NIS-те VII ғылыми идеялар фестивалі өтті
02.05.2024
731
0

Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS-те дәстүрлі Ғылыми идеялар фестивалі өткізілді.

Осымен жетінші рет өткізіліп отырған ғылыми додаға 85 жоба іріктеліп алынды. Зияткерлердің өнертабыстарын оңтүстік астананың беделді жоғары оқу орындарының профессорлық құрамынан, PhD ғалымдарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Фестивалдің құрметті қонағы ретінде танымал микробиолог, «ЭКОМЕД» медициналық орталығының қалаушысы, Зияткерлік мектебінің Қамқоршылық Кеңесінің мүшесі Салтанат Байқошқарова шақырылды.

Төрешілер төрт бағытта жобаларды қарастырды.

«Ғылыми техникалық прогресс- экономикалық өсудің негізгі буыны ретінде» бағытында тек «техника» секциясында 20-ға жуық жоба таныстырылды. Авторлардың басым бөлігі күрделі құрылғы жасауға бет бұрған. Оның ішінде мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған сырттан көмекті қажет етпей түрлі кедергілерден өте алатындай физика, информатика, техника салаларының үйлесімінде жасақталған “InovWheelChair” арбасын айтуға болады.

Жас дизайнерлердің жаңашылдығы гироскутердің қозғалысын біріктіріп техникалық құрылғының тегіс жерде ғана емес, баспалдақпен де қозғалуға мүмкіндік беруінде және пандус жасақталмаған жерлерде қозғалысты жеңілдетуінде.

— Зерттеудің мақсаты-тұрақтылықты және баспалдақпен көтерілу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және мүгедектерге күнделікті өмірде көмектесетін үш доңғалақты мүгедектер арбасын жасау болды. Құрылғының идеясын беріп толық жетекшілік еткен информатика пәнінің мұғалімі Лаура Төлеуқызы Қыздарбекова, және жоба физика, информатика, техника салаларының түйіскен жерінде жасалды,– деп бөлісті 10-сынып оқушылары Мирас Бекетбай мен Ғазиз Тұрсын.

«Салауатты табиғи орта – «Қазақстан -2030» стратегиясын жүзеге асырудың негізі» бағытында “Қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы” секциясында 30-дан астам жоба қарастырылды. Әр жоба өзінің тың артықшылығымен ерекшеленді.

  «Химия» санатында қазылар алқасының мүшесі, химия ғылымдарының докторы Амангельды Мельдешов оқушылардың әзірлеген «Бетонды модификациялау», «Қорғасынды бөліп алу», «Биоотын» сынды жобаларды экология және экономика жағынан тиімділігін атап өтті. Сонымен қатар «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болшағы зор туристік бағыттан» санаттарында оқушылар өз идеяларын ортаға салып, жобаларын қорғады.

Қазылар алқасы ұсынылған жобаларды жан-жақты бағалап, көсымша ұсыныстарын арнайы кездесуде оқушыларға жеткізді.

Фестивальдің жабылу рәсімінде ғылыми идея авторлары әр секция бойынша номинациялармен марапатталды.

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір