ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТІРЕГІ – АДАЛ ЕҢБЕК
Тәуелсіздік тек мереке күндерінде еске алатын айтулы дата емес, ол біздің өне бойы көз алдымызда нысана, үлгі болып тұратын, қиналғанда жебеп, демеп жүретін рәміздік сипаттағы тірегіміз. Қандай жағдайда да біз бәріміз, ең алдымен тәуелсіздігіміз туралы, тәуелсіздікті баянды етіп, нығайту туралы ойлауымыз керек.
Қарапайым санаға тәуелсіздік бізге кездейсоқ, оп-оңай келе салған сияқты болып көрінеді. Кеңес Одағының ыдырауы, республикалардың бірінен соң бірі егемендігін жариялауы – бізге тәуелсіздікті сыйлаған объективтік жағдайлар осылар сияқты. Мүлдем жаңсақ түсінік. Бүйтіп біз тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін түсіне алмаймыз.
Дамыған елдердің бірі Жапония десек, Жапонияны алға шығарған табиғат байлығы емес, адамдар, жапондықтардың адал еңбегі. Адам қандай болса, қоғам да сондай. Өзімізге кейде осы тұрғыдан қарап қоялық. Бізге қай кезде де, әсіресе, қазіргі кезде керегі, менің ойымша, талап, еңбек, жауапкершілік, тәртіп, істің нәтижесін қатаң бақылау.
Жастарды ерінбей еңбек етуге, талмай ғылым іздеуге, жалықпай техника меңгеруге бейімдеу өмір талабы. Бір кездегі тың жерді игергендер, БАМ-ды тұрғызғандар жастар емес пе еді. Болашақ – жастардікі. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі жастар үшін, болашақ үшін жасалуда.
Жұмысшы мамандығы өткен ғасырдың 30 жылдарындағыдай, қазір де, әсіресе, біздерге, қазақтарға керек. Жұмысшылар, жұмысшы мамандығына тән дәстүр, тәрбие бізде әлі де жетіспей жатыр. Бізге ұлтжанды, ұлтын, ұлтының тарихын, мәдениетін мақтан тұтатын мамандар, соның ішінде жұмысшылар қалыптастыру керек. Елдің тірегі түбі солар болады.
Осыған орай баспасөз бетінде келтіріліп жүрген Жүсіпбек Аймауытовтың «Абай» журналында жазған мақаласындағы мына сөздерін қайталап келтіруді жөн көріп отырмын: «…Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, «оқығандар» баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды. Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай-шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек…».
Осы мақалада айтылғандай қазір бізге – халқымызға, елімізге, бәрімізге керегі– рух, намыс, жігер.
Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,
Жәңгір хан атындағы
Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық
университетінің профессоры.