КІТАП – БІЛІМ БҰЛАҒЫ ЕМЕС ПЕ ЕДІ?
…Бірде әңгімеден-әңгіме шығып, Мойынқұм өңіріндегі балалық шағы өткен қарашаңырағына (кезінде әкесі, қазір інісі тұратын үйіне) жақында ғана барып келген дәрігер-әріптесім Талғат:
– Соңғы кезде көпшіліктің әдебиетке, кітапқа деген көзқарасы тым өзгеріп кеткен сияқты болып көрінеді. Қазіргі жастар газет-журналға, кітапқа қызықпайды, тіпті, базбірі оқымайды дегеніміз жөн болар. Әрине, «Заман өзгерді, уақыт солай, қазір интернет бар, компьютер бар…», – деп айта салу оңай оларға. Шындыққа келгенде сол заманды жасап жатқан адамдар емес пе? Алысқа бармай-ақ өз көзіммен көрген мына бір мысалды айтайын: ауылға барғанда әкем салған үлкен үйдің таяуда қайта жөнделгенін байқадым. Іші-сырты жаңартылып, есік-терезелер ауыстырылыпты. Барлығы бір қарағанда мұндаздай таза болып, көз тартады. Үй ішіндегі жиһаздардың біразы өзгеріпті. Барлығымыз бұрын «кабинет» деп атайтын бөлме де бұрынғыдан басқаша. Бұрынғы арнайы шкафтарда сықып тұратын жүздеген кітаптардың саны тым сиреп қалыпты. Соны байқаған мен ініме: «Кітаптар азайып қалыпты ғой. Оларды қайда жібердіңдер?» деп сұрақ қойдым. Сонда інім желкесін қасып тұрып: «Олардың біразын жөндеу жұмыстары кезінде сыртқа шығарып тастадық. Кітап оқитын адам жоқ қой қазір. Шаң жиғаннан басқа олардан пайда жоқ. Керек адам сол кітаптарды интернет (ғаламтор) арқылы кез келген уақытта іздеп, тауып алады…», – деп күмілжіді.
Сыртқа шығып, ауладан әлгі кітаптарды іздедім. Қораның бір бұрышында шаң басып тезек қаланғандай болып, топ-топ кітаптар жатыр. Кітаптар болғанда қандай, шіркін! Қазақтың, орыстың, әлемдік классик жазушылардың қолға түспес шығармалары. Сол жүрегім сыздап қоя берді…
Қалаға қайтарда көп кітаптардың ішінен «мынау керек-ау» дегендерін таңдап, теріп, машинама салып алдым да ініме бұрылып:
– Мына кітаптар сендерге керек болмаса, басқаларға әлі керек болар. Уақыт тауып кітаптарды жергілікті кітапханаға тапсыр. Обалына қалма… Біле-білсең, бұлар әкеміздің көзі ғой…» деп кеттім. Бірақ ол менің сол ұсынысымды дұрыс түсініп, кітаптарды кітапханаға тапсырды ма, тапсырмады ма білмеймін, – деп әңгімесін аяқтады.
«Кітапты отқа жаққаннан да ауыр қылмыс бар, ол – кітап оқымау» («Есть преступления хуже, чем сжигать книги. Например – не читать их»), деген екен жазушы Рэй Брэдбери. Соңғы кезде кітап және оларды оқу жайлы әңгіме әр дәрежеде қозғалып жүргені рас. Әсіресе, ол өткен жүзжылдықта дүниеге келіп, бұл күндері жастары 50-60-қа келгендер арасында жиі айтылады. Түйсігі бар оқырман қазіргі жастарды кітапқа қалай үйретеміз? Олардың бойына руханият әлемін қалай ендіреміз? деп жиі толғанады. Жастар, студенттер қазіргі қыспаққа толы кезеңде күн көрудің амалын іздеп кітап бетін ашудан қалды. Әупірімдеп күнін әрең көріп жатқан көпшіліктің кітап сатып алатын қаржысы жоқ.
Кітап көп жинаған жазушылардың бірі Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, ақын Қадыр Мырза-Әлi болыпты. Ақын дүниеден озғаннан кейін оның өмір бойы жиған кітапханасындағы 7 мыңнан астам кітаптары отбасының шешімімен Қадыр ағаның дүниеге келген еліміздің батыс аймағының орталығы Орал қаласындағы жыр ақиығына арнап ашылған музейіне табыс етіліпті.
Белгілі жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбек те көзі тірісінде үйіндегі кітапханасын реттеп, көптеген кітаптарын өзі еңбек еткен Астанадағы Л.Гумилев атындағы университет кітапханасына тапсырған болатын.
Түркістандық жазушы-ғалым Құлбек Ергөбек еліміздің зиялы қауымына республикалық баспа арқылы сөз арнап, үй кітапханаларында артық деп саналған кітаптар болса университет кітапханасына өткізулерін сұраған болатын. Онысынан бірнәрсе шықты ма, әлде жоқ па, бізге беймәлім. Бірақ өтініш орынды болатын. Осындай мысалдарды өмірімізден ондап келтіруге болады.
Оңтүстік астанамыз Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында биылғы тамыз айында «кітаптардың ұялары» пайда болғаны жайлы «Егемен Қазақстан» газеті хабардар етті. Аталмыш саябаққа демалуға келген адамдар орындықтардың жанына орнатылған «кітап ұяларынан» өзіне керекті кітаптың (олардың құрамында әдеби шығармалар ғана емес, танымдық дүниелер мен сөздіктер де бар екен) бірін алып танысып, асықпай оқуға мүмкіншілік бар. Батыстың көп елдеріндегі саябақтарында әлгідей «үйшіктер» көп жылдардан халыққа қызмет етеді екен. Саябақта тынығуға келген адамдар бір мезгіл кітапқа көз жүгіртіп, сана сергітетін жақсы дәстүр бар екен. Ойлап отырсақ, алматылықтардың бұл бастамасы көпшіліктің мәдениетін көтеріп, қыз-жігіттердің жан-жақты дамуына, жастарды кітап оқуға тартуға арналып отырған жағымды іс-шара екен. Кісінің санасына шуақ себетін бұл жоба басқа өңірлерде де қолдаушыларын тауып жатса несі артық?
«Кітап оқырманы өлгенге дейін мыңдаған адамның өмірін сүреді, ал кітап оқымаған адам – тек оның біреуін ғана» («Читатель проживает тысячу жизней до того, как умрет. Тот, кто никогда не читает, – только одну») деген екен Джордж Мартин.
Бұл күндері еліміздің әр өңірінде жеке кітапхана иелерінің жергілікті кітапханаларға кітап тапсыру шарасы жүруде. Жуырда облыс басылымдарында Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мадибек мырза аудандық орталық кітапханаға «Кітапханаға кітап тапсыр» акциясына сәйкес өз кітапханасынан 143 кітап тарту еткені жайлы мәлімет берілді. Осындай игілікті іс-шаралар жалғасын тауып, басқа да өңірлерде жүруде.
Ия, несін жасырамыз, соңғы жылдары кітап және оны оқитын, әдебиетке қызықпайтын жастар жайлы әңгіме аз айтылып жүрген жоқ. Олар бірте-бірте кітап түгілі, күнделікті шығып жатқан газет-журнал оқудан да қалып барады. Жастар неге бұған немқұрайлы, селқос қарайды? Оның себебін неден іздеуіміз керек? Көпшілік болып осы жөнінде ой бөлісіп көрелікші, ағайын!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор.
Тараз қаласы.