БҮГІНГІ ҰЖДАН ҚАЙ ҰЖДАН?
13.09.2023
312
0

Әлемді жайлаған пандемиядан кейінгі уақыт тұрғысынан алсақ, отандық театр өнерінің дамып, алға жылжығаны, театр өнеріне деген қызығушылықтың артқаны байқалады. Орталық мегопалистерде шыққан «Махаббат, қызық мол жылдар»
(реж. – Ф.Молдағали), «Гауһартас» (реж. – А.Маемиров) спектакльдерін қазіргі кезеңнің отандық театр өнерінің феномені деп атауға болады. Әлеуметтік желілердегі миллиондаған көрсетілім, сатылымның алғашқы сағаттарында sold-out болуы отандастарымыздың театрға деген ынтызарлығын оятқаны сөзсіз. Облыс тұрғындарының аймақтағы жергілікті театрдан осы іспеттес спектакльдерді іздеп, сұрағанының өзі бізді ерекше қуантады. Осы кезекте, әр аймақ заманауи тілмен айтқанда, өз көрерменіне сапалы да қызықты контент ұсынуда жақсы жұмыс істеуде.

 
Көктемнің алғашқы айында Ертіс-Баян өңіріндегі Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» шығармасының желісі бойынша «Ұждан» спектаклін ұсынатынын жариялаған болатын. Режиссерлік-шығармашылық құрамымен-ақ бұл туынды бізді алғашқы сәттен қызықтырып қойды. Спектакльдің режиссурасын тізгіндеген мәскеулік Азамат Нигманов, франциялық суретші маман Элле Ранше мен пластика режиссері Илья Подчезерцев Ж.Аймауытов театрының артисттерімен бірлесе бір қызық дүние алып келетініне сенім болды. Олай дейтін себебім, 2021 жылы режиссер мен суретші тандемі Жезқазған қаласындағы Серке театрында «Жұт» спектаклін көрермен назарына ұсынған болатын. Осы тандем сахналайтын қойылымның премьерасын тамашаламаққа Павлодар қаласына жол тарттық. Көрдік.. Ойландық… Ой түйдік…
Мен «Ұждан» спектаклі режиссердің түсінігіндегі «Жұт» спектаклінің ІІ бөлімі, айтар ойының жалғасы іспеттес деп қабылдадым. «Жұт» спектаклі сенім мен үміт туралы ой түйіндесе, «Ұждан» осы сенім мен үміттің тереңіне бойлайды. Спектакль «ар», «намыс», «сенім», «үміт», «ұждан», «ұят», «жауапкершілік» сөздерінің мағынасы мен кешегі, бүгінгі халіне баға береді.
Режиссер ұйғарымы бойынша, оқиғаның нақты өтетін мекені белгісіз. Қойылым декорациясы – әртүрлі пішіндердің тізбегі мен адам формасына сай емес орындықтар, универсалды төсек сынды детальдар арқылы көрерменнің фантазиясына ерік береді. Бірі адамның ішкі ойы, миы деп қабылдаса, бірі құдықтың іші деп қабылдауы мүмкін. Сахна ортасындағы төбеде орналасқан шеңбер құдық немесе жарық түсетін жол ретінде көрсетіледі. Ал өзім бұны гигиеналық жинақтаушы (септик) ретінде қабылдадым. Режиссер оқиғаны лас ортада өрбіту арқылы жоғарыда айтылған киелі ұғымдардың бүгінде осындай деңгейге түсіп кеткенін ұқтырғысы келген.
Жалпы, спектакльде метафоралық элементтер өте сәтті әрі өз орнында дұрыс пайдаланылған. Осы ретте пластикалық шешімдердің де сондай әсерлі шыққанын атап өткім келеді. Қолмен жасалған алып машинаның өз жолында ешкімді аямайтынын, тіпті сол механизмді ойлап тапқан иесін де жұтып жіберуге дайын екендігін көрсететін пластикалық шешімдердің әр иірімі – көңілге қонымды.
Режиссер «Жұт» спектаклінде үміт пен сенімнің жоғалмағанын жеткізсе, «Ұждан» спектаклінде үміт пен сенімге ешкім демеу бола алмайтынын көрсетіп отыр. «Ұждан» қойылымында қазіргі уақытта болып жатқан оқиғаларды бейнелеумен қатар, әр жайтты зұлмат кезеңімен, 20-30 жылдардың оқиғаларымен ұштастырады. Расында да, «сол зиялы қауым өкілдері репрессияға ұшырамай, көздеген мақсаттарына жеткенде қазіргі қоғам қандай болар еді?» деп ойлаймыз, елестетеміз. Режиссердың тағы бір шешімі – сол зұлмат жылдарынан қулықпен аман қалып, билікке жеткен ұрпақтың зиянын көрсетуі… Яғни спектакль қоғамның өзекті мәселесін көтеріп отыр. Қаншама терең идеяға тұнып тұрған көріністерді түйсіне отырып, Осы ретте Мағжанның «Мен жастарға сенемін», Міржақыптың «Оян қазақ» деп Алаш идеясын жырлағанына 1 ғасыр өтсе де, біздің әлі ұйқыда екенімізді түсінгендей болдық. «Тіпті онымен не істеу керектігін білмейтін адамның қолындағы билік – атом бомбасынан да қорқынышты» деген ой желісі де шындықтың тамырын дөп басқан. Сахнадағы бөтелке (құты) ішіндегі таза суды адамның таза пейілі мен көңілі деп ұқтық. Сәл уақыттан кейін сол құты ішіндегі таза суды басшының басына құяды. Кейіпкер біршама уақыттан кейін сол іші бос бөтелкемен ән айтқысы келеді. Бұл іші бос, қуыс адамнан таза әуен де шықпайтынын аңғартса керек. . Кейін сол әйнек құтыға қызыл түсті сұйықтық құйылып, ілінген бойда адамдар сол құтымен музыка жасауға тырысады. Өзінің таза пейілін қанды агрессиямен толтырып, сол негативті айналаға шашып жүргендерді кейіптеген бұл эпизод та өз үдесінен шыққан сыңайлы. Бүгінде екіжүзділік біздің өмірімізге дендеп, араласып кеткенін ешкім жоққа шығара алмас, сірә. Күлесің де қорқасың. Әлде қорыққаннан күлесің бе? Мидағы диссонанстың болуы да – осы.
Тұтас спектакль басты немесе қосалқы рөлдерден гөрі, ансамбльдік жұмысқа құрылған. Әр құрам мүшесі – бір механизмнің маңызды бөлшегі. Әрекеттері – нанымды, психофизикалық күйі дұрыс. Бір кейіпкердің теріс әрекеті тұтас қоғамға залал келтіреді, қойылымның басты идеяларының бірі де осы негізде жатыр. Қоғамның дамуынан гөрі тұлғалық дамуын маңызды санап, адам адамды аттап өтіп кете беретін жайлар, бір-бірін күндеуге, етектен тартып қалуға тырысатын болмыс иелері қай заманда да бар. Финалдық сахнада кішкентай балдырғандарды көрініске қосып, жаңа толқынның келгенін айшықты келтірген. Ал ол жаңа толқын, жас ұрпақ қайда тұр? Қалдық жинайтын септик ішінде! Тіпті көрермен алдына шыққан сәтте де алға жас ұрпақты емес, олардың жолын жауып, «үлкен» кейіпкерлердің шығуында да астарлы, ауқымды мән жатыр…
Десе де, айтпай кетуге болмайтын нәрсе – сахнада өнер көрсететін артистер сахнаға шықпай тұрып, туындының басты идеясымен ауырмаса, оны сезінбестен сахнаға шықса, спектакль философиясының сұйылып кету қаупі бар. Яғни артистің ішкі психофизикасы толы болу керек. Спектакльде көрерменмен диалогқа түсетін актер дирижер кейіпкерін де орындап, диалогқа тағы да түссе деген ұсыныс бар.
«Бұл ән басқа әннен өзгерек» демекші, бұл спектакльдің басқа спектакльден өзге екенін рас. Павлодарлық әріптестеріміз үшін шын қуандық. Заманауи театр тілі дейсіз бе, заманауи көркемдік көрсеткіштері дейсіз бе, бәріне куә болдық, риза болдық. Ұлттық философияны да бір елдің ғана аясына шектемей, дүниежүзілік деңгейге көтергені үшін де орнымыздан тұрып рақмет айттық. Кейде біз өз ұлтымыздың қаламгерлеріне, олардың шығармаларына шектелген аумақпен қарап жатамыз. Алайда хакім Абайдай, Шәкәрімдей жауҺарлар бір ұлттың ғана емес, барша адамзаттың асылы емес пе?.. Осындай ұлы тұлғалардың философиясын барша әлемнің философиясы ретінде насихаттау – біздің парызымыз. «Ұжданды» көрген көрермен ұжданның не екенін бір ой елегінен өткізсе екен деген тілек бар.

Досхан СӘКЕНҰЛЫ,
С.Қожамқұлов атындағы
Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір