БАЙ МЕН КЕДЕЙ: БІЛІМ КІМГЕ ҚОНАДЫ?
22.02.2016
1109
0

рухҚазақтың рухани ахуалы қыл үстінде тұрғанына ширек ғасыр. Ширек ғасыр қалтқұлт күн кешумен келеміз. Тілімізмүкіс, дінімізтартыс, әдебиетімізжарымжан, өнерімізкөшірме, журналистикамызкөпірмеАрғыдағы газетжурнал мен теледидар, бүгінгі әлеуметтік желідегі қазақ деген ұлтқа қатысты айтылатын сөздің бәрінің ағысыосындай гөйгөйге келіп құйылады. Қазақтың өзіне көңілі толған күні азНе асыра мақтау, не тұқырта даттауеркін отырып, өрелі пайыммен сөйлеген кезіміз аз екен. Саясатымыз – не сарабдал, не сұрқия. Саясаткеріміз – не саңлақ, не сұмырай… Ел алдында жүрген кез келген адамды осы екі кейіпке бөліп қарастырсаңыз жаңылмайсыз.

Осындай қоғамда өмір сү­ріп жатқан қазақтың қазақ туралы (өзі туралы) та­ным-тү­сінігі қандай болуы керек еді? Біз өзі­мізді қай кезде сүйіп, қай кезде безі­не­міз? «Әуелі экономика!» – деп, бай қазақ бол­ғымыз келді – нә­ти­жесі көз алдыңызда, құ­дай­шылығын өзіңіз айта жа­тар­сыз, – басқасын былай қой­­ғанда, білімді қазақ бола алдық па?

Қазақтың ғұламалығы мен құ­ран­ның құдіретіне өзге бір елдің ғалым­дары жаңа­лық  ашқанда әдеттен тыс елбірей қалғыш бір мінезіміз бар ғой. Негізі, әлгі бөгде ел­дің (көбіне Батыс жақ­тың) соншама уақыт бойы сарылып тапқан ғылыми жаңалығы баяғының бай басында бабаларымыз айтып кеткен сөздің ішінде бар екен. Құранда солай деп жазылыпты. Таңғалатын еш­теңе­сі де жоқ екен. Сондай екен-мыс бір сөз­ді естіп алып, – ал кеп мақтану. Күні ке­ше ғана құранды тәпсірлеп тауысқандай, қазақтың арғы-бергідегі бар-жоқ сөзін қотарып шыққан­дай – ал кеп бөсу. Сондайды естіген сайын ойланам: Осы бізге ештеңенің керегі жоқ-ау. Бәрі тіліміз бен ді­німізде мөлдіреп тұр­са, онда несіне қара тер болып ғылым қуа­мыз? Қызылкеңірдек болып «жаңалық» ашамыз?

Олай қамсыз жатуға патриоттығымыз қа­лай жіберсін! Біз болмасақ, біз жанбасақ, – кім жанбақ, кім айтпақ? Мұндай мақтан­дар, әрине, өзіміздің кім екенімізді ұмыт­пас үшін керек. Жұрт қатарлы ауа жұтып, ше­­кара сызып отырған соң, жұрт қатарлы өмір сүру керек қой. Жұрт қатарлы болу үшін – әйтеуір бірдеңені жұбаныш етпей бол­майды. Ал, жұбаныш етерлік (мақтан етер­лік) «әйтеуір бірдеңе» қалай да табыла­ды.

Жақында бір әріптесіміз  елге белгілі­леу бір ақын ағасымен моншаға барғанын айтты. Белгілі ақынды таныған біреу сә­лем беріп, ағасы жөніне кеткен соң, жастау ғой деп менің әріптесімнің құлағына сыбырлапты: «Мына кісі… ақын ғой, ә? Аты… А, иә, бәсе бір жерден көрген сияқтымын». Содан кейін сыртынан қарап аз отырып: –«Бір Ринат (айтыскер Зайытовты айтады шамасы) болмаса көрер едім, ақын боп бір­деңе тындырғандарыңды!» – депті кіжініп. Шығармашылығын айтпайық, құрығанда бірді-екілі тындырған қоғам­дық еңбегі жайлы да үндемейік, тым құры­ғанда аты-жөнін білмейтін, түсін шыра­мыт­қаны болмаса, ол туралы ешқандай ха­бары жоқ адам жайында долбарлап шешім шығаруға хақым бар деп, сенімді сөйлеуге жеткізген қандай күш екен. «Кө­рер едім тындырған­дарыңды!» – деп, өзі оқымаған бүкіл ақын­ды бір ортанқол айтыскерге жығып берген ұшқарылық – сөзге деген құрметі қалмаған, қараңғылау, алаңғасарлау әл­декімнің жеке пікірі ғана ғой дей алар ма екенсіз. «Ерінбеген екінің бірі ерігіп боқ­тайтын» ақын (жазушы, ғалым) деген қауы­мыңыз бүгінгі тұйық кейпінен арылып болғанша «аузымен орақ орған өңкей қыртыңның» «жиексіз ерінін­де» әлі біраз түтіледі-ау.

Бүгінгі көптің көңіліндегі зиялы адам­ның бейнесі – «қайраткерлікпен» ұш­таса­ды. «Қайраткерлік» – қаһар­ман­дық, көзсіз батырлық деген ұғым­­­­­дардан тұрады. Ал, бұл ұғым­дар – билікке қарсы шы­ғып, аты­лып кету (көкала қойдай болып сабалу, жала жабылу, үй қа­маққа түсу, т.с.с. «сорлаулар») деген жанкеш­тілікке жетелейді. Біздің ұғы­мы­мыз­дағы қайраткерлік – өкі­мет­ке мін тағу, сын айтумен ғана өл­шене бастапты. Ақын десе – арқырап, тілін безеп әлде­кім­дермен бет жыртысып оты­ра­тын бәлеқорлар елестей бас­тапты. Біздің ел өзі­нің кітап оқы­майтынын (ешт­еңе оқы­май­тынын) мін көрмейтін бол­ған. Ке­рісінше, соны ерінбей-жа­лықпай жазып, пайдасыз іспен ш­ұ­ғыл­данып жүр­гендерді кі­нәлауға бар. Кейде әлгіндей бауыр­ларың ақындықтың жазбаша түрі де бо­латынын білмей ме деп ойлайсың. Олар­дың түсіні­гін­дегі негізгі ақын – айтысады. Жүлде алады. Былайғы кезде той бас­қара­ды. Сахнаға, экранға шыға алмай (талан­ты­ның кемдігінен емес, танысы жоқтық­тан!) қалған кейбіреулері келіннің бетін ашады, әлдебір отырыстарды басқарып жатады, отырғандардың өтінішімен жағ­дайға қарай суырып салып, бірдеңе деп жібереді. Ел болып, өз қолымыз өз аузы­мыз­ға жет­келі бір-бір «ақын» ұстайтын бол­дық қой, әлдекімдердің құ­да­лығына еріп, Жақсы атам әулетін таныстырып жүргенін көресің кейде, – айна­ласының көңілін көтеретін «халық ақындары» ре­тінде қабылданғандар бұлар. Ал, жазба ақындар жайлы біледі де­геннің өзінде, не ойлайтынын болжау қиын­­дау. Арнау жазып беретін, әнге сөз жазатын, қызға хат жазатын… Ішіп алған кез­де шабыт қысып, жазып-жазып тастайтын ауруы бар ерекше жан… Басқалай өлшем жоқ сияқты.

Біздің ақындық, жазушылық жайлы халықтық сипат алған негізгі ұғымымыз – өткен дәуірлермен шектеседі. Ұран бір­еу-ақ: Әркім өз ақынына ие болсын! Тәуелсіздік алғалы  дүние-мүлік пен жерді ғана емес, тұлғаларды да жекешелендіріп алмадық па. Қазір жекешелендіру кезінде бір-ақ күнде байып шыға келгендер бір-ақ күнде жүген ұстап қалған зерттеуші, ға­лым дегендердің басынан сипап, өзі туралы кітап жаздырады. Арқасынан қағып, атасы жайында жинақ шығартады. Ара-тұра қарап отырғанша деп өз ауылынан шыққан, насихатталмай, ұмытылып бара жатқан (жалпы, бізде дүниеден өтіп кеткен ақын-жазушылардың бәрі сондай) тұл­ғалар­дың насихатталуына демеушілік жа­сап қояды. Осылай «бес жылдықтарды» қорытындылаумен «әдеби процесс» жүріп жатыр. Бес жылдықтар бітуші ме еді, бір жылда бірнешеуі келеді ентелеп. Бүгінгі әдебиетке енді көңіл аудармақ болып жең түре бергенде (!) «Пәленшекеңнің пәлен жылдығы!» шақырады. Сол баяғы дақ­пыртты жиын, сол баяғы «Күлкілі тақы­рып» атты ғылыми-танымдық конферен­циялар» әр өңірден сауын айтады. Облыс әкімдерінің жылдық қорытынды есеп беру баяндамасында: «Жерлесіміз, көрнекті жазу­шы, айтулы ақын, ғұлама ғалым Ерен Тұлғаның қаншама жылдық мерейтойын республика бойынша абыроймен атап өттік. Оған облыс әкімдігі соншама қаржы бөлді», – деген сөйлемдерді жиі ұшырата­мыз. Осындай шамалы ғана «көмегімен» әдебиетке көңіл аударып отырмыз деп есептейді. Және әр мерейтойдың соңын ала ауылдың (көше, мектеп) атын беру мә­селесі қаралып жатады. Қаралып жатып-жатып, ұмытылады. Арада тағы бір бес жыл өткенде «ұмытылып бара жатқан Тұл­ға» туралы қайталап дабыл қағыла бастайды. Құрметіміздің сиқы сонымен тәмам. Ұмытпау үшін – зерттелу керек еді ғой. Әл­бетте, заманға сай, өркениетті елдер сияқ­ты бізде де зерттеу бар. Тұлғатану ғы­лымы бар. Мазмұндас естеліктерден тұра­тын он жылда бір мұқабасын жаңар­та­тын жинақтар әзірге өзімізге жарап тұр. Үлкен ата балаларынан қалмасақ болды…

Орыстардың ЖЗЛ-ы түрткі болып, «Өнегелі өмір» деген жоба аштық, – жыл­дық жоспары да жаман емес, бәлен кітап. Салыстырып көріңіз, ЖЗЛ-дың қарасын да көрмейді. Айдан бір үзім, күннен бір үзім жиналған мақалалар мен естеліктер жина­ғы. Болымсыз қаржы, санаулы адам – не шығарушы еді, – сырты қампайған, іші кеуек бір кітап. Жүйелі зерттеу болма­ғасын, басқа қалай болушы еді. Естуімізше, орыс ағайын бұл тарапта арнайы конкурс жариялап, бірнеше автордың жобасын салыстырып барып, арнайы комиссиядан өткен нұсқаны ғана жарыққа шығарады дейтін. Ал, біздікі – бәрі бір адамның қо­лында, қайдан құлақ шығарам десе де – еркі. Ала-құла болса да, әйтеуір, шықты ата­ғы болса, міндетінен құтылды.

Руханияттың тірегі саналатын әдебиет жайындағы өз көзқарасымыз осылай бол­ған­да, бүгінгі көзі  тірі  ақын жайында әлгідей сөз айтты деп кімге өкпелер­сің?! «Міне, бү­гін­гі нағыз ақын!» – деп, қолға ұстатқан­дай қылып, алдына тартпаған соң, айналасынан естігенін, экраннан көргенін ай­та­ды да.

Өзі кітап, газет-журнал бетін ашпайтын, бірақ бүгінгі жазу-сызудың айналасында жүргендерді тегістей жоққа шыға­рып әдеттенген көпшілікке жағу үшін – Жарасқан кейіптеген – «Еңбегі ақын­дық­қа сіңген артист, артистікке еңбегі сің­ген ақын»  болатын күн екен бүгін.

Батыста ақын-жазушылар өз күнін өзі көреді дегенді естіп, «нарыққа бейімделе алмаған өздерінен көрсін!» – деп, күресінге итере салған зиялы қауым кімге пір бол­ғандай. Батыста бар әдеби агенттіктер бізде жоқ (айтпақшы, оны кім ашу керек еді?), ештеңесі өтпегесін, модадан қалған сөзін қайда пайдаланарға білмей басы қатқан пысықтаулары жол тауып кетті – мақтаумен айналысып жүр. Заманын тазы болып шала алған ғалымдар – Тәуелсіздік кезеңінің шежірешісі атанып, ақын-жазушылар өздерін Бұқар жырау сезініп жүр. Билік өкілі зиялы қауыммен кездесе қалса әдеби жұртшылық бір ауыздан «ғасыр халтурщигі» деп жариялаған жазу­шы­ны оқығанын айтады. Шынымен оқы­ған, оқымағанына күмән келтіруден аулақ­пыз, әйтсе де, Әуезов пен Есенберлиннен кейін сол кісіні ғана атай беретіні түсініксіздеу. Алтын тонға оранған аса мәртебелі кітап сыйға берілген болар, бәл­кім. Мынадай күйлі кітап шығарған жағ­дайы жақсы, қызданзият, мінезі жібектей өтімді жанға қарап, әдебиеттің жайына алаңдауға себеп таппаған шығар.

Сол баяғы көреалмаушылық па екен, әйтеуір, сол кісі жыл сайын шет елден түр­лі дәрежедегі сыйлықтар мен атақтарды қы­рып алып жатады дейді жұрт. Соған қа­рап, біздің «халықаралық дәрежедегі» да­­мыған әдебиетіміздің белді өкілін мақ­таса, қалғанын да риза қылуға болады деп ойлайтын шығар ықпалдылар. Биліктегі­лер оқитын кітаптардың тізімі жасала қалса, әлгі кісі сияқты жазушылығынан пысық­тығы басым өтімді адамдардың алға шы­ға­ры сөзсіз. Бұл тарапта бір көргенінен тан­байтын билік аппаратының да ық­палы аз деп айта алармысыз? Биліктің оқуы – қалай дегенде де ең үлкен жарнама, басшысы оқыған кітапты қалған ел оқы­май тұра алар ма, біраз жұрттың дүрлі­гісіп, кітап дүкеніне қарай ағылып жат­қаны келеді көз алдыма. Классик жазушыны іздеп…

Халықтық ұғым қалыптаған ханның қырық  уәзірі – халық  пен билік арасын­дағы алтын арқау болатын. Қырық уәзірдің ара­сынан тым құрығанда біреуі әділ шығып, ханға шындықты айтып, ақиқатқа көзін жеткізетін. Биліктің алдына кіре аларлық, сөйлей аларлық дәрежесі бар ел ағалары – осы «қырық уәзір» өлшеміне ке­­леді. «Мен ел ішінде көп жүрем ғой, қай­да барсам да сізге дән риза болып отыр­ған елді көрем!» – деген мәндегі жалба­қай­лық­­тан аспайтын «халық өкілдері» ел аты­нан сөйлеуге қымсынып қойсашы. Пре­зидентті қойып, өзі елдің жағдайымен жете таныспын дей алар ма екен? Замандасым айтқан бір әңгіме еске түседі: Елге белгілі бір ағамыз пейілі түсіп, студент ініле­рімен дастарқан басында оңаша сұх­бат құрыпты бірде. Автобус тоқтап қалған­ша отырып қалса керек. Бұл жағын ойла­ма­ған жастар қайтар жолға (таксиге) ұяла-ұяла ақша сұрапты. Әлгі аға айран-асыр қарап, отырып қалды дейді: «Сонда, қалталарыңда 1000 теңге де жоқ па?». «Нан жоқ болса неге тоқаш жемейді?»– деген жайт есіңе түседі. Қазақстандағы бүкіл елді­мекенді бір кісінің атымен атамаққа құлшынып жүргендерден не қайыр күтер­сің. Мақтаса да, дұрыстап мақтай алмай, қайта-қайта қағазға қарағыштап, баланың аузынан шығатын сөзді әлдеқандай қы­лып айтып отырған атаңнан қандай ақса­қал­дық күтерсің? Халық қаласа хан жал­ғыз атын пышаққа жығатын, – біз қа­­лауы­­мыз­ды айта алмай келе жатқан шы­ғар­мыз, бәл­кім.

«Подписка» кезінде бірі мектепте, бірі әкімшілікте істейтін бір үйдегі екі адам (ерлі-зайыпты) бірдей «Егемен Қазақс­тан­ға» жазылыпты. Бастықтарының пәрмені. Шала сауатты, әупірімдеп жүріп жұмысқа кірген төменшік жан «бұ қалай?» – деуге жара­май, бас изей бергеннен басқа не істе­сін? «Албасты да қабаққа қарап басады», сондайлығын білгендіктен басынады да.

Рухани жүдеу күйімізбен жеме-жемге келгенде мінез көрсете алмайтын жағдайға жеттік пе екен…

Алмас НҮСІП.

 

ПІКІР ҚОСУ