«ЖҰЛДЫЗ» ЖУРНАЛЫ, №2
Журналдың жаңа санындағы ең шұрайлы дүние – Конрад Берковичтің «Тұқым» әңгімесі. Әңгімені тамылжыта тәржімалаған Жүсіпбек Аймауытұлы. Сондай-ақ, Тұрсын Жұртбайдың «Кекті бесік» зерттеу-толғамының Илья Жақановтың «Домбыра аңызы» эссе-элегиясының айтары мол.
Көрнекті сазгер, музыка зерттеушісі И.Жақанов домбыра аспабын сөз ете келіп, тарих тереңіне сүңгіп, талай аңыз-әфсаналарды қопарады. Бексұлтан Нұржеке-ұлының «Ақ жазықтың адамдары» атты ғұмырнамалық хикаяты оқырман үшін қызғылықты шығарма. Проза жанрында Марат Мәжитовтың «Қазақ» әңгімесі бүгінгі тірлігіміздің жықпыл-жықпылына терең бойлатқандай. Журналдың бұл санында поэзияға да көлемді орын берілген. Ханбибі Есенқарақызының «Қазақы өлең мөлтілдеп жылап тұрды» деген топтама жырлары, Қалидолла Ізекенұлының жаңа өлеңдері, Аман Кәлетаевтың сиясы кеппеген өлең-жырлары оқырманға жол тартты.
Сондай-ақ, Өнерхан Өгізбайұлының «Қандастар» деректі әңгімесінің айтары мол. Бұл туындыда аға сұлтан Құнанбайдың Қытай мемлекетіндегі қандастарға барып, ол жақтағы қалың керей бауырлардың тұрмыс-тіршілігіне қанығып, біраз уағдаластыққа қол жеткізуі нақты деректермен шебер баяндалады.
Зерттеу айдарымен берілген Өмірзақ Қажымғалиевтің «Жәңгір ханның тұлғалық бейнесі» атты тарихи баянының да оқушы қауымға берері мол.
Ғалым Нұрдәулет Ақыштың «Ұлт азаттығының парасатты панорамасы» деген толғамы бүгінгі проза жанрындағы елеулі еңбектерді екшеп, баға берген келелі дүние екені анық.