Зайсанда Нұрлан Мәукенұлы оқулары өтті
23.10.2023
281
0

Өлінің қамын тірі жер,
Тірілер бірін-бірі жер.
Тірлікте кеткен қадірің,
Өлгенде ғана білінер.
Нұрлан Мәукенұлы

Көрнекті ақын Нұрлан Мәукенұлының қазақ поэзиясында алатын салмақты орны бар екені, әдебиет әлеміндегі ғұмыры қазақ барда үзілмейтіні анық. Ал туған жері Зайсаны барда ақынның ешқашан ұмыт қалмайтыны бесенеден белгілі.

 

Талантты ақынның қаламгерлік өмірі өзі дүниеден өткен соң басталды десек, артық айтқандық емес. «Тірлікте кеткен қадірің өлгенде қайта білінер» деп өзінің өлеңінде айтылғандай, ақынның есімін ұрпақ жадында сақтауда, рухына құрмет көрсетуде бірталай жұмыс атқарылған. Туған ауылы Жамбылда «Нұрлан Мәукенұлы» атындағы саябақ, Зайсан қаласында өзінің есіміндегі көше бар. Сонымен қатар екі жылда бір рет Зайсан ауданында «Нұрлан Мәукенұлы оқулары» өтеді.
Ақын атындағы биылғы оқулар Зайсан ауданының 95 жылдық мерейтойы­мен қатар келді. Қазан айының 7-8 жұлдызында Зайсан ауданында Нұрлан Мәукенұлының рухы тербеліп, ақынның өлеңдері оқылып жатты. Қаладағы қазақ мектебінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы орта мектептің акт залында ақын оқулары салтанатты түрде ашылды. Рухани іс-шараның шымылдығы М.Әуезов атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Г.Сейтенованың жетекшілігімен, оқушылар мен мұғалімдердің қатысуымен ақынның балалық шағынан, ақындық өмірінен өрнектелген қойылыммен ашылды.


Ақын рухын тербеткен іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағы Төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, ақынның жары Гүлмира Мәукенкеліні, қыздары Гүлрең мен Гүлден, курстас достары Серғазы Мұхтарбеков, Сейіт Омар, ардагер журналист Төлеухан Бідірәлі және туған-туыстары қатысты.
Байқауды аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы құттықтау тілегімен ашса, ақынның достары, соңғы он жыл бойына Нұрлан Мәукенұлы оқуларын ұйымдастырып жүрген, ақын мұраларының өміршеңдігі мен есімін ұмыт қалдырмай ұлықтап жүрген кластастары, ірі кәсіпкерлер Серік Ақтанов пен Манарбек Бошақов ақын досы туралы естеліктер айтып, байқауға қатысушы оқушыларға сәттілік тіледі.
Аудандық Нұрлан Мәукенұлы оқулары екі бағытта ұйымдастырылды. «Желден де жұмсақ мен едім, жерден де қатты мен едім…» бағытында қатысушы оқушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқыса, «Ақын аға ізімен…» бағытында жас талапкер ақындар ақынға арнаған арнауларын оқыды. Байқауға аудан мектептерінің 5-10 сыныптар арасындағы, жалпы 50-ге жуық оқушы қатысты. Іс-шара барысында ақынның сөзіне жазылған «Бала көңіл» әні жас әнші Оразбай Нұрмұхаммедтің орындауында көрермендер мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Байқау мәресіне жеткен соң қорытынды сөз алған Жазушылар одағы Төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы туған жерінде Нұрлан Мәукенұлындай ақынды еске алып, жырларын шалқытып жатқанына алғыс айта келе, алдағы уақытта қазақтың дарынды ақынының оқуларын облыстық деңгейде өткізуді ұсынды. Ақынның қос қызы Гүлрең мен Гүлден әкеге деген, туған жерге, елге деген сағыныштарын жеткізіп, көздеріне жас алса, жары Гүлмира Нұрланын ұмытпай, ұлықтап жатқан аудан халқына, аудан әкімі А.Ахметсәлімқызына, білім бөлімінің басшысы М.Мұратқызына, ақынның достарына зор алғысын жеткізді.
Байқау қорытындысы бойынша жүлдегер атанған оқушылар Алғыс хаттармен, әдеби кітаптармен, ақынның жолдастары демеушілік жасаған ақшалай сыйақымен ардақталды. Байқауға қатысып, Нұрлан Мәукенұлының 20-ға тарта өлеңдерін жатқа айтқан, Зайсандағы «Поэзия жастары» театрының 5 жасар мүшесі Бақытбек Ерназ арнаулы сыйлықпен марапатталды.
Ертеңінде Нұрлан Мәукенұлының дүниеден өткеніне 20 жыл толуына орай ас беріліп, хатым түсірілді.

Еркебұлан ЗАҒЫПАРОВ,
Зайсан аудандық мәслихат төрағасы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір