғайнитдин ғалым очеркпен әспеттелсе, режиссер Маман пікір өнбойында, елші, дипломат Болатхан жедел сұхбат шалғайында, ал әнші Роза сырласу баурайында асқақтайды. Сөйтіп сан алуан сұлу өрнекпен кескінделген қилы тағдыр кейіпкерлері сап түзеген жинақ қойнауы ғажап ғұмырнамаға толы дер едік.
Жекеден жалпыға ұласқан ой орамдары «Уақыт ұлағаты» аталған соңғы бөлімге ұштасып, кірігіп кете барады да, осы таңдағы кез келген мәселе қым-қуытына араласып, қозғау салады, пікір өрбітеді. Сөз бен істің ара салмағы сараланып, шындық пен өтіріктің өлшемі, салт пен сананың қарым-қатынасы, шекені шыңылдатқан саясаттың дауасы алма-кезек тілге тиек етіледі. Ара-тұра өз басынан гөрі өзгенің қамын көбірек ойлайтын өз ұлтының туабітті патриоттары тағдыр-тәлейі де қылаң беріп отырады.
«Тіл тағдыры жайлы жиналыс сайын мәселе көтеріп, – дейді қалам иесі кезекті бір толайым толғаныс тұсында, – күннен-күнге сұраусыз қалып бара жатқан мүшкіл халіне қамығып, шыр-пыр болып, кез келген жерде қасиетті ана тілінің мұңын жоқтап, қолынан келгенінше жанашыр боп жанығып жүретін, сол үшін де біреуден ескерту алып, біреуден зеку естіп, біреудің кәріне ұшырап, жүрегін ұстап жүретін, сөйтсе де ішкі танымынан таймай, айтарынан айнымай бар даусымен жар салып ащы шындықты айта білген ағамыз – Шәкеңнің – Шона Смаханұлының томашадай тұлғасы арамыздан кетсе де әлі күнге алыптанып көрінер әлі».
Иә, қазір қазақ мектебі сөз бола қалса, бірден Шона ақынның кейпі көз алдыға келіп тұра қалатыны рас қой. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» қағидасын ұстанған қаламгер Шөкең сияқты ана тілінің жанашырларын кітап парақтарына жазып қалдыруы азаматтық іс екені даусыз.
«Өнер отауларының кең залдарында, көрмелерде, кездесулерде, ән-күй мерекелерінде балапандарын соңынан шұбырта ертіп жүретін қоңыр қаздай шәкірттерін бастап, жүзінен мейір шуағы есіп тұратын, қолынан кездесуге келер қадірлі қонақ – өнер иесіне деген гүл шоғы түспейтін осы бір жанды бүкіл астананың студент қауымы, өнерсүйер интеллигенциясы жақсы біледі. Бұл университеттің оқытушысы – Бақтажар Мекішев».
Мәдени өмір ортасы тегіс танитын мінезі қызық осынау жанның «Жеті муза», «Қыз Жібек» эстетикалық клубтары арқылы аңызға айналғаны ақиқат. Жазушының көңіл дүрбісі оны да көзден таса қылмапты. Дәл тапқан ғажап тұлғаны.
«Ізгілік туралы көп жазатын, көңілі адамдарға деген мейірімге толы жазушы ағаның – Үмбетбай Уайдиннің кезекті бір айлық жалақысына қаладағы балалар үйіне арнап бір қапшық ойыншық сатып алып апарғанына куәміз… Күн сайын жанынан өтетін ауладағы қаздай тізіліп, бірінің қолынан бірі ұстап үйіріліп тұратын, шуылдап ойнамайтын, үндемей әркімге жәутеңдеп, ауланың есігінің алдынан өтіп жатқандарға қарап телміретін кішкентай пәк жүректерді көргенде жаны шымырлап, жүрегі жиі соғады екен».
Инабаттылық иіріміне тартып, адамгершілік қақындағы әңгімесін түгесе алмайтын өмірге құштар Үмекеңнің тағдырына үңілу де игі ниет. Жайсаң адамдар көбірек болса екен деген ақ тілектен туған әуез сыры тереңіне шым-шым батырады.
«Осындай елгезек жүрек туған жері мен еліне, өскен ортасына адалдығын ісімен танытып жүрген жандар жайлы ойлағанда есіме тағы бір жан түседі, – дейді әуез иесі. – Ол – қарапайым шаруа, балықшы Нарғали Демеуов. Қырық жылдан бері балықшылық кәсіптен қол ажыратпай келе жатқан оның талай әріптестері, туыстары, замандастары әлдеқашан басқа мамандық тізгінін ұстап, қоныс аударып кетті. Теңіз тартылып, қайықтары қаңтарылып, балықшы ауылдары көтеріле көшті. Нарғали бастаған он бес адамдық көшпелі аушыларды ұйымдастырып ізгі мұратқа біріктіріп, тірліктеріне берік сенім әкелген ненің құдіреті?!».
Ондай құдірет-күшті туған жерге кіндігі байланған, қиындықтан қашпай, жеңіл жолдың әуеніне берілмей тірлігімен, жанкештілігімен еліне қадірлі болған Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, балықшылық кәсіппен күн кешкен Нарғали Демеуовтың тұлабойынан іздеген жөн болар. Өмірлік таңдауын ештеңеге айырбастамайтын азамат өзгеге өнеге боп қалған. Автор туған жерге туын тіккен балықшы болмысын алға тарта отырып: «Сөз бен істің бірлігін алыстан іздемей-ақ қояйық, оларды өзіміздің бойымыздан іздейік, әмсе күнделікті ісімізден көрінсін. Көрінсін деп көп сүйсінер болсын» деп түйіп тастайды. Талассыз түйін. Шонаның, Үмбетбайдың, Бақтажар һәм Нарғалидың өнегелі өмір нысандары бұған нақтылы мысалдар. Қарапайым жандардан кісілік қасиеттер ұшқын шашып тұратындығына әуезе айтып, құлашты кеңге сермеген туындыгер топшылаулары тоят таптырғандай.
Кітап өрісін құнарландыра түсер толайым толғақты ойлар жетерлік. Ана тілінің қадір-қасиеті де, баспа тілінің мәдениеті де, терминком төңірегіндегі көңіл түйткілдері де таным-түйсік көкжиегін аңғартқандай. Тіпті, Арал қасіреті мен Адам тағдыры көз алдыға тартылған тақырыптардың өзі нардың жүгін көтеретіндей қордалы десек, артық айтқандық болмас. Сонымен бірге, ғұрыпнамалық салт-саналардың сабақтары: беташар, бақсылық секілді халықтық дәстүр, жол-жоралғылардың өміршеңдігі де бүгінгі күнмен өзектестіріле өрнек табады. Елдің сыртқы және ішкі әңгімелерін жалғастырған жөргемсөз де өз қажетін өтеп тұр. Әдетте: «Ел іші қалай? Не деп жатыр?» деген сауалдар желдей есіп жүреді. Осы орайдағы ішкі және сыртқы сілкіністер қала мен дала кезген әңгімелер желісімен ортаға салынып, ой қорытылады. Яғни: «Отбасының жылуын күйттеп, жағдайын жасап, бала-шағаның қасында жүруге тиіс қазақ әйелдері енді вагон-вагонды аралап, вокзал басына түнеп, бір стансадан мініп, бір стансадан түсіп, кезбе саудаға шығыпты. Тауқымет мен таршылық олардың бойларындағы биязылықты да, қарапайымдылықты да, ұяңдықты да сылып тастағандай» деген сықылды нарық қайығында қалт-құлт еткен қазіргі қалпың көріністері де көз қиығына ілініп, жан қиналысына салады. Сол тығырықтан шығар жолдың қисындары қайсы дегенге жауап іздеген сарылыс та сезіледі. Қала мен ауыл арасын жайлап жоқшылық, жұмыссыздық наласы зар айтқызады, бірақ сарыуайымға салына бермеудің, белді бекем буып, беркінудің, бірлік танытудың белгілері де менмұндалайды. Егіле беруден, езіле беруден ел жағдайы түзеліп кетпейтіндігін, ұлттық намысты аяқасты қылмауды қаперге салады. Қалам қуаты, міне, осы бір нәзік тұста жоталана түскендей тайпалған жорға жүріс танытады.
Ұзақ жылдар тәжірибесінен түйген ойдым-ойдым ойлардың сілеміндей кітаптың соңындағы үкілі үзінділерде қалайда бір тәттілік бар. Қаламгер қойын дәптеріне қонақтаған ой-өрімдері бойға сіңіруге оңай, оқуға жеңіл әрі нәрлі. Қас-қағымдық қып-қысқа сөз маржандары жіпке тізілген моншақтай дегенге саяды. Әр жолында салмақ бар, әр шумағы мағынаға толы жазушы-журналистің ой тамшылары тіпті қанатты афоризмге айналып кетуге сұранып тұрғандай ма, қалай. Кейбіреуін тізіп, термелеп көрсек, мынадай: «Сөйлемі олақтың, ойы шолақ», «Лездеме – нөмірге берілетін мінездеме», «Желге қарап желкеніңді түзе, Елге қарап ертеңіңді түзе», «Дерек – материалдың дәт-қуаты, объект – тақырыптың ақсуаты», «Сөз шындығы – арай, іс шындығы – шырай», «Шындық – сөздің шырағы, ой – көңілдің пырағы», «Дүние – бұлаңдаған сағым, өнерің – өміріңдегі бағың», т.с.с.
Дәл табылған дәмді сөздерден әп-әдемі дүниелер туындайды. Бәрі де бір-бір шығармаға өзек болғандай күміс сырғалы қысқа қайырымдар жинақтың батагөйіндей жұлдызшаларымен жымыңдасып сыңғырлайды. Тиянақ, түйін ретінде берілгендігімен де жарасты, орынды ойластырылған дер едік.
«Сөз өнері – дертпен тең» дегенді ұлы Абай қалай тауып айтқан, шіркін! Ұзына бойында ұлы ақын ғибратын үлгі тұтқан үрдіс жалғасы айқын сезілетін «Сөз киесі» кітабы үкісі желкілдеген кестелі, жүйелі еңбек екендігіне көз жеткіздік. Жазушы-журналист Жақау Дәуренбековтің бұрыннан белгілі «Алғашқы сабақ», «Шұғылалы шақ», «Бөгенауыл балалары», «Саяқ», «Күн ұясы» сықылды ұзын саны он шақтыдан асатын прозалық кітаптарының қатары енді сөз өнері хақындағы қат-қабат ойларға толы сан қилы тақырыптағы толғам-толғаныстары түзілген ғақлиялық келісті жаңа жинақпен толықты. Ұлы Абай тағылымынан нәр ала білген қаламгер «тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» деген данышпан ақын сөзін ұстанған сыңайлы. Өз мүмкіндігін өлшеп-пішіп тер төккен, тебіреніске түскен. Сөйтіп, киелі сөздің кемесіне мініп, көңіл дүрбісін алысқа салған. Көзге көп нәрсе ілігіпті. Оқыған адам олжаға жолығары даусыз. Сөз құдіретінен асқан не болсын! «Сөз киесі» кітабы да соны дәлелдей алған.
Ибн Сина: «Дәрігердің қолында үш түрлі құрал бар, – деген екен. Біріншісі – сөз. Екіншісі – дәрі. Соңғысы – пышақ». Ал қалам ұстаған адамның жалғыз құралы бар. Ол – Сөз. Соның киесіне ғана иек артады. Одан басқа сенері жоқ. Жақаудың сөз салмақтауы да дәл осыған көз жеткізгендей.
Бұл – сәулелі сөз құйылысымен көңілді тербеген осы еңбегіне тереңірек тоқталуымыз – Жақаудың мерейтойы тұсында айтылуға тиіс деп білген ойымыздың ортаға түскен өрімі бөлек, орайлы түйіні еді.
Асылы, сөз қадірін білгенге сөздің сыйы артық етпейді.
Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ,
Халықаралық Жамбыл атындағы
сыйлықтың лауреаты.