ЖАЗУШЫНЫҢ ҚОС КІТАБЫ

Жақында Астанадағы Халықаралық Түркі академиясының«Ғылым» баспасынан жазушы, зерттеуші Жарылқап Бейсенбайұлының «Орталық Азиядағы арғытүрк сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» атты көлемді монографиясы жарық көрді.
Халықаралық Түркі академиясының ғылыми жобасы бойынша атқарылған еңбекте кейінгі жылдарда жаңа ғылым саласы ретінде кеңінен таныла бастаған ДНҚ-генеалогиялық зерттеулер нәтижелері мен археологиялық, этнографиялық, этимологиялық аспектілер өзара салғастырыла қарастырылып, түрк халықтарының түп-төркіні тым тереңде жатқаны дәйектеледі. Түрк жұрттарына тән гаплотоптардың бұдан 40-12 мың жылдай шамасы бұрын Азиядан Америка құрлығына дүркін-дүркін өткен үндіс қауымдары зәузаттарымен сәйкес шыққаны, арғы түрктердің де түпкі тарихын сол жұрттармен қатар қарастыруға мүмкіндік әпереді. Автор Орталық Азия халықтарының ежелгі гаплотоптарының тармақталу бағыттарын нақтылаған генеалогиялық деректемелерді, осы аумақтағы ежелгі археологиялық түзілімдермен сабақтастыра сараптау арқылы, ол байырғы мәдени дәстүрлерді жасаушылар негізінен арғытүрк сипатты жұрттар болғанын зерделейді. Монографияда түрк гаплотопты жұрттардың тас дәуірлеріндегі климаттық жағдаяттарға байланысты әр тарапқа таралулары мен олардың кейінгі ұрпақтарының энеолит заманындағы көнешұңқыр, ботай секілді түздік мәдениеттер аясында кешкен тіршілік сапырылыстарындағы көптеген этнотектік нышандардың өзара сабақтас екендігіне мән беріледі. Ол ортақ сипаттардың қола ғасырларда жалпыорталықазиялық беғазы-дәндібай мәдениетіне, өзара ұқсас құнарлы дәстүрлерге ұласқаны пайымдалады. Одан кейінгі сақ, хұн замандары тайпалары көбінің Ұлы Дала кеңістігінде талай ғасыр бойы қатар өмір сүріп келе жатқан арғытүрк сипатты жұрттар екендігі пысықталады.
Ж.Бейсенбайұлының 2009 жылы «Қазақстан» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясы бойынша жарық көрген «Шоқан» деректі роман-эссе кітабы да Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қолдауымен өткен жылы орысшаға аударылып, оны Астанадағы «Фолиант» баспасы көрнекті етіп шығарған болатын. Ш.Уәлихановтың 180 жылдығы мен Орыс Географиялық қоғамының 170 жылдығына орайластырылған «Чокан Валиханов» атты бұл жаңа кітаптың арнайы таныстырылымы автордың қатысуымен 17 желтоқсан күні Мәскеудегі Орыс географиялық қоғамының штаб-пәтерінде өтті.