ТАҢЖАРЫҚ ЖОЛДЫҰЛЫ ҚАЙДА ОҚЫҒАН?
25.04.2023
840
0

Мен ұзақ жылдық оқырман ретінде ақын Таңжарық шығармалары мен ол туралы жазылған ғылыми еңбектер­ді, тарихи-шежірелік кітаптарды оқып отырып, кей тұстарына әттеген-ай деп өкініш білдіріп қалатын сәттерімнің де болғанын жасырып қалғым келмейді. Ол қалай дейсіз ғой, ақын Таңжарықтың әр жылдары жарияланған өлеңдерінің, ән-толғауларының ішінара шумақ, тармақтары, сөздері өзгеріске түскені байқалып қалып жатады. Әрі өмір өткелдері мен отбасына, оқу тарихына, тегіне қатысты ақпараттар толық берілмей немесе әр материалда әртүрлі беріледі де, оқып отырған оқырманға түрліше ой салып, күдігін күшейтеді.

 

Мен бұл мақаламда, айтқан сөзімнің дәлелі ретінде тек Таңжарық ақынның оқу тарихы туралы әртүрлі басылымдардан ақпараттық мәлімет беріп, аз да болса талдау жасап, оқырман қауыммен ой бөлісуді жөн санадым.
Біріншіден, профессор, көрнекті тарихшы, ғалым, ұлағатты ұстаз Жақып Жүнісұлы «Іленің тарих-шежіресі» атты ғылыми еңбегінде: «Ол он жасында діни мектептен сауатын ашып, 1919-1922 жылдары Күредегі жаңаша мектепте оқыған. 1923-1925 жылдары Қазақстанда жеті жылдық орталау мектепте оқыған», – деген дереккөздерін ұсынады.
Әрине, Жақып Жүнісұлы ағамыз ақынның оқу тарихын өте жинақтап жеткізген. Уақыт дәлдігі жағынан өте анық ақпарат берген. Бұл тарихи дерек Жақаңның өзімен, өзі тұстас жасап келе жатқан көзіқарақты қарттарға түсінікті шығар. Бірақ та ақын Таңжарық туралы жан-жақтылы білгісі келетін оқырмандар мен Таңжарық шығармасымен жақын танысқысы келетін жастарға, шынын айтқанда түсініксіз әрі жұмбақ жағдай. Ол оқыған діни мектеп қай жерде? Күре қала ма, ауыл ма? Қандай сабақ түрлерін оқыды? Сыныптастары кім? Мұғалімдері кім? Мектеп директоры кім? Қазақстандағы жеті жылдық орталау мектеп қай жерде? Осы секілді сан сұрақтың астында қалады.
Тағы бір жақтан Жақып Жүнісұлы белгілі тарихшы, ғалым болғандықтан, «отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» демекші, ақын Таңжарықтың оқу тарихы туралы тарихшының жазғаны барша қазақ еліне, соңғы ұрпаққа тарихи материал болып жетті. Тарихшы Жақып Жүнісұлы, алты Алашқа аты мәшhүр арқалы ақын Таңжарық Жолдыұлының оқу тарихы туралы жан-жақтылы кемелді дерек бергенде жоғарғыдай сұрақтар тумас еді.
Таңжарықтың оқу тарихын үш сөйлем сөзге жинақтауы керемет-ақ. Алайда, менің ақын Таңжарықтың оқу тарихы туралы ізденіс жасауыма осындай түйіткілді сұрақтар себеп болды.
Екіншіден, ақынның туған атамекені, кіндік қаны тамған асыл топырағы Күнес өңірінде жасап келе жатқан ел ағалары мен сұңғыла қарттары, зиялылар тобы бірлікте жазған «Қызай, Дербіс, Сады шежіресі» атты кітапта Такеңнің оқу тарихы былай жазылған: «Таңжарық Жолдыұлы Шақпы ішіндегі Мыңбай молдадан алғашқы сауатын ашқан, 1919-1922 жылдары Күредегі жаңаша мектепке барып оқыған, 1923-1925 жылдары Қазақстанның Нарынқол ауданының жеті жылдық орталау мектебінің біріне түсіп оқыған», – дейді.
Бұл ақпараттағы ақын Таңжарық «Шақпы ішіндегі медреседе Мыңбай молдадан алғашқы сауатын ашқан», «Нарынқол ауданында жеті жылдық орталау мектебінің біріне түсіп оқыған» дейтін екі сөйлем, ақын Таңжарықтың оқыған алғашқы мұғалімі Мыңбай молда мен Қазақстанға өткенде оқыған жері «Нарынқол ауданы» екені анық жазылған. Десе де жоғарыдағы сұрақтар айналасында көңіл көншітерлік толық жауап емес. Әлі де дереккөздерін іздеуге тура келеді.
Үшіншіден, ақын Таңжарықтың есейіп-ержеткен жері, Күнестің тумалары, «Халықаралық Таңжарық зерттеу қоғамдық қорын» құрушылары: танымал жазушы Т.Рыскелдиев, Қазақстанның құрметті профессоры, «Таңжарық» журналының бас редакторы М.Мамытханұлы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы Т.Дәуітұлы құрастырған, «Таңжарық таңдамалы шығармалары» атты кітапта ақын Таңжарықтың оқу тарихы туралы: «Таңжарық өз ауылы Шақпыдағы Сады мектебінде 1913 жылы Мыңбай деген молдадан сауатын ашқан, 1916-1918 жылдары Әбдімәжіт әпенде деген оқымысты татардан оқып, білім шыңдаған. 1919 жылы күзде Іленің Күре деген жерінде ашылған Шөтаң мектебіне оқуға түсіп, қытай тілі, қазақ әдебиеті, тарих, география пәндерін арнаулы оқыған. Ақын 1923 жылы Қазақ­станға Нұптебек деген байдың атақты Бәйгекөк атымен қашып өтіп, Нарынқол, Кеген аудандарында оқиды. Алаштың аяулы перзенттері А.Құнанбайұлы, М.Әуезов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев қатарлы классиктердің шығармаларынан сусындап, бойына Алаш идеясын сіңіреді», – дейді.
Дегенмен: «Шақпыдағы Сады мектебі қашан ашылған?» және ақынның «Қазақстанға келгенде оқыған жері Нарынқол ауданы ма, әлде Кеген ауданы ма? Жоқ, әлде, екі ауданнан да оқыған ба? «Шөтаң» мектебінде «қазақ әдебиеті» оқытылды ма?» деген сияқты сұрақтар көлемінде бір адым тереңдей ізденіс жасаған жөн секілді.
Төртіншіден, Қытайдағы оқу-ағарту тарихын зерттеуші профессор Қабимолла Манжыбаев «Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер» атты кітабында былай келтіреді: «Қуан мешіт медресесі – 1918 жылы қазіргі Күнес ауданының оңтүстік жағынан ағып өтетін Шақпы өзені бойына салынған мешіт медресесі. Қуан мешітін – Қуан зәңгі мешіті деп те атайды.
Қуан зәңгі мешіт медресесін салудан бұрын 1914 жылы Әбдімәжіт деген татарды молда етіп, Шақпы бойында 30 бала оқытқан». Бұл дерекке де жіті назар аударып, нақтылау керек деп ойлаймыз.
…Қуан медресесі Күнес қазақтары арасында бардам адамдардың ауыл сайын (ру сайын) медресе мектебін ашуына бастамашы болған. Осы медреседен оқыған Мыңбай, Тұрысбайлар өз ауылдарында медресе ашып бала оқытқан.
Шынжаң қазағының әйгілі ақыны Таңжарық, аға буын зиялылары: Санат, Қиясбек, Әбдуәли, Нұрабдін, Нұрмұхамет қатарлылар ең алғаш осы Қуан медресесінен оқыған. Ақын осы мешіт медресеге арнап:
Жасапты бұл мешітті діңгек қойып,
Діңгекке арқалықты «мін» деп қойып.
Ішінде ақ сәлделі бір молда отыр,
Пайғамбар хақ, Құдайым бір деп қойып, – деп өлең жазған екен.
«Күнес көлеміндегі алғашқы медресе ағартуы 1915 жылы басталған. Сол жылы Керейбай күнде Жаңқараш деген саудагердің саудасын жүргізетін Хасен деген татарды әкеліп, оған 7-8 бала оқытты. Орны Хасейіннің отауы (Әсейіннің ағасы) болды. 1916 жылы Керейбай Әбдімәжіт деген татармен тоқтамдасып, 30 бала оқытты. Тоқтамда: «Алты айда хат танытады, төрт айда оқытады, ақысына бір балаға бір құнан алады…», – делінген. 1917 жылы 12 жасымда Тұрысбай ауылындағы Сәләhи деген татардан өзімде оқыдым», – дейді Әсейін Жақсылықұлы.
Қ.Манжыбаев жазған бұл деректе «Қызай, Дербіс, Сады шежіресіндегі», «Шақпы Сады мектебінің» дерегі айтылып, Қызай елінің Дербіс атасынан тараған Құттыбай руының зәңгісі Қуан Түктібайұлы (1872-1932) салдырған мектебі екенін аңғартады әрі мешіт медресесі 1916 жылы басталып, 1918 жылы біткеннен дерек береді. Сол тұста оқыған оқушылар медресені салыса жүріп, оқыған болуы әбден мүмкін. Бұл деректегі көңіл аударарлық бір іс, ақын Таңжарықтың ұстазы алғаш сауатын ашқан молда Мыңбай 1914 жылы Әбдімәжіт деген татар молдадан, Тұрысбай Шобанұлы (Әлімахун атағын алған) бірлікте оқыған.
Тағы бір ескеретін жайт, 1918 жылы Қуан мешіт медресесі салынған уақытты емес, біткен уақытын көрсетеді, өйткені бұл жыл – Қуан Түктібайұлының Құттыбай еліне зәңгі болып сайланған уақыты екен.
Мыңбай молда өзінің жеке киіз үйінде Таңжарық қатарлы балаларға ескіше сабақ беріп, сауаттарын ашқан. Қуан медресесінен (мектебінен) әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлы мен Күнестің аға буын зиялылары: Ә.Жақсылықұлы (1903-1994), Ә.Байдәулетұлы, Ә.Әбішұлы (1900-1978), Қ.Берікбайұлы, Нұрабдін, Нұрмұқамет деген кісілермен бірлікте, Әбдімәжіт, Әсіләм, Хасен деген оқымысты татар молдаларынан «үсіли жәдит» (төте оқыту) әдісі бойынша оқыған. Қуан зәңгінің қол астындағы Сады елінің күндесі әрі молдасы Керейбайдың ұйымдастыруымен 30 баламен бірлікте 3 жыл (1916-1918) ақын Таңжарықтың Қуан зәңгі медресесінен оқығандығын Такеңнің өз өлеңі арқылы дәлелдеп көрсеткен.
Бесіншіден, Күнес ауданының әкімі болған Мұрал Әбілмәжінұлы, Күнес аудандық саяси кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Көбеген Асылжанұлы мен Шайзат Мұқаметжанұлы бас болып жаздырған «Күнес тарихи материалдары» кітабында ақын Таңжарық оқыған мектептің негізін қалаған Қуан зәңгі туралы мынандай ақпараттық дерек берілген.
«Қуан Түктібекұлы (1872-1932) Бұратала өңірінде туған. Құлжадағы Сыдықажы Әбітов деген татар ашқан «Кашафия» мектебінен үш жыл оқып, Қазан үлгісінде жаңаша білімдерге ие болған. Күредегі генерал мекемесінің «қазақ басқармасында» молда хатшы болып жұмыс істеген. 1918 жылы Құттыбай елінің зәңгісі болған».
Әсіләм деген татар оқымысты Бестөбеде Қуан зәңгінің ұсынысы бойынша Қуан мешіті қасынан 1917 жылы ашылған Күркілдек мектебінде 1920-1928 жылға дейін бала оқытқан.
Бұл дереккөзіндегі ашық айтылған нәрсе – Қуан зәңгінің көзі ашық, көкірегі ояу, хат сауаты толық, ескіше де, жаңашадан да білімі бар екенін білеміз. Күредегі Дутың іс басқармасының «қазақ басқармасында» лауазымды жұмыста болған адам екендігін айтады. Әрі ол басқарып отырған медреседен Құттыбайдан тараған – Сады, Баян, Бөгенбай, Тастемір балаларын ақсақалдармен келісімге келіп бірге оқытқаны айтылады. Бұдан біздің ұғатынымыз: Сады руының балаларының ішінде әйгілі ақын Таңжарық та сол жылдары білім алған және 1917 жылы ашылған Күркілдек Сады мектебі Қуан зәңгі ашқан Қуан медреселі мешіт мектебі екенін ұғындырады.
Алтыншыдан, Еуразия ұлттық университетінің доценті, жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт «Таңжарық тұлғасы – көркем шығармада немесе «Таңжарық» роман-диологиясы қалай жазылды?» («Алаш идеясы және Таңжарық Жолдыұлы мұрасы») атты мақаласында төмендегідей ой айтады:
«Таңжарық жастайынан алғыр, зерек бала болып өседі. Әсіресе тапқыр, сөзге, өлеңге құштар болады. Он-он бір жасында ауыл молдасынан сабақ оқи бастаған, ол ескіше сауат ашады.
Бертін келе 1915-1916 жылдары Күнесте алғашқы мектептер ашылып, жәдитше оқып, еркін хат танитын дәрежеге жетеді.
…Сөйтіп, 1922 жылы Таңжарық Күре қаласындағы қытайша, қазақша 3 жылдық мектепке оқуға жіберіледі.
Кәрібай қажының ауылы Таңжарықты өзімсініп, құда бала, жиен деп қарсы алады. Қуана құшақ жаяды.
«Жайлаған қалың Албан Қарқараны,
Жиен деп қайда барсам қарсы алады», – деп ақынның өзі айтқанындай, оның қысылмай өзі ауылындай емін-еркін жүруіне, оқуына қолдарынан келгенше көмек көрсетеді. Ауылдың Баспақ, Ақсақал, Бөрібай сияқты көзі ашық билері мен Тінәлі, Ысқақ сияқты ақын, әншілері қайда барса да қастарынан тастамай алып жүреді.
…Келген бойда, Нарынқол өңіріндегі алғашқы қазақ мектебінің (қазіргі Жәменке ауылындағы) біріне оқуға қабылданады. 1921 жылы Қаратұмсық деген жерде шаңырақ көтерген бұл бастауыш мектеп, Таңжарық келгенде жеті жылдық мектеп болатын. Міне, осы мектепте үш жыл оқып, Абай өлеңдерімен алғаш осында танысады. А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов шығармаларын оқиды, орыс әдебиетіне ден қояды. А.С.Пушкин, Ю.М.Лермонтов, И.Крылов өлеңдеріне қызығады.
Таңжарық сол жылдары Ілияс Жансүгіров өлеңдерімен танысады».
Тұрлыбек Мәмесейітұлының бұл дерегінен Нарынқол өңіріндегі мектептің орны Жәменке ауылындағы Қаратұмсық деген жерде, 1921 жылы құрылған алғашқы қазақ мектебінің бірі екенін аңғарамыз, Таңжарық Нарынқолға келген 1923 жылы ол мектеп жеті жылдық орталау мектеп болды деп көрсетті. Амал қанша, мектептің аты, басшысы, мұғалімдері, сыныптастары жайлы еш нәрсе айтпағаны өкінішті-ақ! Оларды анықтау – біздің болашақ жұмысымыздың бір түйіні дегім келеді.
Жетіншіден, көрнекті жазушы, журналист, танымал таңжарықтанушы, зерт­термен ғалым Оразанбай Егеубаев соңғы кезде жазып құрастырған «Таңжарық шығармалары» кітаптың алғашқы бөлімі «Ақын өмірі – алғы сөз» деген айдарында мынандай деректерді келтіреді:
«Ақынның елінде 1910 жылдың аржақ-бержағында тілашар алып, тілашар берген адамдардың балаларын өзінің жанұясында оқытатын, Таңжарықтың әкесімен рулас, ислам дінінен, қазақ ауыз әдебиетінен, араб, парсы сияқты шығыс халықтары әдебиетінен сауатты, өзінше ауызша да, жазбаша да өлең құрастыратын Мыңбай молда деген оқулы адам болған. Таңжарық 10 жасында ең алғаш Қыдырбек, Түсіпбек деген балалармен бірге осы Мыңбай молдадан дін оқуын оқып, ескіше білім алып, алғашқы сауатын ашқан.
…Таңжарықты Мыңбай молда ерекше жақсы көріп кетеді. «Алпамыс», «Ләйлі-Мәжнүн», «Шортанбай», «Боз жігіт» секілді қиса-дастандарды оған жаттауға береді. Көптің алдында оны мадақтап, көтермелеп отырады. Ұстазым деп біліп, Таңжарық та алғашқы ұстазы Мыңбайға бауыр басып кетеді, Мыңбай молдадан үш қыс оқиды. Ақын Таңжарық басына ауыр іс түсіп, 1926 жылы Іле Даутай түрмесінің зынданында жатқан кезде ұстазы Мыңбай молдаға арнап «Ұстазыма» деп мынадай өлең жазған екен:
Неше жыл болды көрмедім,
Ұстазым еді – Мыңбайды.
Көбейіп тұр қасірет,
Көрмеген басым мұндайды.
Қараңғы көрде жатырмын,
Зынданның іші мұң-қайғы.
Бата қылып тұрсаңыз,
Балаңның бағы сынбайды.
1919 жылы күз маусымында 17 жасында Күре Шөтаңына (Шөтаң – моңғол-қазақ орта мектебі) оқуға түседі. Мұнда сол кездегі аталуы бойынша мемлекет тілі, есеп, мінездеме, сауда кәсібі, бөлшек, тарих, география деген сабақтарды оқиды.
Таңжарық бұл мектепте үш жыл ханзу тілі (қытай тілі), ханзу (қытай) жазуын жетік меңгереді.
Кеңес одағының Қазақстан Республикасына Таңжарық 1923 жылы қаңтар айында өтеді. Ол жақтың Нарынқол деген жерінде жаңаша санатта 3 жыл оқиды. Орыс тілін меңгереді.
Әсіресе Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев мұраларына ерекше зейін қояды. А.Байтұрсынов, М.Дулатов секілді алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларының ел-жұртының терезесін дамыған мәдениетті елдер қатарына теңестіру жолында істеп жүрген жанқиярлықтары мен жазған шығармаларын жас көкірегіне терең ұялатады. Ақын Таңжарық оларды: «Жетпейді оған жисаң мың баланы», – деп бағалайды».
Біз таңжарықтанушының бұл деректерін қысқартып ұсынып отырмыз.
Оразанбай Егеубаев ақын Таңжарықтың алғашқы ұстазы Мыңбай молданың жай дүмше молда емес, ислам дінінен, қазақ ауыз әдебиетінен, араб, парсы сияқты шығыс халықтары әдебиетінен алған білімі мол, өлеңге құштар, білімді, сұңғыла адам болғанын анық жазады. Таңжарықтың оны жайдан-жай ұстаз тұтпағанын атап өтеді. Таңжарықтың Шөтаң мектебінде үш жыл білім алғанын, ханзу (қытай) тілі мен жазуын жетік меңгергенін, Нарынқолда орталау мектепте жаңаша санатта үш жыл оқып, орыс тілін меңгергендігін нақты айтқан.
Жинақтап айтсақ, жоғарыда келтірілген Таңжарықтың оқу тарихы жайындағы деректер, ақын өмірі мен шығармашылығын ішкерлей зерттеу де оқырман қауымды, әлі де көптеген ойға жетелеп, тың тақырыпқа бастайтыны анық.

Тұрсынғазы ОҢДАСЫНҰЛЫ, педагог, халықаралық
Таңжарық зерттеу қоғамдық қорының атқарушы директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір