КӨРКЕМ АУДАРМА ЖӘНЕ СӨЗДІК ҚҰРАМ
22.02.2016
4822
0

15650Көркем аударма және сөзжасам. Сөздік құрамның баюына көркем аударманың қатысы, сөзжасам мен термин-
жасам үдерісіндегі ролі қазақ тіл білімінде арнайы зерттелмеген мәселелердің бірі. Бұл жөнінде аудармаға қатысты жекелеген еңбектерде, ғылыми мақалаларда ішінара пікірлер айтылғаны болмаса, жүйелі зерттеулер жасалмаған. Ал шын мәнінде, көркем аударма тілдің лексикалық және терминқорын байытудың бір жолы, ал қазақ тіліне аударылған көркем шығармалар терминологиялық лексиканы қалыптастыруға үлкен үлес қоса алатын құнарлы қайнар көздердің бірі десек болады. Бұл орайда белгілі аудармашы Жұмағали Ысмағұлов Жүсіпбек Аймауытовтың аудармашылық қыры туралы айта келіп, «Осы аудармаларда сөз жоқ, орасан зор термин байлығы, тіл қазынасы, тамаша тәржіма үлгісі бар. Соларды зерттеу керек, ортақ істің әжетіне жарату керек» – деп, көркем аудармадағы термин байлығын зерттеу қажеттілігін өте орынды атап көрсетеді.


 

DSC_37033Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
филология ғылымының докторы, профессор,
ҚР ҰҒА-ның  корреспондент-мүшесі

 

Мәселенің осы қырын тереңірек зерделеу мақсатында біз соңғы бес-алты жыл көлемінде орыс тілінен қазақ тіліне ау­да­рыл­ған көркем шығармаларды салыстыра-салғастыра қарастырдық. Қомақты тілдік дерек жинақталды. Сол сөз байлығын лингвистикалық талдау негізінде біздегі терминдер мен жаңа атаулардың елеулі бөлігі көркем мәтіндерді орыс тілінен қазақ тіліне аудару барысында жасал­ғанын тілдік деректер анық көрсетті.

Ғылым тілі мен көркем әдебиет тілінің немесе ресми-іскери тіл мен баспасөз тілі­нің арасына қамал орнатып, оларды бір-бірінен мүлде бөліп тастауға болмайды. Ұлттық әдеби тілдің түрлі қабаттарын құрайтын лексикалық қордың және функ­ционалдық стильдердің өзіне тән  ерекшеліктері болғанымен, олар халық тілінің, бір бүтіннің ажырамас бөлігі ре­тінде үнемі өзара тығыз байланыста дамып отырады. Сондықтан тіліміздегі тер­мин шығармашылығын тек ғылыми әдебиеттермен, терминологиялық сөздік­тер­мен ғана байланыстырып қарау жет­кілік­сіз. Өйткені, ғылым тілі ұлттық әде­би тілден бөлек өмір сүрмейді. Қазақ тілінің терминдер қорын да тіліміздің жалпы сөздік қорынан, бүкіл лексикалық байлы­ғымыздан бөліп, онымен байланыс­тырмай қараудың да негізі жоқ. Керісінше, оларды өзара тығыз байланыста қарастыру арқылы біз, тұтастай алғанда ұлт тілінің сөз қорының даму сипаты мен қарқынын, кезеңдік ерекшелігін, қазіргі жай-күйін анықтау мүмкіндігіне ие бола аламыз. Сон­­дай-ақ, әр кезеңде жасалған көркем ау­дар­малардағы жаңа сөздер мен қол­да­ныстарды жинақтау арқылы екі мәселені анықтауға болады. Біріншісі – көркем аудар­маның сөздік қорды байытуға қоса­тын үлесі мен лексикалық қор дамуының кезеңдік сипаты. Екіншісі – әр аударма­шы­­ның авторлық қолданыстары мен оның сөз жасау тәжірибесі. Қазақ тіліндегі ХХ  ғасыр мен ХХІ ғасыр басында жасал­ған көркем аударма қорының негізгі басым бөлі­гі орыс тілінен тәржімеленген. Біз әлем әдебиетінің 200-ден астам шы­ғар­ма­сының қазақша аудармасын орыс тіліндегі нұсқасымен салыстыра отырып қа­рас­тырғанда мол сөз байлығы жинақ­тал­­ды. Оларды тілдік тұрғыдан талдап жеке монография әрі сөздік ретінде бас­паға дайындап отырмыз. Бұл мақалада көркем аударманың сөздік құрамымызды байыту мәселесінің кейбір маңызды қырларын біз қарастырған  шығар­малар­дың бірқатарынан алынған жекелеген мысалдар негізінде сөз етпекпіз. Мысалы, Әлихан Бөкейхан Н.Маркстен аудар­ған «Сұлтан Сәлиде» – «құласын»  (развалина) «Азамат Юсуф» әңгімесінде  «да­ла­шық» (полянка), қонақхана (гостиница), «Тілік қиясында» – «шайханашы» (кефеджи), «Антармда» –«қорғанбасы» (начальник крепости), «Мақардың тү­сін­де» – «үйшығаш» (юртенка), «өзеншік» (речка), «Кавказ тұтқынында» – «төре» (барин) сияқты көптеген жаңа атаулар мен жаңа қолданыстар кездеседі. Мұхтар Әуезов­тің И.С.Тургеневтен аударған «Дворян ұясында» (–Алматы: «Қазақтың мем­ле­кеттік көркем әдебиет баспасы», 1952. – 158.) – «асжаулық» (скатерт), «аялшақ» (робкий), «гүл-алқа» (венок), иланыш (убеждения), көңілқостық (сожаленье), «саушылық» (здоровье), «сауытша» (табакерка), «сезікшілдік» (подозрителность), «сыбысқұмарлық» (лю­­­­бопы­тство), «үйіші» (семейства), «шар­тнама» (декларация) тәрізді көптеген жаңа атаулар мен қолданыстар бар. Ги де Мопассанның «Өмір» романын аударған Әбіш Кекілбаев «сиделка», «исповедальня» сөздерін  «бағымшы», «тәубехана» деп аударады. Француз қаламгерінің «Томпыш» хикаятын аударғанда жазушы Бек­сұлтан Нұржекеұлы «сайдауыт» (авангард), «тоңтәртіп» (формальность) атауларын қолданады. Оноре де Бальзактың белгілі  аудармашы Жұмағали Ысмағұлов ­қа­зақ­ша сөйлеткен «Шегірен былғары» романынан – «азапшы» (инквизитор), «дәршімай» (духи), «жарқылдақ қауым» (светское общество), «жойымпаз» (ликвидатор), «қайырхана» (богадельня),  «қиырсыздық» (безконечность),  «шеңбер­ше» (ободок) сияқты атауларды кездестіре­міз. Ал Проспер Мерименің Әбілмәжін Жұмабаев аударған «Қиямет түні» ро­манын­да – «елкезбе» (странник), «бозым» (парен), «қамал-сарай» (замок), «мейманжай» (гостиная), «сұхбатхана» (беседка), «тәңірия» (богоматерь), «ішермен» (собу­тыльник) сынды сөздер ұшырасады. Кеңес Юсупа ударған Габриэль Гарсиа Маркестің «Сенбіден сенбіге дейіні» – «ай­шалық» (лунатик), «анареркі» анаеркі (матриархат), «әмбие» (священник), «басқойғыш» (подголовник), «білексалар» (подлокотник), «дәркер» (клиент), «идара» (ведомство), «қардар­лық» (залог), «сыбыршы» (суфлер), «тәнөрнек» (татуировка), «жиенбике» (племянница) және т.б. тың  баламалар мен жаңа қолданыс­тар­ға бай. Бұлардың арасында жаңа жа­сал­ғаны да, тілде бұрыннан бар кейбір сөз­дердің жаңа мағынада жұмсалғандары да бар.

Көркем аудармамен айналысқан қалам­­гер­лер мен кәсіби аудармашылар қа­ламынан туындаған мұндай жүздеген атаулардың бірқатары жаппай қолданысқа көшіп, лексикалық қорымызды байытса, екінші бір тобы авторлық қолданыс ре­тін­де аударма әдебиеттер мәтіні шең­бе­рінде қалып қойып жатады. Сәтті жасал­ған баламалардың көпшілік көңілінен шығып, жалпы қолданысқа ие болатын­ды­ғы түсінікті. Алайда, әдеби тіл қорына енбеген атаулардың бәрін сәтсіз жасалған балама деп біржақты қорытынды жасауға мүлде болмайды. Жоғарыдағы атауларға зер салып қараған адам оны байқауына болады. Әр түрлі тілдік және тілден тыс себептерге байланысты көптеген ұтымды жасалған сөздер жаппай қолданысқа жол­дама ала алмай қалып жатады. Мәсе­лен, Әлихан, Ахаң бастаған Алаш қайрат­кер­лерінің қаламынан туындаған жүзде­ген атауларды «халық жауларының» көзіндей көріп, саяси сыңаржақтық себе­бінен қолданыстан шеттеткен заман бол­ды. Сонымен қатар, бізде әр кезеңде жа­сал­ған жаңа сөздердің бәрін уақытында мұқият жинап, жүйелеп, кәсіби тұрғыдан талдау арқылы асылын жасығынан ажыратып алу дәстүрі орныққан дей алмаймыз. Анығырақ айтқанда, бұл мәселе бізде үздік-создық, жол-жөнекей қарас­ты­рылып, жекелеген қаламгерлер мен ғалымдар тарапынан мәселенің маңызы жөнінде айтылғаны болмаса, онымен жылдар бойы ешбір ғалым, еш мекеме  жүйелі, ыждағатты түрде айналыспаған. Сол себептен де кейде сәтсіз жасалған кейбір атаулар халық тіліне еніп кетіп, кері­сінше, нағыз білікті маманның, сөз­жасам шеберінің қаламынан туындаған сөз маржандары тасада қалып қоятын жағдайлар да кездеседі.

Көркем аударма жалпы әдеби тілмен бірге терминдер қорымызды байытуға да елеулі үлес қосады. Тіліміздегі салалық тер­миндер мен қоғамдық-саяси лекси­ка­ның қомақты бөлігі көркем аударма бары­сында туындап, содан кейін барып арнаулы лексика құрамына өткен атаулар.

Көркем аударма және жаңа сөз. Тілі­міз­дегі жаңа сөздер мен терминдерді өз­де­рінің шығармашылық үдерісінде түрлі саланың мамандары, аудармашылар, қаламгерлер,  журналистер жасайды. Ал ол атаулардың әдеби тілде орнығып, жалпы қолданысқа көшуіне көркем әдебиет­тің тигізер ықпалы айрықша. Жаңа сөз­дермен қатар көптеген жаңа термин­дер­ді жазушы қауымның көркем аудармалар мен төл туындыларында қолдануы олар­дың ұлттық әдеби тілге енуіне, көпшілік санасына сіңуіне едәуір әсер етеді. Сон­дықтан жекелеген авторлардың еңбек­те­рінде немесе белгілі басылымдарда ғана қолданылған ондай сөздердің көркем аудармаларда да пайдаланылуын қада­ға­лап, тілдік сараптан өткізіп отыру өте маңыз­ды. Тағы бір назар аударатын тұсы, көркем аудармамен негізінен өздері көркем мәтін түзуге қабілетті сөз мағына­сына, мағына реңктері мен сөздердің тіркесімділігіне мән беретін белгілі қалам­герлер мен көркем аударма жасауға төселген тәжірибелі аудармашылар айналысады. Тіл байлығы мол көрнекті шы­ғар­­­машыл тұлғалар синонимдер мен ұсы­нылған баламалар арасынан ұтым­ды­сын таңдауға талғаммен қарайды. Ал ресми мекемелердің құжаттары мен ісқа­ғаз­дарын, заң мәтіндерін аударушылар дәл­дікке, қазақша мәтіннің орысшасымен бірдей болуына [аутенттікке], өзінен жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен салалық заңдарға, нормативтік актілерге көбірек сүйенеді. Аутенттік аударма де­геніміз – түпнұсқа мәтінмен бірдей заң­дық күші бар ресми құжат аудармасы. Екі тілдегі мәтінді бірдейлестіру – басты талап. Осы талап үдесінен шығу үшін қа­зақтың заң тілін, ресми ісқағаз тілін орыс тіліндегі мәтінге сәйкестендіру қалыпты құбылысқа айналды. Дұрысы кез келген заң, құжат алдымен елдің мемлекеттік ті­лінде әзірленіп, содан кейін ғана қа­же­тіне қарай басқа тілдерге аударылуға тиіс еді. Бізде олай болмады. Заң мәтін­де­рінің түпнұсқасын елдің заңды мәртебе беріл­ген тілінде жазбайтын, өзге тілде дайындап содан кейін ғана өз тілімізге аударатын дәстүрді орнықтырдық. Жуық арада ол  дәстүрді бұза қоятын түріміз көрінбей­ді. Осындай жолға түсіп алғаннан кейін қа­зақ тілі аударма тілге айналмағанда қай­те­ді? Егер заң, қаулылар алдымен қа­зақ тілінде дайындалса, олардың тілі же­ңіл де жатық болып, сірескен аударма тіл қа­лып­таспас еді. Аударманың бұл түрінде шығармашылық ізденіске мүм­кіндік, уа­қыт бөлуден гөрі жедел аударуға көп көңіл бөлініп, кей жағдайларда асы­ғыс­тық­қа жол беріледі. Екі жыл, құры­ғанда екі ай мерзім ішінде орысша әзір­ленген заң жобаларын қазақшаға екі күнде, екі-үш сағатта аудару жөнінде тап­сырма бе­рілсе оған таңғалмайтын жағ­дайға жеттік. Соның салдарынан сі­рескен сөйлемдер мен талғамсыз жа­салған, көп ойланбай-ақ таңдай салынған термин­дерді заңдар мен қаулылар, жарлықтар мен бұйрықтар бетінен оп-оңай кездес­тіретін болдық. Қазіргі заң, құжат тілінің мәтіні сіресіп, қазақ сөйлемінің құры­лысы бұзылып тұрса да орысшасымен бірдейлігіне қол жеткізілсе, құқықтық норма бұзылмаса аударманы мінсіз деп санайтындар кө­бейді. Заңдар мен нор­мативтік құжаттар дайындалатын түп­нұсқа тіл, түпнұсқа мәтін қазақтың заң тіліне, құжат тіліне үстемдігін танытып, талаптарын орындатып отыр. Қазіргі қазақтың ресми ісқағаз тілін орыс тілінен аударылған деу­ден гөрі оның қалыбына салып құйылған көшірмесі деуге көбірек келетіндей. «Тілі­міз аударма тілге айналып барады» деп дабыл қағушылардың жиілеуі де сондық­тан. Аударманың бұл түріне қойылатын басты талаптың бірі – аудармадағы теңтүпнұсқалықты сақтау. Осы теңтүп­нұс­қалықты сақтаймыз деп, қазақ тілінің нормаларын бірде сақтап, бірде «таптап», қазақ сөйлемнің қалыбын жиі бұзып жатамыз. Бұл негізінен аудар­машының кәсіби біліктілігінен гөрі орыс тіліндегі түпнұсқа мәтінге тәуелділіктен, заң шы­ғар­машылығы мен нормативтік құқықтық құжаттарды әзірлеуде мем­лекет­тік тілмен бірдей қолданылатын тіл­­дің біздегі ресми қолданыстағы пози­циясының берікті­гі­нен туындап отырған жайт. Көркем аудар­ма тілі мүлде мінсіз дей алмаймыз. Алай­да, бұл тұрғыдан кел­генде көркем аударма жасаушылардың шығармашылық еркіндігі көбірек. Олар да түпнұсқа мәтіннен алшақ кете алмайды. Аударып отырған авторының өзіндік стильдік ерекшелігін сақтауға, айтпақ ойын дәл жеткізуге, әр сөзді мағынасына сай аударуға тиіс. Алайда, ресми аудар­мада­ғы­дай түпнұсқа тілдің сөйлем құры­лымы мен құқықтық нормаға байланып отырмайды. Сондай-ақ, заң, ресми құ­жат­­тар аударушылардың аударған мә­тіндері көбінесе ұжымдық сипатқа ие болады және аудармашының авторлығы сақтал­май­ды. Олар аудармаға күнделікті жұмы­сы ретінде қараса, көркем аударма жасаушылар авторлық құқығын иеле­нетіндіктен оған өзінің интеллектуалдық меншігі ретінде қарайды. Кез келген көркем шы­ғар­маның авторымен қатар оны аударған аудармашының аты-жөні де көрсетіледі. Сондықтан көркем аударма жасаушы өзі жасаған аудармасының сапасы үшін әрқашан жеке жауапты болады. Мұндай жағдайда аудармаға деген қарым-қатынас бірдей болады  деу де қиын.  Осындай фак­торлар да аударма мәтінінің сапасына, сөз жасау мен сөз таңдауға, жаңа атау­ларды қолдануға әсер етпей тұра алмайды. Көркем шығарма­ларды аударған авторлардың жасаған сөздерін, сөз таң­дауын, жаңа атауларды қолдануын салыстыра қарасақ та оған көз жеткізуге болады. Мысалы, жоғарыда көрсетілгендей Әбіш Кекілбаев Ги де Мопассанның «Өмір» романында «сиделка» сөзін «бағымшы» деп аударса, Альбер Камюдің «Оба» романын аударған Сарбас Ақтаев осы сөзді «аяшы»  деп алыпты. Көркем ау­дарма мұндай атауларға өте бай. Өйткені, олар  шығармашылық  еркінді­гін, сөз жасау мүмкіндігін мейлінше ер­кін пайдалана алады. Біз қарастырған көркем аудармаларда бір ғана «тротуар» сөзі – жиекжол, табанжол//табан жол, аяқжол, жағажол, жаяусоқпақ, қаптал жол деп алты түрлі аударылыпты. Ал «хозяйка» сөзіне – бибі, қожабике, отана,  қожайым, үй қожасы деген бес түрлі балама ұсынылған. «Юбка» сөзінің – белдемше, етекқап, етекше, етек­көй­лек; «беседка» атауының – самалжай, сұх­бат­хана, дамылжай, сұқбат­тақ;  «шпораның» – батқы, тепкір, өкше темір; «закусканың» –  тіскебасар, басыт­қы, шайнама сынды бірнеше баламалары кездесті. Мұндай бірнеше нұсқасы қолда­нылған сөздер өте көп. Оларды аударма мә­тіндерінен уақ­тылы жинақтап, ұғымды дәл беретін ең сәтті жасалғанын сұрыптап алып жаппай қолданысқа ұсыну арқылы біз лексикалық қорымызда болып жатқан өзгерістерді қадағалап отырумен қатар, сөздік құра­мы­мызды байытып жатқан сөз­дер­дің сапасын да жақсарта аламыз. Осы орайда көрнекті тілші ғалым Л.В.­Щер­­баның «Әрбір мәдениетті халық өзі­нің сөздік құрамында болып жатқан  өзгерістерді қадағалап отыруға міндетті екені анық»  деген сөзі  өте орынды ай­тыл­ған. Сөз­жасам үдерісін, терминқорды қалып­тас­тыру, толықтыру жұмыстарын да бетімен жіберуге, лексикалық қоры­мыз­­да не болып жатқанын кәсіби тұрғы­дан зерделеп отыру мүмкіндігінен айырылып қалуға да болмайды. Егер бұл іс стихиялық сипат алып кетсе, мұнымыз тіл тазалығын, сөз мәдениетін сақтайтын мәдениетті жұрт­тың тірлігіне жатпайды. Сол себептен де көркем әдебиет тілінде, ғылым тілінде, баспасөз бен ресми тілде қандай сөздер мен терминдер жасалып, ұсынылып немесе қолданысқа еніп жат­қа­нын үздіксіз бақылап, оларды дер ке­з­ін­де кәсіби сұрыптаудан өткізіп отыру қажет.

Көркем аударма және кірме сөз. Кірме сөздердің көркем аудармаларда­ғы қол­да­ны­сын, оларды жазушы қауым мен аудар­машылардың қалай игеріп жүргенін анық­­­тау да аударма тілін зерттеушілер та­рапынан атқарылуға тиісті жұмыс­тар­дың бірі. Кейінгі жылдары жасалған аудармаларда  зауыт, кәстөм, нөмір, пойыз, пошта, рөл, шенеунік тәрізді көптеген атау­лар біркелкі жазыла бастапты. Бұл бір жағынан осы атаулардың қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің кейінгі басылымдарында осылай жазылғандықтан болса, екінші жағынан сол сөздікке өз­ге­рістер енгізілуіне көркем шығармалар мен мерзімді баспасөз беттерінде кірме сөздердің тілімізге икемделіп жазылуы себеп болды. Мұны тіл мамандарының кірме сөздерді қазақтың айту мәнеріне икемдеп жазу бастамасы деуден гөрі олар­дың жазушылар мен журналистер осылай жазып, көпшілік жаппай қолдана баста­ған атауларды сөздікке енгізіп, лексиког­ра­фиялық тұрғыдан заңдас­тыруы де­ге­німіз әділетті болар деп санаймыз.

Тағы бір назар аудартатын мәселе, көп­теген кірме атауларды қаламгерлер мен көркем аударма жасаушылар әркелкі жа­зып жүр. Мәселен, орыс тіліндегі бір ғана «тарелка» сөзі  «тәрелке»  (Джон Гол­­суор­си. Девондық адам. 171-б. Аудар­ған Дидахмет Әшімханұлы), «тарелке» (Генрих Белль. Иесіз үй. 111, 376-б.  Aударған Те­мір­хан Медетбек),  «тәлеңке» (Мигель Ас­туриас. Көрдегілердің көздері. 181-б. Аударған Бекболат Әдетов) болып үш түрлі жазылған. Осы қатарға жұрнал//жорнал, кастрөл//кәстрөл//кәстірөл, кәйіп//кәйф, кәрәсін//кірәсін//керәсін, кәрзеңке//кәрзіңке,күрте//күртке//күрткі, күріжке//күрішке/күрешке//крүшке, минөт//мійнүт//мүйнет, пенжек//пенжаг//пенжақ, пірказшік//піркәзшік, резеңке//резіңке//рәзіңке, рөмке//рүмке//рюмке, секөнт//секүнт//секөнд, сөмке//сүмке//сөмкі, стақан//ыстақан, станса//стансы//ыстанса,  шөт­ке//шөткі//щөткі  сияқты көптеген атауларды қосуға болады. Мұны ұсақ-түйек мәселе деп қарауға болмайды. Тіліміздегі қолданысы орныққан басқа сөздер сынды кірме сөздерді сан құбылтпай біркелкі жазуға қол жеткізуге тиіспіз.

Тәуелсіздік жылдары ертеректе ауда­рыл­­ған көптеген көркем шығармалар қайта басылды. Ол аудармалар жасалған кеңестік кезеңде баламасы болмаған­дық­тан көптеген сөздер орыс тіліндегі қал­пын­да қолданылатын еді. 90 жылдардан бергі уақытта олардың көпшілігі сәтті ау­да­рылып, қазақ тіліндегі баламалары тілімізде орныға бастады. Соған қарамас­тан аударма әдебиеттердің бірқатары еш өзгеріссіз 60-80 жылдардағы қалпында қайта басылып жүр. Бір ғана аудармадан мысал келтіре кетелік. Айталық, орыс тілінен Бекмырза Баймаханов аударған Эдгар Поның  «Асқар таулар аңызы» деген атпен қайта басылған новеллаларында (Астана, 2011. – 344 б.) герб, документ, октяб­рь, подвал, пристань, принцип, творчество, текст, юбка сияқты көптеген атаулар кездеседі. Бүгінгі қазақ қауымы бұл атаулардың орнын басқан елтаңба, құжат, қазан,  жертөле, кемежай, қағидат, шығармашылық, мәтін, белдемше сынды баламаларын жаппай қолданып жүргенін ескерсек, көркем аудармаға да тіліміздің қазіргі даму деңгейі тұрғысынан қараға­ны­мыз  жөн шығар деген тұжырымға келіп тіреле береміз. Кеңестік кезеңмен салыстырғанда лексикалық қорымыз көп өзгеріске ұшырады. Жүздеген жаңа атаулар әдеби тіл қорына еніп, жалпы қолда­ныс­қа көшті. Олар мектеп оқулықтары мен түрлі сөздіктерге де енді. Баспасөз беттерінде, жазушыларымыздың көркем шығармаларында да кеңінен қолданыла­ды. Мәселен, отбасы, ұжым, құжат, ұшақ, хаттама сияқты жүздеген атауларды сол қатарға жатқызуға болады. Кейінгі жиыр­ма бес жылда туылып, тілі шығып, мек­теп­ке барған буынның санасына бұл ат­ау­лар әбден сіңді. Қазіргі уақытта баспа бетін көріп жатқан әдебиеттер бүгінгі оқырманға, қазақ әдеби тілінің осы ке­зең­дегі нормаларын, қолданыстағы лек­сикалық қорды тұтынатын қауымға арналып шығарылып отыр. Сондықтан өткен ғасырдың басынан бастап 80 жыл­дар­дың аяғына дейінгі мерзімде ауда­рыл­ған прозалық шығармалардағы кірме атаулардың көпшілігін олардың қазіргі тілімізде қолданылып жүрген баламаларымен алмастырып басқан орынды деп санаймыз. Мәтіннің жалпы мазмұнына, сөйлем құрылысы мен стиліне еш нұқсан келтірмейтін бірнеше сөзді тіліміздің қазіргі нормасына сәйкестендіргеннен аударма авторларының құқығы бұзылады деуге болмас. Ең дұрысы, бұл істі аударма­шы­лардың өздері, дүниеден өткен автор­лар­дың мұрагерлері, құқығын иеленуші­лер мен баспагерлер іске асырғаны абзал. Ал кейінгі ширек ғасыр ішінде тіліміздің лексикалық қорында болған өзгерістерді елемей ХХ ғасырдың алпысыншы, жет­пісінші жылдарының мәтінін ХХІ ғасыр­дың жиырмасыншы жылдарына қарай аяқ басқан оқырманға өзгеріссіз ұсыну олардың сұранысын, тіліміздің қазіргі жайын ескермеу болып шығады. Мәселен, қазақша ай аттары мен  демеуші, отбасы,  тапсырыс, тұғырнама, хатшы сөздерін Мем­терминком 1990-шы жылы, ал әмбе­бап, ғарышкер, делдал, достастық, жеке­ше­лендіру, жәрдемақы, зейнетақы, зейнеткер, кеден, кеңес, күнтізбе, қаржы, өрке­ниет, сұхбат, ұшақ, тікұшақ, тіркелім, хаттама, ымыра, іссапар атауларын 1992-ші жылы ресми бекітіп қолданысқа ұсын­ды. Содан бергі уақыттағы жиырма бес жыл мерзімде бұл атаулар бірізді қол­данылып, жұртшылық санасына әбден сіңді десек болады. Осы кезеңде туған ұрпақ олардың бұрын басқаша аталғанын біле де бермейді. Ендеше, ескі мәтінді сол қалпында жаңа ұрпаққа ұсынғанымыз жөн болмайды. Ал тілдің лексикалық қорының даму ерекшелігін, қазақ тілінің кеңестік кезеңге тән сипатын білгісі келгендер, зерттеушілер аудармалардың сол жылдары жарық көрген басылымдарын қарап, кейінгі басылыммен салыстыруға мүмкіндігі бар.

Кеңестік кезеңде туыстас өзбек, қыр­ғыз бен еуропа тілдерінен тікелей тәржі­ме­лен­ген бірді-екілі шығармаларды айтпағанда, әлем әдебиеті бізге негізінен орыс тілінен аударылса, қазір ағылшын, неміс, қытай, түрік, жапон, араб және басқа да шет тілдерінен қазақшаға төте аударылған шығармалар саны біртіндеп өсіп келеді. Бізде әзірге шығыс пен батыс тілдерін жетік меңгерген тәжірибелі аудармашылар өте аз болғанымен, делдал тіл­ге жүгінбей түпнұсқа тілден тікелей ау­дару өте маңызды да құптарлық үрдіс. Бұл аударма ісіндегі жаңа кезеңнің басы. Шет тілдерін меңгергендер саны жыл са­нап артып отыр. Солардың арасынан білікті аудармашылар қауымы өсіп шы­ғып, әлем тілдерінен төте аудару кең өріс алып жатса, аударма ісі жаңа деңгейге көтерілеріне күмән жоқ. Қазақ қауымы­ның аударманы негізінен «орыс тілінен немесе орыс тіліне аудару»  деген түсінік­тен арылуының мәні зор.

Төте аударма барысында түпнұсқа тіл­дегі сөздің мағынасын бұрмаламай ау­дару, сөз жасау мүмкіндігі де мол бо­луы­­мен қатар, тілдер арасындағы сөз ал­­масу үдерісі де өзара тікелей жүзеге асады. Мәселен, Дүкен Мәсімханұлы қытай тілінен аударған Лу Шүннің повесть, әңгімелерінде (Астана, 2009. – 344.) дүй (304), жыңмома (393), гой-жүй (400) сынды бірқатар сөздер кездеседі. Қытай қазақтары үшін бізде қолданылатын орыс сөздерінің көпшілігі қаншалықты жат болса, бұл сөздер де әзірге біз үшін сондай жат. Шет тілдерінен төте аудару көлемі артқан сайын аударма мәтінмен бірге келетін мұндай кірме сөздер қатары да арта түсері анық.

Көркем аударма және көне сөз. Көркем аудармаларда көнерген сөздердің көмескі тартқан мағыналарын қайта жаңғырту мен ұмыт бола бастаған ұғым белгілерін белсендіріп, ескі сөзге жаңа мағына үстеп қолдану деректері жиі болмаса да ұшыра­сып отырады. Ескі сөз – жаңа сөздің қа­зы­ғы. Ескі сөз негізінде жаңа сөздердің туындауы, тарих көші барысында ғасыр­лар қойнауында қалып қойған сөздердің жаңа заман ұғымдарының атауларына ай­налуы тіл дамуында болып жататын та­биғи үдеріс. Көнерген сөздер жазба ескерткіштер мен көне жыр-дастандарда, тарихи романдарда  бастапқы мағына­сын­да жұмсалса, көркем аудармаларда кө­бінесе олардың мағыналары кеңейіп-тарылып, жаңа, қосымша мағына үстеп қолданылады.

Белгілі аудармашы Әбілмәжін Жұма­баев  Проспер Мерименің «Қиямет түні» (Астана, 2011. – 456.) романын аударғанда «Жасақ тарап кетті» деп кейінгі жылдары «отряд»  орнына  жұмсалып жүрген «жа­сақ» сөзін қолданса, «аймақ, өлке, өңір» мағынасын білдірген «уәлаят» сөзін «про­­винция» сөзінің баламасы ретінде алыпты.  Осындағы бұрын әскери атау ре­тінде ғана белгілі «жасақ» сөзі кейінгі жылдары «құрылыс  жасақтары», «студент жасақтары»  тіркестерінің құрамында да қолданылатын болды. Бұл сөз мағына­сы­ның кеңейгенін, өзгеріске ұшырағанын көрсетеді.

«Жанына жасауылдарын ертіп алған урядник жалма-жан ауылға жетіп келді. Армянша түсінетін жасауылдың бірі Та­де­­востың әлгі сөзін аударып берді» (100-б.)  деген сөйлемдерінде армян жазу­шы­сының повестін аударған Зейтін Ақышев пен Немат Келімбетов «жасауыл» сөзін «пристав» баламасы ретінде орынды қолданған. (Леонид Гурунц. Шіркін біздің Шушикент.  – Алматы, 1977.). Осы үлгімен жасалған «айдауыл», «торуыл» мен «қоруыл» сынды қазақтың көне әс­кери атаулары Б.Әдетов аудармаларында да кездеседі. Ол «капитан Каркамо и два соп­ро­вождающих их солдата сразу же буд­то упали в колодец густого, знойного и тревожного мрака» деген сөйлемді
«…Капитан Каркамо және айдауыл екі солдат бірден-ақ көзге түртсе көргісіз, әрі қа­пы­рық, әрі үрейлі түнек құдығына тү­сіп кеткендей болды» (392-б.); ал «Свяще­н­ни­ка угнетали горькие мысли – его везут под конвоем» деген сөйлемді «Өзін айдауылмен алып келе жатқанына священник қатты күйінішті» (405-б.) деп аударады. «Айдауылды» бірінші сөйлем­дегі «сопровождающий» екінші сөйлем­дегі «конвойный» сөзінің баламасы ре­тін­де  алған. «Айдауылды» 1998 жылы Тер­минком «конвойный»  әскери термині­нің баламасы ретінде ресми бекіткен еді.  Бұл бекітілген терминнің әскери салада ғана емес, көркем шығармаларда да қол­да­­нылып жүргенін көрсетеді. Осы шығар­ма­да аудармашы «Конная полиция вдоль дороги, облавы, засады, пыль, пули, а Се­лес­тино Монтес – там, где то­лько покойникам место» деген сөйлемді «Жол бойы толған атты полиция, айнала торуыл мен қоруыл, бұрқыраған шаң, атылған оқ, ал Селестино Монтес тек өлгендер жай табатын мекенге кіріп жан сақтады» (193-б.) деп аударады. (Мигель Астуриас. Көр­де­гілердің көздері. – Астана, 2005). Осы сөйлемдегі «торуыл» мен «қоруыл»  атаулары «засада»,  «облава» сөздерінің баламасы ретінде орынды қолданылған. Мұн­дай көне атаулар қазіргі әскери терминологиямызды байытумен қатар, оған жүйелілік сипат та береді.

Аудармашы Ақайдар Ысымұлы «бу­фет» сөзінің баламасы ретінде  көнерген сөз «асадал» атауын қолданыпты. «Дегенмен, асадалда бірдеңе қалмады ма екен деп қарауға кетті». (Франсуа Мориак. Түннің ақыры (Жан алқым). Астана, 2005. – 146.) «Қазақ тілінің сөздігінде» (Алматы, 1999. Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов) бұл сөзге «ыдыс-аяқ салып қоятын биік, кең шкаф; буфет» деген тү­сінік­теме берілгенімен көркем шығар­маларда, аударма әдебиеттерде «асадал» сөзін қаламгерлер мен аудармашылар бұл мағынада көп қолдана бермейтін.
А.Ысым­ұлы түсіндірме сөздікке табан тірей отырып, қазақтың көне тұрмысында тұтынған бұйымының атауы «асадал» сөзінің мағынасын жаңғыртып, бергі заман жиһазының атауы ретінде қолданған. Ұғым, мағына сәйкестігі бар.

Сөздік құрамымызды, терминология­лық қорымызды байытатын мұндай көне атауларды көркем аудармалардан көптеп табуға болады. Сондықтан аударма мә­тін­дерді жүйелі түрде зерттеп, бастапқы мағыналары дұрыс ашылып, жаңа мағы­нада орнымен қолданылғандарын сұрып­тап алып отыру қажет.

Қорыта айтар болсақ, көркем аударма жасау үдерісінде жаңадан туындайтын, әр түрлі  лексикалық  қабаттардан алынып қолданылатын жүздеген атаулар ті­лі­міздің сөздік құрамын, терминдер қо­рын байытудың құнарлы көзі. Қоғам дамуының қай кезеңінде  де мұндай сөз байлығына мұқият болу, оны жинап, ірік­теп алып қолданысқа енгізу арқылы тіл байлығының еселене түсуіне қызмет ету әр ұрпақтың міндеті.

ПІКІР ҚОСУ