БАСЫЛЫМ МЕН ОҚЫРМАН НЕМЕСЕ ТАРАЛЫМНАН РЕЙТИНГКЕ ДЕЙІН
22.02.2016
1628
0

Письма«Қазақ әдебиеті» басылымы сан жағынан саралайтын сандық рейтингтің жоғарғы шкаласына жете қоймағаны рас. Рухани әл-ауқаты мығым елдердегі рейтинг ұғымы мен ақпараттық кеңістігі айқара ашық, иі жұмсақ біздің елдің тұрғындарының рейтинг туралы түсінігі бір-бірінен едәуір қашық жатқан кезеңде бұл табиғи құбылыс болар, бәлкім?.. Санның сапаға қарай ойысу үрдісі қашан да баяу өтетіні заңдылық. Газеттің авторлары мен оқырмандарының құрамына қарап еліміздегі зиялы қауым санын ойша шамалуға болатындай. Шет жайлап, қиыр қонған   қатардағы  әдебиет пәнінің мұғалімі басылымға жазылғанын жазатайым естісек бүйіріміз жылып қалатыны рас. «Қазақ әдебиеті» оқылмаса қазақтың рухани құнары кемімейді, деген сөзді анау-мынау емес, ел аузында жүрген ақын да айтқан. «Қазақ әдебиеті» асқар  тау сияқты ғой, оған былқ етіп те қоймады. Өмір талабы дегенді он-жиырма жылдан кейін таразылап қараған көзіқарақ­тылар  жаңсақ кеткен тұстарымызды тамыршыдай дөп басатын шығар. Оған дейін құбылыс біткенді ой сарабына салып, өзіңді сергек ұстауға тырысуға тиіссің. Адам деген атың бар, қазақ деген елдің мүшесісің, соған лайық ар-намыс, ұстамдылық сияқты қасиеттер қажет-ақ…

Елдің рухын сақтау жолында өн бойына ұлттық діл мен қазақы мінезді сыйдырып, сол арқылы оқырманның ұлтқа деген сүйіспеншілігі мен отансүйгіштік қабілетін сақтауға күш салған басылым бағасын бұрнағы жылдары  ел ішіне тарайтын таралымы айқындайтын, әлеуметтік тұрғыдан кім зерттепті.  «Қазақ әдебиеті» есейткен ұлтқа танымал тұлғалардың  көпшілігі  осы редакцияда еңбек етті, заман сырына батыл үңілді. Ел ішіндегі басылымның қадіріне жететін, кешегі күнімен жақсы таныс, бүгінгі ісіне тілеулес  оқырман қатарын мият тұтамыз. Олардың ықыласы мен риясыз сенімі біздің еңбегіміздің жемісінің бір бөлшегі. Бет түзеген бағытымыздан жаңылдырмайтын сыншымыз да, көңіл пәсейіп құлазыған сәтте жігерлендіретін жанашырымыз да оқырман. Оның жорасы – жолдаған хаттары. Ес білгелі әдебиет пен мәдениет, тарих саласында ұлттың руханиятына қызмет етіп келе жатқан ғалымдарымыздан бастап, түрлі жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттер, мектеп мұғалімдері, ұлт намысын жоғары ұстаған, әлі де сол ұстанымнан  танбай келе жатқан зейнеткерлер кез келген уақытта өз ойлары мен қоғамдық өмірге деген көзқарастарын газет редакциясына хат арқылы жолдайды.

Соңғы бір-екі жылдағы хаттардан халық арасында бұрынғыдай «жақсы атаның атағын азық ету» дағдысы қалып бара жатқанын аңғарамыз. Бұдан бес-алты жыл бұрынғы  оқырман хаттарында тарихтың қойнауынан хабар беретін, жергілікті батырлар мен ауыл-аймақ арасында билік айтқан адамдарды мақтау, мадақтау басым еді. Бұл үрдістің бірте-бірте азайғанын өткен тарихты білуге құштарлықтың бәсеңдегені деп емес, ұлттық тұтастыққа бастайтын жақсы нышанға баладық. Өйткені, ірілі-ұсақты мұндай оқиғалардың ұзақ дәріптелуі ұлт ретінде іргемізді бекітіп, қабырғамызды қатайту жолында аса бір пайдалы емес екені белгілі.

Тәуелсіздікке құрметті  тек  сөзбен паш етіп қана қоймай, іспен дәлелдеу қажет екенін  уақыт өзі түсіндіре бастағандай.  Мұны да өз оқырмандарымыздан келетін шағын хаттар мен көлемді мақалалар аңғартты. Оның бірін осы «Алыс, жақын қазақ» қосымшасына «Тәуелсіздіктің тірегі – адал еңбек» деген тақырыппен жарияладық.

Редакцияға келген тағы бір хат «Жұлдыз көкте жарқырайды, оның жердегі атақ пен ауруға қандай қатысы бар?» депті.  Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының тұрғыны Байділдә Айдарбеков есімді оқырманымыз бұл хатта еліміздің экрандарынан түспейтін «жұлдыздарға» қатысты өз көзқарасын жазыпты. Хатта «Бүгінгі таңда өнер адамдарына, соның ішінде, әсіресе, эстрада әншілері мен кино  актерлерге  ресми атақтармен бірге «жұлдыз» деген ат  жиі тағыла бастады. Елімізде көктегі жұлдыздардан гөрі  жердегі жұлдыздар көбірек ауызға алынатын болды. Болсын. Көбейсін. Жарқырай берсін. Оған жаны әнге-тойға құмар қазекем қол шапалақтап қуанбаса, ренжімесі анық. Бірақ маған жердегі «жұлдыздар» көбейген сайын көктегі шамшырақтардың  қадір-қасиеті төмендеп бара жатқан секілді көрінеді. Өйткені, жердегі «жұлдыздардың» ішінде май шамның, тіпті, балауыз шамның жарығындай да жарығы, таланты жоқ «жұлдыздар» көбейіп барады.

Жұлдыз – жұмыр жердің бетінде өмір сүріп жатқан біз секілді жұмырбасты пенделердің қолы түгіл ойы да жете бермейтін  өте биікте орналасқан ең үлкен ғаламшар. Соны білген атам қазақ көктегі жымыңдаған шамшырақтарға  қызыға қарап, қадірлеп, ақ армандарымен астастырған. Өмірден ерте кеткен талантты жастарын: «Жұлдыздай ағып өтті» деп қана дәріптеген».

Хаттың мазмұнынан «жұлдыз» деген лепірме атауға қарсылықты аңғару қиын емес. Демек, өнерге әркімнің таласы бар болғанымен, өнердің нағыз хас шебері болу екінің бірінің қолынан келмейтінін уақыт өзі саралады, өзі сездірді. Әсіреқызыл дүниенің тез оңарын да оқырман аңғармай отырған жоқ.  «Алмас қылыштың тот баспайтынын» аңғаратын оқырман, көрермен бар кезде хас өнердің өрісі тар болмайтыны кәміл.

«Бір қаріп үйреткенге мың жыл тағзым ет» деген тәмсілдің көмескі тартып, қоғамдағы ұстаздар қауымының дәрежесі тиісінше бағаланбай, кейде тіпті көзге ілінбей кеткен кезеңдер болды. Бірақ  мұғалімдер үйретуінен танған жоқ. Өйткені, оларсыз білім тұл. Соңғы уақытта редакцияға мұғалімдер туралы жылы лебізге толы көп хаттың келуі осы бір сөзімізді дәлелдей түскендей.

Әдеби ағымдар, жазушы шығармашылығы туралы ой-толғам, ақынның өлеңдерін талдау, өнер адамдарының өміріне қатысты тың деректер, көп айтыла бермейтін тарихи аңыздар, кино саласындағы ерекшеліктер, т.б тақырыптағы мақалалар біздің хат қоржынымызға жиі келеді. Олар өз кезегімен көркемдік әлеуетіне қарай басылым бетін көреді.

Кейде оқырмандарымыз өздерінің билік өкілдеріне айтар уәждері мен өтініштерін,  тіпті белгілі бір өкілетті органдарға деген «Ашық хаттарын» да жолдайды. Бұл мәртебелі оқырманның басылымға деген сенімін  айғақтайтыны рас.

«Жазушының қадірі» – біз бүгін осы айдармен «Алыс, жақын қазақ» қосымшасында оқырман­нан келген бірнеше жылы естелік жарияладық. Әдеби басылымның төл өкілдері ретінде ақын-жазушылар туралы естеліктер бізге келетін хаттардың алғы шебінде жүреді. Шығармашылық иесінің қабілетін бағалау жөнінен, қазақ әдебиеті өкілдерінің өміріне қатысты деректерді жинау тұрғысынан бұл да құнды жәдігер. Басылымның газет түрін жаздырып алмайтын, яки сатып алып оқуға мүмкіндігі жоқ, электронды басылымдарды оқуға дағдыланған бүгінгі ұрпаққа «алыстан хабар алғызу» үшін заман талабымен жақында газетіміздің сайтын жаңарттық, qazaqadebieti.kz адресі газетіміздің әр бетінде жазулы. Алдыңғы толқын ағалардың ізін жалғап, «Қазақ әдебиетінің» оқырман көкжиегін кеңейтетін кейінгі толқын осы сайт арқылы бізге бет бұрар деп білеміз.

Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір