Күміс күлкі
06.07.2023
373
0

КУМИР 

  1982 жыл. ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, алабұртып жүрген шақ. Курста 50-міз. 50-іміз де өзімізді сұмдық ақын, ғұлама жазушы санамасақ та, соған таяу деп есептейміз. Алдымен журналистиканы қатырып алу қаперімізге кіріп-шықпайды-ау, шіркін! Дегенмен көзі тірі ақын-жазушыларды мойындап, тіпті кейбірін кумир жасап алғанбыз. Өздерін көрмесек те шығармаларын оқыдық дегендей… Бір күні түс ауа курстасым Баққараев бөлменің есігін қақты.
– Жігіттер! – деді асыға сөйлеп, – Дәл қазір Жазушылар одағында жылдық есеп беру жиналысы болып жатыр екен! Барайық! Оқуға түскенімізге үш ай болса да «тірі» ақын, жазушы көрген жоқпыз. Сәті келіп тұр!
   Асығыс жиналып бір топ студент Одаққа тарттық. Біз келгенде әлдебір прозалық шығарманы талқылау қызып жатыр екен. Шынымен де әдебиеттің марқасқаларының бәрі осында. Ауылдан кеше ғана келген біз үшін бәрі – таңсық. «Мә, ана ақынның өзі отыр ғой!» «Ойбай, ана жазушының романы керемет!» «Мына классикпен суретке түссе ғой, шіркін!» – деп сыбырласып жатырмыз. Бір кезде сыртынан сүйсініп тұрған кумирлеріміздің бірі тепсініп ортаға шығып, баяндамашыға ауыр-ауыр сөздер айтты. Оған тағы бірі қосылды. Қарсы жақтан да айқайшылар табыла кетті. У-шу! Сәлден соң бірі сөзден жеңіліп бара жатқан соң астындағы орындығын жіберіп қалды. Ол тағы бір кумиріміздің басын жара жаздап, әйтеуір қиыс кетті. Қысқасы, қып-қызыл төбелес!
  …Қайтып келеміз. Бәріміз – үнсізбіз. Тек Баққараев қана  ақырын күңкілдеп қояды:
– Тұқымың өскір-ай, бекер келдік! Бекер көрдік! Енді менде кумир жоқ!..

ЕЛДІҢ НАМЫСЫ ҮШІН НЕ ІСТЕМЕЙСІҢ!

Бейжіңге бет алғанбыз.  Секең (Серік Жанболат) отыра сала газет оқуға кірісті.  Таза ағылшын тілінде. Ұшақтағы екі жүздей қытай ұлты өкілдерінің біразының көзі менің курстасымда. Бес жыл бірге оқыдық қой, шет тілін жарытпағанын бір білсе, мен білуім керек-ті. Әлгілер түгілі өзім таңғалып қалдым…
…Әуежайға қона сала қиын жағдайға тап болдық. Ешкім күтіп алмады. Жиырма бес миллион тұрғыны бар қалаға келгенімізді сезінгенде екі қазақ еңіреп жібере жаздадық. Жанталасып жүгіріп жүрміз. Мені қойшы, шет тілінен әуелбастан мақұрыммын. Бар үміт Секемде. Жаңа ғана ағылшын тіліндегі басылымды шұқшия оқығанын көргенмін. Сөйткен Секең әркіммен ағылшын да емес, қытай да емес,  ыммен (мимикамен) сөйлесіп,  бірдеңе сұрағансиды. Аналар түсінбейді. Қойшы,  әйтеуір орысша білетін бір қытай кездесіп,  ол жол көрсетіп, тобымызды қуып жетіп, көңіл орнына түсті.
…Гуанжоудың ұшағына отырдық. Секең тағы газет оқып отыр. Таза ағылшынша. Айнала жолаушының барлығының көзі Секеңде. Әй,  ақымақ басым-ай, енді түсіндім. Аналар «қазақ деген қандай ақылды, білімді халық!» деп тамсанып отырған секілді. Елдің намысы үшін не істемейсің! Енді мен де қайтарда ұшақта газет оқимын. Қытай тілінде!

Арман СҚАБЫЛҰЛЫ

«Бала кезімнен өлең жазам…»

Газет-журналда оқырман хат­тарымен жұмыс істеу де өз алдына бір жыр ғой. Осыдан 20 жыл бұрын «Ақ желкенде» жұмыс істедім. Балалар мен жасөспірімдердің жазбайтыны жоқ: бірі өтініш айтады, бірі өлеңін жолдайды, бірі алғашқы сүйіспеншілігі туралы сыр шертеді. Әлі есімде, «Мен бала кезімнен өлең жазамын» деп хат жолдапты бір бала. «Жасы қаншада екен?» деп шолып шықсам… 7-де екен. Сонда қазір бала емес пе? Қанша жасынан бастап өлең жазған?.. Күлкіден қыран-топан болғанбыз. Айтпақшы, мектептегі мөлдір махаббаты жайында әңгімелеген бір хат келген. Авторы – жоғары сыныпта оқитын қыз бала. Ыңғайсызданған болуы керек, «егер жазғанымды журнал бетіне жариялайтын болсаңыздар, өтінемін, жалынамын, аты-жөнімді көрсетпей-ақ қойсаңыздар екен!» – деп хат­тың басында да, ортасында да, соңында да қайта-қайта ескерте беріпті. Тіпті конвертке де солай деп жазып тастапты! «Сонша уайымдапты ғой, кім екен өзі?» деп қарасам – ештеңе жоқ: хатқа да, конвертке де аты-жөнін жазуды өзі де ұмытып кетіпті…

Бір сурет­тің хикаясы

Жаңылмасам, 2000 жыл болуы керек. Әйтеуір Жанатбек пен Сәбит­тің «Бауыржан-шоуда» әбден танылып, енді «Тамашаға» ауысып жатқан кезі еді. «Жас Алаш» газетіне екеуінен сұхбат алуым керек болды. Екеуі де – бойдақ, бірге пәтерде тұрады екен. Ол кезде қазіргідей қалта телефон жоқ. Қалалық телефонмен хабарласып алып, әңгімелесу үшін екі-үш рет іздеп бардым. Бір күн бұрын келісеміз, асай-мүсейімді алып жетіп барсам, үнемі Сәбит өзі күтіп отырады, Жанатбек – жоқ: не тойға кетеді, не шайға кетеді, не «сайға» кетеді, әйтеуір ұстатпайды. Қойшы, ақыры, не керек, «соңынан қуып жүріп» дегендей, сұхбат та алынды-ау. Енді фото керек. Тап сол уақыт­та «Жас Алаштың» фототілшісі іссапарға кетіп қалды ма, әлде демалыста ма еді, анығы есімде жоқ, әйтеуір Жанатбек пен Сәбит­тен фото сұрауға мәжбүр болдым. Сахнадағы көрініс сәтін сәт­ті ұстаған бір сурет өзімізде бар, бірақ өмірдегі кейіптері, жеке бейнелері жоқ еді. Олар да қайбір суретке ұқыпты адам… ештеңе таппады. Сосын екеуі: «Ертең жақсылап фотоға түсеміз де, апарып береміз», – деді. «Жарайды», – дедім.
Бірер күннен соң екеуі осы сурет­ті әкеп тұр ғой… Не күлерімді, не жыла­рымды білмеймін. Жеке-жеке түссе, бір сәрі. Бірге түскен күнде де дәл осылай түсу керек пе міндет­ті түрде?
«Қап, астына «Жол тауып жолға түсті жастар жаны, Жастардың орындалды басты арманы. Сіздерді бүгінгі кеш күтіп отыр, Қосылған қос жүректің дастарханы!» деп жаздыра салмаған екенсіңдер дә!» – дедім күйінгеннен.
«Мынау ғой осылай түсейік деген…», «Жоқ, сен ғой!» – десіп, бірін-бірі түртпектеп алды да, «әкелші бері», – деп сурет­ті ары-бері қарап тұрып, ал кеп күлсін екеуі. Ішек-сілесі қат­ты. «Суретке түсіп тұрып осыны неге ойламағанбыз?» – дейді бір-біріне қарап… Ақыры басқа жақтан фотограф шақырып, екеуін жеке-жеке суретке түсіріп алып, газетке шығардық-ау деймін. Сөйтіп, мына фото менің папкамда қалып қойыпты. Өздерінде жоқ-ау бұл «шедевр»…

Сәкен СЫБАНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір