Құрбан айт – Аллаға жақындау мерекесі
03.07.2023
190
0

Қазақстанның заңнамасындағы атаулы мереке күндері қатарына исі мұсылманның ұлық мерекесі Құрбан айт та кіреді. Осынау берекелі мереке биыл маусымның 28-30 күндері тойланады.
Аталмыш мейрамның діндегі мән-маңызы қандай, қазақ ұлтының болмысындағы алар орны нендей? Құрбан айттан бір күн бұрын, дәлірек айтсақ, арапа күні көп өңірде шек шалады, бұл шариғатта қарастырылған ба? Шек шалу мен Құрбан айттың қандай байланысы бар. Біз көптің көкейінде жүрген сауалдарды мамандарға жолдаған едік.

«Құрбан» деген сөздің артында тәрбиенің қайнар көзі бар

Дін мен дәстүр – егіз ұғым. Бірақ жер жүзіндегі халықтар өзіне тән тіл мен діл, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың арқасында ғана ұлт боп ұйысып отыр. Ал дін ұлтты иманды ұлт етеді. Осының парқын білуге тиіспіз.
Біздің Ислам діні келмес бұрын да үлкен мәдениетіміз болған еді. Соның айнымас бір бөлшегі – аруақтардың рухына арнап құрбан шалу, ас беру қазақтың «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген сөзі бар. «Жақсы сөзге жан құрбан» дейтін де сол қазақ. Көрдіңіз бе, «құрбан» сөзінің арғы жағында тәрбиенің қайнар көзі, үлкен идеология жатыр.
Қазақтың тұтас салт пен дәстүрі көбіне екі түрлі жерде – торқалы тойда, топырақты өлімде ерекше көрінеді. Құрбан шалу негізінен рухтарға қатысты қазақ салт-дәстүрлерінің ішіндегі ғұрыптық дәстүрге жатады.
Ата-бабамыз жаңа қонысқа көшер кезде де құрбан шалатын болған. Мұны «жұртын жұтатпау» деп айтады. Көшетін кезде жұртының айналасын тазалап, бір малын шалып, соның жөргегін іліп кетеді екен. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген содан қалған.
Ислам діні келгелі бекітілген уақытта Алланың разылығы үшін құрбан шалу дәстүрімізге енді. Бұл – біздің әуелден бар салтымызбен жүз пайыз сәйкес келеді. Өйткені торқалы тойдың өзінде бақиға аттанып кеткендерді еске алып, өлі-тірісін беріп жатады ғой. Осыдан-ақ Құрбан айт мерекесінің қазақ өміріндегі мән-маңызын, мағынасын түсінуге болады деп ойлаймын.

Болат БОПАЙҰЛЫ,
Этнограф-ғалым, фольклоршы

Құрбан айттың әлеуметтік маңызы бар

«Қариф», «құрбандық» – Аллаға жақындау деген сөз. Бұл – адам дүние-мүлкін, бар жиған-тергенін, ең қымбатын Алла жолына бере ала ма, жоқ па деген сынақ. Ыбырайым пайғамбарға баласы Ысмайылды құрбандыққа шалуға әмір беріледі. Мұндағы символика Аллаға ниетпен жақындау. Ыбырайым пайғамбар бұл бұйрықты шын ниетімен орындамақшы болғандықтан, баласының орнына аспаннан қошқар түседі. Сол сәттен бастап мұсылмандарға жылына бір құрбандық шалу уәжіп болып қалды.
Құрбан айт – Аллаға жақындау мерекесі. Мұның әлеуметтік маңызы да бар. Көрші-көлем, жоқ-жұқаналарға шалған құрбандықтың белгілі бір бөлігін беру арқылы жағдайы нашар отбасыларға үлкен көмек көрсетесің.
Исламда екі мейрам бар: Ораза айт, Құрбан айт. Екеуі де адамды иман, тәуекел, Аллаға деген адалдығы тұрғысынан сынау арқылы рухани тәрбиеге баулитын мейрамдардың ұлысы. Жұрттың бәрі айт намазына барады. Айт намазын оқып болғаннан кейін туыс-туғандарының үйін аралайды, өлгендерге Құран бағыштайды. Сосын құрбандық шалуға кіріседі. Қарап отырсаң, керемет бір қарбалас тіршілік қой. Біреуі қуырдақ жасап жатса, біреуі етін таратып жатады. Әйтеуір бәрі Алланың ризашылығын алу үшін шапқылап жүрген халық.
Құрбан айт мерекесі исламмен бірге пайда болды. Бірақ осынау сөз бұрын қазақта құрбан шалу ғұрпы мүлде болмады дегенді білдірмейді, ол ежелде басқа мәнде қолданылған. Оған қоса, құрбандық тек бізде ғана емес, яһудиде де, христианда да бар. Бірақ исламда үлкен трансформацияға ұшыраған. Құрбан айт құтты болып, жасаған дұға-тілектеріміз қабыл болсын.

Досай КЕНЖЕТАЙ,
дінтанушы

Шек шалу туралы шариғатта жазылмаған

Шектік беру немесе шек шалуды зерттеу объектім ретінде қарастырып, зерттеп көрген емеспін. Бірақ бұл шариғатта жазылмаған. Кей дін мамандарының шек шалуға қарсы келуінің себебі – осы. Негізі құрбан айтта құрбан шалудың өзі міндет емес. Құрбан шалу шариғат тұрғысынан бай боп есептелетін адамдарға уәжіп боп саналады.
Арапа күні шек шалу ғұрпының өзегінде екі түрлі себеп жатуы мүмкін деп ойлаймын. Біріншіден, бұл – аруақтарға арнап шалынатын, «өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенге саятын дүние. Адамдар Құрбан айт алдында бірінші аруақтардың атынан құрбандық шалады. Екіншісі және шындыққа жақын келеді-ау дейтін нұсқам – Құрбан айттың нақты қай күнге түсетінін білмей, күмәнданып, бір күн алдын шалып қою.
Ал енді Құрбан айт мерекесінің өзіне аз-кем тоқтала кетейік. Шариғатта «Құрбандыққа шалған малдың еті де, қаны да Аллаға жетпейді» деп айтылады. Мұндағы басты дүние – ниет. Сойған малдың үштен бір етін кедей-кепшіктерге таратып, одан қалған үштен бірін көрші-қолаңдармен бөлісіп, одан қалған үштен бірін бала-шағаңмен жеу деген қоғамдық, әлеуметтік қатынастарды жақсарту үшін де жасалатын шаруа.
Ал пайғамбарға бұл нәрсе парыз. Өйткені «Кәусар» сүресінде «Саған кәусар бердік. Сен оны дәріптеп, Алла жолында құрбан шал» деген тікелей бұйрық бар. Ал пайғамбарға берілген бұйрық мұсылмандарға уәжіп боп саналады.
Бұл мерекеде қазақтар айт шылайды, Құрбан айттың етінен ауыз тиеді. Осының барлығы – адам баласының ізгілігіне, тату-тәтті өмір сүруіне мұрындық болатын дүниелер. Қазақта «Аллаға жағамын десең, азанды бол, ағайынға жағамын десең, қазанды бол» деген жақсы мақал бар. Сондықтан басқа уақытта болмаса да осы Құрбан айтта бір малымызды шалып, туысқандармен бір дастарқан басында жиналып жатамыз.
Қазақ халқына, жер-жаһандағы мұсыл­мандардың күллісіне Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Құрбан­дық­тарыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай!

Кеңшілік ТЫШҚАН,
дінтанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір