Күміс күлкі
29.05.2023
485
0

«Тегін адам болмады ғой…» 

   2000 жылдың наурызында үйлендім. Алдымен ауыл тойы, тамыздың тамылжыған кешінде үлкен той өтті. Бұл «Оңтүстік Қазақстан» газетіне ауысқан кезім. Келіншегімнің мамандығы – мұғалім. Тойдан кейін жұмысқа тұрғызуға әрекеттендік. Бірақ ол жылдары қалаға мұғалім боп жұмысқа тұру тіптен қиын шаруа еді. Әлі есімде… Тамыз айының соңғы күндерінде әрең дегенде қалалық білім бөлімінен бір таныс тауып, қай мектепте орын болуы мүмкін екенін сұрап білдік. Танысымыз: «Біздегі мәліметтер бойынша №36 мектепте бір орын бар. Бірақ ол орынға осы уақытқа дейін директор бір адам алып қойғаны сөзсіз. Тым кеш келдіңдер… Қазір мұғалімдік жұмыс іздеген адам көп, директор ол орынға сендерді жақындатпайды-ау», – деп шығарып салды.
«Жазған құлда шаршау жоқ» деген, білім бөлімінен шыққаннан кейін келіншегім екеуміз әлгі мектепке бардық. Қаланың ортасында екен. Біз мектепке жақындай бергенде аулада бір іс-шара аяқталып, жиналғандар енді тарап жатыр екен. Қателеспесем, осы мектептің түлегі болған бір даңқты шахматшыға ескерткіш тақта орнатылды ғой деймін. Шара аяқталып, аулада мұғалімдер орындықтарды жинап жатқан кез. Біз де жақындай бердік. Сол сәтте мектептің алдынан бір қызметтік көлік шығып, қасымыздан өтіп барып тоқтады. Қоңыр әйнектен ішінде адам бар-жоғы да байқалар емес. Аңтарылып қарағанымша артқы есіктен аңқылдап Дархан аға Мыңбай түсті. Өтіп бара жатып байқап қалыпты. Ойпырмай, облыс әкімінің орынбасары қарапайым тілшіге өтіп бара жатып тоқтап амандасады деп кім ойлаған? Біраздан бері көрмеген едік. Амандасып, хал-жағдай сұрасып жатырмыз. Әкімнің орынбасары әлгі ескерткіштің лентасын қиған екен.
– Естіп жатырмын үйленіпсің, құтты болсын, – деді әңгіме арасында.
– Рақмет, – деп мен де бәйек болып жатырмын. Келіншегім ыңғайсызданып ар жақта тұрған. Шамамен, үш-төрт минуттай сөйлестік-ау деймін. Дархан аға жылы қоштасып, көлігіне мініп жүріп кетті. Мектепке кіріп, директорды сұрасақ, сыртта жүр екен. Тауып алып, амандасып:
– Осы жерде бір мұғалімдік орын бар деп естіп кеп отырмыз, келіншегім физик-математик еді, – деп әңгімемізді бастай бергеннен директор түріме бір қарады да:
– Болды, інім, ертеңнен бастап келін жұмысқа келе берсін, – деп бірден көне кетті. Директордың мына сөзінен кейін есіміз ауып қала жаздады.
Сөйтсек, кейін білдік қой, директор мектеп ауласынан жаңа ғана өзі шығарып салған облыс әкімі орынбасарының өтіп бара жатып тоқтап, көлігінен түсіп амандасқанын сырт­тай бақылап тұрыпты. Бағанадан бері «Ойпырмай, әкімнің орынбасарының өзі тоқтап амандасатын бұл кім болды? Тегін адам болмады ғой…» деген ой маза бермей тұрса керек. 
«Жақсыдан – шарапат» деген, осылайша Дархан ағаның көмегі тигені бар.

АҚ МАШИНА 

«Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары әрі осы басылымның Елордадағы өкілі қызметін атқарып жүрген кезім.
«Айқын» газеті ел астанасына енді ғана қоныс аударып келген болатын. Бірде осы газеттің бас редакторы Нұртөре Жүсіп ағам екеуміз бір кафеден шай ішпек болдық. Мен Нұрекеңді кафеде күтіп отырдым. Аға тура уақытында жалғыз өзі келді. Бірақ енді шай іше бергенде ол кісіні аяқ астынан бір таныстары үйіне дәмге шақырып, маған бірге барайық деп, лезде опыр-топыр жиналдық.
Қыс мезгілі еді. Жерде жұқа қар бар. Қас қарайып қалған. Келіп, жекеменшік көлігімді оталдырдым. Артынша Нұртөре аға кеп қасыма отырды. Сонымен Астананың үлкен көшелерінің біріне түстік.
Қозғалып, енді жүре бергенде айнадан байқап қалдым, менен сәл ары тұрған бір жеңіл көлік ақырын жүріп кеп артыма түсті. Елордада ағылып жатқан көлік көп. Қайсыбіріне мән бересің. Басында анау айтқандай елемедім.
Келесі бағдаршамға дейін екі көлік іркес-тіркес бірге келдік. Мен солға бұрылдым, ол да солға бұрылды. Біраздан кейін оңға бұрылдым. Ол да оңға бұрылды. Бір-екі мәрте арамызға басқа көліктер түсіп кетіп, басқа жаққа бұрылып кеткен шығар деп айнаға қадалып отырдым. Жоқ, ақ машина артынша-ақ қайтадан тауып алады.
Шынын айту керек, жүрегім мұздап сала берді. Соның алдында ғана үлкен бір кісілер туралы сын мақала жазып, ол біраз шу болып, бір әріптестерім: «Енді олар сенің соңыңа адам салып, ыңғайлы жерде қастандық жасауы мүмкін», – деген сияқты әңгімелер айтқан. «Шынында мынау солардың адамы емес пе?» деген ой келе қалды. «Неғып артымнан қалмайды? Қалай айтса да бұл тегін емес»…
Миыма сан түрлі ойлар келіп жатса да Нұртөре ағаның көзінше сыр бермедім. Екеуміз әңгімелесіп келе жатырмыз. Көзім көліктің екі айнасында. Ақ машина әлі артымда…
Ықшамаудан ішіндегі тар көшелерге түстік. «Бәлкім, енді осы жерде қалып, басқа жаққа бұрылып кететін шығар» деген дәме болды. Жоқ, ақ машина құйрық тістесіп келе жатыр.
Нұртөре ағам жайбарақат. Әлгі танысымен телефон арқылы сөйлесіп, ықшамаудан ішінде үйін таппай біраз адастық. Соның бәрінде әлгі машина соңымыздан ілесті де отырды. Не жақын келмейді, не алыстап жоқ боп кетпейді.
Осыдан кейін мені аңдып, соңыма түскеніме ешқандай күмәнім қалмады. Нұрекең: «Оңға, солға, тіке жүр», – деп отырғанда бір жарық жерге тоқтай қалдық. Әудем жерге кеп әлгі машина да тоқтады.
Бұдан арыға шыдамым жетпеді. Ағамның телефонмен сөйлесіп жатқанын пайдаланып ақырын машинадан түсіп, сол жаққа қарай беттедім. Ақ машина оталып тұр. Жүрегім тарсылдап кетті. «Не болса да, тәуекел» дедім.
Мен жақындай бергенде шопыр жақтың терезесі ақырын ашылды. Өзім қатарлы бір жігіт отыр. Түсі суық сияқты боп көрінді.
– Сен кім боласың? – дедім мен де түсімді суытып.
Ол түсінбей бетіме бажырая қарады.
– Неғып менің артымнан қалмайсың?..
Жүрек әлі тарсылдап тұр.
Рөлде отырған жігіт терезеден сәл басын шығарып, маған таңғала қарады.
Сөйтті де:
– Мен Нұртөре ағаның шопырымын ғой. Аға: «Осы машинаның артынан ілесіп отыр», – деп айтқан… – дейді ғой.
Қуанғанымды да білмеймін, қорыққанымды да білмеймін, сасқанымнан әлгі жігітке: «Ассалаумағалейкүм, қалайсыз?» – дей беріппін ғой…   
Сөйтсем, ақ машина шынында Нұртөре ағаның қызметтік көлігі екен.
«Қорыққанға қос көрінеді» деген өзімнен-өзім күле берсем бола ма?!. 

Бастық 

Бір күні көлігін әрең-әрең жүргізіп келе жатқан Бақытжан Советұлы ағамызды МАИ қызметкері тоқтатыпты. Сірә, тарақандар сияқты ақ сызықты басып өтіп, ережені өрескел бұзса керек.
– Журналист едім, жиналысқа асығып барамын, – десе де МАИ-шник көнбепті. Болмаған соң: – Айналайындар-ау, МАИ мен журналистер пәшти бірлесіп жұмыс істейді. Күніміз полицияның іс-шараларын көрсетумен өтеді. Сенің бастығыңды да жақсы танимын… – десе, анау:
– Ну, што… Танысаңыз, сол бастыққа звандасаңызшы… – деп, илікпейтін көрінеді.
Намыстан жаралған қазақ емес пе? Бәкең бірден телефонын қолына алады. Звандайды. Сөйтеді де:
– Мені МАИ ұстап жібермей жатыр, бір ауыз айтыңызшы… – деп, бір-екі ауыз сөйлесіп, телефонды полиция қызметкеріне береді ғой. Анау «Бұл кім?» дегендей сұраулы жүзбен қарайды. – Бастық… – дейді Бәкең сыбырлап… «Бастық» дегенді ести сала полиция жігіт сымдай тартылып, телефонды құлағына тақап:
– Саулығыңызды тілеймін! – деп, лыпылдай жөнеліпті. Екі сөзінің бірі: – Жақсы, жақсы…  Болды, болды… Қазір жіберемін… Ондай-ондай болады ғой, әрине… – Сонымен МАИ-шник Бәкеңе телефонын беріп, құжаттарын қайтарып: – Бара беріңіз… – депті. Қуанып кеткен Бәкең енді бұрыла бергенде полиция қызметкері: – Аға, шынымен бірден біздің бастықтарға звандағаныңыз не? Бірақ қай бастық екенін аңғармай қалдым… Қайсысына звандадыңыз?.. – деген ғой ыржиып.
Сөйтсе дәл осы жерде тып-тыныш кете беретін-ақ жөні бар Бақытжан ағам:
– Сенің бастығыңды қайдам, мен өзімнің бастығыма звандағам… – деп тұр дейді. Сөйтсе, Бәкең шынымен өзінің бастығы, Жамбыл облыстық телеарнасы төрағасының орынбасары Асқарбек Сейілханға телефон шалған екен. Мамандығы актер Асекең лезде рөлге кіріп кеткен ғой.
– Аға, қызықсыз ба, сіздің бастығыңыздың бізге не қатысы бар?.. Еще, тағы адамның жүрегін ұшырып… – деп, полиция жігіттер Бәкеңді қайтадан «қораға» кіргізіп, бес-он теңгесін алып, әрең жіберіпті.
Әй, аңғал ағам-ай! Сіздей періш­те жандар өте аз қалды ғой! 

ОРАЛХАН ДӘУІТ 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір